ОҚО Түркістан қаласы  №20 жалпы орта мектебі  

                           химия –  биология мұғалімі Саитова Наргиза

                              Садировна     

                  Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері. 

      Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жолдауында айтқандай «ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры.  Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстан дамыған елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін — білім» (Н.Ә .Назарбаев Жолдауы 2013).                  Қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өмipiне енуде. Осы мақсаттармен елімізде педагог – мұғалімдерді бірлескен бағдарлама бойынша үш айлық курста оқыту арқылы мектептерге өзгеріс ендіру жұмыстары жүргізілуде.  Мен өзім де Шымкент қаласында бірлескен бағдарлама бойынша І деңгей оқу курсының бірінші бетпе – бет кезеңінде оқып, Түркістан қаласындағы өзім еңбек ететін №20 мектепте  жаңашыл мұғалім – көшбасшы ретінде біраз өзгерістерді ендіру арқылы тәжірибелік жұмыстарымды жүргіздім.      Курстың бірінші бетпе – бет кезеңіне келгенге дейін менің де сабақ беру  әдісім дәстүрлі болатын. Әрине жаңа әдіс-тәсілдерді пайдаланып, сабақты интерактивті тақтамен өтіп, оқушының қызығушылығын оятатындай етіп өтуге тырысып бағатынмын.          Курсының бірінші бетпе – бет кезеңінен кейін, сындарлы  оқу бағдарламасын игере отырып, менің де сабаққа деген көзқарасым өзгерді. Және мен осы өзгерісті өзім жұмыс істейтін мектеп ұжымына  көрсеткім келді. Олардың да оқу мен оқытудағы жаңа сындарлы оқыту бағдарламасына деген көзқарасын өзгерткім келеді. Тәжірибелік зерттеу жұмыстарымды өткізу барысында менің міндетім бақылау арқылы мониторинг жүргізу болатын. Мектебіме енгізіп отырған жаңа бағдарламадағы  өзгерістердің қалай әсер етіп жатқанын мен мониторинг арқылы байқап отырдым. Мониторингте керекті нәтиженің нақтылығын көруге болады. Оны жүзеге асыру үшін мен үздіксіз бақылап,  қадағалап,  талдап,  ақпарат жинап, кері байланыс алып,   кәсіби әңгіме жүргізіп отырдым, олардың сабақтарына еніп, жеті модульді пайдалану әдістерінен көмек бердім.

Тәжірибе  барысында  мен мониторингті төмендегі бағыттарда жүргіздім:

—   мұғалімдер біліктілігінің өсуі;                                                                                                 —   оқушылардың оқуға болған ынтасының өзгеруі;                                                                                                            —   кәсіби қоғамдастық арқылы өзара ынтымақтастықтың артуы.

Тәжірибе  барысында зерттеу жұмыстарына енгізілген өзгерістердің тиімділігін  түрлі әдістермен аңғаруыма  болатынын, бүкіл тәжірибе барысында үздіксіз бақылау арқылы қадағалап отыру, әрбір коучердің коучингтегі іс әрекетін бақылап, кәсіби әңгіме  жүргізу арқылы анықтадым. Кәсіби қоғамдастықтағы ақпараттармен таныса отырып, әріптестеріммен күнделікті әңгімелесу  арқылы тәжірибе барысының жаңалықтарын біліп,  олар немен айналысып жатқанын, тәжірибе  кезінде қандай кедергілер кездескенін сұрап, оларды бірлесе шешіп, кері байланыс жасап отырдым.

Мектептегі тәжірибе  кезінде мониторинг жүргізуде  төмендегі әдістерді пайдаландым:

—  Бастапқы  бақылау — тәлімгерлік кезеңде  мысалы коучинг барысында, жоспар құруда, сабақ үстінде т.б;

—  Аралық бақылау әдісі —  іс- тәжірибемде тек қана қадағалап қоймай сұрақтар қою арқылы түзетуге көмек беріп, бағыттап отырдым;

—   Қорытынды бақылау — қадағалау арқылы сұрақ- жауап әдісін оқу үдерісінің

қалыптасу деңгейін анықтауға көмектесетін әдіс -тәсілдің бірі. Бұл тәсілді әр сабақтан кейін жүргізіп, талқылап отырдым.

