АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ 170 жылдығы

ШҚО,Семей қаласы 

№8 жалпы орта білім беретін көркемдік-эстетикалық білім және тәрбие

 беру   мектеп-кешені КММ

Тусупова Айгул Рахымбековна

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

оқушысы:Қалиасқарова Гүлім Берікболқызы

Эссе тақырыбы: «Абай – дара, Абай – дана қазақта

                               Абай – дара, Абай – дана қазақта

 «Шын хакім, сөзің баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес»

(«Алтын хакім Абайға» Мағжан )

Абай- қазақ поэзиясының тәңірі, құдіретті ақыны, қуатты таланты. Абайдың

жүрек шерімен жазған туындыларының тағылымы мәңгілік қымбат қазына. Абай- қазақтың, адамзаттың ұлы. Абай- қайта тумас бір әлем. Оның аспаны биік, түбі тұңғиық. Абай әлемінде қазақ халқының болмысы, жан азабы мен ой тереңдігі жатыр. Абай халықтан сарқылмас нәр алды. Ал халқы Абайдан өзінің биік тұлғасын көрді. Оған қарап ой түзеді, оған қарап бой түзеді. Халық пен Абайдың тұтастығы мәңгілік. Абайды әр жаңа ұрпаққа, әр пендеге қала берді, бүкіл адамзатқа жақындастыруға қадам жасау – әр қазақтың борышы.

XIX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың басындағы қазақ ақындары ішінен рауандаған таң жарығы мәңгілік халық басына сәулесін жая бастаған. Ол сәуле, ол игілікті нұр, шапағат шуағынан туған Абай ақын еді. Ұлы ақын қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуі жолында орасан еңбек етті. Талант тұлғасы – тұл  бойына тұнықтық біткен, тамыры тереңге жайылған, нұры мен әрі мәңгілік кетпейтін ұлы тұлға. Поэзия алыбы терең ойға алуан түрлі өлеңдер үлгісін қалдырды.  Абай ақын қазақ халқының неше алуан рухани байлығын, халық мәдениетінің мұрасын бойына мол сіңіріп, сол байлықтың керектісін ақындық өнеріне арқау ете білді. Ол өз халқынан асыл қазынасын пайдалана отырып, оған жаңа түр еңгізіп, жаңа бағыт беріп, дамыған ағымға қосты.

Хакім Абайдың айналасына шоғырланған талантты шәкірттері қазақ әдебиетін жаңа белесін көтеріп, әлемдік әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеті топырағында өсіп-өркендеуіне зор септігін тигізді. Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеді. Тек татулық бар жерде ғана әділет болмақшы. Тек әділет бар жерде ғана адал мен білікті, ынталы мен

іскер өз мүддесіне жетеді, сондықтан да Абай адамзатты әділеттікке шақырады.

Абай ақын «Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек» өлеңінде:

«Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап қайнап бір жүрек болады әле

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деп, Абай атамыз адам бойында ақыл да, қайрат та, жүрек те болу керек дегенді мегзейді.  Керемет сезімдердің шамын жағып, адамның тұла бойын кернеп, баршаға бірдей жан жылуын сыйлап тұрған, ол – жүрек . Жұдырықтай жүрек арқылы қуанамыз, қайғырамыз. Жүректің тазалығымен, қасиеттің сондай ұлылығымен адам ең күшті сезім махаббат сеіне алады. Махаббат лирикасына қалам тербеген, жүректің қылын шерткен Абай ақын шығармашылығы өз пікірімен құнды.

Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану – қазақтың  өзін-өзі тануының, басы да, соңы да! Абайды тану – Абай  айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білеміз. Айдай анық нәрсе, Абай ақын ғана емес, ол өлеңдері арқылы өз халқының төрдегі басын есікке сүйреп келген, басты міндерін батыл көрсетіп берген тұңғыш сыншымыз да! Өкінішке орай, Абайдың сол әлеуметтік-философиялық өткір сындарын сыдарлы сынды қабылдау мәдениетіміздің төмендігі салдарынан әлі күнге толық қабылдап-толыққанды қорытынды шығара алмай жүргенімізді жасырғанмен бәрібір ол кемшіліктен арыла алмаймыз ғой.

…Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істін бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға, татулас…

Абай тойы – ел  тойы, халық тойы,сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы ақынның 170 жылдық мерей тойы аталып өтілді. Мәскеуде өзіміздің жерлесіміз, жазушы Роллан Сейсенбаев абайтануға ұйтқы болды. Абайды әлем халқына танытуға Парижде Абай үйі ашылды. Юнеско бұл мерейтойды халықаралық деңгейде атап өтті. Қазақстанда Халықаралық Абай қоры ашылды. Дәл осындай игі істер өзіміздің  білім  алып  жатқан мектебімізде де өткендігін айтып өткен жөн. Мұндай ізгі шаралардың куәсі – мектебімізде  Абай атамызға арналған жыр кештері мен айтыстар, ғылыми семинарлар мен конференциялар, «Тілдер» мерекесі т.б  игі шаралардың ұйымдастырылуы. Бұл дегеніңіз – Қазақстанның  болашақ  жастарын Абай мұрасымен Тәуелсіздіктің Туын тігіп, егемен ел атанып жатқан кезде тереңірек таныстырып, оның таусылмас ілімімен сусындата білу. Абайды оқу- бәріміздің алдымызда тұрған игі міндет, абыройлы міндет, биік парыз. Сондықтан да Абайды тың серпінмен оқып, өз санамызға Абай тұлғасы мәңгілік тұлға екендігін сіңіре білсек, одан тек қана ұтарымыз анық. Абай- туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, асқар тау, ағар бұлағы, қасиетті ана тілінің шешендік бастауы. Абай – теңдес і жоқ ақын,  аса дарынды композитор, асқақ ойшыл философ, қай жағынан алғанда да жаңашыл, реформатор, халқымыздың отандық, тіпті дүниежүзілік  мәдениет  тарихынан  ерекше орын  алған ұлы тұлға. Оны туған халқының шын мәніндегі жан серігіне, сырласына, ақылшысына, демеушісіне, заңгеріне айналдыру, ұлы тұлғаның ұлы туындыларының ұлттық рухани қуат- күшін еселей түсетін қасиеттерін жастарымыздың танып, ойын оятуға, сонымен бірге бүгінгі аумалы- төкпелі жағдайларда кездесетін қиыншылықтардың түйіндерін шешуге де пайдалана  білуінде. Бұл жайында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!»- деуі келешек ұрпаққа Абайды оқу барысында берілетін өнегелі тәрбие ұшан-теңіз екені айтылады.

Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойлары, тамаша

шығармалары, қарасөздері мен жалынды жырларында маржандай төгілдіреді, оның әрбір сөзінен соншама жақын лебі сезіледі. Ол леп өткен заманның тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Өйткені Айбай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – бүгінде  теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең болған, кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,-деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын

бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен де бізбен жасасып келеді. Өйткені Абай – дана, Абай – дара  қазақта.

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ 170 жылдығы