Солтүстік Қазақстан облысы

Аққайың ауданы

«Смирнов №3 орта мектебі» КММ Оразбай Дарина 5 сынып

 «Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері»                                                                                                                           Секция: Қазақ әдебиеті

 

Жоба жетекшісі: бастауыш сынып мұғалімі

Хамзина Рая  Қожақызы

                                       

                                        

 

 

 

 

 

 

 

Смирнов 2016

Мазмұны

 

Кіріспе           ………………………………………….. ………………………………………………3

  1. Теориялық бөлім: Халық айтса, қалып айтпайды……………………………………5

1.1. Ұзындық, қалыңдық   өлшемдері………………………………………………………..5

1.2.Қашықтық өлшемдері  ………………………………………………………………………..9

1.3.Салмақ өлшемдері    …………………………………………………………………………..10

1.4. Көлем өлшемдері……………………………………………………………………………….12

1.5. Уақыт, мерзім өлшемдері…………………………………………………………………..14

1.6. Құн өлшемдері…………………………………………………………………………………..15

1.7.Халық есептері…………………………………………………………………………………..18

2.Эксперементалдық  бөлім……………………………………………………………………..20

2.1 Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары  арасында «Қазақтың байырғы                                     өлшем бірліктері»       тақырыбына сауалнама өткізу ……………………………….20

2.2 «Қазақтың байырғы өлшем бірліктері»  түсіндірмелі сөздік жасау……………………………………………………………………………………………………….21

2.3 Мұғалімдер мен оқушылар арасында қазақтың байырғы өлшем бірліктері  кездесетін мәтіндердің мазмұнын ашуда түсіндірмелі сөздіктің қажеттілігін айқындауға сауалнама жүргізу ………………………………………………………………..22

Қорытынды …………………………………………………………………………………………….23

Пайдаланған әдебиеттер ………………………… ………………………………………………24

Қосымшалар

 

 

 

 

Кіріспе

Еліміздің әрбір парасатты азаматы, ең алдымен, өз халқының тілін, дінін, өткенін білуі қажет, себебі өзін, өз халқының жақсысын түсіне білген адам ғана өзгені де сыйлай алады. Туған тілінің асыл қазынасының тұнығынан тұшынып іше білген, оның інжу- маржанын мөлдіретіп тізіп ала білген ұрпақ қана халқын сүйеді, елінің ертеңін ойлайды.Байтақ далада сан ғасыр көші — қонды күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін өлең – жырымен ағытқан, ақыл мен ойдың кені даналық сөз өнерінде деп қадірлеген, қылпылдап тұрған қылышқа қыңбаса да, жүйелі сөзге жүгінген. Сөз асылы жыраудан – жыршыға, атадан – балаға ұласып, тот баспай, ғасырлар аттап, біздің дәуірімізге жеткен.   Қазақтың барлық сөзінің шегі, өлшемі болған. Адамдар әрбір өлшемнің атқаратын міндеті бар екенін білген, сөйтіп оны ішкі рухани салмақтың сыртқы көрінісі деп қараған. Заттың сыртқы өлшемі, оның биіктігі мен тереңдігі, қаттылығы мен жұмсақтығы – бәрі түйсікке әсерін тигізетін құбылыстар. Қазақ  халқы  баланы  тәрбиелей  отырып, олардың  танымын  кеңейткен. Халық  өз  бойындағы  ең  жақсы  қасиеттерін  жеткіншек  ұрпаққа  күнделікті  тұрмыста  үйретіп,  бала  бойына  сіңіріп  отырған. Қазақ  халқының  өмірі  мал  шаруашылығы,  егін  егу  болғандықтан  ертеректе  осы  шаруашылықтарға  сай  өлшем  бірліктерін  дене  мүшелері: саусақпен, аяқпен, қолмен, буынмен  өлшеудің  әдістерін  меңгерген. Бұнымен бірге  судың  тереңдігін,көлем  өлшемдерін, уақытты  өлшей  білген.Математикада тарихи мәліметтердің көп қолданылмауы өз зерттеуімді, осы арнада жүргізуіме түрткі болып ғылыми жобаның тақырыбын «Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері»деп алдым.

Зерттеудің мақсаты: Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктерінің мағынасын ашып, қазіргі өлшем бірліктердегі баламасын анықтау.                             Зерттеудің міндеті: Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін ұрпақтан –ұрпаққа   жинақтап жеткізу, бір жүйеге түсіру, топтарға жіктей отырып зерттеу;өлшем бірліктеріне байланысты фразеологиялық тіркестердің, мақал-мәтелдердің,   этномәдени мазмұнын ашу.

Өзектілігі: Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Осыған байланысты ұлттық рухани-мәдени мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалау мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан байырғы өлшем бірліктерге қатысты сөздер, сөз тіркестері,  мақал-мәтелдер тілімізде көптеп ұшырасады. Осы тілдік деректерді жүйелі түрде жинау, ғылыми талдау , оны жаңа қырынан зерттеуге, тануға әсер етеді. Сол сияқты байырғы өлшем бірліктерді көркем мәтінде қарастыру мәселесі де өзекті.

Зерттеудің нысаны: Қазақ педагогикасының математикалық қолданысын ашу. Зерттеудің материалы ретінде байырғы өлшем бірліктеріне қатысты деректер, түсіндірме,  оқулықтар мен көркем шығармалар, ғылыми еңбектер  алынды. Зерттеудің барысында жинақтау, салыстыру, талдау(анализ) және синтез тәрізді зерттеу әдістері пайдаланылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.Теориялық  бөлім: « Халық айтса, қалып айтпайды.»

