Алматы облысы ,

Панфилов   ауданы,

Пенжім ауылы

А.Розыбакиев   атындағы  орта  мектептің

10-сынып оқушысы  Құрманғазы Дария

Пән мұғалімі-Раева Назгүл  Тохтакумовна

Менің президентіме менің тілектерім  (эссе)

Қазақ әдебиетіндегі бес  арысымыздың  бірі  Жүсіппек Аймауытов: «Президент дегеніміз өз елінің тәрбиелі тұтқасы» -деген екен. Иә, шынымен де біздің Елбасымыз   еліміздің  тұтқасы.  Елбасыма деген алғашқы тілегімнің бірі – татулығы мен ынтымағы, берекесі мен  ырысы тасыған  киелі Отанымыздың іргесі сөгілмесін дегім келеді.  Осы тілекпен қоса халқына нұр сыйлаған Нұр ағамыздың  дені сау болып,  еліне нұр төге берсін дегенді айтамын.

Қолыма қалам алып, жүрек түкпіріндегі ойларымды қағазға түсірер сәтте тілектерім көп еді. Алайда ақ қағазға тізер сәтте ең маңыздыларына таңдау жасадым. Менің ойымша,  күллі қазақ елін  бір тудың астына жиып, үш жүздің басын қосқан Абылайдың ақ арманын жалғастырушы Елбасымызға қанша алғыс айтсақ та артық емес. Дегенмен таратып айтар болсам,  аштықты да, қызыл қырғынды да, Сталиндік репрессияны да көрген елімізді Президентіміз  әлемге танытты. Әлем бізді татулығымызбен, ұлттар достығымен, жеріміздің қазба байлығымен, халқымыздың ынтымақ, берекесімен таныды. Бұл тікелей Елбасымыздың еселі еңбегі. Отанымыздың  бейбітшілік пен келісім бесігіндей ынтымағы  кімді болса да сүйсіндірмей қоймайды.  Көршілес мемлекеттерде орын алып жатқан қақтығыстарға қарап, Президентіміздің татулық пен тұрақтылықты сақтауға  салып отырған ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Сарабдал саясат иесі  халқымыздың  мәңгілік бейбітшілікте өмір сүруіне  жағдай  жасауда.

Ата –бабамыздың аманаты  жеріміздің шекарасын  заңдастыруы -Елбасының көрегендігі.  Сол үшін де ақ тілекті ақтара алғыс айтамыз.

Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден  үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы  қоғамды алға сүйреу – Президентіміздің айырықша қасиеті.

«Менің Президентім-Нұрсұлтан  Назарбаев!» деп ауыз толтыра айтып мақтанамыз. Мақтануға тұрарлық.  Қай жағынан алсаң да жас ұрпаққа  үлгі өнеге бола алатын президентіміз еңбекпен шыңдалған жан. Металлургия

саласында еңбек қазанында қайнаған Елбасымыз  адал еңбек, маңдай терімен бақытқа бөленіп отыр.

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген Елбасымыз мемлекеттік тілімізді назардан сырт қалдырған емес.  Н.Назарбаев ешқашан халқына жалған уәде берген жоқ, ақиқаттан айныған емес. Оны халқы бағалады. Астананы Есілдің төріне көшіргенде де халқы қолдады, әлі де қолдаймыз.  Елбасының : «Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген, өмірдің  небір шырғалаң кезеңдерінде аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар!»  деп тебірене сөз қозғауы елі үшін туған ер екендігінің айғағы. Жүрегі жомарт, ақылы дәрия, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақ  қазақ халқы  данышпан –даналарды, кемеңгер ғалымдарды, алып батырларды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірді емес пе?  Осындай қазақ халқынан дарабоз дарынның дүниеге келуі  заңдылық.  Елбасымыз  халқымызды қадірлеп, бағалауда ерекше ой тебіреністерімен бөліседі. «Мені де осы халықтың дүниеге келті-ріп, менің де Ұлы даланың қасиетті топырағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын, жомарт халқымнан, дана халқымнан, көнтерілі халқымнан!” – деп тебірене жазатыны сондықтан.

Мемлекеттігіміздің негізін қалап , еліміздің көсегесін көгертіп, әлемге танытып, көрегендікпен өрге сүйреп келе жатқан  Көшбасшымызға  тек  жақсылық тілеймін. Уақыт –жинақтауға, көбейтуге, кері қайтуға көнбейтін құдірет қой. Уақытпен ұстаса білген адамдар ғана ұтады. Алмас тасындай жарқылдаған Президенттің уақытпен салыса жүруі – мінезінің ең асыл қырларының бірі ме деп ойлаймын.  Сондықтан  төзімділігі мен нақтылығы үшін де шексіз алғысымды білдіремін.

Елбасымыз  әлемдік мінберлерден әлемдік толғаныстарды толғап жатқанда,  жер бетіндегі күллі адам баласының тағдырына шырылдап араша түсіп жатқанда, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған  осындай заманымызда  бар ақыл-ойымызды , күш-жігерімізді бүгінгі бақытымызды баянды етуге жұмсауымыз керек.  Бүгінгі табысымызды еселейтін, елді алға сүйрейтін  жастардың намысшыл жаңа буынын нағыз Отаншылдарды тәрбиелеуді қолға алуымыз керек деп ойлаймын.

Иә,  менің президентіме жаза берсем тілегім көп. Жоғарыда маңыздыларын келтіруге тырыстым. Сөз қадірін ерекше бағалаған халқымыз аз сөзге көп мағына сыйдыра алған ғой. Мен де шама-шарқымша  ойларымды ықшамдап, тілектерімді топтадым. Алайда менің айтайын дегенім – бұл тек жалғыз

менің емес, барша Қазақстандықтардың тілегі екенін оқырман ескерсе болғаны!