Оқушылардың математикалық ойлау қабілеттерін дамыту 

 Маханова Майрамгуль Шарапатовна

 ОҚО, Сайрам ауданы, №93 жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі

«Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стра-егиясының маңызды басымдылықтарының бірі – білім беру саласын дамыту болып табылады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан білім беру жүйесін реформалау құзырлылық ұстанымына және әлемдік білім беру кеңістігіндегі оқытудың озық әдістемелері мен амал-тәсілдеріне негізделген. Осыған орай оқушылардың білімін бақылау, бағалау жүйесін реттеу мақсатында тапсырмалар алынып отыр. Өйткені құзырлылық сипатындағы тесттер, тапсырмалар оқушылардың игерген білімдері мен дағдыларын сыртқы ортадағы өзгерістерге сәйкес кіріктіре алу қабілеттерін анықтайды және дамытады.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық білім сапасын бағалау орталығының басшылығымен оқушылардың жалпы қабілетін, логикалық ойлау қабілетін анықтау бағытындағы логикалық сипаттағы тесттерді құрастыру, апробациялық зерттеуден өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Логикалық сипаттағы тесттер оқушылардың білімді жете меңгеру мен оларды өмір жағдайларында қолдана білу қабілеттерін анықтауға арналған.

Тест тапсырмаларының мазмұны дағдылы ҰБТ сұрақтарынан ерекшеленеді. Тест математикалық және сөздік – логикалық екі блоктан тұрады. Математикалық блокта логикалық тұрғыдан ойландыратын модельдер, графиктер, суреттер, диаграммалар; сөздік – логикалық блокта аналогия, сӛйлемді толықтыру, мәтінді оқу және түсінуге бағытталған тапсырмалар беріледі. Мұндай сұрақтар мен тапсырмалар оқушылардың меңгерген білімдерін тәжірибеде қолдана алуға септігін тигізеді.

Білім жетістіктерін өмірлік жағдайларда қолдана білуге арналған тест тапсырмалары халықаралық TIMSS, PISA зерттеулерінің бақылау-өлшеу материалдарында кездеседі.

Сонымен қатар аталған зерттеу қазақстандық оқушылардың халықаралық зерттеулердегі көрсеткіштерін арттыруға негізделген. Зерттеу оқушылардың қабілеттерін емес, ол оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған.

Жеткіншек оқушы 15 жаста негізгі білім беру сатысын аяқтап, ересек өмірге дайындалады, осыған сәйкес зерттеудің міндеті оқушылардың өз беттерінше өмір сүрулеріне қажет білім, білік дағдыларын анықтау болып табылады. Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеу негізгі үш бағыттан тұрады: «математикалық сауаттылық», «жартылыстану сауаттылығы», және «оқу сауаттылығы».

Функциялық сауаттылықтың түрлерін жіктер болсақ:

— оқу сауаттылығы – қандай да бір күрделі оқу мәтіндерін дәл пайдаланып, олардың көмегімен күнделікті жағдайларда бағдар алуды;

— математикалық сауаттылық – нақты бір жағдай үшін нақты модельдермен тиімді жұмыс жасау, әр түрлі тапсырмаларды дамыту мен кіріктіруді;

— жаратылыстану ғылыми сауаттылық – әр түрлі жаратылыстану пәндерінен түсініктемелерді таңдауға және біріктіруге, осы түсініктерді өмірлік жағдаяттарға тікелей қолдануға дайындықты қарастырады.

В.Давыдов: «Оқыту үрдісіндегі оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» десе, «Ойлау логикалық заңдылықтары мен формаларына бағынады. Көптеген адамдар логикалық ойлайды, бірақ өздерінің ойлауы логика заңдылықтары мен формалары арқылы болып жатқанын білмейді», — дейді В.Кириллова.

Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаев былай деген: «Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде, сақтықпен, басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, бі-лімге деген ынта-ықыласы, құштарлығы болуы керек».

Психолог-ғалымдар: Н.Н.Поспелов, Ю.А.Петров, А.Н.Леонтьев, «Логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «Логикалық ойлау» дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып, ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.

Логикалық ойлаудың қисындылығы олардың шындыққа сай келуінде. Логикалық ойлауға түскен құбылыстың себептері мен салдары, ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Пікір алмасу кезінде, әсіресе математикалық тұжырымдар кезінде пайымдау, ойлау заңдылықтарын немесе былайша айтқанда сол заңдылықтар мен формалары жөніндегі ғылым – логиканың көмегімен бір пікірден екінші пікірді шығарамыз.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда логикалық тапсырмалар орындатудың маңызы зор. Логикалық тапсырмалар оқушыларды белсенділікке тәрбиелеу, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру, сондай-ақ оқушыларды икемділік пен шеберлікке баулу мақсатында пайдаланылады.

Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын (шығармашылығын) дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайда-лану арқылы жетуге болады.

