Алматы облысы ,

Панфилов   ауданы,

Пенжім ауылы

А.Розыбакиев   атындағы  орта  мектептің

10-сынып оқушысы  Сәрсенбай Аяулым

Пән мұғалімі-Жақыбаева   Гүлнар  Жақанқызы

Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі.

Тылсым табиғат!  Қарасаң көз тұндырар  әсемдігі, тылсым құпия сырлары, әртүрлі құбылыстары, жаратылысы бар  ғажайып кеңістік.  Ұшына көзің жетпейтін асқар-асқар таулар да, тұнығы  тұлғаңды көрсететін  мөлдір сулар да, адамзаттың қорегі болған өсімдіктер де, орман-тоғайдың көркі болған  құстар мен жануарлар да, бәрі-бәрі  табиғаттың бөлшегі.  Адам  баласы  осынау жасампаз да жайраң өмірдің есігін ашар сәтінде  өзінің келешек өмірі табиғатпен тығыз байланыста болатынын, өзінің табиғаттың бір жемісі екенін  біле ме, білмей ме, кім білсін?!

Менің білетінім – дені сау адам ұлт болашағы, еліміздің ертеңі, кемел келешек тұтқасы.  Адамның денсаулығы  — оның бар байлығы, алтыннан да қымбат  асылы  деп ойлаймын. Өйткені, өмір сүрудің  ең бірінші шарты  денсаулық емес пе?  Сондықтан  әр адам баласы өз денсаулығының жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Өкінішке орай  қолымызда барда бағасын білмей, өз денсаулығымызға салғырт қараймыз да, соңынан орны толмас өкініштермен кезігеміз.

Менің ойымша, әр адамзат өзінің денінің саулығына, тән тазалығына басты көңіл бөлсе, онда табиғаттың  ең қымбат жемісіне айналары сөзсіз. Мен Хұсайынбек Әміровтың  «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ»,-деген нақыл сөзін оқығаным бар. Бірақ,  сол кезеңде осы бір нақылдың тереңіне ой жүгіртпесем керек. Осы тақырыпта ой қозғар сәтте  сол нақыл бірден есіме түсті.

Иә, шынымен де табиғатқа тіл бітер болса,  айтары көп-ақ. Біз, адамзат баласы, табиғатсыз күн көре алмайтынымыз да ақиқат. Қарапайым

тіршілігімізде  бәрін табиғаттан аламыз, тұтынамыз, қажетімізге жаратамыз.  Бірақ, бүгінгі таңда   «дені сау адам»  қатары  сиреп барады. Экология дейміз,  басқа дейміз, әйтеуір  адамдар арасында қауіпті дертке шалдыққандар, мүгедектер, денсаулығы төмендер саны басымырақ.  Дәл осы тұста «Неге бұлай?» деген сауал туындайды. Адамзат баласының  өз денсаулығына  жауапкершілігі төмендеді ме, әлде шынымен де  экологиямыздың нашарлығы ма?

Ойлана берсек сұрақ көп. Алайда , бар сұрақтың жауабы өзімізде ғой. Олай дейтінім- өз денсаулығымызға дер кезінде көңіл бөлсек, дұрыс тамақтана білсек, салауатты өмір салтын ұстансақ, табиғат аясына демалыстарға шығып, ағзамызды тынықтырып тұрсақ  біздің денсаулығымыздың төмендеуі мүмкін емес!  «Таза ауа-дертке дауа»,-дегенді ата-бабамыз тегіннен-тегін айтпаған болар.  Тал бесігіміз табиғат байлығын да өз қолымызбен құртамыз, ағаштарды кесеміз, күл-қоқыстарды тастаймыз, су көздерін тазартпаймыз да, соңынан келіп, денсаулығымыздың төмендігіне шағымданамыз.  «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын ұстансақ,  бар адамзат баласы табиғатты көзінің қарашығындай қорғай білсе,  бұл өмірде адам денсаулығынан, адам өмірінен артық байлық та, бақ та жоқ екенін өз кезінде  түсінсе, онда  бүкіл қазақстандықтардың дені сау адам ретінде табиғаттың ең қымбат жемісі болары айдан анық. Адам баласы барында бағалай білмейтін екі құндылық бар екен, оның  бірі-уақыт болса, екіншісі-денсаулық. Уақыт керуенін ешкім тоқтата алмайды, ал денсаулықтың қадірін ұғынбасаң, дертке шалдығасың. Сондықтан әуел бастан денсаулықтың қадірін білген абзал. Алтын уақыттың қадірін біліп, қалай болса солай өмір сүрмей, саналы да жарқын өмір сүруге  үйренуіміз қажет деп ойлаймын.

