Тұрғамбекова Орынбасар Мұсақызы

Астана қаласы

№65 Мектеп-гимназиясы

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

 

Тәуелсіздік – тұғырым!

 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына эссе

 

Тәуелсіздік – ата-бабалардың ежелден аңсаған арманы,  ұрпақтың қолы жеткен киелі, бақытты кезеңі деуге болады. Тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған мақсат-тілектерінің  орындалуы. Тәуелсіздіктің тарихы тереңде жатыр! Тәуелсіздікке жету – бізге оңай жолмен келмеді, ол бәрімізге мәлім. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған айқас, әрбір оқиға, әрбір шайқас тәуелсіздікке жасалған қадам. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғарымен алды. Қазақ жастары тоталитарлық режимге ашық түрде қарсылық көрсетті. Еліне тәуелсіздікті талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар, ұлтшылдар» деген кінә тағылды. Көптеген жастар оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қ.Рысқұлбеков, Л. Асанова, Е.Сыпатаев сынды қазақ жастары ерлік  көрсетіп, құрбан болды. Олардың істері — бізге өнеге. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастар өздерінің жалынды рухы және ерліктері,  өжеттігі, қайтпас қайсарлығы арқасында дегеніне жетті.

Тәуелсіздік – қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Сөйтіп, Тәуелсіздік таңы атты. Еліміз азат ел екендігін жариялады. «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, бостандықтың жаңғыруы болды. Тәуелсіздік үлкен серпіліс берді. Тарихи күш деуге де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашты. Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, араға көп жыл салмай, көптеген шұғыл сұрақтар шешімдерін таба бастады. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғырды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтарылды. Еліміз Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 25 жыл. Осы аз жыл ішінде қыруар шаруа жасалды. Атап айтсақ, шекара бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Егемендігін алған елімнің өз Елбасы, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Шаңырағы биік, керегесі кең. Достығы жарасқан мемлекет болып қалыптастық. Қазіргі таңда, Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізу, халықтың әл-ауқатын көтеру, дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті түрде қарым-қатынас жасау, әрине, бір адамның қолында емес. Тәуелсіздік  алғаннан бері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасында тұңғыш Елбасы болды. Елбасын ел қолдады. Елі сүйген – Елбасы, елін сүйген — Елбасымыздың бастауымен  менің елім әлемге танылды. Елімнің елдігін көрсетті, елдігін танытты. Ол — талантты тұлға. Өз елін сүйетін ұлтжанды азамат, патриот. Мемлекет басқару – бұл өте қиын іс, мәртебелі міндет. Елбасы осы істерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсайды. Елбасымыз жастар болашағы үшін  жарқын болашақ есігін айқара ашты. Елбасымыз білімге, денсаулық мәселелеріне көп көніл бөледі. Мен өзім ұстаз болғандықтан, білім саласындағы бірнеше жетістіктерге шолу жасауды жөн көрдім. Оған дәлел ретінде айтарым, менің сіңлім білімді де, білікті ұстаз. Тәжірибелі іскер маман, өз ісінің шебері. Өзінің қажырлы еңбекқорлығының арқасында мемлекеттік байқауға қатысты. Бірталай сыннан сүрінбей өтіп, Германия елінің Гумбольд университетіне барып, білімін шыңдап қайтты. Батыс мемлекеттерінде болып, білім саласына көз тікті, құлақ салды. Жинаған тәжірибесімен жас мамандарға үйретуде. Білім алып, елімізді басқа мемлекеттерге таныту мақсатында «Болашақ» бағдарламасын жасады. Қазақ жастары білім алсын деген сеніммен, өзінің атында  мектеп және жоғары оқу орындарын да ашты. Білімді жастарымыз ағылшын тілінде сөйлеп, шетелде білім алып жатқаны қаншама! Бұл бақыт емей немене?!

Тәуелсіздіктің арқасында еліміз көркейді. Жиырма бес жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Бүгін Астанамыз гүлденуде.  Елдің басты күші – Астана қаласы. Астана тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті. Сөз жоқ, жиырма бес жыл ішінде мемлекетіміз күрт өзгерді. Экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Алдымызда “ЭКСПО-2017” атты халықаралық көрме Астанада өтеді. Бұл Орта Азия мен ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Көрме тақырыбы “Болашақ энергиясы” деп аталады, яғни жасыл технологияларға арналған. Қазіргі таңда бұл тақырып көкейкесті. Сарқылмайтын энергия көздері: күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу, болашақта адам баласына ең қажетті ресурс түрі. Бүкіләлемдік көрме 3 айға жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10-нан астам халықаралық ұйымы қатысады. Өтетін көрме, елдің өндірістік қуатына мықты серпін берері және ұтар ісіміз сөзсіз.

