Өскелең ұрпақтың интелектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы кітапхананың кызметі

Темірғалиева Айжан Жолдасбекқызы

кітапханашы

«Қазан жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі

Май ауданы Павлодар облысы
Көк туымыз желбіреп егеменді ел атандық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетіміз ТМД елдеріне ғана белгілі болса, қазір экономикалық және саяси жетістіктері нәтижесінде Қазақстан бар әлемге танымал. Аймақтық көшбасшылыққа ұмтылған Қазақстан, енді бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруді көздеп отыр. Сол мақсатқа жету үшін, республикамыздың түрлі саласын дамыту бағыттары белгіленіп отыр. Солардың бірі мәдениет саласындағы кітапхана ісі жүйесі.
Барлық ғылым мен ілім бір ұрпақ ауысуында тоқырайды, ал оны қалпына келуіне жүздеген жылдар қажет. ХХІ ғасырдағы технологиялар дамуына қарамастан Қазақстанда кітапханаларды жаңа технологиямен қамтамасыз ету әлеуметтік – мәдени саланы және қоғамды ақпараттандырудың жаңа талабына сәйкес, кітапханаларды дамытудағы тұжырымдамаларды, стратегияларды ұзақ мерзімді бағдарламалармен жобалар жасау ғылыми әдістемелік негіздері мәселелерін шешу әлі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Бір сәт шегініс жасасақ кеңестер дәуірінде мемлекеттің басты саяси деңгейіне дейін көтеріліп, ұрпақ тәрбиесінде қоғамдық – тарихи қажеттілігін дәлелдеген кітапханалар әлеуметтік тәрбие мекемесі ретіндегі рөлі толық құнсыздану жағдайына дейін құлдырап кетті.
Кітапханашылар мамандығындағы әлеуметтік дағдарыс, рефлекциялық мәдениеттің төмендеуі, кәсіби тәжірибе стереотиптерінің ауысуы, кәсіби сананы қайта құру, тіпті өз мамандық шеңберін өзгертпейтін, бірақ кәсіби қызметінің жаңа жағдайында жұмыс істеу бәсекелестігін туғыза білуде кітапханашыларымыз жаңа заман талабымен таласа алмады. Тәуелсіздік мұраты жаңа ұрпақты жаңа санада, қазіргі қоғамдық өмірге бейім, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуді талап етіп отыр. Бұл талаптардың жүзеге асыруда мектеп кітапханалары көптеген түйінді мәселелерге кезігіп отыр.    Кеңес дәуірінде адамның қабілеті бірдей, бір-бірінен айырмасы жоқ деген теңгермешілік, жансақ ұстаным кітапхана жүйесінде де орын алды. Кітапханашы қадірсіз мамандыққа айналып өзінің жеке тұлға ретінде дамуы дәрменсіз жағдайға ұшырады.Көп жылдар бойы кітапханашылардың қызметтік моральдық іскерлік қасиеттерін зерделеу мен бағалау жүйесі дағдарысқа ұшырағандықтан бүгінде ауыл жағдайында өз білімін тереңдетуге қабілетті, басқару ғылымын меңгерген, психологиялық – кітапханалық білімдерді игерген, жаңа кәсіптік қасиеттері бар кітапханашылар сирек. Бұған кітапханашыларға еңбекақы төлеудің қазіргі жәй-күйі бойынша еңбек бағасымен іс жүзіндегі құнының арасындағы елеулі алшақтықтар да әсерін тигізіп отыр. Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырып, өзге елдер өркениетімен мәдениетінен еш қалыспайтын білім жүйесін дамыту қажеттігі ескертілген. Осы орайда кітапхана мамандарын оқыту мен тәрбиелеудің сапасын көтеруде жалпылама оқытудан гөрі ғылыми техниканың жаңа жетістіктерін игерген маман даярлау қолға алынуы қажет.Сондықтан алдағы уақытта кітапханашылар дайындайтын жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты көбейту мәселелерін қою орынды. Өйткені мектеп кітапханасы білім ошағы ғана емес, ол сол елді мекеннің мәдени және рухани ахуалын көрсететін құрметті орын. Еліміздегі зиялы қауымның басым көпшілігі  мектеп кітапханасына оң көзбен қарау басты міндет.