Талдау-зерттеу әдісі. Іс-тәжірибемнің соңында оқушылардан, мұғалімдерден  тәлім алушылардан сауалнама мен рефлексия жаздыру арқылы  нәтижені анықтап отырдым. Тәлім  алушыммен  күнделікті  кері  байланыс  жасау  арқылы жұмыс нәтижесін анықтап, түзетулер енгізіп, оларға өзім тікелей көмек көрсетіп отырдым.В есебімде бастапқы бақылау туралы тоқталып өткенмін. Мектептің проблемалық жағдаятын сауалнама мен сұхбаттар арқылы анықтадым.Оған В есепте көрсетілгендей мониторинг жасап, сол проблемаларды жою мақсатында жаңа бағдарламаның 7 модулін қолдана отырып,  іс -шаралар жоспарладым. Екінші ағымдық бақылауды мен тәлім алушыларым мен бірге жүзеге асырдым. Оны коучинг сессияларын  ұйымдастырып және сабақтарға ену арқылы жүргіздім.  Осы үдерістің қалай жүзеге асқаны жайлы айтып өтсем.

«Өзгеріс бізге не үшін керек? » тақырыбында семинар  сабақ өттім.   Мектеп мұғалімдері үшін бұл  жаңа  бастама болғандықтан, әріптестеріме әлі таныс емес. Сондықтан да мен өз әріптестеріммен білгендерім жайлы бөлісіп,  І деңгей бағдарламасы жайында және сындарлы оқыту теориясының мақсаты мен міндеттерін, 7 модулін түсіндіріп өтуді жоспарладым. Себебі өзгеру қажеттілігін сезіндіру, өзгеруге  ынталандыру –  менің басты мақсатым болатын.

Семинарға 12 мұғалім және бірлестік төрайымдары мен директор орынбасарлары қатысты. Интербелсенді тақта көмегімен «Әлем өзгереді,  біз де өзгереміз»  тақырыбы бойынша бейне материал көрсетілді. Мұғалімдерден  бірнеше   сұрақ — жауап алынды, күнделікті сабақ берулерін сырттай бағалау мақсатында  сұрақ- жауаптар жасалды.   Анкета сұрақтары таратылып, жауаптары алынды. Мұғалімдердің өзгеру қажеттілігі кері байланыс арқылы анықталды.  Әріптестерімнің   қызығушылығы өте жоғары екен. Бұл әдіс-тәсілдерге қызыққан,  өзгеріс біз үшін қажет деген мұғалімдер анықталды. Олар бірлескен бағдарламаның жаңа әдіс-тәсілдерінен, ынтымақтастық пен топтық жұмысты қалай жүргізуге болатынын, оқушыға тек бағыт-бағдар берудің қолайлы жолдарын үйренді. Сондай-ақ жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, топпен жұмыс орындау оқушыларға әрі қызық, әрі жеңіл болатынын сезінді.

Жоспар бойынша тәлімгерлерім коучинг сессияларын жүргізді. Коучинг арқылы мұғалімдерге диалогтік оқыту, сын тұрғысынан ойлау, АКТ ны тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыра алды. Тәлімгерлік жүргізу барысында тәлім алушыларға ОМЖ мен ҚМЖ жасауды үйретті. Т1 мен Та1

