Зауре Жалаладинқызы,

Қ. Мұхамеджанов атындағы

№1 мектеп-гимназия мұғалімі

Қызылорда қаласы

 

Тәуелсіздік тұғырың сенің биікте

(эссе)

Сонау жылдары шалғайдағы ауылымызға көптеген отбасылар көшіп келген болатын. Сол сырттан келген қонақтардың біршамасы біздің отбасымызға да келді.  Әке-шешеміздің айтқанынан ұққанымыз алыстан ат арытып келген қандас бауырларымыз екен. Аласапыран, қиыншылық кезең белең алған сәтте де екі отбасы бір нанды бөліп жеп тату-тәтті  тұрып жаттық. Сонда ақ сақалды, басында сәлдесі бар, үлкен қарт кісі: «Тәуба, тәуба. Міне, мен еліммен, халқыммен табыстым. Балаларымды табыстырдым. Әке аманатын орындап, төбем көкке жеткендей. Қазақстанның дербес ел атанып, тәуелсіздік алғанын естігенде төбем көкке екі елі жетпеді. Ұшақ баспалдағынан түсе салып, туған жер топырағына тәу еттім. Көзімнен парлаған жасты тыя алмадым. Бұл жылдар бойы елге жетсем деген жүрек қалауының орындалғаны, арманымның жүзеге асқаны еді. Көкіректің толқуы, қуаныштың көз жасы еді. Тәу  еттім атамекенім, туған елім, қастерлі еркіндігім» — деп тебіреніп отыратын.   Сол кезде бала көңіл осы сөздердің  мәнін ұғына алмай, осы екі ауыз сөздің астарында үлкен тарих, елге, жерге, атамекенге деген ардақты сезімнің ұшқыны  жатқанын білмеп еді. Тарихтың көзіндей шежірелі қартты ауылдың үлкенінен еңбектеген баласына дейін баба деп атап  кеттік. Қазір есіме алсам, сол бабаның сөзінде еліміздің талайлы тарихы, қиын қыстаумен өткерген нәубетке толы шежіресі жатыр екен. Сол екі ауыз сөз бабаның ғана емес, Отанына, атамекеніне жете алмай,  туған елдің топырағын иіскей алмай, шерменде өткен, әлемнің әр тарабына шашырап кеткен қазақ жұртының сөзі екен ғой.

Атыраудан Алтайға дейін  керіле көсіліп жатқан  ұшы –қиырсыз  кермиық кербез Дала –ұлан байтақ, шетсіз- шексіз кең жазира….  Кең жазира қойнауына талай сырды бүгіп қалғандай. Ұшқан құстың қанаты талатын қиырсыз кең даланың айбарлы, текті ұрпақтары қиын-қыстау күндерді өткерді.  Ғасырлармен көмкеріліп, мыңжылдықтармен әдіптелген  ата тарихты зерделей парақтасақ,  кешегі ұрпақ өлімші күйде, рухы жүдеп, жаны жадап, соқтықпалы, соқпақты өмір жолынан өткен.  Аз халық болса да, әз халық атанған дала саңлақтарының  тіршілік сапарында  айбынын асырып, мерейін үстем ететін бақытты сәттер мен бармағын шайнатқан шерге толы өкініштерінің ең басты себебі де ел бостандығы мен еркіндігін сақтау мақсатынан туындаған. Тізгінін өзгенің қолына бермей үйренген көшпелілер  аз ғұмырда біреуге тәуелді болмау үшін бәріне де барған. Естігенді есінен тандырар ерліктер де тудырған, сананы сансыратар сатқындық та жасаған. Аш-жалаңаш қалып, алауыздықтың шырмауына түсіп, ру, тайпа, ұлыс боп, кең даланың төсінде тарыдай шашылғанымен ортақ Отанына күн туған сәттерде жұдырықтай жұмылған.  Өмірі мен тұрмысын «малым-жанымның садағасы, жаным- арымның садағасы» деген мұратты ұғыммен өрнектеп, осы жолда тынымсыз күрес жүргізген. Тынымсыз күрес еркіндік пен егемендікке деген асқан сүйіспеншіліктен туған секілді. Тәуелсіздікті баға жетпес байлығым, бар бақытым деп ұғынған қазақ жұрты сан ғасырлар бақытты күнді аңсап күтті.

Сол бақытты сәт 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жерінің  көк аспанынын күйге бөлеп, сары даланы қуанышқа толтырып, шүйінші хабар  болып жетті. Тәуелсіздікке тәуекелмен жеткен қазақ жұрты ғасырлар аңсаған бақытын тік тұрып қарсы алды. Қазақ еркін, дербес ел. Тәуелсіз мемлекет деген асқақ рухқа толы сөздер дала төсін жаңғыртты, әлемді дүбірлетті. Талай қазақ баласы: Тәуелсіздік жасасын. Баянды болсын,-деген тілектерді іштей сан мәрте қайталаған болар.

16 желтоқсанда біз Тәуелсіздік күнін  жиырма бесінші рет атап өтеміз. Жиырма бес жылда халқымыз талай асуды еңсерді, ғасырлық жолдан өтті. Осы күні біздің еліміздің тәуелсіздігін жария еткен ұлы Заң қабылданды. Төрткіл дүниеге жеткен  бұл хабар бір бақытты өмірдің есігін ашты қазақ еліне. Жарқын болашаққа  бет түзеген қазақ елі тарихын қастерлеп, болашаққа қол созды.

«Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол- тәуелсіз Қазақстан. Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда Тәуелсіздіктің көк  Туы, Елтаңбамызда- бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар. Ылайым, бетімізден жарылқасын!»-деп қазақтың көшін әлемдік өркениетті елдер қатарына қосу мақсатында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастады.

Түрік дүниесінің  қара шаңырағы Қазақстан дербес ел ретінде дүние жүзі қазақтарының  1992 жылы тұңғыш рет жер бетінде тарыдай  бытырап, шашырап жүрген қандастарымыздың басын қосып, олардың артында тұрған алып Отаны барын көрсетті. Қазақтар кең байтақ елін, жерін көргеннен кейін ат басын атамекенге бұра бастады.  Бұл береке-бірліктің бастауы болды. «Алтыбақан алауыздықтан» зардап тартқан халқымыз тәуелсіздік бақытының  ұзағынан сүйіндіруін тіледі. Сол ақ тілек қабыл болып, бүгінде елімізде, қасиетті Отанымызда жүзден астам ұлт өкілдері бір атаның баласындай бейбіт өмір сүріп жатыр. Бірлік пен берекенің бастауы болған қара шаңырағымыз құтты мекенге айналды. Бақытын жақсылықтан іздеген асыл жандар елдің өркендеуі жолында аянбай тірлік етіп келеді.

Тәуелсіздік жариялау оңай болған жоқ, ел болып, жұмыла жүк көтеру де оңайға соқпады ел бастаған  абзал азаматтарға.  Тәуелсіздікті баянды етіп, баланың баласына тәуелсіздік туын жеткізу,  айбынды, айдынды  етіп, өркениет  өріне, әлем көгіне көтеру үшін  алаш азаматтары аянбай тер төгіп келеді. Ұлт рухының  ұран болып,   ұлт перзентінің  қыран, тілінген тілдің тірілуі,  шашылған дүниенің жиылуы үшін ұлы дала елі алдына үлкен мұрат қойды. Асыл мұрат жолында қазақ елінің азаматтары аянбай тер төгуде. Енді осы өткен жылдарды шежіре қылып, ұл-қызымызға  оқытып, ұлағатты ұл-қызымызды  жанына  отансүйгіштік  қасиетті сіңірсек,  қандай ғанибет! Осы тұста бүкіл қазақстандық патриотизм идеясы туды. Осындай  үлкен жауапкершіліктің  ауыр салмағы ұстаздар қауымына да жүктелді. Ата-баба  өсиетін орындап,  көшпелілердің ізін басатын, ісін жалғайтын  ұрпақ өсіру, Мәңгілік елдің ұрпағын, Қазақстан азаматын  тәрбиелеу,  отансүйгіш,  ел мүддесіне жүгінген  қайраткер жанды тәрбиелеу әрбір ұстаздың қасиетті парызындай болып отыр. Бұл істе жүрегінде еліне деген іңкәр сезімі бар әрбір ұстаз бел шешіп, білек сыбана кірісті. Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін  гүлдендіретін де балалар ғой. Ұстаз әр баланың табиғи болмысына құрметпен қарап, балдырған бойындағы  сан түрлі қабілетті ашып, олардың талаптарын ұштауға жол ашады. Әр бала тұнып тұрған –қазына. Сол қазынаны зерттеп, ел алдына гауһар жақұттай жарқыратып көрсету де — ұстаздың басты парызы болмақ. Жас ұрпақты оқу-тәрбиенің нәрімен сусындандыруда, білім беру саласының үздік ұстанымдары, озық іс-тәжірибелерін алға тарта жеке тұлғаның өзіндік сенімін арттыру, дарынын дамыту, қабілетін нығайту, өз бетімен жұмыс жасауына жағдай туғызу –ұстаздық міндет. «Болашақ бүгіннен басталады» деп тегін айтылмаған. Біздің болашағымыз балаларымыз, сондықтан оларға тәрбие беру, зиянды әдет- қылықтардан аулақтандыру сізбен біз үшін ортақ іс әрі жауапкершілігі мол игілікті жұмыс. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты  сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін, мәдениетін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу, оларға адамгершіліктің қадір-қасиеттерін сіңіру, туған Отаныңа деген сүйіспеншілік, келісім мен төзімділік, адамгершілік пен мораль қағидалары, тән мен жанның рухани дамуы, заңға мойынсұнушылық сияқты құндылықтарды меңгерту де оңай жұмыс емес. Бала -деген  жас өскін. Қалай өсірсең, ертең солай өспек. Демек, баланы болашағымыз деп бағаласақ, еліміздің ертеңі — бүгінгі бала, ертеңгі  — жастар. Сол жарқын болашақтың іргетасын нық әрі берік етіп қалау ұстаздың басты  міндеті болып табылмай ма? Алайда аталған жетістіктерге қоғамның және жігерлі жандардың жасампаз белсенділігі  арқасында ғана қол жеткізуге болады.  Міне, мен тәуелсіз қазақ елінің алдына мақсатымды айқындап, міндетімді мүлтіксіз орындауға кірістім. Сіздерді де  асыл мұрат жолында аянбай қызмет етуге шақырамын.

Еркіндік пен егемендік, тәуелсіздік пен азаттық қазақ еліне бақыт құсы болып қонды. Бақыт құсының  қонар тұғыры- бірлігі берік елдік екенін көреміз. Көк байрағымыз көгімізден түспесін. Бірлігіміз жарасқан, берекелі ел болайық деген тілегім бар.