Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудағы критериалды әдіс

Игенбаева Еркежан Каирбековна

ШҚО, Жарма ауданы, Бірлік ауылы

«Бірлік орта мектебі» КММ-нің

химия, биология пәндерінің мұғалімі

Қазақстандық жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа критериалды бағалау жүйесі білім алушыны дамыту, оның оқуға қызығушылығы мен мотивациясын арттыруға бағытталады. Әрбір оқушы мен оның ата-анасына бағалаудың түсінікті, айқын және өлшемді критерийлерін орнатқан жағдайда оған қол жеткізуге болады. Критериалды бағалау жүйесінің мазмұны бағалау стандарттарымен, процестерімен, құралдарымен және нәтижелерімен анықталады сондай-ақ бірқатар нормативтік және әдістемелік-нұсқаулық құжаттармен реттеледі.

Бүгінгі білім беру жүйесінің ерекшелігі — білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту болып табылады. Оқушылардың білім нәтижелерін бағалау оқыту үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады. Оқыту үдерісін басқарудың түйінді кілті бағалауда деп те айтуға болады.   Көптеген жылдар бойы оқушы жетістігі басқа оқушымен салыстырмалы түрде бағаланып келді. «Бағалау» термині «жақын отыру» латын тіліндегі мағынада-бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады.

Бес балдық бағалау жүйесінен біртіндеп критериалды бағалау жүйесіне көшудің негізі:

  • Бес балдық бағалау жүйесінің қазіргі заманға сай білім жүйесін қанағаттандыра алмауы (бағаның субъективтілігі, нақты бағалау критерийлерінің болмауы, бағалаудың дұрыс немесе дұрыс еместігі туралы ақпататтың болмауы);
  • Білім беру жүйесіндегі болып жатқан өзгерістер мен осы жүйені басқарудың сипаты арасындағы қайшылықтар;
  • Оқушы танымындағы өзгерістер мен білім салаласындағы қалыптасқан қарым-қатынастар сипаты арасындағы қайшылықтар;
  • Әлеуметтік сұраныстың өзгеруі.

Критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер. Критериалды бағалау дегеніміз оқушылар жұмыс барысында орындалатын іс-әрекеттер тізбесі және білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.

Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты:

  • Мектепте оқыту сапасын жоғарылату;
  • Мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.

Критериалды бағалаудың міндеттері:

  • Оқу бағдарламасының тиімділігін саралайды;
  • Оқу бағдарламасына сәйкес оқытудың мақсаты мен нәтижелерінің жетістіктерін оқушылардың өздері талдайды;
  • Бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілетін бақылайды;
  • Сабақтың әр бөліктеріндегі оқушының дайындық деңгейін анықтайды;
  • Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындайды;
  • Әр оқушының жеке даму траекториясын бақылайды;
  • Алған бағасының әділдігіне көз жеткізеді;
  • Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата – ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.

Критериалды бағалаудың функциялары: ынталандыру, белсенділік, түзету, дамытушылық.

Принциптері: нақтылық, әділдік, жүйелендіру.

Критериалды бағалаудың артықшылықтары:

  • Оқушының жеке басы емес, тек қана жұмысы бағаланады;
  • Өзін бағалауға мүмкіндіктің берілуі;
  • Оқушының жұмысы дұрыс орындалған жұмыс үлгісімен (эталон) салыстырылады;
  • Алдын-ала ұсынылған бағалау шкаласы;
  • Бағаның әділдігі;
  • Оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттау;
  • Білім берудің сапасы артады.

Критериалды бағалаудың маңызы:
Мұғалімдер үшін:
• Сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға;
• Өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға;
• Сабақ берудің сапасын арттыруға;
• Оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға;
• Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
• Оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Оқушылар үшін:
• Танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
• Табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге;
• Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;
• Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуде маңызы зор.
Ата-аналар үшін:
• Баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға;
• Оның оқуындағы табыстылықты бақылауға;
• Оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.

Критериалды бағалаудың құрылымына келер болсақ, білім алушының оқу жылындағы үлгерімі және оқудағы жетістіктері туралы деректерді жинау үшін бағалаудың екі түрі: формативті бағалау (қалыптастырушы)  және жиынтық бағалау (суммативті)  іске асырылады. Жиынтық бағалау, өз кезегінде, бөлім/ортақ тақырыпты, тоқсанды және орта білім деңгейін жиынтық бағалау рәсімінен тұрады. Жиынтық бағалау тоқсан соңындағы оқушы білімінің жетістігін саралайтын жұмыс, ендеше осы жұмыстың бастауы негізі қалыптастырушы бағалауда қаланады. Бағалаудың бұл түрі формативті бағалаумен салыстырғанда оқушынының қызығушылығын оята қоймайды. Формативті бағалау оқыту процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Формативті бағалау балл және баға қойылмастан, білім алушылар мен мұғалім арасында үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді. Формативті бағалауда білім алушы қателесу және оны түзетуге болады. Бұл білім алушының мүмкіндігін анықтау, қиындықтарды айқындау, анағұрлым жақсы нәтижелерге қол жеткізу, оқу процесін дер кезінде түзетуде көмектесуге мүмкіндік береді. Формативті бағалау оқудағы жетістіктердің өсуіне және дамуына тікелей ықпал ететін және мұғалім мен білім алушылар арасында кері байланысты қамтамасыз ететін процесс. Формативті бағалау оқытудың ажырамас бөлігі болуы тиіс, ол қосымша жаттығулар немесе тест ретінде қарастырылмауы қажет. Оқыту мақсаттары мен оқу бағдарламасының әрбір бөлімі бойынша күтілетін нәтижелер формативті бағалау практикасының мазмұнын анықтайды. Мұғалім формативті бағалау процесінде оқу бағдарламасының барлық оқыту мақсаттарын қамтуы қажет. Мұғалім білім алушылардың жеке ерекшеліктері және оқыту мәнмәтінін ескере отырып тапсырмаларды дайындайды немесе таңдайды. Әрбір тапсырмаға дескрипторлар анықталады. Дескриптор – жетістік деңгейінің сипаттамасы. Сабаққа жоспар жасау кезінде әрбір орындалатын тапсырманың тұсына критерийлер қойып, дискрипторлар шығарып, ұпаймен көрсетіп отырса бағалау әділ болады. Дескрипторларды оқушылармен бірлесе отырып жасауға да болады. Мысалы, химия пәнінен ерітіндіге байланысты есеп шығару тапсырмасы берілді. Есепті шығармас бұрын мұғалім оқушыларға тапсырманы орындауда алдыларына қандай мақсат қойылғандығын, дескрипторларды түсіндіріп өтеді. Білім алушы дескрипторларға сүйеніп есепті шығару барысында тапсырманы орындаудың қай кезеңінде қиналғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Оқу мақсаты: 3.1.* Ерітіндіге байланысты берілген есептерді түрлі әдістермен шешу
Бағалау критерийлері Ерітіндіге байланысты берілген есептерді түрлі әдістермен шығару дағдыларын қолданады
Тапсырма 1.     Есепті шығарыңыз.

