Білім жолы-қиын жол

 

Г.С.Қалағанова

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі

 

   Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар  беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға  ретінде ерекшеленеді.

Менің де бүгінгі әңгімеме арқау болатын тұлға – бүгінгіні ертеңге жалғастырар өнегелі мамандық иесін даярлайтын қарашаңырақ оқу орны Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұстазы, педагогикалық ғылымдардың магистранты әрі директордың өндірістік тәжірибе бөлімі орынбасары Мұқсиева Нұргүл Еділқызы. Нұргүл 1976 жылы 7желтоқсан күні Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ноғайтыда дүниеге келген.Осындағы Сағыз орта мектебін тәмамдап, 1992-1997 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып, бітірген соң Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде еңбек жолын бастайды.

Қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім,  «Жас қалам»  үйірмесінің жетекшісі, 2004-2007 жылдары қазақ тілі және орыс тілі бірлестігінің жетекшісі бола жүріп жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие берудегі жетістіктері үшін колледж басшысының «Алғыс хатымен» бірнеше мәрте, «Жыл мұғалімі-2008ж» сайысында ІІ дәрежелі дипломмен, «Жыл сынып жетекшісі-2004», облыстық панорамалық сабақтар сайысында жүлделі І-ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, әріптестері мен шәкірттерінің ыстық ықыласына ие болды. Жұмыс істеген жылдарында өз білімін көтеру бағытында  «Оқу мен Жазу Тұрғысынан Ойлауды Дамыту» жобасы бойынша Қазақстан Оқу Ассоциациасы ұйымдастырған семинарға қатысты, Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесінің педагогикалық технологиясын меңгерді, 2006ж Орал қаласындағы оқытушыларды дайындау курсынан, 2008ж Атырау 2013ж Астрахань мемлекеттік университетінен Халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар орыс топтарына қазақ тілін жүргізу үшін модульдік оқыту технологиясына негізделген «Қазақ тілі (орыс топтары үшін әдістемелік құрал)» шығарды. «Атырау» газетінде, «Білім кілті» журналында,  республикалық  «Хабаршы»  журналында  бірнеше мақалалары жарық көрді және ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарына атап айтқанда, 2011 жылы «Адамзаттың рухани құндылықтары: өткені, бүгіні, болашағы» конференция жинағына «Аңыз әңгімелердің зерттелу тарихына шолу», композитор-күйші Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған «Күй тілі-ана тілі, рух  тілі» ғылыми-тәжірибелік коференция жинағына «Халық ауыз әдебиетіндегі  әдеби фольклор мен музыка фольклоры арасындағы сабақтастық сипаты», Х.Досмұхамедовтың 130 жылдығына орай «Дала философы Асан Қайғы толғауларындағы ұлттық рух тәрбиесі», М.О.Әуезов атындағы педагогиикалық колледжінің 110жылдығына орай «Кәсіптік білім беру жүйесінде педагогтарды даярлау: бағдарлар мен үрдістер» халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағына «Бастауыш сынып оқушыларының аңыз-әңгімелерге танымдық қызығушылықтың зерттелу мәселелері» мақалалары басылды, ғылыми-әдістемелік жур­нал­дарда жарық көрген мақалала­ры ұстаздар мен  шәкірттерге берері мол деп ойлаймын.

Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»,-дегендей Нұргүл Еділқызы жаңа ғасыр,  жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағының бойына  мәнді  мәдениет пен  бәсекеге қабілетті білімді игерту жолында  ерінбей қызмет ете жүріп  өзін де шыңдай  білді. Міне, осындай тынымсыз еңбегі бағаланып, Атырау облысы Білім беру департаментінің Құрмет грамотасымен  2 рет марапатталды. Ал  2011 жылдың қыркүйек айынан бастап директордың өндірістік тәжірибе бөлімі орынбасары болып бекітіліп, ұйымшыл ұжыммен бірлесе еңбек етіп келеді.

Тағылымы терең ел тарихындағы әуелгі жүрегі  жылы,  келбеті нұрлы қазақ қызының сара жолын жалғаушы Нұргүл  бүгінде  бір отбасының ұйытқысы, отанасы , бес баланың  аяулы анасы, асыл жар, ардақты келін. Бір ғана нәзік сұлба өзінің өмірлік міндеттерімен қоса, қызмет жолында да жемісті еңбек етуде..

Қазақстанды әлем танитындай бәсекеге қабілетті ел болу үшін Елбасымыз шәкірт біліміне аса көңіл бөліп отыр. Бүгінгі күні біздің еліміз 2030 Стратегиясын мерзімінен бұрын орындауға қол жеткізіп, енді «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдады. Елімізде жастарға білім алу үшін өте көп жағдай жасалып отыр, әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер, соңғы 12 жылда  182%-ға ұлғайған жоғары білім алуға берілетін гранттар саны, 8 мың талантты жасқа әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы- барлығы да жастар үшін жасалып жатқан  жұмыстар.