Өлшеудің және өлшеуіштің қажеттігі тіпті ерте кезде туды, бірақ өлшеу аспаптары мен өлшеу тәсілдері қазіргідей болып бірден қалыптасқан жоқ.Халық өлшемдері – ұлт менталитеті мен этнографиясының қызықты салаларының бірі болып саналады. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей өлшемі анық өлшем десек  қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Мысалы: Мылтығы бар еді. Бір қадақ ұнға айырбастап жібердім. Мүсіреп екі қурайды таңдап алды да, көшпелі елдердің ең бірінші күй аспабы сыбызғы жасады. Біреуі – 5 сүйем, біреуі -4 сүйем. Арт жағында қуғыншылар, Ұлпан олардан оқ бойы бұрын келіп жетті. Табан елі қазы түсетін биелер базарда он үш, он үш жарым сом. Бір табын сиырды айдалаға тастап, қашып бара жатсаңыз, екі көзіңіз алақандай болатын сияқты. Талдап уақытын оздырмады, қас қаққанша тар жерде көзден ғайып болып үйренген адам сайға қарай ұмтылды. [1.64]Осы мысалдардағы өлшемдер: қадақ, сүйем, табын деген сөздер мен оқ бойы, табан елі, қас қаққанша деген тұрақты сөз тіркестері.  Қадақ белгілі бір заттың салмағын білдірсе, сүйем ұзындықты білдіреді, ал табын сөзі белгілі бір заттың мөлшері қанша екендігін білдірген. Сол сияқты оқ бойы деген  сөз тіркесі ара қашықтықты аңғартса ,табан елі қалыңдықты байқатады. Ал қас қаққанша мерзімдік мағынаны білдіреді. Енді халық өлшемдерін бейнелейтін негізгі түрлеріне жеке-жеке тоқталайық. Мұны халықтың өзі белгілегендей: салмақ өлшемі, көлем өлшемі, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт, мезгіл өлшемдері  деп бөлуге болады.

1.1  Ұзындық өлшемдері.  Қазақ, ертеден келе жатқан әдет бойынша, бір нәрсенің қалыңдығы мен ұзындығы туралы айтқысы келгенде, өзінің «қол өлшеуіштерін» пайдаланып: «шынтақ елі», «бір елі», «екі елі», «үш елі», «сере қарыс», (қазы), «бір тұтам» (жіп) , «сынық сүйем» (бұдан қазақта ерте кезде бөлшек ұғымы болғаны байқалады). Алайда тілімізде нақты сандық ұғымды білдірмесе де, кейбір сан есімдермен мағыналас болып келетін көптеген сөздер бар. Мысалы, жарты, жарым, ширек..Мұндағы  жарты, жарым сөздері екіге бөлгеннің бірі яки 2/1 бөлшектік ұғымымен беріліп тұрса, ширек сөзі төрттің бірі  яки 4/1 бөлшектік ұғымымен беріліп тұр.   Қазақ халқының мақал – мәтелдерінде жоғарыдағы өлшем сөздер жиі кездеседі. Мәселен : «Бір елі ауызға, екі елі қақпақ», Пышақ сырты, қылыш сырты. Бұлар  жұқа,  бір еліден аз деген мағынада, шамамен 3-5мм. Осы  тәрізді сере, қазы, екі елі, үш елі, бес елі 7-10 см, сондай-ақ  шынашақ,  елі,  бармақ  1-2.5 см –ге  тең  қалыңдық  мағыналы  сөздер бар. Мысалы:  Жаясының  майы тап бір елі шықпаса, мұрнымды кесіп  берейін . «Өтірік соңы бір тұтам». «Сүйем» дейді қолдың белгілі бір қозғалыс қалпын өлшеуіш етіп алып: «қарыс»,  «құлаш»  дейді, немесе аяқ өлшеуіштерін пайдаланып: «табан» (бір табан) «қадам» дейді. Сүйем — бас бармақ пен сұқ саусақ аралығымен өлшенетін өлшем, шамамен 17-18 см. Мысалы: Гүлдер күніне бір сүйем өсіп шығады екен.Ал қарыс сүйем -50 см, сынық сүйем-14-15 см, ал кере қарыс-20-22 см .

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұлар көбіне маңдайға, қастың арасына, бет пен жаққа,  сондай-ақ жылқының құлағына, жал етіне, шоқтығына, ізінің қашықтығына, т. б. жағдайларда айтылады.Ал жол, арақашықтық туралы айтқанда ешбір өлшеуіштік белгісі жоқ, бірақ көпшілікке таныс аралықпен салыстырып, мөлшермен: «Таяқ тастам жер», «көз көрім жер», «бір көш жер», «ат шаптырым жер», «түстік, күндік  жер» дейді. Ерте кезде бір нәрсенің ұзындығын арнаулы өлшеуішпен  не оның бірнешеге тең бөлінген үлесімен өлшеу тәсілі болған жоқ. Ондай өлшеуіштер арқылы өлшеу тәсілдері кейін, елдер арасында  сауда саттық жұмысы күшейген кезде шықты. Ал қарыс, қолдың қары, қадам   т.с.с. Қарапайым  өлшеуіштер тек  қазақ  арасында  ғана  емес,  адам  саналы  өмір  сүре  бастағаннан  бері  барлық  елдерде  қолданылады. Халықтар  арасында  көп  тараған  қарапайым  өлшеуіштердің  бірі- қолдың  қары(орысша-”локоть”). Ерте  кезде, алаша, басқұр  сияқты  енсіз,тоқыма  бұйымдардың, жіп  арқандардың  ұзындықтарын  қолдың  қарына  орап  жіберіп  өлшейтін  болған. Кез – шамамен 50-ге тең өлшем .Мысалы: Кеше әжем дүкеннен 15 кез қызыл ала шыт алды.      Мысалы, « әлгі құлын алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты » (қазақ ертегілерінен).                                                                                                               Батырлар жырында :

Саурылған екі кез,

Шүйел белің құрған тез.

