Алматы облысы Райымбек ауданы

Қайнар орта мектебінің психологі

 Тустикбаева Жадыра Маратовна

Мамандығыңыз темпераментіңізге сай ма?

Мамандық таңдау – өте маңызды қадам. Адам таңдаған мамандығы бойынша өмір бойы қызмет етеді. Мамандық – әрбір адамның болашағы, сондай-ақ шаруашылық көзі болып табылатын сүйікті іс. Кез келген адам мамандығына сүйіспеншілікпен, құрметпен  қарауға тиіс. Әлемде 40 мыңға жуық әр түрлі мамандық бар екен. Статистердің зерттеуі бойынша жыл сайын 25 млн адам өзінің жұмыс орнын ауыстырып, оның  12 пайызы қайтадан өз орнына қайтып оралатын көрінеді. Бұл кейбір адамдардың  өз мамандығын таңдауда дұрыс таңдау жасай алмағандығын көрсетеді. Сондықтан бүгінгі ата-аналар мен ұстаздардың жас ұрпақтың мамандық таңдауына дұрыс бағдар беруі үлкен жауапкершілікті қажет ететін өзекті мәселе екені даусыз. Әр оқушының жеке тұлға ретінде бойындағы қабілеті мен қарымын, ерік-жігері мен бейіміне қарай бағыт беру керек. Сондай-ақ, мамандық таңдауда әр адамның темпераментінің де рөлі ерекше болып табылады.

«Ағашта қанша жапырақ болса, адамда сонша мінез болады»- деген бар. Темперамент – жүйке жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешелігі.

Адамның қандай темпераментке жататыны балалық шақтан-ақ белгілі болады. Темперамент табиғаттан беріледі. Дегенмен адам есейген сайын, қоршаған ортаға деген қарым- қатынас та күрделене түседі. Бәрі әркімнің ортаны қалай қабылдауына байланысты. Ашық мінезді адамның өсе келе тұйықталып кетуі, керісінше, тұйық мінезді адамның ашылуы өмірде кездесетін құбылыс.

Темпераменттің төрт түрі белгілі. Олай болса,  темперамент түрлері мен оларға қандай мамандық жарасатыны туралы осы мәлімет ата-аналар мен ұстаздар қауымына, оқушыларға мамандық таңдау жолында бағыт беруге аз да болса көмегін тигізер деген ойдамын.

Сангвиник – ашық, көпшіл, қайырымды, жаны жомарт, оптимист, өмірге құштар, қуатты адам. Басшылық етуге, жетекшілікке құмар. Сангвиник адам эмоциясын ішінде ұстап қала алмайды, қандай жағдайда да әсерін сыртқы ортамен бөлісе береді. Олар жұрттың назарын өздеріне аударта алатын белсенді жандар.

Сангвинвктер менеджер, мұғалім, дәрігер, психолог, тәрбиеші, ұйымдастырушы, сатушы, даяшы, инженер-технолог т.б. мамандықтарды иелене алады.

Флегматик – өте сақ, ұяң, байсалды, сенім ді, тұрақты, салқынқанды, жұртқа жақсылық тілеумен жұретін адам. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тастап кетпейтін флегматиктер іске келгенде өте мұқият. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда мінездері тұрақты, біркелкі.

Флегматиктер механик, электрик, инжерен, агроном, жұргізуші, ғылыми-ботаник, астроном, физик, математик т.б. мамандық иелері бола алады.

Холерик — ұшып-қонып тұратын, күйгелек, шамданғыш, тынымсыз. Көңіл күйі құбылмалы, қарым-қатынас жасағанда мінезі аумалы-төкпелі, тұрақсыз, пысық, ашуланшақ адам. Қолына алған жұмысы өнбей жатса, күйіп-пісіп жылдам ашуланады.

Холериктерге әртіс, дипломат, журналист, кәсіпкер, хирург, ұшқыш, диспетчер, жүргізуші, тренер, менеджер, құрылысшы, режиссер, аспазшы, геолог, электрик,т.б. мамандықтар жарасады.

Меланхолик – өкпелегіш, пессимист, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын, ұялшақ, қыңыр, жайбасар, қисық адам. Кез келген қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарғабей жай қарап, сезімін үнемі ішінде сақтап жүреді.Жаңа таныстық пен адамдар көп жиналған жерден қашқақтайды. Жалғыздықты сүйеді.

Меланхоликтерге педагог, суретші, тігінші-модальер, бояшы, сазгер, мал дәрігері, геолог, агроном, зоотехник,есепші, радиомеханик т.б. мамандықтар сай келеді.

Сіз қандай темпераментке жатасыз? Темпераментіңізге мамандығыңыз сай ма?