Осы үрдіске Н.Еділқызы да өз үлесін қосып келеді.  Жоғары оқу орнында білікті мұғалімді даярлау үшін оқытушының да, студенттің де қажымас еңбегі қажет. Педагогикалык практика мұғалімді кәсіби даярлау жүйесінде басты элемент болып табылады. Қазір   барлық практиканың түрлері сақталып, ол 1-курста басталып соңғы курста аяқталады. Студенттердің барлығы дерлік балалар өздерін қалай қабылдайды, мектеп ұжымы — «практикант» балалар арасында тығыз байланыс бола ма?! Міне, студентгердің практика алдындағы ойлары осыны қамтиды. Осы жұмыстардың нәтижесінде көптеген студенттер практика кезінде өздерін мұғалім ретінде сезінуге мүмкіндік алды, өз таңдауларының дұрыстығына көздері жетті, сабақ құрылымы туралы алғашқы түсініктері қалыптасты. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларымен қарым-қатынас жасау ерекшеліктеріне үйренді. Осы қарым-қатынастар балалардың көңіл-күйіне қалай әсер ететінін, өз еңбектерінің нәтижелігін зерделеуге талпындырды. Бұл айтылғандардың барлығын студенттік аудиторияда сезіну мүмкін емес екені айтпаса да белгілі. Демек, үздіксіз практиканы ендіру нәтижесінде студенттерді бірінші курстан бастап педагогикалық қызметке жүйелі түрде және оларды үшінші курста өтетін практикаға біртіндеп дайындауға көмегі зор…Қорыта айтқанда, болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуында үздіксіз практиканың алатын орны ерекше. Ол педагогикалық оқу орны мен мектеп арасындағы тығыз байланыстың нәтижесінде жүзеге асырылады Жыл сайын студенттерді машықтандыру үшін Н.Еділқызы қала мектептері мен бала-бақшаларын саралап, шәкірттердің толыққанды тәжірибе алмасу үшін келісім- шартқа отырып,  тексеру.. құжаттарын жинау, бағалау жұмыстарын жүргізіп және аудармашылар үшін түрлі мекеме басшыларына, оқу-аударма орталықтарына жолығып, шығармашылық топтағы студенттерге түрлі мәдени ошақтармен келісіп, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп Жүсіп Баласағұни айтқандай тіл табысып, колледж үшін толассыз  еңбек үстінде жүреді.

Білім жолы – қиын жол. Елбасымыз да  жас ұрпаққа арнайы назар аударып, «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» дегендей бүгінгі студент —ертеңгі маман, оқыту үрдісін басқарудың педагогикалық-психологиялық мәселелерін анықтауда педагог пен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастарды ұйымдастыру мұғалімнің теориялық білімінің болуын қажет етеді. Осыған орай, бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі бөлімдерінде жаңа мазмұн, оны оқыту әдістемесін студенттерге игертудің түрлі жолдары іздестіруде машыккерлердің әдіскерлеріне сұхбат- пікір жүргізу, жұмыстарына басшылық жасау, бағдарлама жасап ұсыну, жаңа технологиямен сабақ беруге дағдыландыру,  жақсы маман дайындауда жаңа педагогикалық технологияның тиімділігін іздестіру сияқты ағылған жұмыстар легі Ж.Ж.Руссо сөзімен айтқанда «Ұстаз болу — өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» — Нұргүлдің ұстанған жолы.

«Ақылды болуға жетелейтін 3 жол бар:тәжірибе жолы-ащы жол, ұқсау жолы-жеңіл жол, ойлау жолы-ең таза жол» дегендей, қай жұмысты қолға алса да, адамдармен тоғысқан іс барысында «7 өлшеп бір пішетін» ұзақ ойлану арқылы әрқашан Нұргұл апай  дұрыс шешімін қабылдайды.

Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап еңбек еткен адам дүниеге терең пәлсапалық оймен, түйсіне қарайды. Осы жолда өз ойын, күшін, қуатын сарп етеді де, өмірді өз тағынан құлатпайды. Бұл өмір мен адам арасындағы  терең үйлесім. Өмірдің мәні – оны бақытты етіп өткізуде. Дұрыс өмір сүруді біреу оқыған  оқуымен, бірі керемет тұрмысымен, енді бірі табысты қызметімен өлшейді. Бірақ Өмір дегеніміз ол емес… Өмір дегенің дос -жаранға қамқор болу, санаңды торлаған тұманды ойларды шуақты қуанышқа ауыстыра білуің. Қызғаныштың отын бүркіп, сенім үдесінен шыға білу. Уәделі сөздеріңе берік болуың. Кісінің сыртқы емес, ішкі болмысына үңіліп қадірлеу. Ең бастысы, өзгеге жақсылық тілеуші бола білу. Міне, дәл осы айтылған Н.Еділқызы болмысынан  табылады десем артық болмас.Әр адам алдында өзін жауапты сезініп,олардың өміріне жылылық сыйлағысы кеп тұратын Мұқсиева Нұргүл Еділқызына талмас талап пен творчестволық табыс тілейміз!