Сия берер айтсам сөз..

Ал « Алпамыс» жырында :

Аузын ашты келді де,

Жұдырықпен бір ұрып,

Қырық кез болат сандықты. [2.21б]

 

 

 

 

Аршын — парсы тілінен енген, бұл өлшемнің дәл мағынасы- қолтықтан саусақтың ұшына дейінгі аралық. 70-75 см-ге дәлірек айтқанда 71,12 см-ге тең ұзындық өлшемі. Ол қазір қолданылып жүрген «метр» өлшеміне жуық.

 

 

 

Мысалы:     Мұндай құс кез болып қалса   керегінде,

Ет берер кісінің ебі болса.

Таңырқап талай адам тұратұғын,

Жарты аршын құйрығының

ағы болса.

Тағы да :

Ұзыны елу аршын,он кез еді,

Демімен тартады ішкі көрсе нені.

Балаңды бұл ретте қосып бер деп,

Қалайда қинап отыр өте мені.   [3.18]

.                    Алты жүз аршын болсын биіктігі,

Ай тұрсын алтын арай, сүйіп мұны.

(« Әбілхарис » ертегісінен. )

Құлаш -1,80-2 метрге тең,   иық деңгейінде көтерілген қолдың екі саусағының арасына тең өлшем,ал сала құлаш барлық  құлашпен өлшенген нәрсе туралы айтылады. Мысалы: бір кез ақ жібек, ұзындығы сала құлаш .

Алты құлаш белбеумен , алып белін орады. [2.164]

 

 

 

Қазақ халқының  егін шаруашылығымен  айналысқан  жерлерінде  жер  мөлшерін  өлшеуге  пайдаланылған  бірліктердің  ішінен ең  көп тарағаны — танап .Танап — арабша  жер  өлшейтін  ұзын  арқан.Тепе  —  жер  өлшеу  кезінде  қолданылған  көне   аудан  бірлігі.  Ол  шамамен  екі  шаршы  шақырымға  тең.Саржын — арасы үш аршынға  немесе  2м 13см-ге  тең ұзындық өлшемі

Найза бойы, арқан бойы(10-12м)деген халықтық өлшемдер ұзындықты білдірумен қатар биіктік, тереңдік, қалыңдық өлшемі ретінде де қолданылады. Мысалы: Күн найза бойы көтерілген кез.(3-5м) Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қазақтар ертеде қыстыңгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізсе, су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен (құлағынан, бауырынан, бойынан) асады (келеді) деп мөлшерлеген. Мысалы  шаштың ұзындығын: Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр,[5,42б] — деп суреттейді . Шөптің биіктігі былайша бейнеленеді: Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана: — Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, — деді Ожар . ,[5,16б] Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген  ,[6,46б] Ал құмның көлемін төмендегі сөйлеммен береді: Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады . [6,356б]

1.2.  Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым (қадам)(1м), таяқ тастам(10-15м), әй дейтін жер(100м), дауыс жететін жер(250-300м), шақырым (1км), иек астында, бір төбе астында(4-5км), қозы көш жер(5-6км), көз ұшында(6-7км), тай шаптырым(4-5км), құнан шаптырым(8-10км), ат шаптырым(25-30км), бір күндік жер,айшылық жол…т.б. Көш жер – ұзындық өлшемі. Ол әр түрлі мағына алады. Мысалы:Қозы көш жер орта есеппен 14,5 км, Күзгі көш жер орта есеппен  25,5 км, Орта көш жер шамамен  90 км. Ауыл ішінде бұл күндері де жиі айтылатын межелер:ат тұяғы жетер жер, ат (құнан, тай) шаптырым жер, ат жетер (ат жетпес) жер, бие бауындай жер, бие сауым жер, желі (тұсау, құрық) бойы. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан . [6,153 б.].  Көшпенділер романында ат жетер жер, ат тұяғы жетер жер өлшемдерін түрлендіріп, былайша қолданған: Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба? [6,204 б.].  . Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен . [6,317 б.].Осы қашықтық өлшемдердің ішінде  қамшы салым  жер,  қарға адым жер,  қарыс аттам жер, иек аттам жер сияқты т.б. сөздер де қолданылады. Мысалы: Бөдене зар жылап барып, таяқ тастам жердегі бетегеге жасырынды.

1.3.Салмақ өлшемдері. Бұл топқа жататын сөздер мал баққан көшпенді халықтың өмірінде өлшемдік мәнде көп қолданылған. Ол сөздер мыналар: қадақ, батпан, мысқал, келі, қап, табақ және әшмүшке.  Қадақ  екі жүз граммға тең салмақ өлшемі. «Қадақтай» — кішкентай, аз ұғымын білдіреді.Мысалы: Әйелдердің жол-жорасын Ұлпан оң қолынан үлестірді: кілем, текемет, көрпе, киіз, бір-бір қадақ қашаннан жатқан қағаз шай …-  бәрібір таусылар емес.   [1.144 б.].

 

Ауыз әдебиетіндегі «Ер Тарғын» жырында :

Келген қалмақ көп еді,

Көп те болса қалмақтан,

Алты күн айғай салғанда,

Азғантай қалды қадақтай – деп жырлайды.