Денсаулық –адам өмірінің  тірегі, қуаты, күші. Әдетте  «бірінші байлық-денсаулық» дейміз, бірақ  осы сөздің салмағын шынайы түсініп, сезіне бермейміз. Әсіресе,  адам баласы жас кезінде денсаулықтың қадірін бағаламайды деп ойлаймын. Себебі,  суық күндерде бас киімсіз жүру, шылым шегу, шарап ішу, есірткі сияқты зиянды әдеттермен әуестену, ағзаға зиянды қоспалары бар дайын өнімдерді тұтыну жастар арасында көбірек кездеседі. Соның салдарынан есейе келе түрлі ауруларға шалдығады. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп ұлы Абай ХІХ ғасырда білімді уақытынан кеш алдым деп өкінсе, біз ХХІ ғасырда денсаулығымызға мерзімінен кеш  қаралып өкініш таппайық. Денсаулық – адамға табиғаттың сыйға тартқан ең ұлы құндылығы екенін салмақтайтын сәт жетті. Мен осы тақырыпқа  ой өрбітер сәтте  бірнеше кітаптар оқыдым, нақыл сөздер іріктедім, мақал-мәтелдер топтадым. Мені В.Коматтың мына сөзі  қатты ойландырды: «Дені сау азаматтар -мемлекеттің ең бағалы капиталы» Иә, шынымен де   ең бағалысы — денсаулық. Өйткені қоғамның әр саласындағы қызметті, жұмысты тек дені сау адам атқара алады. Тек дені сау адам  мемлекетімізді өркендетіп, еңбектенеді. Егер денсаулығы төмендесе еңбек қарқыны да төмендейді емес пе? Әрбірден соң еңбеккке жарамсыз болып қалу қаупі туындайды. Шопенгауердің «Дені сау кедей – ауру корольден бақытты»,- деген қанатты

сөзі өте орынды айтылған. Мұның мәнісі  өмірде ақша мен байлықтан да денсаулықтың маңызды екенін  ұғынсын дегені болар. Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз. Жаны сұлу, тәні сау ұрпақ-замандастарыма айтарым- бізге  аманат еткен тәуелсіз мемлекетіміздің алтын кілтін жоғалтпай, көк туын көкке қарай  биік көтеру үшін өз денсаулығымызға басты назар салайық!

Өміріміз — өз қолымызда. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бірақ рет беріледі. Бұл ретте оның денсаулығы мықты,  рухы  күшті болғаны абзал!     Мен осы тақырыпта ой өрбіте отырып,  өз пайымдауларымды енді жүрек түкпірінен жыр шумақтарыммен жеткізгім келеді.

Табиғатым-тал бесігім, байлығым,

Асқар тауым, шалқар көлім, айдыным.

Өзіңменен егіз дейді қашанда

Жұмыр басты адамзаттың тағдырын.

Табиғатым – зеңгір көгім, аспаным,

Әлі талай жазылатын дастаным.

Тіршілікте анау-мынау дегенмен,

Ден сау болса, керегі не басқаның?

Дені сау адам- табиғаттың  өзегі,

Табиғат қой  адамзаттың қорегі.

Тазалыққа мән бермесе адамзат

Табиғатқа бірден қауіп төнеді.

Дені сау адам- мемлекеттің байлығы,

Денсаулыққа мән берейік әр күні.

Табиғаттың баға жетпес жемісі-

Барша адам баласының саулығы.

Ей, адамзат,  сергек қара  өзіңе,

Тән саулығы  өз қолыңда тегінде

Қайраттансаң, жігерленсең  мойымай,

Алынбайтын қамал жоқ қой бүгінде.