Қазіргі кезде кітапханатану саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер, түрлі ынталы бастамаларға кең жол ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда оқырман тәрбиелеумен айналысатын кітапханалық қызметтің тиімділігін арттыру оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі өзінен-өзі туындап отыр. Бұл үшін кітапханашыларымыз кітапхана қызметіндегі инновациялық іс-әрекеттің ғылыми – педагогикалық негіздерін меңгеруді мақсат етуі тиіс. Кітапхана саласындағы ізденістер, инновациялық жұмыстар мектепке қаншалықты тиімділік әкеліп жатыр? Кітапхана ғылымының өркендеуі үшін не істеу қажет? Әсіресе жас кітапханашылардың болашақта кітапхана мамандығын көптеп таңдауы үшін нендей шешімдер керек? Мектеп кітапханашысының білімі мен біліктілігі, рухани әлеуеті, құқықтық және саяси мәдениеті қандай деңгейде болуы керек? Мектеп кітапханаларын түбегейлі автоматтандыру мәселесі қай ғасырда шешілетіні де күмән туғызады?
Бүгінгідей ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезеңде теледидар мен интернет алғашқы орында. Интернетті пайдалануда мектеп оқырмандарының мүмкіндігі өте шектеулі. Мектеп кітапханаларын осы күнге дейін оқырмандар тарту жоспарларымен, әртүрлі кітапхана саласын дамытуға арналған оқулықтармен, қосымша әдістемелік құралдармен қамту мәселесі шешімін таппай келеді. Жаңа стандарттар бойынша кітапханалық жұмыстың әдістемелік құралдары, жаңа оқыту технологиялары әбден керек-ақ. Қазіргі таңда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шаралары аясында, жабылған кітапханалар мен мәдениет мекемелерін қайтадан ашу мәселелері күн тәртібіне қойыла бастады. Бірқатар игі шаралар да атқарылуда. Оқырмандардың ақпараттық мәдениетін көтеруді жүзеге асыру үшін кітапханашылар әрбір өткізілген іс-шараларда жаңа ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін көрсетуге тырысады. Қазіргі күні мектеп кітапханаларының ең көкейтесті мәселесі кітапханалар жұмысын жаңа сапада ұйымдастыру болып отыр. Кітапхана жұмысының формалары мен әдістерінде оқырман тартудың жаңа әдістемелік жобалары, жоғарғы оқу орындары жанынан кітапханашыларға көмек беретін ғылыми — әдістемелік құрылым, кітапханашылар үшін арнаулы курстық бағдарламалар ашылуы қажет.
Кітапхана жаздырып алатын бұқаралық ақпарат құралдары оқырманның санасына әсер етіп әлеуметтік ортаны қалыптастыратыны сөзсіз. Ондағы сөз болған мәселелер арқылы қоғамда маңызды саяси проблемалар талқыланады, ұлттық құндылық, мәдениет қалыптасып дамиды. Алайда кітапханалардың баспасөз құралдарына жазылу мәселесі де қаржыға келіп тіреледі. Бұл қазіргі кітапханалардың көкейтесті мәселесі жаңа ақпараттық технологиялармен түбірлі жабдықталуы болып табылады. Дамыған елдер тәжірибесіндегі өңірлердегі рухани даму мәселелерін мемлекет пен бизнес қауымдастығы өзара бірігу арқылы шешу заңдылық негіздері бар. Осыған сәйкес экономикалық жағынан тұрақты Қазақстандағы әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысын мәдени жобаларға бағыттап әлеуметтік даму мәселесін шешу қағидаты бойынша жұмыс істеу принципі жүзеге асырылса, ауыл мәдениет орындарының біршама дамуына жол ашылар еді.
Елімізде жүріп жатқан барлық саладағы өзгерістер кітапхана ісіндегі тәрбие жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру қажеттігін алға тартып отыр. Қоғам өміріндегі әлеуметтік –экономикалық жағдай неғұрлым күрделене түскен сайын жасөспірімдер тәрбиесінде қиыншылықтар көбейе түсуде. Қазіргі кітапханашының тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы жеке бас қызметінің мәдениеттілігі, яғни имиджі, өзін-өзі басқару шеберлігі, әдебі, сөйлеу шеберлігі және т.б. оқырмандармен қарым-қатынасының тәрбие жұмысында нәтижелі болуымен сипатталады.