Шығыс аңыздарының желісіне құрылған дастандар қазақ халқының бай мәдени мұрасының едәуір бөлігін құрайды. Олар дала халқы өмірінде дәстүрлі фольклормен қатар орын алады.   Мысалы, Атымтай жомарт, Қасым жомарт дастандарында жомарттық пен қонақжайлылық жырлана отырып, қазақтың байырғы өлшеуіш мазмұнындағы сөздері өте көп қолданылады.

Алуаны асап жеді табақтан,

Ашыққанда түйе өткендей

тамақтан.

Екеуі де, әсіресе патша алды,

Артығырақ он екі,

он үш қадақтан.

Батпан. Қазақтарда батпан өлшемі өте ерте заманнан бастап – ақ белгілі болған. Ол салмақ өлшемінің ең ауыр түрінде қолданылған.Халық ауыз әдебиетіндегі «Батырлар жырында» алып батырлардың  күрзісі үнемі батпан өлшемімен көрсетіледі. Егер Бұхарада бір батпан        7 пұт 32 фунтқа тең болса, қазақ жерінде 12 пұтқа тең болған. Батпанға ұқсас қазақта «дыр» деген сөз бар. Дыр – үлкен, ірі, зор. Батпан да, дыр да — өлшем.Бір батпанда 300 кг ауырлық болады.  Мысалы: Пұт болдым деп мақтанба, онан да ауыр батпан бар.«Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады»(халық мақалы) Мысқал.  Мысқал- Шығыс елдеріне көп тараған салмақ белгісі. Мысқал бүкіл араб елдерінде, Индияда және Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Б.з.басында 780ж. жасалған шыны сауыттар табылған. Зерттеу нәтижесі бойынша, олар миллиграммның 3\1-іне дейінгі дәлдікпен  істелген. Салмағы 1 гр- ға  тең. Бұл негізінен алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Мысалы: Бір мысқал орам еті жоқ жас денелер бүгін бір сәтке еркіндік алып, көркемдік әнін салып келе жатқандай еді.

« Үш ғасыр жырлайды » еңбегінде :

Мысқалы мың теңгелік асыл заттар,

Барады арзан болып жылдан – жылға,

Жақсыны жау да болса, дұшпан тұтпа,

Жаманның басында тұр заман ақыр, —

делінсе, «Гауһарды мысқалдап өлшейді» — дейді қазақ мақалында.

Бес мысқал мойнындағы

жарқыраған,

Гауһардың менің таққан

белгім еді

Табақ. Табақ – шамамен 12 орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аудандарында жиі қолданылған. Ол үлкен табақ 12-17 кг шамасында, кіші табақ 3,9-4 кг шамасында болып екіге бөлінеді. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Кейбір әдебиеттерде қаптың мынадай түрлері де кездеседі: тоқты қап-3 пұт немесе 48 кг, қой қап -6 пұт немесе 96 кг, торпақ қап -9 пұт немесе 144 кг.Бұл өлшемдер мен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай нәрсенің ауыр —  жеңіл көрсететін   “зілдей”,  “қаңбақтай”  деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданды

1.4.Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді Қазақ халқының бұрынғы өмір тұрмысында затты салмақпен өлшемеген, көбіне затты көлеміне қарап ажыратқан. Өлшем әр заттың ерекшелігіне қарай әр қилы қалыптасқан Көлем – белгілі бір заттың аумағы, мөлшері, бір нәрсенің шегі, аясы. Көлемдік өлшемдер деген – көлемге лайықты, аумақтық, мөлшерлік өлшемдер. Өте аз көлемдік өлшемді білдіретін өлшем сөздердің бірі «шынашақ»,  «шынашақтай». «Шынашақ» — саусақтың кішкентайы. Оның бұлай аталуы бітіміне байланысты туған. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім, (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке,бір құшақ,  бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ( үкі, тал), бір топ(адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты… заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шыншақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді.Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып,оны мөлшерлеп есептейді. От орнында тұяқтан

Оймақтайы қалыпты.

Етектейін еріннен

Екі елісі қалыпты

Қиған қамыс құлақтан

Бір тұтамы қалыпты

Жалбыраған жалынан

Бір уыстай қалыпты  [2,175 б.].

(Ер Тарғын жырындағы ұрыстан кейінгі Тарлан тұрпаты)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Салмақ, көлем өлшемінің атауларына ат төбеліндей, бес биенің сабасындай, ат басындай т.б. жатады. Жылқының көлемін мына сөздермен өлшеген: бір үйір, бір қос (жылқы), бір желі (құлын), бас-аяғына оқ шырқаса жетпейтін (желі). Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады . Бұл атаулар қайталама қос сөздер құрамында келсе, көптік ұғым пайда болады. Мысалы, үйір-үйір, қос-қос жылқы, желі-желі құлын. Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды . Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды .Ал«Әшмүшке»,«түйірдей»,«тырнақтай»«кенедей»,«тұрымтайдай», «тарыдай»,«титімдей»,«титтей»,«уыстай»,«тоқымдай»,«мытым»,«шымшым»,  «ұлтарақтай»,«тілдей», «тістем» кішкене деген өлшемді білдіреді Лек,тұрық, жүздік, мыңдық, жүзбасы, мыңбасы,үйір – үйір, отар – отар, ұйқы – тұйқы, үшбу, бума – бума, будақ – будақ, қыруар көптік ұғымды білдіреді Осылардың ішінен лек сөзіне тоқталып өтейік.   Лек – тілімізде көп жағдайда қос сөз түрінде келіп (лек – лек, лек – легімен) «шұбырған топ» мағынасын береді. «Лек» сөзінің тағдыры да  «қыруар» сөзімен сәйкес. Көне сөздік бойынша мұның да парсы тілі арқылы қазақтарға енген үнді сөзі екенін білеміз. Ендеше лек сөзі  жүз мың деген сандық өлшемді мегзейді.«Лек–легімен» дегеніміз, шындап келгенде, өлшеусіз, есептелмес, «жүз мыңдаған» сияқты нақтылы санды ұғындырады. Бұған керісінше, шамалы, қаралы, некен – саяқ, шақты,едәуір, бірқыдыру, қас пен көздің арасында, анағұрлым, сонша – жобалы өлшем сөздер.