сегізінші сыныптарда математикадан тізбектелген төрт сабағына орта мерзімді жоспар, қысқа мерзімді жоспар жасады. Әр коучингтен кейін Та1 ҚМЖ бойынша сабақ өтті. Тәлімгерлерім сабақтарда зерттеушілік қызмет атқару арқылы оқушылардағы өзгерісті бақылады. Сұрақтар қою арқылы оқушылардың қәжеттілігін анықтап, кәсіби әңгіме жүргізді. Кері байланыс арқылы сабақта болған кедергілерді жою жолдары қарастырылды. Тәлім алушы мұғалім сабақтарда жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың таным белсенділігін арттыру мақсатында білім алудың әдістерін білуі, түсінуі, оқытудағы сапалығы мен білімді меңгерудегі іс-әрекеттерінің мүмкіндіктерін, жасына сай екендігін анғарулары қажет. Сол үшін Та1 оқушылардың өздеріне еркіндік беріп, олардың сыни тұрғыдан ойлап, шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Коучинг сессиялары аяқталғаннан кейін мұғалімдерден алған әсерлері жайлы  және тәлімгерлерден рефлексия алынды. Олар мен кәсіби әңгімелер ұйымдастырылды. Тәлім алушылардан  алған рефлексивтік есептері жайлы айтар болсам, Т1  есебінде: «Мен тәлімгердің бірінші сенімге арналған семинарда қатысып, сол оқуға алдағы уақытта баратын болғандықтан, оған тәлім алушы  болуды сұрандым. Тәлім алу кезеңде мен ұстазымнан көп нәрселерді үйрендім. Мектептің даму жоспарынан бастап, орта және қысқа мерзімді жоспарлар қалай дайындалу керектігін үйрендім. Коучинг деген не, коуч кім екенін біліп алдым, олардың мақсат міндеттерімен танысып шықтым. Тәлім алу уақытымда мен мектептің , оқушылардың білім сапасын арттыру баршамыздың ортақ міндетіміз екенін түсінідім, сондай-ақ, оқытуда туындап  отырған ортақ проблема және осыны тек қана ынтымақтастық арқылы, бірлесіп шешімін табуға болатындығын үйрендім. Коучинг соңында мұндай жаңашыл іс-шараға қатысқан мұғалімдер біраз нәрсені үйренгендіктерін, бұдан кейін сол әдістерді сабақтарында тиімді  кіріктіретіндіктерін  айтқанда, мен өзімнің мақсатыма жеттім деп ойладым.»   Ал Т2 коучинг арқылы мұғалімдердің белсенділігін,  жұмыстарына деген көзқарастарын өзгертуге болатындығын айтты. Тәлім алу уақытында мұғалімдерді қалай басқару, ынтымақтастықпен олардың көзқарасын  өзгертіп, тәжірибесінің жетілдіруіне көп көмек беретіндігіне көзі жетті. Коучингке қатысқан мұғалімдер көптеген ақпараттармен алмасып, пікір таласып, сабақтарында бірлескен бағдарламаның жаңа әдіс-тәсілдерін қалай , қашан,  не үшін, қай жерде қолданатындығын біліп шықты. Олардың сабақтарына талдау жүргізген кезде мұғалімдердің жетістігі айқын көрінді.

Коучингтерге қатысқан мұғалімдер жаңа бірлескен бағдарламаның әдіс -тәсілдерін қолдану арқылы сабақтар өткізді. Атап айтсақ Та1 сабақтары жоғары деңгейде өтті.  Бірінші өткізілген сабақтар дәстүрлі сабақ  негізінде өтті. Соңғы сабақ болғандықтан, оқушылар шаршаған сыңай танытын, сабаққа енжар қатысты. Келесі сабағында сындарлы оқыту технологиясының  тәсілдерінен қолданғанда, оқушылардың сабаққа қызыққаны көздерінен байқалды. Топтық жұмыс кезінде оқушылар командаға бөлініп,  өз тобына ат  қойып, рольдерге бөлініп,  ынтымақтастықпен жұмыс жасап, сабақ қызықты өтті.  Олар сыни тұрғыдан ойланып берілген сұрақтар мен тапсырмаларға бірлесіп шешім табуға үйренді. Сабақ барысында сұрақтар қойып,  диалогті тиімді пайдалануға, өз ойларын еркін айтуға үйренді. Нақтырақ айтсақ,  8 — сынып оқушысы бұрын дәстүрлі сабақ беру кезінде ынтасы төмен оқушы болатын, топтық жұмыс кезінде ол көшбасшылық көрсетіп, сабаққа   белсенді қатысып, өз ойын еркін айтуға дағдыланды. Сабаққа оқушылардың белсенділігі артып,  оқушылар өзара бағалау мен өзін- өзі бағалауға үйренді. Білім алушылар өз ой-пікірлерін әр түрлі фантазиямен,  постермен жұмыс істеуге қалыптасты. Дегенмен әр жұмыстың бастамасында тосық-кедергілер де кездесетіні белгілі. Мұғалім уақытты ұтымды қолданбауына  байланысты оқушылар постер қорғаған кезде өз ойларын толық айтып жеткізуге мүмкіндікдік болмады. Сонымен қатар,  бағалауды оншалық түсінбеген сияқты. Өйткені мұғалім оқушыларға өзара бағалауды ұсынған кезде олар, құрбы-құрдастарын ренжітіп қоямын деген пікірде жоғары баға қойды. Бұндай бағаларды журналға қоюға болмайды, өйткені олар ол бағаға лайықты емес.Бүл кедергіні жою мақсатында,кейінгі сабақтарда тапсырма бағалау критерийлері мен бірге берілді.