«Отан – отбасыдан басталады» дейді дана халқымыз. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезім бастау алады, тұлға өсіп-есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, мемлекет деңгейіне көтеріліп, сезім адамның бүкіл өміріне жалғасып жатады. Сондықтан да жерін, елін сүйген бала тәрбиелеу үшін, Отанның қадірін баланың санасына сіңіру – уақыт талабы..

Патриоттық сезімнің нысаны — Отан. Ал Отан — бұл – туған жер, оның табиғат байлықтары, ұлттың тілі, салт-дәстүрі, тарихи киелі орындар. Адам санасында жақындық, туысқандық сезімдері ұяласа, ізгі болатындай ерлік істерге  айналса – бұл патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.  Отансүйгіштік пен патриотизм бір ұғым деуге болады. Мен де өз елімнің патриотымын. Білім саласында еңбек етемін. Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып келе жатқаныма бірсыпыра жылдар өтті. Әрбір ұстаздың міндеті — қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқалаған, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті Отанының қадірін ұғындыру, ар, намыс сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу. Отансүйгіштік сезімі туа біте пайда болатын қасиет. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулыққа тәрбиелеудің жолдары мен құралдары — ол түрлі іс-шаралар, тәрбие сағаттары. Бала мектеп табалдырығын аттаған соң, патриоттық сезімі ұлғайып, бой алады. Мен жұмыс жасайтын мектебімде осы бағытта жоспарға сай көптеген шаралар өткіземін. Атап айтсақ: Тәуелсіздікке қол жеткізудегі қазақстандықтардың сіңірген еңбектері, ел дамуындағы ҚР  Елбасының басты рөлі, оқушылардың патриоттық сезімін баулуға бағытталған сынып сағаттары. «Біздің Отанымыз — Қазақстан», «Қазақстанның болашағы балалар көзімен» тақырыптарында  сурет байқаулары,  «Бабалар мұрасын сақтайық» атты ұлттық қолөнер көрмесі, Тілдер фестивалі, «Тіл – достықтың кілті», «Көк тудың желбірегені-елімнің асқақ беделі», «Алтын теңге»,  «Кітап — білім бұлағы», «Ата Заң», «Бейбітшілік белдері» тақырыбында сынып сағаттары, 7-9 мамыр ҚР қарулы күштері мен Жеңіс күніне арналған ерлік сабақтары, патриоттық әндер байқауы  т.б. игі шаралар жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар жастардың бойына  патриоттық сезімді қалыптастыруда  «Жас ұлан» ұйымының алатын рөлі ерекше. Ұйым, үйірме  мүшелері жыл сайын өткізілетін қалалық, облыстық  патриоттық ойынына қатысып, жүлделі орындарды  иеленіп жүр. Бұйыра сөйлеп бұйрығын орындатқан батыр атамыз Бауыржан рухына бас июге мәжбүрміз. Батыр ата – Бауыржан Момышұлының соғысқа дейінгі, соғыстағы, соғыстан кейінгі өмір іздері бүгінгі ұрпақ сезімін оятары анық. Сондықтан мен шәкірттерімді отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеуде батыр жолын үлгі тұтамын. «Бүгінгі Бауыржандар кім?» атты сыр шежіре сағатын өткіземін. Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс. Мұның басты шарттарының идеяларын өз тәжірибемде оқушылардың білім алу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, ізденіс жұмыстары мен алған білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге үйрету бағытында жұмыс жүргізіп келемін.

Енді біздің алдымызда одан да үлкен міндеттер тұр. Биік асулар бар. Басты мақсат 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғамын құру. Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. 25 жылдағы жетістікті қиын жолмен өткен Қазақстанның тарихын білу — әр ұрпақтың міндеті. Қазақстанның баянды болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу — мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты парызы” деп ойлаймын. Әрбір азаматтың жауап­кершілік сезімін, Отансүйгіштік қасиетін арттыру. Жастарымыздың бойына елжандылық, азаматтық, жоғары ізгілік пен адамгершілік сезімдерді жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм сезімі асқақтай түседі. Ал осындай сезім болғанда ғана әр жан Отанына барын салады, еңбек етеді. Адал еңбек етсе, ел көркейеді! Осы жолда мен барымды саламын.  Біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Жерімізді ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ыңтымақтастықты сақтай отырып, көптеген нәтижеге жете аламыз. Оған күмән жоқ! Себебі қол жеткізген жетістіктер дәлел!

Биыл Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап жатыр. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық! Тәуелсіздік таңын атырған жастардың жалын жүректер үніне, намысын қорғаған ерлігіне, күнәсіз күйіп кеткен келбетіне бас иеміз және ұмытпаймыз да! Сөз соңынла, патриотизм сезімін оқушылар бойына сіңіріп, еліміздің туын көкте асқақтата берейік әріптестер, — дегім келеді!!!

 

Тәуелсіздік тойы құтты болсын, ағайын!!!