1.5.Уақыт, мерзім өлшемдері. Халық уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірбие жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін де таба білді. Жылды, тоқсанды,  айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын да орайластыра келтіре білді. Ал мерзім, мезгіл өлшемдеріне келгенде халық өлшемі мен атауы да бай. Ұлттық ұғымда мерзім – уақыттың, мезгілдің шамасы мен ұзақтығын білдіреді            Мерзім өлшемдері: бір сәт, қас қағым,      ә дегенше (1 сек), сүт пісірім (5-10 мин), бие сауым (1,5 сағат),  бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, .  ет пісірім (2,5-3 сағат), жарты күн, бір түн (тәуліктік) (24 сағат), апта (7 күн), ай (30-31 күн), тоқсан (3 ай), жыл (365 күн) немесе 12 ай, ғасыр (100 жыл). Мысалы: Талдап уақытын оздырмады, кірпік қаққанша  тар жерде көзден ғайып болды Адам өмірі де: жас (1 жыл), мүшелмен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25 жас), үш мүшел (37 жас), төрт мүшел (49 жас) … т.с.с. бөлінеді. Мезгіл сол уақыттың бір сәтін ғана айқындайды. Мысалы: елең-алаң, түс-кеш, түн ортасы т.б. Қыс, көктем, жаз, күз – мезгіл өлшемдеріне жатады.  Мерзім өлшеміне күн, ай аттары да жатады. Уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де өте бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, жөппелдеме, намаздыгер, ақшам (намазшам), ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне т.б. Мұнан тек уақыт шамасы ғана емес халқымыздың таным-түсінік, ой, әр істің байыбына терең бойлау, бағдарлау, тіл қабілетінен жоғары тұрғанын дәлелдеп береді. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап та анықтаған. Уақытты есептеуде  аспан денелерінің орналасуы менқозғалысына сүйенген.Мәселен,темірқазық жұлдызы жол бағдарлау қызметін атқарған.Бетпақдала мен Мойынқұмды шарлағанда үнемі осы жұлдыз арқылы бағдар жасап отырған.«Жеті қарақшы» қазақтар үшін сағаттың орнына пайдаланып,оның қозғалысы сағат тілінің қозғалысымен сәйкестендірілген.Жыл мезгілдерін анықтауда «Үркер» жұлдызы ерекше орын алған.Үркердің көкжиекке жақын көрінуі көктемнің белгісі екендігін халық «Жатқанша үркер жамбасқа келсе,жаз шықпаған не қалды», «Үркер жерге түспей,жер қызбайды» деу арқылы білдірген.Ата-бабамыз жаз айларында «Үркер жерге түсті»,ал күз айларында «Үркер төбеге келіп қалыпты»,қыс айларында «Үркер төбеге келіпті, қыс ортасы болды» деп,аспан денелері мен табиғат құбылыстары арасындағы сәйкестікті тереңінен болжаған.Уақытты есептеудің түрі көп болғанымен ерекше аталатыны төртеу.Қазақ халқында «Тіршіліктіің оянуы» деп көктемнен басталатын есептеу жүйесі қабылданған.Бұл жұлдыздық есеп наурыздағы күн мен түннің ұзақтығының теңелетін күнінен басталады.Бұл күнді белгілеу үшін ғимарат құрылыстар салынып,күн сәулесінің терезе қуыстар жылына тек екі рет қана түсетіндей орны белгіленіп,есептеулер жүргізілген.Күн сәулесі түсетін жерде өлшемдік сызықтары бар жалпақ табақ тастар болған.Соның бірі біздің тілімізде айтылатын «Самарқанның көк тасы».Көктемнің теңгеріс күнің,яғни 22-наурызды «Самарқанның көк тасы жібіген күн» дейді.Бұл бейнелеп айтылған сөз тіркесі.Тастың «жібуі» деген сөз,тастың бетіне күн сәулесі түсті деген мағынада айтылған   Ауа райын бақылау, ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері мен қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық, салқын, мұздай тағы да осылайша анықтап бір заттың, судың, астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық… деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, тіфу десетүкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.

   1.6. Құн өлшемдері. XX ғасырдың басына дейін ел ішінде XYIII ғасырдағы Әз-Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заң негізі құқықтық негізде шығын және құн мөлшерін де белгіледі. Дау – жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы: ер адам құны 100 жылқы. Біреудің белін сындырған толық адам құнын төлейді. Бір көзін шығарса адамның жарты құның төлейді. Ұрыс-төбелесте бас бармақ сынса 100, шынашақ сынса 20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген .      [7,43 б.].  Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды.  Саудада әр заттың, малдың құнын, белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын, күміс жамбы (қойтұяқ, тайтұяқ) сияқты құнды металдарды қолданған. Ал, айырбас саудада әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені – құлынды биеге, биені – бұзаулы сиырға, сиырды – тай, құнанға, тайды – 3 – 4 қойға айырбастаған. Сөйтіп мал, бұйым саудасында да әр затқа лайық кесімді өлшемдері болған.

