Инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі оқушыларға кәсіптік бағдар беру

zhanar

Жунусова Жанар Азатбекқызы

Алматы қаласы, Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

Еңбек – қоғамның рухани және материалдық байлығының негізгі көзі, тұлға дамуының іргетасы, тұлғаның әлеуметтік мәртебесінің басты өлшемі. Оқушыларды өндірістік және қоғамдық пайдалы еңбекке араластыру олардың физикалық дамуы, моральдық және интеллектуалдық тұрғыдан тұлға ретінде қалыптасуы мен азаматтық есеюіне әсер етуші факторлар болып табылады. Мектеп оқушы еңбегіне тиімді педагогикалық жағдай жасауы тиіс:

  • Бала неғұрлым ерте еңбекке араластырылса, соғұрлым оның еңбек тәрбиесі табысты болады;
  • еңбек іс-әрекеті қоғамдық маңызға ие болуы тиіс;
  • еңбек қана шаршау сезімін туғызу арқылы рахатқа бөлейді;
  • бала еңбегін ересектер тарапынан бақылау ұқыпты болуы керек, яғни баланың өз күшіне деген сенімділігін арттыру арқылы жүзеге асуы тиіс;
  • еңбек демалыспен ауысып отыруы тиіс;
  • әр еңбек міндеті мүмкіндігінше нәтиже көрсетуі тиіс;
  • еңбек баланың жас және психофизиологиялық ерекшелігіне сәйкес болуы керек;
  • еңбек іс-әрекеті барысында тәрбиеленушілер өздеріне тапсырылған жұмысты орындап қана қоймай, өз беттерінше өз еңбектерін ұйымдастыра алуды үйренеді.

Кіші мектеп жасынан еңбек мәдениетін қалыптастыру арқылы мектеп белсенді, өз бетінше, бастамашыл, еңбекқор азамат тәрбиелеп шығады.

Мамандық таңдау – жасөспірім жастағы өзекті мәселелердің бірі, әсіресе «ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты өткір мәселе. А.А.Наумов өз еңбегінде былай деп жазады: «Мамандақ таңдау әр адам өміріндегі маңызды кезең. «Мамандықты таңдау – тағдырыңды таңдау» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан, мамандық таңдау – күрделі және ұзақ мотивациялық үдеріс. Мамандық таңдау тек қана жасөспірімдер  үшін емес, олардың ата-аналары, жақындары мен туыстары үшін де қауырт және күрделі кезең болып табылады».

Ағылшын жазушысы Дж Рескин: «Адамдар өз жұмысынан бақыт табуы үшін, оларға үш түрлі жағдай қажет. Ол: жұмыс адамның шамасына сәйкес болуы керек, адамды өте қатты шаршатпауы керек және жетістік қатар жүруі керек».

Жұмыс – адам өмірінің маңызды бөлігі. Жұмыс – адамның күнделікті өміріне тәртіп енгізеді, материалдық қолдау көрсету арқылы адамның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, әсіресе әрекше қажеттіліктері бар балалар» үшін маңызды болып табылады.Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар жұмысқа орналасуда қиналады. Оның себептері: жұмыс орындарының қолжетімсіздігі, мүгедектік себептеріне байланысты жұмыс берушінің жұмысқа қабылдаудан бас тартуы, жұмыс іздеушінің психологиялық кедергілері, біліктілігінің жеткіліксіздігі және т.с.с.

Аталған себептердің барлығы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қаражат табуына, өз жұмысын жақсы көруіне және қоғамның басқа мүшелері секілді өмір сүруіне кедергі келтіреді. Мектеп өмірінен еңбек іс-әрекетіне ауысу – адам өміріндегі күрделі кезең. Бұл кезең барысында жастар жеке басының тәуелсіздігі үшін күреседі және болашақ өмір жолына қатысты шешім қабылдауы тиіс. Бұл әрбір адам үшін де қиын кезең, ал мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін өте күрделі.

Мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге ересек өмірге қадам басу қоршаған ортадағы кедергілер, ақталмаған үміт, физикалық және интеллектуалдық жағынан артта қалуы көп қиындықтар туғызады. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың мектеп өмірінен еңбек іс-әрекетіне өтуіне еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар мансапты жоспарлауға көмек көрсету, кәсіптік бағдар беру жүйесінің болмауымен де тығыз байланысты.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жұмысқа орналасуында кездесетін қиындықтар:

  • Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар өз мүмкіндіктері мен шектеулерін білмейді, өз-өздерін адекватты бағалай алмайды;
  • мамандықтар, жұмыскерлерге қойылатын талаптар және нақты өндіріс туралы білімдерінің жеткіліксіздігі;
  • өздері тұратын аймаққа қажетті бәсекеге қабілетті мамандықтар, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен тәртібі туралы ақпараттарды білмеуі;
  • өз мансабын жоспарлауда кеңес және көмек алу мүмкіндіктерін білмеуі;
  • қажетті әлеуметтік дағдыларының қалыптаспауы, әлеуметтік ортаға бейімделмеуі;
  • мүмкіндігі шектеулі тұлғалар белсенді емес, еңбек етуге дайындығы төмен.

Мамандық таңдауда кездесетін қиындықтар:

  • Қоршаған орта туралы түсініктерінің төмен болуы салдарынан, дамуында ауытқуы бар балалар мамандықтың түрлері мен олардың жұмыс барысын ұғына бермейді;
  • ата-аналардың көп бөлігі балаларының беделді мамандық иесі болғанын қалайды. Мысалы: есепші, қаржыгер, заңгер. Алайда, аталған мамандық иелерінің еңбек нарығында көп болуынан жұмысқа орналасуда қиналады;
  • мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары кәсіби жоспарын жасауда қиналады;
  • дамуында ауытқуы бар балалар мен олардың ата-аналарына бала дамуындағы бұзылыстың ерекшеліктерін білмеуі себебінен кәсіби жоспарларына түзету, енгізу туралы ұсыныстарды ауыр қабылдайды.

Түзету жұмыстарын әлеуметтік педагог, педагог-психолог, дәрігер, педагог-дефектолог бірлесе жүргізеді. Түзету жұмыстарының бағыттары:

  • Дамуында ауытқуы бар балалар мен олардың ата-аналарына мамандықтар туралы мағлұматтар беру;
  • қоршаған орта мен кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша іскерлік ойындар жүргізу;
  • таңдаған мамандықтары бойынша табысты жұмыс жасайтын мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың өмірімен таныстыру;
  • кәсіби жоспарларын түзету және құрастыру;
  • профессиограмма құрастыру;
  • мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын кәсіптік бағдар беру жұмыстарына белсенді араластыру;
  • мүмкіндігі шектеулі тұлғалар жұмыс жасайтын кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастыру;
  • жоғарғы сынып оқушыларымен оқу іс-әрекеті барысында өзін-өзі ұйымдастыру, өз-өзін ұстай білу және өз бетінше болу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізу.

Психикалық ауытқушылықтары бар балаларға ұсынылатын мамандық түрлері

Еңбек үдерісі мен өндіріс ортасында болмауы тиіс факторлар: есептеу, ақпараттың көп болуы салдарынан зейін, есте сақтауды талап етіп, жүйке жүйесіне күш түсіретін жұмыстар, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін, жылжымалы механизмдермен жұмыс, биік және терең орындар жанында, кесетін құрал-жабдықтармен, жалын маңында жұмыс жасау ұсынылмайды. Ұсынылатын мамандықтар мен кәсіптер:

  • Слесарлық (темір ұсталық) және слесарь-құрастырушы (механикалық құрастыру жұмыстарының слесары, отын құрал-жабдықтарының слесары );
  • құрылыс, монтаж және құрылыс-жөндеу жұмыстары (сырлаушы, ішкі санитарлық-техникалық құрал-жабдықтарды монтаждаушы,сәулет бөлшектерін жапсырушы, сылақшы, ағаш шебері );
  • ағаш өңдеу және жиһаз жасау (жиһаз бөлшектерін жылтыратушы, жиһаздардың сәндік элементтерін дайындаушы, ағаштарды белгілеуші);
  • фарфор және фаяннан жасалған бұйымдар өндірісі (сурет салу);
  • трикотаж өндірісі (мата және трикотаж өнімдеріне тоқымашы);
  • былғары аяқ киім өндірісі (аяқ киім жөндеуші, ортопедиялық аяқ киімдерді тігуші,аяқ киімнің үстін құрастырушы);
  • тігін өндірісі (кесте тігуші, киім пішуші, көшірме алушы тігінші);
  • баспа өндірісі;
  • жарнама-безендіру және пішіндеу жұмыстары (көркем безендіру жұмыстарын атқарушы);
  • ойыншық өндірісі (дыбыс шығаратын және музыкалық ойыншықтарды құрастырушы, электрлі ойыншықтарды құрастырушы, ойыншықтарды безендіруші);
  • ағаштан көркем бұйымдарды жасау (ағашқа күйдіріп көркем өрнектер салу, ағаш кесуші);
  • жасылдандыру жұмыстары;
  • ауыл шаруашылығы;
  • мал шаруашылығы (омарташы, мал өсіру, фермалар мен мал шаруашылығы кешендерінде сүтті есепке алушы, құс фабрикаларында оператор, сиыр сауатын машиналар операторы);
  • ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және сақтау (жеміс шырынын өндіруші оператор, жеміс-жидектер, көкөністерді сақтау және өндіру бойынша оператор);
  • санитар, жеміс, көкөніс сақтайтын қоймаларда жұмысшы, бағбан, өндіріс және қызмет орындарын тазалаушы

Орталық жүйке жүйесі зақымдалған балаларға ұсынылатын мамандық түрлері

Еңбек үдерісі мен өндіріс ортасында болмауы тиіс факторлар: діріл мен қатты шудың жоғары деңгейде болуы, қатты толғандыратын факторлар мен улы химиялық заттардың әсері.

Ұсынылатын мамандықтар мен кәсіптер:

  • Слесарлық (темір ұсталық) және слесарь-құрастырушы (өлшеуіш аспаптар мен арнайы құрал-жабдықтарды бақылаушы, электр құрал-жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик );
  • электр тұтынушыларына қызмет көрсету (электр энергиясын қадағалайтын бақылаушы);
  • сағаттарды өндіру, жөндеу (сағаттарды құрастырушы, кварцты, электронды және механикалық сағаттарды жөндеу);
  • медициналық приборлар мен құрал-жабдықтарды өндіруші (хирургиялық құрал-жабдықтарды құрастырушы, көзілдірік құрастырушы);
  • электротехникалық өндіріс (трансформатор, электромашина, электрлі құрал-жабдықтардың катушкасын ораушы);
  • радиоаппаратура өндірісі (радиоаппаратураны монтаждаушы);
  • ағаш өндірісі, жиһаз жасау (жиһаздардың сәндік элементтерін дайындаушы, ағаштарды белгілеуші);
  • шыны және шыныдан жасалатын бұйымдар өндірісі (шыныдан жасалған бұйымдарды жылтыратушы);
  • тоқыма өндірісі;
  • былғары аяқ киім өндірісі (аяқ киім жөндеуші, ортопедиялық аяқ киімдерді тігуші,аяқ киімнің үстін құрастырушы);
  • тігін өндірісі (кесте тігуші, киім пішуші, көшірме алушы тігінші);
  • ойыншық өндірісі (дыбыс шығаратын және музыкалық ойыншықтарды құрастыршы, электрлі ойыншықтарды құрастырушы);
  • ағаштан көркем бұйымдарды жасау (ағашқа күйдіріп көркем өрнектер салу, ағаш кесуші);
  • былғары мен теріден көркем бұйымдар өндіру (тері мен былғарыны пішуші, құрастырушы);
  • ауыл шаруашылығы саласында (омарташы, азық дайындайтын цехтарға оператор, мал өсіретін кешендерде сүтті есептеуші);
  • музыкалық аспаптар өндірісі (музыкалық аспаптарды жөндеу және шертпелі музыкалық аспаптарды құрастырушы);
  • байланыс (телеграфист).

