Қостанай қаласы,
№24 мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі
Сейдалина Натия Смагуловна

Қазақстан – Мәңгілік Елім (эссе)

Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ, Арқа мен Алатау арасындағы ұланғайыр жер иесі атанған Қазақстан бүгінде кемелденген, жарқын болашағына бағыт ұстанған мемлекетке айналды. Өз жері мен тілі, әнұраны мен туы, көреген басшысы бар ел ретінде әлемдік саясат сахнасында келбетін қалыптастырып, өзін «Мемлекеттік ел» ретінде танытуда. Жалпыұлттық идеологиямызға айналған бұл ұғымның мәнін өз сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екенін айтқан. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең әлем қатынасына ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда (Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болу керек) деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» деп түсіндірген еді.
Тарихы тереңнен бастау алған еліміздің қазығын ұлтының оғыландары Керей мен Жәнібек сұлтандар 1466 қақты. Бүгінде сол қазақ хандығы керегесі кең, шаңырағы шаттыққа толы Қазақстанға айналды. Негізі қаланғанына 550 жыл толып отырған Қазақ хандығының мерей тойы ел көлемінде аталып өтті. Сонымен қатар биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі болды. Тәуелсіз еліміздің 25 жылдық тарихы түбегейлі өзгерістер мен жаңашыл бастамалардан құралған. Ал осы тарих күнделігінің әр беті Елбасының саяси қолтаңбасымен жазылған еді. Қысылтаяң шақта ел еңсесін түсірмей халқының жарқын болашаққа деген ұмтылысы мен құлшынысын тудыру ел Президентінің алдына қойылған мақсатының бірі болды. Бейбітшілік пен жасампаздықтың арқасында қиындықтарды артқа тастап Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихи жылына да аяқ бастық.
Жемісті жылдарда маңызды саяси реформалар қойылды. Елорданың көркем келбетін қалыптастырып, Қазақстан өзін әлемге мойындата білді. Халықаралық деңгейлегі 7-ші қысқы Азияда олимпиадасын өткізіп, толағай табыстарға жетті. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық қызыметін абыройлы атқарды.
Бүгінгі Қазақстан беделді, әрі халықаралық Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, Біріккен Ұлттар Ұйымына, Шанқай Ынтымақтастық Ұйымына, тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығына мүше. Өткен жылы дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы да ел жетістігінің жасымықтай бөлігі ғана.
Тірегіміз – тәуелсіздік, тірегіміз – тұрақтылық болған заманда ел экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру сынды мәселелерде қарқынды жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан 2050» стратегиясы, «Бизнестің жол картасы — 2020» сынды бағдарламалар, өзге елдермен жүргізіліп отырылған сауда-саттық бойынша келісімдер, елімізге тартылып жатқан инвестициялар бұған дәлел.
Қазақ елі қастерлейтін хандардың барлығы тарихта өз тағылымы мен ел басқарудағы ерекше қырағылығы, сондай-ақ, көрегенділігімен көзге түскен. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» ел тарихында мәңгілікке қалған. Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның стратегиялық даму бағыты мен бағдарын белгілеп, мақсатын айшықтаған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы да осы аты аталған тұлғалар салған жолдардың ізбасары іспетті.
Менделеев кестесіндегі бар элемент табылатын жеріміз табиғи пайда қазбалар ошағы. Мұнайдан бастап, уранға дейін табылады. Бүгінде экспортталатын тауарлардың басым бөлігін де табиғи байлықтар құрауда. Қазбамен емес білімді азық етіп даму үшін бүгінде Ұлы Дала елі үдемелі индустриялды-инновациялық даму жолында. Яғни, ғылыми жаңалықтармен технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстырып отыр. Осындай саясат арқасында тек Жер Ана бұйыртқан байлықпен емес, жаңашылдықтың арқасында біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған мемлекетке айналудамыз. Отандық өндіріс өнімдерінің де өрісі кеңеюде. Өз өнімімізді тұтынатын күнге де жеттік.
Бүгінде, еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік таңының арайлап атқанына да жиырма бес жыл болды. Мемлекетіміздің рухын асқақтататын көк байрағымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз әуеде шырқалып, Елтаңбамыз елдігімізді танытып келеді. Бүгінгі отандастарымыз бен келешек ұрпаққа осы бір үш бірдей мемлекеттік рәміздеріміздің орны қашанда биікте!
Қазақстан республикасының азаматтары, сондай-ақ, республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу керек. Елдігімізді ерекшелеп, ұлтымыздың ұлылығын айқындап тұратын мемлекеттік рәміздер ұғымының биіктігін отанын сүйген әр бір Қазақстандық азамат жүрегімен сезініп, оны қастер тұтуға міндетті!
Тарих толқынында талай белестерді өткеріп, сын сағатта сыналған, өз елі үшін өзін құрбан еткен есіл ерлердің арманы- Тәуелсіз Қазақстан бүгінде қанатты барыстай шыңдарды бағындыру, әлемдік аренада ықпалды елге айналу жолында. Осы жолда әр қазақ өз үлесін қосып, салт-дәстүрін сақтап, ата-баба үмітін ақтай білсе, қадымдап бастаған қадамымыз қарыштай түсері анық. Жалындаған жастар мен көреген қарттар арасындағы ұлт сабақтастығын жоғалтпаса қазақ елін жарқын әрі кемел келешек күтіп тұр.
Жүрегі «Ұлтым»-деп соққан бабаның қанымен келген Тәуелсіздігімізді сақтап қалу — келешек ұрпақтың, сол ұрпақты тәрбиелеп отырған әр қазақтың міндеті! Ұрпағыңды жаңылмай тәрбиелеу үшін Ата заң немесе Конституциялық құжаттан бөлек, ұлт дәстүріне сай қағидаларды да ұрпақ бойына сіңірген абзал. Осы ретте, обылысымыздан шыққан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің мына бір ұстанымы қазақ санасында болуы керек дүние:
Қазақ, әуелгі байлық – денсаулық, содан кейінгі қызық – жарық дүние! Тәтті — өмір! Өмір бар жерде тірлік бар. Тірліктің ләззаты – отбасында. Отан да отбасынан басталады. Қара шаңырақ саналатын Отаныңды сүй! Ата жұртыңның тәуелсіздігін сақта! Қазақстан – біртұтас мемлекет! Мемлекет басшысы ел Президентін қадір тұт, Республиканың нышандарын қадірле!
Қазақ, қазақ бол! Халық боп бірік, ұлт боп ұйыс!