1.7.Халық есептері. Математика сабақтарында тағы бір тиімді пайдаланылатын ойын-сергіту логикалық ойын есептер. Бұл логикалық есептерді шығару балалардың ойының ұшқырлығына, тез есептеуге төселдіруге өте үлкен әсер етеді. Қазір математика сабақтарында «Қазақтың байырғы қара есептері» деген кітаптан көптеген логикалық құрылымды ойындарды пайдалануға болады. Мысалы, ұзындық өлшем бірліктері тақырыбына байланысты «Ұлу мен қырғауыл», «Қырсық жолаушы» туралы есептертінде, оқушы өз тіліміздегі өлшем бірліктерін  меңгереді. Ал салмақ өлшемін өткенде « Жеңіл сақина», уақыт өлшеміне байланысты «Дыбысты сағат», есептеуге байланысты «Асық саны», «Шыпта», «Тауық нешеу саналған!» есептері талдағанда  «Қиял қыр асырады», «Тұяқты тұяқ жібермейді» сияқты нақыл даналықты меңгеруге болады.

Қазақ халқының өлшемдерді пайдаланған ауызша есептері:

1) Алтын айқабақ

Той сән- салтанаттың бірі-  жамбы ату, айқабақ ілу, жаяу жарыс, күрес.

10 құлащтық діңгектің басына алтын айқабақ ілінген. Біріншісі- 8 құлашта, екіншісі- 9 құлашта, үшіншісі- ең төбесінде. Жалаңаяқталған жігіттер діңгекпен өрмелеп барып, алтын теңгелерді – айқабақты алуы тиіс. Кім оған жетсе – алтын айқабақ соныкі. Егерде бірінші жігіт 2 құлаш өрмелеп, 2 қарыс төмен сырғып түссе, екінші жігіт 1,5 құлаш демалыссыз алға өрмелеп, 1,5 қарыс кейін түссе, үшінші жігіт 2,5 құлаш жоғары өрмелеп, 2,5 құлаш төмен сырғыса, әрбір жігіт неше дем алғаннан кейін алтын айқабаққа жетеді?

1 құлаш = 8 қарыс

2) Жылқыға  жем  беру

Біреу алты жылқысына күн сайын он қадақ сұлы беріп жүреді. Жем жылқының жасына қарай бөлінеді: биеге – үш қадақ, құнандарына – екі қадақтан, ал тай басына бір қадақтан жем береді.

Мал иесі үйіне алыстан келіп, қонақ болып отырған жекжатына әңгіме арасында өзінің осы тіршілігін айтып қалады.

«Сонда бие нешеу, құнан нешеу, тай нешеу болғаны?»

— деп, қонақ жылқы санын іштей есептеуге көшті.

3)Шөп.

Үйде 40 қой, екі құлынды бие, 4 бұзаулы сиыр бар болатын.  Бір күнде 10 қойға 1 тай шөп, 1 құлынды биеге 1 тай шөп, екі бұзаулы сиырға 3 тай шөп бкріледі. 9 күнде бір тай шөп рәсуа болып тапталып қалады.

Мал 108 күн қолға қарады, шөп таусылды. Қанша тай шөп бар еді?

 

 

 

 

                    2.Эксперементалдық  бөлім:

2.1.  Ауыл тұрғындарының арасында, мектеп оқушыларының арасында сауалнама жүргізу, сараптау.Ауыл тұрғындары арасында әр жас мөлшеріндегі 25 адамнан сауалнама алдым Осы орайда зерттеу жұмысында мен сауалнама жүргізу барысында мынадай нәтижелерді байқадым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мектеп оқушыларының аралығында жүргізілген сауалнама нәтижесі оқушылардың қазақтың  байырғы өлшем бірліктерін жете түсіне білмейтіндігін көрсетеді. 5-9 сынып аралығында жүргізілген сауалнама нәтижесі осыны айқындайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.2. Оқушылар қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің сырларын ұғына алмаса, қазіргі өлшем бірліктеріндегі баламасын білмесе, ауыз әдебиетін, көркем әдебиетті, ертегілер, жыр –дастандарды оқу үрдісі төмен болатыны сөзсіз. Сондықтан зерттеудің алғашқы  кезеңінде (2009-2010 оқу жылының бірінші жарты жылдығында)  «Қазақтың байырғы өлшем бірліктері» түсіндірмелі сөздік құрастырылды және  екінші жартыжылдықта мұғалімдер мен оқушыларға үлестіріліп әдебиет, қазақ тілі, география, қазақстан тарихы, математикадан қолданбалы курстарда пайдаланылды. (қосымша А)

2.3. Мұғалімдер мен оқушылар арасында қазақтың байырғы өлшем бірліктері кездесетін мәтіндердің мазмұнын ашуда түсіндірмелі сөздіктің қажеттілігін айқындауға сауалнама жүргіздім. Экспериментке қатысқан 80 адамға  (10 мүғалім, 70 оқушы) қазақтың байырғы өлшем бірліктері кездесетін мәтіндер үлестіріліп берілді.

1.Берілген мәтіндегі байырғы өлшем бірліктерінің баламасын анықтауда сөздікті қолдану қолайлы ма?

2.Мәтіннің этномәдени мазмұнын ашу, ондағы байырғы өлшем бірліктері қазақ халқының салт дәстүрлерінің көрінісі екенін айқындай отыра, баламасын қатар қолдануға бола ма?

Эксперемент  нәтижесі: Түсіндірме сөздіктің мәтіннің мазмұнын ашуда, өлшем бірліктерінің қазіргі баламасын қатар қолдану қолайлылығы айқындалды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды.