Сабақтан соң оқушылармен жеке сұхбат өткіздік. Олардың пікірін тыңдап, бірлескен бағдарламаның әдіс-тәсілдерінің тиімді екенін ұғындық. Оқушылар   жазғанына назар аударсақ  жаңа бағдарлама бойынша өтілген  сабақ бізге қатты ұнады. Сабақ барысында біз топтасып жақсы жұмыс істедік. Топтың көшбасшысы болғысы келгендер саны көбейді. Үндемей отырған оқушы да сөйлеп, өз пікірін айтып, топтың жеңімпаз болуына атсалысып, бірлесіп жұмыс істедік. Сергіту сәтінде біздің шаршағандығымыз ұмытылып, сабаққа деген ынтамыз бен қызығушылығымыз арта түсті. Бағалау кезінде де біз мұғалімнің берген критерийлеріне сәйкес бағалауды үйреніп, өзіміздің деңгейімізді біліп отырдық.  Постерде біз өзіміздің пікірлерімізді ашық білдіріп, өз ойымызды қорғауға тырыстық. Топта бір-біріміздің пікірімізді құрметтеп, сыйластық  пен ынтымақтастық, бірлік пен достастық, өзара түсіністік орнады.»

Тәжірибе барасында атқарылған  іс-әрекеттердің тиімділігін мен бастапқы бақылау, аралық бақылау, соңғы бақылау арқылы анықтадым. Алдымен бастапқы бақылау барасында мұғалімдердің көзқарасын мұғалімдерден алған сауалнама, кәсіби сұхбат арқылы анықталды. Аралық бақылау барасында мұғалімдердің  көзқарасын  коучинг және сабақтарды бақылау арқылы анықталды. Соңғы бақылау барасында тәлімгер және тәлім алушының рефлексиялық есебі арқылы анықталды. Бақылау нәтижесі мынаны көрсетті:

  • мұғалімдер кәсіби әлеуетін арттыруға арналған идеялармен, тәсілдермен қамтамасыз етілді;
  • мұғалімдер сындарлы оқыту теориясын меңгеріп шықты;
  • жаңа әдіс-тәсілдерді сабақтарында қолдана алды.

Оқушылардың көзқарасы бастапқы бақылауда олардан алған сауалнама арқылы анықталды, аралық бақылау оқушылардың сабақ барысындағы әрекеттерін зерттеу арқылы байқалды. Соңғы бақылау оқушылардың кері байланысы  және «оқушы үні» арқылы анықталды.

Бақылау нәтижесі:

  • оқушылар топпен жұмысты үйренді;
  • өз ойларын еркін айтуға тырысты;
  • оқушылар сын тұрғысынан ойлауды, яғни ой жүгірту, тұжырым жасау және проблемалық сұрақтарды шешуге талпынды;
  • оқушылар өзара және өз-өзін бағалауға дағдыланды.

Ата-аналардың көзқарасы бастапқы бақылауда ата-аналардан алынған сауалнама, сұхбат арқылы анықталды. Аралық бақылауда тәжірибе барысында көрсеткен қолдаулары арқылы байқалды. Соңғы бақылау ата-аналардың кері байланысы және «ата-ана үні» арқылы анықталды.

Бақылау нәтижесі:

—   ата-аналардың мектепке деген көзқарасы өзгерді;

—   балаларының не оқып, не үйрену керектігін түсінді;

— мектептің әр түрлі басымдықтарын шешуде оларда жауапкер екендігін білді.