  Жалпы тәрбие жұмысында оқырманның жеке дамуын бақылау, қабілеттерінің ашылуына оңтайлы жағдай жасау;

  Оқырманның өзін-өзі басқару арқылы әлеуметтік мәні бар ұжымдық іс-әрекетті ұйымдастыру;

  Кітапханада қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру үшін оқырмандардың өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру.
Қазіргі кезде кітапхана ғылымында тәрбиені бірнеше бағытқа бөледі, олар: қазақстандық патриотизм мен азаматтық тәрбие, зерде мәдениеті, рухани адамгершілік, салауатты өмір салты, экономикалық, экологиялық, талғам және отбасылық өмір мәдениетіне тәрбиелеу. Көп жылғы кітапханалық тәжірибемізден байқап жүрміз, жоғарыда аталған тәрбие жүйесімен көптеген ұрпақтар тәрбиеленді. Алайда оқырмандарға тәрбие беру ісінің осы бір жүйесін қазіргі заманға лайықтап қайта жасау керектігі мәселесі туып отыр. Қазіргі кезеңде кітапханалық білім – тәрбие беру жүйесінің ең басты мәселесі – кітапханалық қызмет көрсетуді халықаралық деңгейге жуықтату. Ол үшін кітапханаға заман талабына сай білім және тәрбие стандартын енгізу, соған сәйкес кәсіби шеберлігі дамыған кадрлармен қамтамасыз ету, ғылыми — әдістемелік бағытқа ынталандыру. Мектеп кітапханаларында бұрыннан қалыптасқан бағдарламалармен жұмыс істеу стилі ескірген. Кітапхана барлық тұлғасымен жаңа оқуға жаңа жұмыстар қызметіне бейімделуі тиіс.
Бүгінгі таңда кітапханалық білім беру саласының басты міндеттерінің бірі келешек ұрпақтарының дүние танымын дұрыс қалыптастыру. Соған сәйкес кітапханадағы оқу тәрбие жұмысында бұл міндет ерекше назарда болуы тиіс. Оқырмандар дүниетанымын қалыптастыруға әртүрлі факторлар әсер етеді. Олардың ішінде адамның өмір сүру ортасы, материалдық жағдайлары, ақпаратты алу құралдары, оқыту және тәрбиелеу бар. Біздің ауылымыздағы жастар мен жасөспірімдердің биік азаматтығын, олардың еңбек ету, білім алу, кәсіби дайындықтарын жетілдірумен әлеуметтік белсенділіктерін қалыптастыруда жергілікті атқарушы органдармен байланыс сабақтастық жүйесі әлсіздігін көрсетіп отыр. Жастардың осы бағыттағы іс әрекетіне практикалық бағыт-бағдар жеткіліксіз болғандықтан, ақпараттық құқықтық тәрбие беру деңгейі төмен. Жылдан жылға күрделеніп бара жатқан жастар арасындағы тәлім тәрбие жұмыстарын заман талабына сай жаңа жүйеге бейімдеу мақсатында өткізіліп жүрген алқалы жиындардың да оңды нәтижеге қол жеткізбей, жәй әңгіме деңгейінен аса алмай қалатындығы жасырын емес.
Кітапханашыларымызды әлеуметтендіру кітапхана мамандығы бойынша қайта бейімдеу жүйесінің жұмысы сын көтермейді. Республикамызда кітапханашылардың маман тұрғысында қалыптасу, жан-жақты білім алу, еңбек және медициналық, психологиялық – педагогикалық, құқықтық- ақпараттық қызметтермен қамтамасыз етілуде, олардың әлеуметтік бейімделуіне және оңалуына жәрдемдесетін жүйелердің мүмкіндігі өте аз.
Мектеп кітапханалары рухани тәрбие беруде қазіргі оқырманның сұранысын қанағаттандыру, оқу материалдарын игерудің сан түрлі әдістерімен жұмыс істеуде жаңа технологияның жоқтығынан қауқарсыз отыр. Өйткені қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдердің нақты азаматтық позициясында дүдәмалдық басым. Жастардағы әлеуметтік белсенділік әлсіреп, патриоттық сезім төмендеп кеткен. Мұндай жағдай жас ұрпақ дүниетанымына өзгеріс жасап жалпы тәлім-тәрбие ісі жағдайына кері ықпалын тигізуде.
Ел Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сауатсыздыққа қарсы күрес жүргізілгеніндей, компьютерлік сауаттандыру жөніндегі ауқымды іске барлық мемлекеттік қызметкерлер сияқты кітапханашылар да тартылуы қажет. Кітапханашы компьютерді, Интернетті және электрондық поштаны қолдана білу дағдысы міндетті талап болуға тиіс. Осыған байланысты ақпараттық қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін кітапхана саласында төмендегідей міндеттер шешілуі тиіс:

