Қазіргі заман мұғалімі

 

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы.

 

Ғафу Кайырбеков

 

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан — жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаз мамандығы. Ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Ұстаз — бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт — бағдар беруші, ата — ананың сенімді көмекшісі.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.

Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы — жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Ұстаздық — үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр. Осындай ауыр, әрі жауапты мамандықты бала күнімнен қалап, сол арманына қолым жетіп отырған ұстаздардың бірі болғаныма мақтан тұтамын.

Осы орайда, ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ деген сұраққа көз жүгіртетін болсақ.  Мұғалім, әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш — жігерін, парасат — қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл — әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалу қорытындыларын шығара отырып, алдымыздағы 40 жыл ішінде Қазақстанның даму көкжиектеріне бағдар берді. Президент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» дей келе, «Қазақстан–2050» Стратегиясының негізгі 7 бағытын белгілеген болатын. Соның төртеуін «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдары» деп атап, Елбасы бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек екендігін нақты көрсетті. Міне осы орайда, мұғалімнің атқаратын ролі зор.

Мұғалім әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым — қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек. Елбасымыз «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын.

Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи танымдық, педагогикалық — психологикалық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады деп ойлаймын.

Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:

  • Дүниетанымдық көзқарасы,
  • Қызметке бейімділігі
  • Кәсіптік білімі мен біліктілігі
  • Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім
  • Ұйымдастырушылық қабілет
  • Заманға сай жаңашылдық

Білімнің бастауы – мектеп пен мұғалім екендігі барығымызға анық. Шындығында мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз себепші болатыны анық.

ХХІ ғасыр — білімділер ғасыры. Демек, бізге, яғни мұғалімдерге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде, сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез-келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімнің қосатын үлесі мол.