«Абай атындағы орта мектеп МДШО»КММ – сінің

физика пәнінің мұғалімі  Ибраймова Айгүл

Райымбек  ауданы, Сүмбе  ауылы

Айға байланысты наным-сенімдер мен ырымдар

Ай — ең алдымен, қазақтардың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат еткен аспан денесі.

«Ай көрдім, аман көрдім», — деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан Айға тәу ету ғұрпы осы аспан денесіне байланысты ежелгі наным-сенімдер және осыған байланысты атқарылатын ғұрыптардың кіріспесі іспеттес. Айға сәлем беру  ғұрпы  туралы  Ш. Уәлиханов  еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», — деп жазды. Ғұрыптың мәні — әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, Аллаһу акбар! немесе: Аман көрдім, Ай көрдім, Жұлдызым  жоғары болсын, — деп Айға қарап, арман-аңсарының орындалуын тілейді. Жаңа ай туғанда: Туған айдай қылып жарылқа, Шыққан күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе, — немесе: Жаңа Айдан жақсылық, Ауырлығым жерде, Жеңілдігім менде! — деген сияқты жыр жолдары Айға байланысты атқарылатын сан алуан ғұрыптар мен ырымдардың интерактивтілігін қамтамасыз ететін аса қажетті функционалдық атрибуттары болды. Жалпы адамзатқа ортақ әмбебап түсініктер жүйесі сияқты, қазақтар да жер жаһанға жылылықты, жаңбыр мен қарды, ыстық пен суықты беретін құдірет аспан денелерінің ішіндегі ең киелісі де, құдіреттісі Ай (және Күн) деп есептеп, оған табынды. Ежелгі түсінік бойынша, ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады деген наным-сенімге байланысты көптеген ырымдар қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген сияқты. Өйткені, Ай бетінде кірпік санайтын кемпір бар- мыс. Аталмыш тыйымдар сақталмаған жағдайда, әлгі кемпір кесір-кесапат әкеледі. Жаңа туған Ай мен толған Айды құрметтеу нышаны оған қатысты қалыптасқан ұғымдарда көрініс береді. Әсіресе, толған Ай мен жаңа туған Айға байланысты ерекше ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесі қалыптасты.

Халықтық түсінік бойынша, Айдың 15-күні, яғни Айдың толық көрінетін кезі «толық ай» немесе «толған ай» деп аталады.  Ғалымдардың айтуынша, Жер бетіндегі адам қолымен жасалатын қылмыстың көпшілігі Ай толысқан кезде жүзеге асып жатады екен.  Сондай-ақ мұндай қылмыстардың жиі болатын екінші кезеңі- жаңа айдың тууына сәйкес келеді екен. Аспан әлемін зертеуші жұлдызшылар: «Толысып келе жатқан Ай кезінде адамдардың өмірлік белсенділігі жоғары болады, қолға алған істері табысты болып, өздерін ширақ сезінеді. Ал , екінші жағынан, Ай толған күндері әртүрлі қылмыстар жасау, жол –көлік оқиғалары, түрлі бұзақылық көп кездеседі. Бұл кезде спирттік ішімдік ішу де қауіпті. Ай туған күн де адамның мінез- құлқына жағымсыз әсер етеді, себебі, бұл кезеңде адамның өмірлік белсенділігі төмендейді. Адам ашуланшақ, күйгелек келеді. Қолға алған ісінің қиюы қашып, қате басу жиі байқалады», -дейді.   Сондай-ақ, Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі, бұл рухты шамдандырады, сөйтіп, тыйымды бұзған адам ұшынады немесе ауру мен кесірге тап болады-мыс.

Мысалы, ескі наным бойынша,  Күн батқаннан кейін, әсіресе, Айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды. Егер бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін Ай сәулесі түспейтіндей етіп, көлегейлеп жабу керек. Бұл шарт орындалмай, сүтке Ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Сөйтіп, мал желін ауруына шалдығып, «ақ болып кетеді» деп сенген. Қазақта Айға байланысты қолданылатын Айды қолыңмен көрсетпе, Ай сәулесін бетіңе түсіртпе, Ай толғанда желі тартпа, жаңа Ай туғанда қойға қошқар жіберме, Ай толғанда көшпе,  Ай толғанда қыз ұзатпа, Ай толғанда үй тікпе деген тыйымдар осы аспан денесіне қатысты наным-сенімдер мен ғұрыптардың өте күрделі болмысын айғақтайды  Әр Айдың қараңғысында, яғни соңғы фазасында Айдың тіліктей сұлбасына, яғни «кемігеніне» байланысты қазақы ортада ерекше наным-сенімдер қалыптасты. Мысалы, Айдың қорғалануы — Айдың кемігенін  білдіреді. Аңыз бойынша, ерте кезде Күн мен Ай егіз туған сұлу қыздар екен. Күнге қарағанда Ай сұлуырақ болыпты. Күндердің күнінде Ай сұлулығын айтып, Күннің алдында мақтаныпты. Бұл күннің қызғанышын  туғызады да, ол Айдың бетін тырнап, бетіне дақ түсіреді. Содан бері күнге жақындап барғанда Ай қорғалап, бетін жасырады. Ал, қашықтағанда Ай толып, Күннің қызғанышын қоздыру үшін бетін түгел көрсетіп, мақтанады-мыс