Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білім беретін арнаулы гимназия, лицейлерде қазіргі заманға сай көптілде білім беру жолдарын дамытудың негізгі бағыттары Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы Орманбекова Л.Ж.

ҚР Президенті Н.Ә.Назрбаевтың қоғамның талқылауына ұласқан ағымды жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі бағытының бірі — білім мен ғылым әлеуетін көтеру мәселесі ерекше маңызға ие. Елбасымыз ұстаздар қауымына үлкен талаптар қоюмен қатар білім беру жүйесін жаңғыртудың қадамдарын атап көрсетті. Білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметкерлерінің даму бағыттары бойынша айтылған ойлар тиімді. Алға қарай ілгерілей беру – өмір талабы, себебі білімнің – әлемдік, тәрбиенің – ұлттық деңгейде болуы педагогтардың жауапкершілікті түсінуі мен олардың кәсіби деңгейіне және білім беру үдерісінддегі көптеген мәселелерді шешуге қосқан үлесіне байланысты.
Қазіргі таңдағы еліміздегі білім беру саласындаы өзгерістер, дамудың жаңа стратегиялық бағыттары, білім мекемелерінің ақпараттануы білім беруге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізуде.
Қазақстан дамыған елу елдің қатарына енуде біз өз тіліміз, тарихымыз, әдебиетіміз, әдет – ғұрпымыз, салт – дәстүріміз негіз болуы қажет. Бүгінгі күні білім беру жүйесінде жасалып жатқан жұмыстың бәрі осы саланы дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 7 тамызындағы № 387 бұйрығына сәйкес 7 – сыныптан бастап жаратылыстану – математикалық бағыттың бір немесе бірнеше пәннің ағылшын тілінде, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінің, Қазақстан тарихының қазақ тілінде білім беретін мектептердің бағдарламасы бойынша қазақ тілінде оқитын мектептерде орыс тілі мен әдебиетінің орыс тілінде оқытатын мектептердің бағдарламасымен жүргізілуін көздей отырып, мамандандырылған мектептердің жалпы білім беретін пәндерді үш тілде енгізу жөніндегі жұмыс қолға алынды. Алматы облысы бойынша үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған 5 гимназия мен лицейлер жұмыс істейді. Олар: Қарасай ауданы әл – Фараби атындағы гимназия, Жамбыл ауданы №2 Қарғалы гимназиясы, Талғар ауданы Ю. Гагарин атындағы №8 гимназия, Талдықорған қаласы №20, №24 лицейлер.
Үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия мен лицейлердің негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік анықтауға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру.
Міндеттері:
— Дүниежүзі халықтарының мәдени құндылықтарын сыйлауға тәрбиелеу,
ақпараттық кеңістіктің дамуын қамтамасыз ету, білім беру мазмұнының сабақтастығын және оқушылардың көплингвистикалық даму орталығына жағдай жасау;
— Жаратылыстану – математика бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту нәтижесі мониторингісінің рейтингілік жүйесін жасау;
— Оқушылар мен мұғалімдердің ғылыми – зерттеу жұмысын
ұйымдастыру барысында жаратылыстану – математика және қоғамдық – гуманитарлық бағыттардағы пәндердің мазмұнын интеграциялауды қамтамасыз ету;
— Жеке қабілетін іске асыру және дамыту, таңдау мүмкіндігі арқылы
әрбір оқушыға жеке білім беру бағдарын құру, оқушылардың оқу
және оқудан тыс қызметі тұтастығын, олардың жеке танымдылығын
дамытуды қамтамасыз ету.
Үш тілде білім беруде ұйымдастырушылық, әлеуметтік, психологиялық, лингвистикалық факторларды жан – жақты есепке алу қажет. Әлемдік кеңістіктегі болып жатқан ақпараттарды баланың өз бетінше жинақтай алуы, талдай білуі, оны өз қажетіне жарата алуының маңызы зор.
2008 жылдан бастап институт жоспарына сәйкес дарынды балаларға арналған гимназия, лицей директорлары, директорлардың орынбасарлары, мұғалімдері үшін арнайы байқаулар, курстар, курсаралық жұмыстар, семинарлар, тренингтер жүргізіледі. Институт базасында өткізілген курстардан кейін курсаралық жұмыстар жоспарлы түрде өткізіледі. Атап айтсақ, Жамбыл ауданы, № 2 ДБАГ-да «Көптілде білім беру жолдары», Қарасай ауданы, әл-Фараби атындағы ДБАГ-да «Үш тілде білім беретін гимназияда жаратылыстану-математикалық бағытындағы бірнеше пәннің ағылшын тілінде оқытылу әдістері», Талғар ауданы, Гагарин атындағы № 8 ДБАГ-да «Үш тілде білім беретін гимназияда қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндерді оқыту ерекшеліктері», Талдықорған қаласы, № 20 ДБАЛ-де «Дарынды балаларға көп тілде білім берудің тиімділігі мен проблемалары», № 24 ДБАЛ-де «Тұлғаның көптілдік болмысын қалыптастыру – білім берудің негізі» тақырыптарында облыстық семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Үш тілде білім беретін мамандырылған дарынды балаларға арналған гимназия, лицейлердің іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында ОНЛАЙН режимінде республикалық семинар өтті. Гимназия, лицейлердің іс-тәжірибелері институттың ғылыми кеңесінің шешімімен «Дарынды балаларға көптілде білім беру: жай-күйі және бастамалар», «Көптілде оқыту – әлемдік білім кеңістігіне кірігудің шарты» атты кітапшалар шығарылды.
Үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия мен лицейлердің негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік анықтауға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болғандықтан, арнайы курстарда пәнді оқытуда жаңа технологияларды пайдаланудың тиімді жолдарын енгізуді, білім беру мазмұнының сабақтастығын және оқушылардың көплингвистикалық даму жолдарына жағдай туғызуды, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту нәтижесі мониторингісінің рейтингілік жүйесін жасауды, оқушылар мен мұғалімдердің ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру барысында жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы пәндердің мазмұнын интеграциялауды қамтамасыз етуді, жеке тұлғаның қабілетін және танымдылығын іске асыру және дамытуды қамтамасыз етуді қарастырады.
Аталған жетістіктермен қатар гимназия, лицейлерде қиындықтар да бар. Облыс бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия, лицейлердегі қиындық туғызатын мәселелер – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мамандардың аздығы. Осы бағыттағы арнайы білімі бар пән мұғалімінің ағылшын тілін меңгеруіне жағдай жасау. Педагогтардың біліктілікті арттыруда жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйеге жағдай туғызу. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия, лицейлердің материалдық базасының жоғары деңгейде болуы.
Білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру – мұғалімдердің кәсіби дамуының сапалық құрылымын жаңартуға және бәсекеге қабілетті жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруге ықпал ету.
Бүгінгі таңдағы жаңа талаптар оқушының танымын кеңейтуге, өзін — өзі дамытуға, алған білімінің түпкі нәтижесінде қолдана алу деңгейіне жеткізуді қажет етеді. Осы жағдайда ғана полимәдени қарым – қатынас іске асырылады.Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған гимназия, лицейлердің оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері.
Мамандандырылған гимназия, лицейлерде арнайы мамандардың (пәндерді ағылшын тілінде оқытатын) әлі жетіспейтіндігі, оқушылардың дайындығы қажетті деңгейде еместігі, арнайы оқулықтар мен бағдарламалардың аз екендігі және жеткіліксіздігі, арнайы терминологиялық сөздіктердің тапшылығы материалдық базаның төмендігі үлкен мәселелер болып табылады. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесін береді деген үміттеміз.