Осы ғылыми жобамды жазу барысында қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің қыр- сырымен таныстым.

Менің негізгі мақсатым қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің мағынасын ашып, қазіргі өлшем бірліктеріндегі баламасын зерттеу. Бұл тұрғыда зерттеген еңбегімді пәнге деген қызығылушылығын артып, оқулықтарды пайдалана отырып, ізденуімнің арқасында өзімнің білімінді толықтырдым.

Қазақтың байырғы өлшем бірліктері  халық өмірінің, әдеп- ғұрыптарының, салт- дәстүрлерінің ,халқымыздың таным-түсінігінің, ойының, әр істің байыбына терең бойлауының, бағдарлауының ежелгі көрінісі.  Қорыта келгенде, менің жүргізілген зерттеулерім математика ғылымының түпсіз терең, құпиясы мол  әлем екенің дәлелдей түседі.

Өзімнің  машақтану  кезімде қазақ  халқының  өлшем  бірліктерін  оқи  отырып, математикада  қазақтың  өлшем  бірліктерін,  шығу  тарихымен  таныса  отырып,  қазіргі  өлшем  бірліктерінің  баламаларын анықтауға, яғни  қатар  қолдануға  болатын  мүмкіндіктерін  негізге  алдым.   Олай болса зерттеудің  қорытындысы бойынша ұсыныстар:

  • Қазақ тілі, әдебиет сабақтарында түсіндірмелі сөздікті қолдану
  • Зерттеу жұмысының нәтижесін  факультатив сабақтарында, қолданбалы  математикадан сыныптан тыс жұмыстарында, география, қазақстан тарихынан үйірме жұмыстарында қолдану.
  • Түсіндірмелі сөздікті облыс көлемінде қазақ тілі,әдебиетінен қосымша курстарда қолдану мүмкіндігін қарастыру.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Ғ.Мүсірепов. Ұлпан. Алматы.Атамұра 2003

2.Төрт батыр.Алматы. Жалын 1990.

  1. Т. Ізтілеуов. «Рүстем-Дастан»,1961
  2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі – Алматы, 1977.
  3. Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. 7 том. 3 кітап
  4. Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. 6 том. 1 — 2 кітап.
  5. Ақиқат, N 6. 1993.
  6. Болғанбаев Ә. Өлшем ұғымын білдіретін сөздер мен сөз тіркестері // Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері. –Алматы: Ғылым, 1989
  7. Кенжеахметұлы. С. « Жеті қазына ». Алматы, « Ана – тілі », 2000,           49 – б,  57– б
  8. Нұрмағанбетов. Ә. « Сөз сырына саяхат ». Алматы,   «Жалын» 1990,                                .                                                              62 – б.
  9.    « Қырық қазына » — қазақ халқының ауызша есептері.

Алматы, « Мектеп », 1987 ж.

  1. Қазақтың байырғы қара есептері. С.Елубаев-Алматы 1996
  2. http://ertisdaryn.kz/newsedu/

14.http://www.zox.kz

  1. http://irgetas.com/mahal.html

Қосымшалар

Қосымша А .Түсіндірме сөздік «Қазақтың байырғы өлшем бірліктері»

Тіл – халықтың даналығын, танымы мен талғамын, тауып айтатын шыншылдығын көрсететін, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес қазынасы.

Осы қазынаны  оқып, түсініп , жүйелеп саралау  барысында  түсіндірмелі сөздік құрастырылды.

Бұл құрастырылған сөздіктің мақсаты оқырман қауымның әсіресе оқушылардың  көркем немесе ауыз әдебиетінде кездесетін қазақтың байырғы өлшем бірліктерін түсуіне барынша жеңілдік туғызу.

Сөздікте қазақтың байырғы өлшем сөздері   нақтылы, жобалы өлшемдер, жер арақашықтығын білдіретін, салмақты, ұзындықты, көлемді, уақытты, жас мөлшерін білдіретін, қатты және сұйық заттардың өлшем бірліктері бола алатын түрлерге іріктеліп, сараланып  берілді.

 

Өлшем бірлігі Түсіндірмесі
  ҰЗЫНДЫҚ ӨЛШЕМДЕРІ
1 Елі Сұқ сасақтың қалыңдығы ,шамамен

1-1,5 см

2 Сүйем Бас бармақ пен сұқ саусақтың арасындағы 17-18 см-ге тең өлшем
  Қарыс Бас бармақ пен шынашақтың арасындағы 23 см-ге тең өлшем
4 Қарыс сүйем Бас бармақ пен ортан саусақтың арасындағы тең өлшем
5 Сынық сүйем Сұқ саусақтың буыны бүгіліп барып белгіленетін өлшем, бір сүйемнің төрттен үш бөлігіне тең өлшем.

14-15  см

6 Жарты, жарым екіге бөлгеннің бірі, яғни ½ бөлшегін білдіреді
7 Ширек төртке бөлгеннің бірі ,  яғни ¼

бөлшегін білдіреді

8 Тұтам Бес саусапен жұмғандағы көлемге шамалас, 4 еліге тең шама.
9 Кез (шынтақ) Қолдың басы мен шынтақтың арасындағы  50 см-ге тең өлшем
10 Аршын Қолдың ұшымен қолтық арасындағы 72 см-ге  тең өлшем (71,12)
11 Саржын 3 аршынға тең  2м 13 см өлшем
12 Құлаш Иық деңгейінде  кере созылған екі қолдың арасы, 1,80см
13 Пышақ сырты, қылыш сырты  3-5 мм тең қалыңдық өлшемі
14 Найза бойы 3-5 м тең биіктік өлшемі
15 Оқ бойы 1-1,5м –ге теі жебе ұзындығымен алынған биіктік өлшемі
16 Арқан бойы 10-12 м-ге тең  тереңдік өлшемі
  ҚАШЫҚТЫҚ ӨЛШЕМДЕРІ
17 Табан Аяқтың өкшесі мен екінші саусақтың арасы ,шамамен 30см
18 Адым ( қадам ) Жүру кезіндегі екі аяқтың аралық