 Кітапханашылар: компьютерлік техниканы, интернет, телекоммуникациялық желіні, электрондық және телекоммуникациялық құралдарды, мультимедиалық электрондық оқулықтарды кітапхана ісіне тиімді пайдалану арқылы;

  Казіргі заман кітапханашысының терең білімді, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауатты, саяси- экономикалық білімді және ақпараттық-коммуникациялық технологияны жан-жақты меңгерген ақпараттық құзырлы маман болуды талап ету;

  Кітапханашының шығармашылық әлеуетін дамыту /бұл оның өзін-өзі дамыту үрдісі / шығармашылық әрекет арқылы кітапханалық білім берудің сан түрлі әдістерін шеше білу;

  Тұлғалық және интеллектуалдық дамуға жол ашу, осыған сәйкес кітапханашы өзінің кітапханалық қызмет көрсету әрекетіне баға бермейінше, оның кәсіби шығармашылық әлеуетінің дамуы жайлы сөз етуі де артық.
Сондықтан кітапхана ісін дамытуда кітапханашылардың кәсіби шығармашылық қызметінің құрамында мақсаткерлік, оның әдістері, өзін-өзі бағалау, жаңа нәтижелерге жету, әрі қарай өзін-өзі дамытуға деген қажеттілік болса, ақпараттық әлеуметтік қызметтің тұтас сапалы кадрлық жүйесі құрылады. Оқырмандардың осы заманғы ақпараттарды алудағы шектеусіз әлемдік рынокқа шығуын, әлемдік біліммен ақпараттың негізгі ортасына өз ауылынан қосылу, бүкіл әлеммен еркін байланысқа түсу мүмкіндігін қамтамасыз етуде жоғарыдағы аталған кітапхана ісіндегі іс қимыл әрекеттері нақты өмірге керек.
Кітапхана мамандарының кәсіби дайындықтарын жетілдірудегі шеберліктерінің шыңдалуы, олардың Конституциялық құқықтарын қорғау мен қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды өз қызметінде пайдалану арқылы кітапханашылардың тыныс тіршілігінде өмір сүруге қабілеттілік, біліктілік мотивтері қалыптасады. Кітапхана мамандарын жаңа деңгейде қайта дайындау кітапхана ісінің кәсіби саласын жоғары деңгейге көтеріп, кітапхана жұмысының жаңа сапалық тетігі іске қосылып, жүйелі, үздіксіз кітапханалық қызметті жүзеге асырудың нақты қажеттілігі туады.