Отбасы мәселелеріндегі сауаттылық

Қамбаралиева Индира Талғатқызы

«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық

-педагогикалық тұрғыдан қолдау»

кафедрасының аға оқытушысы

Отбасы тәрбиесі, кең мағынада – балаларды әлеуметтендіру мен тәрбиелеудің бастапқы түрі, бұл процестің барысында тұлға дамиды және қалыптасады.

Отбасының тәрбиелік қызметіне елімізде орын алған келесі үрдістер, құбылыстар мен процестер ықпал етіп отыр: ата-аналары бола тұра, жетім балалар, ата-аналар қамқорлығынан айырылған балалар, қараусыз қалған балалар проблемалары; отбасыларда әйелге (ерлерге), балалар мен қарттарға зорлық жасау мен қатал қараудың пайда болуы; ата-аналар мен балалары арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы; балаларының ата-анасына, ата-анасының баласына жат болуы; бала тұлғасының қалыптасуындағы ер азамат ықпалының айтарлықтай әлсіреуі, жеткіліксіздігі; ата-аналар мен балалардың белгілі бір тобының алдағы болашағынан күдер үзуі; жалпыға танылған нормадан тәртібі ауытқыған балалар санының өсуі (шылым шегу, алкоголь және нашақорлықпен әуестену, ұрлық, зорлық, жезөкшелік және т.б.); отбасылардың салауатты өмір салтын ұстануға даяр болмауы; ата-аналардың педагогикалық мәдениетінің төмендігі және сәйкесінше, отбасылардың басым бөлігінің тәрбиелік әлеуетінің әлсіздігі, жасөспірімдер мен бойжеткендердің отбасылық өмірге даяр болмауы және т.б.

Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық жаңғырту процестері, білім беру саласындағы оң өзгерістер аталмыш проблемаларды шешуге, отбасылық тәрбиенің әлеуетін арттыруға берік негіз болады.

Отбасылық өмірдің барлық тәртібі ықпалымен өсетін адам тұлғасының адамгершілік және қоғамдық бағыттылығы, оның құндылықты бағдары мен психологиялық тұғыры қалыптасады. Ата-аналар және педагогтар одақтас болған жағдайда ғана бала мүддесін көздеген іс-әрекеттері табысты болады, ол баланы жақсы білуге, оны түрлі жағдайда көруге, үлкендерге балалардың жеке ерекшеліктерін түсінуіне, олардың қабілеттерін дамытуға, өмірлік құндылық бағдарын қалыптастыруға, мінез-құлқындағы теріс әрекеттер мен көріністерді жеңуге мүмкіндік береді. Сондықтан, педагогтар әрбір тәрбиеленушінің отбасымен әріптестік қатынас орнатуы, өзара көмек және ортақ мүдделілік ахуалын құруы тиіс. Отбасы баланың бойында ерте балалық кезден-ақ адамгершілік құндылықтарды, саламатты өмір салтын құру бағдарын қалыптастыруы тиіс. Сол себепті, педагогтардың басты міндеттері ретінде келесілерді атауға болады:

− ата-аналарды ересектер және балалардың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынас жасау тәсілдеріне, әдістері мен стиліне үйрету;

− позитивті және келеңсіз жағдайларды сезінуіне көмек көрсету.

Мектеп және отбасының өзара іс-әрекеті нәтижесінде екі жақ та дамиды. Өзара тану, өзара түсінісу, өзара ықпал ету – өзара іс-әрекеттің негізгі көріністері мен сипаттамалары болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, өзара ықпал етудің ынтымақтастық түрі ең тиімді болып саналады.

Мектеп және отбасының ынтымақтастығы келесі жағдайлармен үйлестіріледі:

− тәрбиенің біртұтас субъектісімен;

− бала тәрбиесінің ортақ мақсаттары және міндеттерімен;

− педагогтар және ата- аналар іс- әрекетінің келісілген қажеттілігімен;

− бала проблемасын шешуде мектеп және отбасының күш салуын біріктіру мүмкіндігімен;

− отбасылардың, сынып және мектеп ұжымдарының, өзара іс-әрекетке қатысушыларының әрқайсын өзара толықтыру мүмкіндігімен.

Педагогтар мен ата-аналар одағын құруда маңызды рөл педагогтарға (мектеп директоры, директордың орынбасары, сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог) тиесілі.

Білім беру ұйымдарында мектептің отбасымен жұмысын көрсететін түрлі бағдарламалар (кешенді «Тәрбие» бағдарламасы, мектептің өзге де әлеуметтік институттармен өзара әрекеттесу бағдарламасы, «Құқықтық тәрбие», «Салауатты өмір салты» бағдарламасы, тұлғаға-бағдарлай оқыту үлгісі және т.б. ) әзірленген және нәтижелі жұмыс жасауда.

Мектептердің оң тәжірибелерін ескере отыра, отбасында тәрбиелеу процесін жақсарту, балалар құқығын қорғауды күшейту, қоғамдағы жат құбылыстардың отбасына тигізер теріс ықпалын азайту көзделген жаңа мақсаттар мен міндеттер белгіленуде.

Білім беру ұйымдарында оқушылардың ата-аналарымен ынтымақтастықтың, оларды балалармен бірге орындалатын шығармашылық және әлеуметтік маңызды іс-әрекетке тартудың түрлі формалары қолданылады.

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Мұқанов Ы.Б. Жас және педагогикалық психология. Алматы, 1991.
  2. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1999. – 160 бет.
  3. Бейсенбекова Г.Б., Молдабаева Р.А., Нұрғалиева С.М., Жас ерекшелік психологиясы. Оқу құралы. – Қарағанды. ЖК «Ақ Нұр баспасы», 2012. –
  4. Қ. Жарықбаев. Психология. Оқулық. Алматы, «Білім», 1994ж