Менің педагогикалық көзқарасым.

Алматы облысы

Еңбекшіқазақ ауданы

«Ақши орта мектебі» КММ

пәні:  химия-биология

Жексенбаева Айман Абдуллаевна

 

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім

(Strong, Wardg , Grant, 2011)

Грек философы Цицеронның «Сабақта мұғалімнің өзінің не біліп,не істейтіні маңызды-ақ,бірақ,оның ықпалымен шәкірттерінің не біліп, не істейтіні одан да маңыздырақ.Нағыз ұстаз,міне,осымен бағаланады»-деген қанатты сөзі ұстаз атаулының бойтұмарына айналуы керек деп ойлаймын.

Оқыту мен оқудың  нәтижелі болуы да заман көшіне ілесу арқылы алдымыздағы  білуге құмартқан  баланың данышпандық қасиетін ояту болып табылады. Біздің ұстаздық келбетіміздің шәкірт дарындылығымен ажарлана түсуі де осы Ұлы істің кепілі болмақ.

Өмірге деген өзіндік көзқарасым қалыптасып, болашақта қандай маман иесі болған дұрыс деген сұрақтар көңіліме ұялаған сәттен менің жүрек қалауым ұстаз болуды қалаған еді. Адамға ерекше шабыт сыйлайтын мұғалімдік мамандықты  таңдап, қызық пен қуанышты, қиыншылық пен қаталдықты, мейірім мен біліктілікті қатар алып жүруге тура келетін ұстаз болу – жай ғана мамандық, күнкөріс қамы емес екендігін жүрекпен сезінемін. Сөйтіп АРМАН атты белестен өттім.

Мұғалім – өмірге, болашаққа бейімделген ұрпақтың ұстасы. Өмірінен үміт күткен шәкіртіміздің білімді, талапты, алғыр, тәрбиелі болып өсуіне біз тікелей жауаптымыз, әрі міндеттіміз. Ұстаз боламыз деп жоғарғы педагогикалық оқу орнын бітірсек те бұл білім жеткіліксіз екенін түсіндік, өйткені ұстазға «Өмір. Уақыт. Тәжірибе» тәрізді «мектептен» де білімді үздіксіз алу қажеттігін ұқтық. Ұмытылып бара жатқан студенттік өмірді қайта жаңғыртқандай әсер еткен жағдай – «Сындарлы оқыту теориясы» бағдарламасы бойынша  Талдықорғанда үш айлық курстан өтуім болды. Осы курс арқылы ұстаздық қызметті басқа қырынан танып-біліп, білімге ұмтылған жас ұрпақты үлкен өмірге өзіндік сеніммен, терең оймен, нақты шешіммен алға басудың қыр-сырын үйрендім. «Атты суатқа жетектеп апаруға болады, бірақ зорлықпен суару мүмкін емес» деген ағылшын мақалына  тереңірек үңілсек баланың білімге деген құлшынысын ояту, дамыту, жетектеу, бағыт беру, сенім арту бүгінгі ұстаздың басты мақсаты болуға тиіс.

Ұстаздықтың ұлы  шыңына шығу үшін өмір бойы оқып, өмір бойы өзіңді өзің тәрбиелеу керектігі тұр. Осы арқылы ІЗДЕНІС атты ізгі қасиеттің ұстаз үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндім.

Педагогикалық мамандықтың білгірі болып қана қоймай, оқушыны өзіңмен тең көріп ақылдаса білу, олардың да пікірін есепке алу, әр айтылған пікір мен сынның өзіндік құндылығы бар екендігін зерделеу ұстаздық жолымда алдыңғы орында тұрады. «Сенің бұл жауабың қате!» немесе «Бір дұрыс жауап беріп көрмедің!» деп оқушының қатесін бетке айтып, сағын сындыруды өзімнің іс-тәжірибемде қолданған емеспін  , ол жағдайда оқушыны «Қайта ойланып көрсең қалай болар еді», «Тиімді тәсілді бірге талдап, қарап көрсек қалай болар еді» деп ынталандырып, белсенділігін арттыруға ықпал ету, кез келген тығырықтан шығудың жолын өз бетімен таба білуге үйрету менің өмірдегі басты талабым деп санаймын. Ұстаздық еткен жылдарда балаға жалаңаш білім берумен шектелмей әр оқушының жеке қасиетін зерделей білуді, өмірге деген көзқарасы мен жан-дүниесінің байлығын дамыта білуді, болашаққа үлкен сеніммен қарап, өмірден өзіндік орнын табуға көмектесу керектігін түсіндім. Мұны СҮЙІСПЕНШІЛІК атты ұлы сезім арқылы ғана сезінемін.