Мысалы: Метанолдың массалық үлесі 40%-тік ерітіндісін дайындау үшін 500мл  12%-тік  метанол ерітіндісіне (р=0,85г/мл) массалық үлесі  95%-тік метанолдың қандай массасын қосу қажет болатынын есептеңіздер.

Бағалау критерийлері Дескрипторлар
Ерітіндіге байланысты берілген есепті түрлі әдістермен шығару дағдыларын қолданады Есептің шартын құрастырады, реакция теңдеуін жазады;

Есептің шартына сәйкес өрнек құрастырады;

Крест әдісін қолданады;

Алгебралық әдісті қолданады;

Есептің қорытынды жауабын

түсіндіріп айтып береді.

 

1-кесте. Химия пәні бойынша критериалды бағалау мысалы

Бағалауда мұғалімнің шешімі шынайы болатындай тапсырмалардың дескрипторлары анық және нақты болуы тиіс. Бұл білім алушылар мен ата-аналарға сындарлы кері байланыс жасауына ықпал етеді.

Оқушыларды өзін-өзі, өзара, топтық өзара  бағалау әдістерін қолданса,  оқушы өзін-өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтайды, өз білімін басқалармен салыстыруды үйренеді. Қате кеткен жерлерін түсініп, әділ бағалауды үйренеді, дағдыланады.  Критериалды бағалау нәтижесінде бала жауапкершілікті сезінеді, өз білімін жетілдіру қажеттігін түсінеді, талдау жасауды, өз білімін басқалармен салыстыруды, білім алу барысында шешімдерді қабылдай білуді үйренеді, дағдыланады.

Ұпай жинау оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асыруға, білім, білік дағдыларын қабілеттеріне қарай тереңдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі барлық дамыған елдер, Еуропа елдері, Балтық жағалауы елдері мен Беларусь 12 балдық жүйеге көшкен.

Оқушы білімін бес балдан гөрі он екі балмен бағалау тиімді. Мысалы, есеп шығарғанда 10 бала төрт, бес оқушы бес алды делік. Бірақ бес алған оқушыладың есебін талдасақ, бесеуіне бес түрлі түсініктеме береміз. Біреуі беске сәл жетпейтіндігін, бірақ төрттік бағадан жоғары екенін, енді бір оқушы бестік бағаны толықтап ақтап тұрғандығын көреміз. Төрт алғандар туралы да осыны айтуға болады.

Оқушының қазіргі алар бағасы шынайы мәліметке назар аударатын болсақ: бала түсініп төрт алғаннан гөрі, көшіріп бес алғысы келеді. Осындай себеп кесірінен бүгінгі ұрпақ жаттампаздық әрекеттерден айырылмайынша білім сапасын арттыру мүмкін емес. Егер он екі балдық жүйе болса әлгі бес бала бес түрлі баға алушы еді. Бұл балалардың еңбегін бағалауда әділ болмақ.

Жоғарғы оқу орындарында оқушыларды критерийлер арқылы бағалай отырып, әріптік баға қойылады. Критериалды бағалау технологиясы оқушы бойындағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қызметінен босатып, оқушы бойында өзін-өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қабілетінің дамуына ықпал етеді.

«Тұжырым жасай білген адам, алдына мақсат та қоя біледі» деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, бағалауға деген көзқарасымызды өзгертсек, сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды енгізіп,  оқушыларымыздың тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттасақ, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, нәтижеге жеткізу, ал оқушыларымыз  әр сабақта белгілі бір нәтижеге жету барысында еңбектенсе, оқушы да,  мұғалім де  өз еңбектерінің табысын көре алады деп ойлаймын.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық   (ІІ негізгі деңгейге арналған) www.cpm.kz
  2. Оқытудың нәтижелерін бағалаудың әдістемесі Әдістемелік құрал, Алматы қаласы 2013ж
  3. Критериалды бағалаудың кіріктірілген моделі. Әдістемелік ұсыныстар құралы, Астана қаласы 2013ж
  4. «Химик» анықтамалығы журналы. №4, 2015 жыл
  5. 2016-2017 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқау хат.