1 метрге ұзындық

19 Таяқ тастам 10- 15 метр қашықтық
20 «Әй » дейтін жер 100 метр
21 Дауыс жететін жер 250-300 метр
22 Шақырым 1 километр
23 Тай шаптырым 4 – 5 километр
24 Қозы көш жер 6-7 км
25 Күншік жер 90-100 км
26 Ара қоным жер 200-250 км
  САЛМАҚ ӨЛШЕМДЕРІ
27 Батпан Салмақ өлшемінің ең ауыр түрі, бір батпанда 300кг болады
28 Мысқал Қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған, салмағы 1 грамм
29 Пұт 16 кг тең салмақ
30 Табақ Үлкен табақ 12-17 кг шамасында, кіші табақ 3,9-4 кг шамасындағы салмақ өлшемі
31 Қап Жүннен , кенептен және матадан тігілген ,негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі, шамамен 50кг
32 Қой қап 6 пұт немесе 96 кг
33 Торпақ қап 9 пұт немесе 144 кг
34 Зілдей нәрсенің ауыр екенін білдіретін   бейнелеу, теңеу сөзі

 

35 Қаңбақтай нәрсенің жеңіл екенін білдіретін   бейнелеу, теңеу сөзі
36 1 жамбы күміс Әр түрлі формада құйылған салмағы 6кг тең таза , сом күміс
37 1 пітір бидай Пітір садаасына берілетін салмағы 3 кг бидай
38 Келі 1 кг
39 Қадақ «Қадақтай» — кішкентай, аз ұғымын білдіреді.200г тең шама
40 1 ширек шай 250г
41 1 әшмүшке шай 50г
42 1 қайнатым шай 6,5г
  КӨЛЕМ ӨЛШЕМДЕРІ
43 Бір уыс Қол саусақтарын жымдастыра бүккенге тең өлшем
44 Қос уыс Екі Қол саусақтарын жымдастыра бүккенге тең өлшем
45 Шымшым Ұсақ затты бас бармақ және сұқ саусақпен ысып алғандағы өлшем
46 Шөкім Ұсақ затты үш саусақтың ұшымен қысып алғандағы өлшем.

1 шөкім тұз-12,5г

47 Түйірдей»,тырнақтай,кенедей,

ұлтарақтай,тілдей, тістем

 

Кішкене деген өлшемді білдіреді
48 Лек–легімен Өлшеусіз, есептелмес, «жүз мыңдаған» сияқты нақтылы санды ұғындырады
49 Саба Жүнін қырқып, ысқа салып, жылқы терісінен тігілген қымыз ашытатын ыдыс. Сыйымдылығы 180-200л
50 Көнек Былғарыдан тігілген  бие сауғанда пайдалынатын сыйымдылығы 15-16л ыдыс.
51 Торсық Сусын құю үшін ысталған ешкі терісінен жасалған8-10л ыдыс
52 Аядай Аумағы шағын, тар
53 Бірлі -жарымды Болмашы, бірен-саран ғана, азын аулақ
  УАҚЫТ ӨЛШЕУІШТЕРІ
54 Бір сәт 1 секунд уақыт
55 Сүт пісірім 5-10 минут
56 Бие сауым 1,5 сағ
57 Ет пісірім 2,5-3 сағат
58 Бір түн,бір күн 24 сағатқа тең уақыт өлшемі
59 Жыл 365 күн
60 Ғасыр 100 жыл
61 1 мүшел Ескіше жыл қайтару есебі бойынша адам жасының әрбір 12 жылдан кейінгі мөлшер шамасы.13 жас
62 2 мүшел 25 жас
63 Елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара алакеуім, таң біліне, таң ата Таң жаңа саз беріп , атып келе жатан кез
64 Тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс Күн арқан бойы көтерілген кез
65 Күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ Күн батып араңғы түсе бастаған кез
66 Қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық Ауа райының жазғы ыстығын білдіреді.
67 Бет қаратпас аяз, тіфу десетүкірік жерге түспейтін Күннің суық, аяз екенін білдіретін теңеулер
68 Ақшам Іңір болған кез. Күн батар кезде оқылатын намаз уақыты
69 Апақ — сапақ Қараңғы түсе бастаған кез
70 Бесін Түс ауып, күн еңкейген кез
71 Жөпелдеме Кенеттен, асығыста, тез
72 Намаздыгер Күн батар алдында оқылатын үшінші намаз уақыты

 

  Жыл мезгілдеріне байланысты ауысып отыратын уақыт мерзімдері

(күз мезгіліне байланысты)

73 Елең -алаң 5.15
74 Құланиек 5.30
75 Құлқын сәрі 5.50
76 Таң ата 7.00
77 Күн арқан бойы көтеріле 11.00
78 Тал түс 12.00
79 Сәске түс 12.30
80 Бесін 13.30
81 Екінді 15.00
82 Күн бата 17.45
83 Жөпелдеме 18.15
84 Намаздыгер 18.20
85 Ақшам 18.30
86 Бей уақыт 19.00
87 Қас қарая 19.30
88 Түн ортасы 1.00
89 Жұлдыз сөне 5.00