Өздігінен білім алатын, талабы мен талпынысы жоғары, жауапкершілік сезімі мен талдау жасап, сыни көзқараспен қарайтын мүмкіндігі дамыған азамат қалыптастыру ұстаз міндеті ғой. Питер Клайнның «Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік берген сайын, одан әрі жақсы оқи түседі»- деген сөзі маған айтылған дәлелдеуді қажет етпейтін қағида іспеттес. «Жаңа білім көшіне» ілескен ұстаз ретінде бағдарламаның негізгі идеяларын өз әріптестеріме түсіндіріп, түрлі тренингтер мен үлгі-сабақтар өткізіп, шәкірттеріме өз пікірен ашық айтуға мүмкіндік беру, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, сыни тұрғыда пайымдау жасау, ойлауға үйрету сынды идеяларды жүзеге асыра білуге тәрбиелеу жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қазақта «Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» деген сөз бар. Сондықтан білімді тек дайын күйінде алуға негізделген дәстүрлі білім беру жүйесінен жылдамырақ бас тартып, жаңа білім беру жүйесіне педагогтармен қатар ата-аналарды, қоғамды дайындап, ауқымды, жауапты, күрделі әрі маңызды жұмысты жүйелі жандандыру қажет. Осы бағыттағы жұмыс мен үшін алынатын АСУ деп есептеймін.

Әр сыныптың, әр оқушының ұстаз үшін орны бөлек екендігі аян. Мінезін, ерекшелігін, қабілетін, ұстамдылығын ескере отыра, шығатын биігі, алатын қамалы, жететін жетістігі «мұғалім – оқушы – ата-ана» үштігі үшін де маңызды. Педагогикалық және психологиялық зерттеулер оқушыда оқығанның 10%, дыбыс-бейне құралдарды қолданған жағдайда 20%, көрнекіліктер арқылы 30%, пікір-таласта 50%, тәжірибе жасауда 75%, үйренген білімді қолданып, басқаларды үйреткенде 95% есте қалатындығын  анықтаған екен. Осы зерттеулерге сүйене отыра білім алуына көмек берсек болашақта жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптасатыны сөзсіз.Мен де осы жолда бар білгенімді шәкірт бойына сіңірудемін. Соның айғағы іспеттес бүгінде алдымда отырған шәкірттерімнің пәндік, интеллектуалдық олимпиадалардан бірінші, екінші, халықаралық қашықтық олимпиадалардан жүлделі орын алулары жеткіншек жетістігі емес пе?! Сабақта жеті модульді пайдалану арқылы шәкірттерімнің оқуға ынтасын, қызығушылығын оятып,   тапсырманы өз бетімен орындауға, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, өзара бірлікке, ынтымақтастыққа тәрбиелеуге үлес қосудамын. Шығармашылықпен, шыдамдылықпен, шынайылықпен еңбек ете отыра, бүгінде өзімнің ұстаздық қызметте ЖЕТІСТІККЕ жетуім – жүрек түбінде жетіліп, жүзеге асқан  педагогикалық көзқарасымның  айғағы деп есептеймін.

Ойымды Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мына бір сөзімен қорытындылағым келеді:«Маған жақсы мұғалім өте қымбат , себебі ол мектептің жүрегі». Мен Ұлы педагогтің осы бір сөзін жадымда әрқашан сақтай отыра, жас ұрпаққа білім беру жолында қажымай, талмай еңбек етуді өзімнің басты міндетім деп білемін.