Алматы облысы ,

Панфилов   ауданы,

Пенжім ауылы

А.Розыбакиев   атындағы  орта  мектептің

8-сынып оқушысы   Ахунбай Айғаным

Пән мұғалімі-Сатыбалдинова Зәуре

Күздің   кереметі   (эссе)

Жыл мезгілдерінің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, өзіндік кереметі бар. Қыс ұлпа қарымен, көктем көкорай шалғынымен, жаз жайдары шуағымен ерекшеленсе, күзді біз әдетте «алтын күз»  деп атаймыз.

Ендеше, күздің алғашқы кереметі  —  ағаштар мен табиғаттың  сары түске енуі емес пе?  Жер-Ана  сары жамылғысын жамылып, ағаштар  алтын жапырақ –сырға тағынып,  аспандағы алтын күнмен нұрлана үйлесетін  сары түсті күздің бірінші кереметі дер едім. Әсіресе, көз тартатын күзгі бақ  қой. Иілген ақ қайың,  табаныңның астында судыраған сары жапырақ   керемет емей немене?

Екінші кереметі – береке мен байлығымызға  баланған  егіс даласы.  Алтын астық қамбамызға төгіліп,  жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақыл  жиылып,  диқан маңдай терінің жемісін көрер мезгіл осы. Дастарқан байлығы ақ бидай да, арпа мен күріш те, неше алуан жеміс те күзде піседі. Күзгі жемістің хош иісі танауыңды қытықтап, тәбетіңді ашады.

Үшінші кереметі  деп  күздің жауынын айтар едім. Өйткені, алтын күз аспанына лезде бұлт үйіріліп, қиғаштай құйылған нұрлы шуақтан  ерекше жұпар ауа мен сергектік тарайды. Сәлден соң-ақ бұлт ашылып, айнала мамыражай күйге енеді. Күзгі жаңбыр   ауаға  ерекше бір жұпар иіс таратады.

Төртінші кереметі  ретінде  құстар тізбегін атағым келеді.  Аспан әлемін қиқу мен қаңқылға бөлейтін, өзара ерекше сап түзеп, әсем өрнекпен  қоштасып кете баратын қараша қаздар тізбегі – күздің  өзінше бір кереметі.

Бесінші кереметі – түннің ұзаруы.  Мақпал  қара түн  ерте түсіп, таңның ұзаруы адамзат баласының тынығуына мүмкіндік берері сөзсіз. Қысқарған күн ертерек қамдан,  қыс келеді деген хабаршы іспеттес.

Күздің келесі кереметі деп «Таразының тууы»  амалын айтуға болады. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайтын  амалды  «Таразының тууы»  деп атайды. «Таразы туса — таң суыр» деген сөз орамы осындайдан шыққан.     Қыркүйек айында болатын  келесі керемет  ретінде мизам шуақты атайды. Қыркүйектің  ортасында салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі, бірақ күндіз шуақты күндер де болады. Осы құбылыс халқымызда  «мизам шуақ»  дейді екен.

Келесі кереметі – «Сүмбіле таңы».  Бұл күздің алғашқы белгісі болып саналады.  Қазақта «Сүмбіле туса су суыр, Таразы туса таң суыр» деген сөз бар. Яғни, қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді. Жауын басталады. Сүмбіле жұлдызы туған шақтан бастап өзен-көлдердің суы ептеп салқындай бастайды.

Күз мезгіліндегі  келесі   керемет  «Кіші қараша»  деп аталады. Бұл құбылыс  20 қазан мен 10 қараша аралығында болады.  Ауа-райы құбылып, қар аралас жаңбыр жауады, ызғырық жел соғады.

Жаза берсем, кереметтер көп-ақ. Ең бастысы, керемет көрінісінің базары  тарқамасын!

Болашағым өзіңмен, туған Отан!

Болашағым өзіңмен туған Отан,

Мен өзіңді әспеттеп жырға қосам.

Отаныма арнаймын білімімді,

Есейгенде білікті маман болсам.

Жаһандану дәуірі құрдасымын,

Өсиетін оқимын Елбасымның.

Болашағым-жасампаз, жарқын менің,

Өйткені жаңа заман жалғасымын.

Мәңгілік Ел –аяулы тұрағымыз,

Біз Отанның желкілдек құрағымыз.

Татулық пен бірліктің бесігінде,

Тербелген алаңсыз Жас ұланымыз.

Астанам бар еркелеген Есілге,

Тастағы тарих менің мәңгі есімде.

Мақтан тұтам ынтымақты елімді,

Еңсесі тік, азат ғұмыр кешуде.

Отанымнан нәр аламын, нұрланам,

Рухтанғанда балғын жүрек тулаған.

Батырларға бас иемін бір сәтке,

Бізге осындай тыныш өмір сыйлаған!

Бақыттымыз, бақыттың мәні тереңде,

Сезімім толық көрініс таппас өлеңде.

Мендегі тілек, мендегі арман тек біреу-

Отанымды танытсам барша әлемге!

Бақыттымын, тәуелсіз елде туылдым,

Өлеңге құмар, өмірге іңкәр ұлыңмын.

Ұлы даласы- ерліктің көмбе, қоймасы,

Отанымды жырлауға бүгін жүгіндім.

Шын тілегім, сөзім емес жасанды,

Тілім, Ділім бұға берер қашанғы?

Шахановша «Төрт Ананы» құрметтеп,

Аялайық, алтын бесік Отанды!

Отан үшін асқақтасам несі айып?

Өрекпіген өр көңілді басайық.

Отанымда тұрақтасын тыныштық,

Болашаққа бірге қадам жасайық!

Мен-бүлдіршін, әлі таудай талабым,

Ең бастысы, жақсы болса сабағым.

Төрткүл дүние таңдай қағып тамсанар,

Әлі менің гүлденеді заманым.

Елім азат, еңсе тіктеп келемін,

Кедергілер кездессе егер жеңемін.

Армандарым айналады шындыққа,

Жарқын өмір, болашаққа сенемін!