КМҚК «Балалар мен жасөспірімдер сарайы», қосымша білім беру педагогы Сатымбекова Бибигул Ажибековна
Киіз басудың дымқыл әдісі бойынша моншақ дайындау техникасы
Сабақтың мақсаты:
а) Жүннен бұйымдар жасаудың жаңа технологиясын көрсету. Жаңаша тиімді әдіс тәсілдер үйрету.
б) Халық қолөнерін игеру арқылы оқушыларды тарихи мұраны қадірлеуге тәрбиелей отырып, кәсіпті игеруге көмектесу және жұмыс жасау арқылы шығармашылық ой қиялын дамыту.
в) Оқушыларды шеберлікке, іскерлікке, икемділікке, шығармашылыққа баулу.
Міндеті: Қолөнертуралы білімін тереңдету, жасалған бұйымды жаңа дизайн мен сәндікқолданбалы өнер талаптарына сай сәндеуге үйрету.
Сабақтың түрі: жаңа тақырыпты меңгеру.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ жауап, сарамандық.
Көрнекілігі: Суреттер, дайын бұйымдар.
Керекті құрал жабдықтар: түрлі түсті жүндер, сабын ерітіндісі, төсейтін пластик төсеніш, микрофибрадан жасалған сорғыш салфетка т.б.
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
— Балалар сабаққа керекті құралдарды дайындап, партаның шет жағына қойыңдар.
2. Өткен сабақтағы білімдерін тексеру.
1. Жүннің қандай түрлері бар?
2. Жүннен қандай бұйымдар жасалады?
3. Қандай төрт түлік малдың жүні тұрмыста көбірек қолданады?
4. Ертеде не үшін адамдар киізді көп пайдаланды.?
Жаңа сабақ.
Киіз басу- ұжымдық үрдіс, бұғн әдетте көрші әйелдер мен қыз келіншектер шақырылған. Күллі еңбек үрдісі ән салумен, әзіл айтумен, рәсімдік әрекеттер жасаумен астасып жататын болған. Киіз басу үшін қой жүнін таңдап алады, негізінен күзем жүн алынады. Қазақ қойларының Еділбай және Қарғалы тұқымдарынан қырқылған жүн сапалы болып табылады.
Қазіргі кезде киіз бұйымдары қауырт өркендеу үстінде, шеберлер бұйымды жасауда өте кең ауқымды киізді пайдаланады. Бұл тамаша материалды модельерлер де өз назарларынан тыс қалдырмаған. Олар қазіргі заманғы әр түрлі технологияларды пайдалана отырып, сан түрлі фактуралар мен маталарды – жібек, мақта, кендір, тоқыма заттарды үйлестіре отырып, нағыз өнер жаухарларын жасап жүр. Киімге арналған киіз бижутерия мен аксессуарларды да кездестіруге болады. Олардың ішінде – моншақ, сәнді түйме, шаш қыстырғыш, білезіктер мен белдіктер, сөмкелер, әмияндар, ұялы телефондарға арналған қаптамалар, жеңіл аяқ киім, тіпті етіктерде бар.
Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйінің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған.
Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні,шудасы. Жүк артып, күш көлік ретінде пайдаланылған жүні ұйысып, киіздей болып қалады. Оны «жабағы» дейді.Түйе жабағысынан әр түрлі жеңіл де жылы күпі тігіледі. Оны түтіп көрпеге де салады, әр түрлі жіптер иіріп, шекпен, қаптар тіккен.
Шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындыларын халық өмірінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Көз салып байыптаған адамға қолөнер бұйымдарына салынған түрлі түсті ою-өрнектерден адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым қатынасын бөлінбес бөлігін көруге болады. Осындай бұйымдарды әзірлеу өте ұқыптылықты, мұқияттылықты, шеберлікті талап етеді. Бұйымдарды әзірлеген щеберлер ұлттық нақыштарды эстетикалық, моральдық жағынан ұштастыра отырып әзірлейді.
Сарамандық жұмыс.
Моншақты дайындау үшін қандай қауіпсіздік ережесін сақтауымыз керек?
1. Қайшыны сабымен ұсыну керек.
2. Қайшының ұшын сабымен көтерме.
3. Өтпейтін қайшымен жұмыс істемеу керек.
4. Инені ауызға салуға болмайды.
5. Киіз басу барысында ыстық суға абай болу керек.
6. Қайшыны қайшыламау керек.
Қай жұмысты бастасақ та ерінбей, жалықпай, таза, ұқыпты, әдемі етіп, жасауымыз қажет.
Киіз басудың дымқыл әдісі арқылы әшекей бұйым,моншақ жасау.
Жұмысқа керекті құралдар:
— стол,столдың бетін бүлдірмес үшін жұқа кленка.
— су құятын табақша.
— сабын (балалар сабынын қолдануға болады).
— ине,жіңішке жіп.
— әр түрлі жүндер.
Әшекей бұйым жасайтын жүн сапалы және жақсы түтілген болуы керек.
жұмыстың орындалу реттілігі.

1. Жылы сабынды су дайындап алу керек.Жүннің шамалы бөлігін алып алақанымызға салып дөңгелек шар сияқты пішінге клтіріп уқалаймыз.Шар пішінге келтірген жүнді сабын суға малып алып алақанымызға салып дөңгелетіп уқалау керек.Әлсін-әлсін сулап жүн қоса отырып пішінді үлкейтуге болады.
2. Шар пішінді жылы сабын сумен уқалаған сайын жүннің қылшықтары бір-бірімен ұйысып тығыздалып қатая бастайды.Пішін уқалаған сайын кішірейе береді,үстінен жүн қосып отырып өзімізге керекті мөлшерге дейін жасауға болады.
3. Дайын болған шар пішінді таза салқын суға салып шайып белгілі бір уақыт кептіреміз.
4. Кеуіп дайын болған шариктерді өзіңізге ұнайтындай етіп инеге жіп өткізіп , шарик шығып кетпейтіндей жіптің ұшын түйіп алып тіземіз.
Жаңа сабақты пысықтау.
Сұрақтар .
1.Дымқыл жүннен моншақ дайындау барысында қандай қауіпсіздік ережесін есте сақтау керек?
2.Киізден тағы да басқа қандай заттар жасауға болады?
3.Бүгінгі сабақта қандай жұмыс түрін үйрендік?
4.Моншақ дайындау үшін қандай құралдарды пайдаланамыз?
5.Моншақты қалай дайындайды?
Қорытындылау.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, міне біз де жұмысымызды аяқтап қалдық. Жарайсыңдар, балалар! Сабақ сендерге несімен ұнады?
Қорытынды.
Жүннен бұйым жасау өнерін, оның ішінде қыз баланың тәрбиесінде өте зор мәні бар киіз басу өнерінің дымқыл әдісін бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіре отырып, халықтың өнерімен байланысын нығайту, халқымыздың өмір шындығын көркемдік тұрғыдан бейнелеу және қоғамның алға басуына үлес қосу – әсемдік әлемінің заңдарын түсінуге жетелейді, адамға рухани күш береді, ұлтының патриоты болады. Ал рухани дүниесі бай, ұлтын сүйетін, жан- жақты білімді ұрпаққа еліміздің ертеңін сеніп тапсыруға болады.