Мен зерттеу тәжірибемде жинаған деректерге негізделе отырып, мынадай тұжырымға келдім:

1.Білім ордамызға  өзгерту енгізу барысында бірлескен  бағдарламаның жаңа әдіс-тәсілдері, нақтырақ айтқанда,   «диалогтік оқыту, топтық жұмысты пайдалану, диалогтік оқыту барысында АКТ-ны пайдалану, сын тұрғысынан ойлау дағдысын қалыптастыру,  оқушыларды жаңа бағалау технологиясы оқушылардың білім сапасын арттыру барысында қалай оқу керектігін үйрену бағытындағы  дағдыларын қалыптастыруда өте тиімді екені дәлеленді.

  1. Мұғалімдердің кәсіби қауымдастығы, педагогтардың ынтымақтаса отырып, нақты міндеттерді орындау барысында олардың белсенділігі артатыны және ынтымақтастық дағдыларының қалыптасуына тиімді екені, мектепте көшбасшылықты жасау мүмкіндігі кәсіби қоғамдастықтың әсері бар екендігі байқалды.
  2. Өзара тәжірибелермен бөлісу, жаңа идеялармен танысу , кедергі жоба бағыттардағы мәселелерді шешуде кәсіби қоғамдастықтағы ақпарат алмасулар көп септігін тигізіп, тура бағыт пен жүруге жәрдем етті.
  3. Кәсіби қоғамдастық мұғалімдердің басқару менеджментін өзгертуге әсер ете алатындығын талқылаған іс әрекеттерінен педагогикалық кеңеске де ықпалын тигізе алатындығын, оны басқару шараларға араласа алатындығы мәлім болды.
  4. Ата-аналардың оқу үрдісіне белсенді араласуы нәтижесінде кейбір кедергілерді жоюға қатысулары, өзгерістің мектеп өміріне қажеттілігін дәлелдеп отыр.

Педагогикалық өзгерістің оқушыларға ықпалы

  • Оқушыларда өзара бірлесіп жұмыс істеу дағдыларының қалыптасуы;
  • Оқушыларда көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасуы;
  • Сабақтағы белсенділіктерінің артуы;
  • Тек дайын жаттанды білім емес, алған білімдерін өмірде қайда және қалай қолдана білу туралы ойдың қалыптасуы, яғни сын тұрғысынан ойлау дағдыларының қалыптасуы;
  • Оқушылар өздеріне сыни көзбен қарау арқылы баға қоюда жауапкершілікті сезіне бастады, оларда өзін-өзі және өзара бағалау дағдылары қалыптасты.
  • Сыныптағы барлық оқушының оқыту үдерісінде белсенділік танытуы;

Қорыта айтқанда, мен 6 апталық тәжірибе кезінде өзімнің көшбасшы  мұғалім ретінде мектепке өзгерісті енгізе бастағаныма, енгізе алғаныма сенімдімін және ол үшін қуаныштымын.  Себебі мен мектепке келіп,  бүкіл мектеп әкімшілігін, мектеп ұжымын, ата-аналар комитетін әрекетке келтіргенімді және де кәсіби қоғамдастық құру арқылы осы өзгерісті енгізе алғанымды  мақтанышпен айта аламын.  Сондықтан мектепте жаңа бағдарлама бойынша жұмыс жасауды жалғастыру арқылы «Болашақ мектептің» моделін жасай отырып, «ХХІ ғасыр оқушысын» қалыптастыра  аламыз  деп білемін. Себебі  мен осы аз уақыт ішінде өз әріптестерімнің сабаққа деген көзқарасын өзгерттім. Алдағы уақытта  да олардың сабақ беру тәжірибесінің өзгеруі үшін іс-әрекетті жандандыра түсемін,    әріптестерімнің кәсіби өсуіне, құзыретті, шығармашылық жағынан дамуына  — бұл тікелей себепкер деп білемін.

Мен мектебімді өзгертуге барынша атсалысып, өзімнің шығармашылық еңбегімді аянбай, болашақта ХХІ ғасыр проблемаларын шеше алатын шәкірттер дайындауға әзірмін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық, «НЗМ» ДББҰ, Астана 2014ж.
  2. Мектептегі тәжірибе кезінде орындауға арналған тапсырмалар
  3. cpm.kz порталы