Математиканы оқытудың әрбір кезеңінде оқушылардың бағдарламалық материалды оқып үйренгендей қабылдауға терең де берік білімдеріне, іс-әрекеттеріне және дағдыларына, сонымен бірге, математиканы оқытудағы қызығушылығын дамытуға да байланысты болады. Сынып оқушылары бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, бірыңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан белгілі бір ережені меңгеретін жаттығуларды орындағанда оларға қиынырақ тапсырмалар, міндетті емес тапсырмалар берілуі қажет.

Қазіргі кезеңдегі мектеп математикасында әлі шешімдері табылмаған проблемалар аз емес. Соның бірі – оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, кітапқа, оқуға, білім алуға деген құмарлықтарын арттыру. Осындай проблемаларды шешу мақсатында логикалық есептерді шығару керек.

Математика пәнінің басты мақсаты – оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту. Логикалық ойлау қабілетін арттыруда есептің атқаратын рөлі зор. Себебі, есеп шығару – мидың «гимнастикасы». Логикалық ойлау қабілеті жоғары оқушы қай пәннің материалын болса да оңай меңгеріп, тез түсінеді. Сондықтан бұл пәннен оқу үлгірімі жақсы оқушының басқа пәндерден де үлгірімі жақсы болады. Себебі, әр пәннің оқу материалдары мазмұндары жағынан әр түрлі болғанымен оны игерудегі логикалық ойлау операциялары мен ой қорыту формалары бірдей болып келеді.

Америкалық педагог-математик Д.Пойа былай деген: «Математиканы білу деген не? Бұл есептерді шығара білу, онда стандарттық есептерді ғана емес, ойлаудың еркіндігін, сананың салауаттылығын, өзіндік болмысты, тапқырлықты керек ететін есептерді шығару». Сондықтан, орта мектептің математика курсының бірінші, әрі ең басты міндеті – есеп шығарудың әдістемелік жақтарына назар аудару.

Математиканың теориялық негізін есеп түрінде меңгеру оқушының ойын белсендіреді, икемділік, жылылық, тереңдік, жинақылық, жүйелік, т.б. тәрізді қажетті қасиеттерді қалыптастырады. Сонымен қатар, есептер математикалық білім, білік дағды жүйесін қалыптастырудың маңызды құралы, ал есеп шығару – оқу және кәсіптік әрекеттің жетекші түрі. Әрбір есептің өзіндік әдістемелік мақсаты да бар.

Сондықтан оқушы есепті жылдам әрі қатесіз шығаруға, жаттыға түсуге ұмтылудан гөрі, оны шығармашылықпен шешуге, шешімінен тиісті қорытынды жасай білуге тырысуы қажет. Математиканы үйренумен белсенді шұғылдану, шын мәнінде, есеп шығару.

Математикалық есептердің тәрбиелік мәні зор. Есеп шығару кезінде төзімділік пен табандылық қалыптасады. Тиімді шешімді іздеу жазудың, сызудың ықшамдығы мен мұқияттығын керек етеді.

Ойлаудың ерекше математикалық стиліне тәрбиелейді:

— талқылаудың, формальдік-логикалық сұлбасын сақтау (талдау, құру, дәлелдеу, зерттеу);

— ойдың ықшамдығы;

— ойлау барысының нақтылығы;

— математикалық символиканы дәл қолдану.

Есеп шығару, талдау есептер жүйесін құрудың мынадай әдістемелік ерекшеліктерін анықтауға жол ашты:

— есеп мазмұнындағы мәліметтердің ғылымилығы;

— есеп шығаруды үйретудің дамытушы сипаты;

— есепті кәсіби түрде шығара білуді қалыптастыру мен дамытудың жүйелілігі және сабақтастығы;

— есеп мазмұнында мәселе көтерілуі;

— есеп мазмұнының кәсіби бағыттылығы;

— есеп шығаруды үйретудегі саналылық пен мақсаттылық. Осының бәрінде де математикалық ойлаудың жеткілікті түрдегі жоғары деңгейін қалыптастыру қажет.

Қорыта айтсам, оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың ойлау үрдісін дамыту үшін жоғарыда ұсынылған тренингтік жаттығуларды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, логикалық тапсырмалар оқушы білімінің деңгейін көтеріп қана қоймай, бір-бірімен жақындастырып, достыққа, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелейді; жүйелі ойлап сөйлеуге, сөздік қорын молайтуға, қия-лын ұштауға жетелейді.

Қазіргі уақыттың негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру. Логикалық тұрғыдағы шығармашылық тапсырмаларда оқушылар жаңа бір нәрсені ашады, яғни оқушы өзін белгілі бір жаңалықтардың авторы ретінде сезінеді. Бұл оған белгілі бір пән төңірегіндегі қызығушылығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, оқушыны өзіне тарта, баули түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан-2030 Стратегиясы – ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997.
  2. «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жӛніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 Қаулысы.
  3. 2015-2016 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат. Астана, 2015.
  4. Г.Т.Жақыпбекова Математика сабағында математикалық сауаттылықты қалыптастыру. Алматы, 2001.