Қылышбекова Нұрсәуле Ұқанбайқызы

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,

Алматы облысы бойынша ПҚБАИ,

«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-

педагогикалық тұрғыдан қолдау»

кафедрасының аға оқытушысы

Тұтас және жадағай мәтін түрлерімен жұмыс жүргізу

Қай салада да ғылыми дәлдік,   мәтінмен жұмыс жүргізу кезінде кездесетін интерпретациялау мен герменевтикаға  өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Мәтіннің  ерекшеліктері мен мазмұнын сол тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып, ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық жеткізе білу талап етіледі. Дәлме-дәл немесе балама (адекватты) жеткізу тәсілін қолдануда сөйлеуші немесе түсінігін айтушы барынша түпнұсқаның коммуникативтік, мағыналық сәйкестігін сақтауды, оның стильдік ерекшеліктерін жеткізуді көздейді.

Мәтіннің (формасы) нысаны 4 — ке бөлінеді.

1. Тұтас мәтін ( көркем әдебиет мәтіндері, репортаж, өлең, пьеса, мақала,  жұлдыз жорамал, техникалық мәтін, заң, ғылыми негіздемелер, нұсқау)

2. Жадағай (тұтас емес)  мәтін (графика, кесте, сурет, диаграмма, жарнама, сканворд, хабарландыру, карта, анкета, құттықтау, комментарий)

3. Аралас мәтін (тұтас және тұтас емес мәтіндердің сипатын біріктіреді, авторлық   веб – парақтар).

4. Құрамдас мәтін (бір тақырып, бірақ әр автордың пікірі, ойы. Мысалы, аққу тақырыбына жазылған әрбір ақынның  туындысы немесе әр газеттегі бірдей тақырыпқа жазылған материал және бірнеше тақырыпты қамтитын үзік –үзік мәтіндер).

Оқу сауаттылығын дамыту мақсатында тұтас емес (жадағай) және аралас мәтіндермен жүргізілетін жұмыстар

Теледидардан ұсынылған жарнаманың мәтіні

Жарнама (диктор оқитын мәтін) Мәртебелі ханымдар!       Мен сіздердің сұлу жүздеріңізге одан сайын әр беретін су жаңа тәсіл ойлап таптым. Әшекей мен опа-далаптың өң береріне дауымыз жоқ, бірақ біз көрсететін бұл қызметтің жанында олар маңызды емес.  Себебі қанша жасырсаңыз да, бояу мен киім-кешек, алқа-сырғаңыз көзге көрініп қалады, ал, менің тапқан жаңа тәсілімнің құпиясын ешкім біле алмайды. Табиғат берген ажар-көркіңізге қылдай қиянат келтірмей, біз сіздің жүзіңізге қараған кісіні сиқырлап алатындай күш береміз.      Сіз байқадыңыз ба, өмірде барлық нәрсе жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен кедейлік болып бөлінетінін. Сұлулық пен өңсіздік те сондай нәрселер.Сіздің сүйкіміңізді арта түсетіні соншалық, тіпті өзіңіз де таң

қаласыз. Біз сізге бар болғаны – ажарынан  көз сүрінетін сұлулық береміз. Бізге сенім артқан сұлу өз шешіміне өкінбейді, келіңіз, көз жеткізіңіз! Қымбатты қыз-келіншектер, сіздердің әрқайсыңыз сүйікті болуға, ер азамат атаулыны қайран қалдыруға лайықсыздар. Жасанды кірпік, жасанды қас, құлама шаш, бәрін-бәрін тастаңыз да бізге келіңіз!  «Әдемі» сұлулық салоны демалыссыз жұмыс істейді.   Бағалары да қолжетімді.   Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, М… көшесі 18 үй. «Әдемі» сұлулық салоны

Мәтін бойынша ұсынылған ашық және жабық тест сұрақтарының үлгісі

1 сұрақ

Өмірде барлық нәрселер неге екіге жіктелген  және  оның  сұлулық салоны жұмысына  қатысы   қанша?

A) жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен  кедейлік,сұлулық пен өңсіздік, осылардың соңғысы жарнаманың негізі

B)  Жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен кедейлік, сұлулық пен өңсіздіктің жарнамаға қатысы жоқ.

C) Жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен кедейлік, сұлулық пен өңсіздік әр адамда болады

D) Жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен кедейлік, сұлулық пен өңсіздік  агенттіктің ұраны

E) Жақсы-жаман, ақ пен қара, байлық пен кедейлік,сұлулық пен өңсіздік

2 сұрақ

Жарнамадағы сұлулық салонының  қызметі қандай?

A) Адамдарға сұлулық сыйлау қызметін ұсыну

B) Ханымдарға сұлулық сыйлау қызметін ұсыну

C) Жақсы-жаман, ақ пен қараның ара жігін ажырату

D) Байлық пен қайыршылық, сұлулық пен өңсіздікті анықтау

E) Демалыссыз ақылы шаш қию қызметін көрсету

3 сұрақ

Жоғарыда берілген «Жарнама» мәтініндегі өмірде қатар жүретін құбылыстарды атап бере аласыз ба?

______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

Өмірден алынған оқиға