Тірек қимыл-қозғалысы зақымдалған тұлғаларға ұсынылатын мамандық түрлері

Еңбек үдерісі мен өндіріс ортасында болмауы тиіс факторлар: екі қолдың саусақтарының бірдей қызмет етуін талап ететін жұмыстар, ауыр заттарды биікке көтеру немесе орнынан жылжыту, жағымсыз микроклиматтық жағдайда (суық, ылғал) жұмыс жасау, шу мен діріл, жарақат алу қаупі жоғары, тамырды тарылтатын әсері бар улы заттармен қарым-қатынаста болу, баспалдақпен көтерілу және түсу, ұзақ уақыт денені бір қалыпта ұстауды талап ететін жұмыстар ұсынылмайды.

Ұсынылатын мамандықтар мен кәсіптер:

  • Жалпы шаруашылық сала мамандары (радиотелевизиялық аппараттарды жөндеу және радиомеханик қызметін көрсету, химия-бектериологиялық талдаулар лаборанты, электромеханикалық өлшеулер мен сынақтар лаборанты);
  • металдарды механикалық өңдеу (слесарлық жұмыстарды бақылау);
  • слесарлық және слесарь-құрастырушы жұмысы (электромнтаж жұмысына бақылаушы, автомат және өлшеуіш-бақылау құралдарының слесары, электр құрал-жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик, есептеуіш машиналарды жөндейтін электромеханик, арнайы құрал-жабдықтар мен өлшеуіш аспаптардың бақылаушысы);
  • құрылыс, монтаж және құрылыс-жөндеу жұмыстары (ағаш ұстасы);
  • энергия тұтынушыларына қызмет көрсету (электр есептеуіштерін пайдалану бойынша электромонтер);
  • сағат жөндеу және құрастыру (сағат құрастыру, кварц, электрондық және механикалық сағаттарды жөндеу);
  • электротехникалық өндіріс (трансформатор, электромашина, электрлі құрал-жабдықтардың катушкасын ораушы);
  • ағаш өңдеу және жиһаз жасау (жиһаз бөлшектерін жылтыратушы);
  • тоқыма өндірісі (тоқымашы, матаны безендіруші);
  • былғары аяқ киім өндірісі (аяқ киім жөндеуші, ортопедиялық аяқ киімдерді тігуші,аяқ киімнің үстін құрастырушы);
  • тігін өндірісі (материалдарды тігу, пішу, көшірмесін алу, тігу);
  • байланыс (телеграфист);
  • қағаздарды түптеу, өңдеу;
  • музыкалық аспаптар өндірісі (музыкалық аспаптарды жөндеу және шертпелі музыкалық аспаптарды құрастырушы);
  • ойыншық өндірісі (дыбыс шығаратын және музыкалық ойыншықтарды құрастыршы, электрлі ойыншықтарды құрастырушы);
  • медициналық приборлар мен құрал-жабдықтарды өндіруші (хирургиялық құрал-жабдықтарды құрастырушы, көзілдірік құрастырушы);
  • ауыл шаруашылығы;
  • мал шаруашылығы (мал өсіру, фермалар мен мал шаруашылығы кешендерінде сүтті есепке алушы, мал азығын дайындайтын цехтарға оператор);
  • өсімдік шаруашылығы (гүл өсіруші-декоратор, жеміс-көкөніс өсіруші);
  • консервы өндірісі;
  • сауда саласы (азық-түлік және шаруашылық тауарларына кассир-бақылаушы);
  • тапсырыс қабылдаушы (кешенді қабылдау пунктерінде), жалға беру пунктарында қабылдаушы, I, II категориядағы есептеуіш машиналарының операторы (бухгалтерлік және экономикалық есептеуіш машиналары).

Қорыта келгенде, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстары мектеп мұғалімдері, психологтар, әлеуметтік педагогтар, арнайы мамандардың бірлесе отырып, қоғамның қажеттілігіне қарай оқушының қабілеттілігі мен бейімділігі, жеке ерекшеліктері ескеріп, жүйелі ұйымдастырғанда ғана нәтижелі болады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Герасимова А.А.Твоя профессиональная карьера. Методическое пособие для родителей. Курган, 2012. – 28с
  2. Резапкина В.Г.Выбор профессии. Москва, 2006. – 200с
  3. Методика работы с молодыми инвалидами по профориентации и планированию карьеры при переходе от школы к трудовой жизни /методические указания, М., 2003.