Оқушыларға патриоттық
тәрбие берудің маңыздылығы
Аскарбекова Айгуль Калиевна
Ескелді ауданы, Қарабұлақ кенті,Қарабұлақ орта мектебі

Ұрпағымызды кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіргіміз келсе, бар назарды келешек ұрпақ тәрбиесіне аударуымыз қажет. Қазіргі білімнің болашағы мол факторларының бірі – патриоттық тәрбие.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік білім құжаттарында маңызды орынды патриотизм, патриоттық тәрбиеге береді. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары өзінің «қазақстандық» екенін мақтанатындай етіп тәрбиелеу үшін педагогика, халық педагогикасына сүйену қажет екенін айтады.
Патриоттық тәрбиенің мазмұны мынадай қасиетті қалыптастыруды көздейді: Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту; өз отанының болашағы үшін, мамандығы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеріп сүйе білу халқының салт – дәсүрін, ерекшеліктерін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай – ақ басқа ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру.
Қазақстандық отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, елдегі барлық халықтарды достық қатынасқа тәрбиелеу аса маңызды міндет. Қазір Қазақстан Республикасы – тәуелсіз мемлекет. Мұнда көптеген ұлттар мен халықтардың бір – бірімен тату – тәтті, сыйластық, ынтымақта қатынас жасауы тиіс. Қазақстан олардың бәрінің отаны болғандықтан біздің елді мекендеген барлық халықтар отаншылдық рухында тәрбиеленуі қажет. Мектеп оқушылары арасында жүргізілген жұмыстарымызда, сабақтарда оларды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек. Ал қазақ жастарын отаншылдыққа тәрбиелеуге үлкен міндеттер жүктеледі. Өйткені, Қазақстанның байырғы тұрақты халқы – қазақтар, жердің де, елдің де негізгі, түпкі иесі солар. Сондықтан да алдымен қазақ жастарын отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ерекше маңызды.
Болашаққа жоспар құрсаң баланы тәрбиеле, деп шығыс нақылында айтылғандай, жас ұрпақты патриоттық тәрбие негізінде тәрбиелесек егеменді еліміздің көк байрағы көк аспанда мәңгілік желбіремек.
Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» аталып өткен.
Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық.
Біз патриоттық тәрбие беру шеңберінде азаматтық – патриоттық тәрбие, қоғамдық – саяси және құқықтық тәрбие, рухани – адамгершілік тәрбие беру секілді бағыттарды дамытуды көздейміз. Аталған бағыттар бойынша жұмыстар оқушылар бойында нық азаматтық ұстаным мен патриоттық сананы қалыптастыруға септігін тигізеді.
«Біз тәуелді болып, еңбектеп, басымызды иген-де халықпыз. Тізерлеп ырған да халықпыз. Біз халқымызға мынаны түсіндіруіміз керек: тіземіз ендігі жерде ешкімге бүгілмейді, бұдан былай ешқашан еңкеймейміз-де. Тік тұрған халқымыз бойынша тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін біз жанымызбен, тәнімізбен қызмет етеміз. Тіпті сол үшін жанымызды пида қылуға дайынбыз деп өзімізді-де, жастарды да тәрбиелеуіміз керек.»
Мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің өткені мен дәл бүгінгі таңдағы жай-күйін зерттеу барысында оның әдісі, тәсілі мен формаларының сан алуан болғанына және оларды бүгінгі күн жағдайына бейімдеп қолданудың мүмкіндігі мол екеніне көзіміз жетті.
Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгіліктілік, өз елін сүюге баулап келеді. Бұл берік қалыптасқан дәстүрді ұлттық тәрбиенің өзегі, діңгегі десе-де болады. «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дей келіп, адамның ұлы болу үшін кісіге «нұрлы, ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» керектігін ұлы Абай да жеріне жеткізе өсиет етіп кетті.
Бұл сапалар бүгінгі мектебімізде жеке тұлғаны қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде аса қажет.
Патриоттық тәрбиені ойға алғанда, бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Сондықтан осы түсініктің санада орнығуына байланысты патриотизмнің мынадай екі қырын көруге болады:
1. Отан туралы жалпы түсінік. Ол халықтың дамуы, тарихы, қорғаныс тәсілдері, патриоттық пікірлер, көңіл күйі, дәстүрлері мен саналы сезімі кіреді.
2. Патриотизмнің теориялық деңгейі. Ол — Отанның құрылуы, дамуы, сақталуы, оның егемендігі мен тәуелсіздігі туралы ғылыми білімдерді жете меңгеруі. Отанға қызмет көрсету турасындағы патриоттық идеялар, патриоттық мінез-қылық нормалары.
Патриотизмді қазіргі көзқараспен ұлтжандылыққа, елжандылыққа сыйғызамыз.
Олай болса, патриотизм — қоғамдық сананың бір формасы, ол тарихи және топтық категория бола отырып қоғам дамуымен бірге дамып жаңа мағынаға, мазмұнға толықтырылып отырады. Патриотизм — әлеуметтік тарихи қалыптасқан сезім. Ол Отанға деген сүйіспеншілік сезім, олай болса ол Отанға қызмет көрсетуден басталады. Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа ең алдымен — тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл — қазақ болуымыз үшін, дін — адам болуымыз үшін, салт-дәстүр —ұлт болуымыз үшін қажет.
Патриоттық тәрбие — өлшемдер ретінде таңдап алынған, бірнеше бөліктерден тұратын сабақтас сапа. Оған мыналар жатады:
1. Өзін өз мемлекетінің азаматы ретінде сезіну.
2. Мемлекет рәміздері мен дәстүрлерді қастерлеу.
3. Қазақ халқының тарихын білу қажеттілігі.
4. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін түсіну.
Қорыта айтқанда көркем шығармалар негізінде жеке тұлғаның дамуы мен тәрбиесін қазақстандық патриотизм рухы негізінде жүзеге асыру — өзекті-де, күрделі мәселе болып табылады.
Бүгінде «Мен патриотпын» деген замандастарымыздың бойынан нағыз ұлтжандылық сезімнен гөрі, мендік патриотизм өріс алғанын байқаймыз. Яғни, олар өзінің бас мүддесін бірінші орынға қояды, ұлттық, елдік мақсат келесі орынға қалады. Сондықтан әр адамның бойынан өзімшілдік, менмендік, текөз пайдасын көздейтін пиғылдан арылту үшін, ұлтжандылық тәрбиесіне баулу керек. Ол ата-бабаларымыздың ерлік істерінен, аңыз әңгімелерінен, батырлар жырынан мысал келтіре отырып, солардан үлгі алу, өздерін солардың ұрпағы екендігіне көз жеткізе отырып, еліктету арқылы іске асыруға болады. Сондықтан әр адамның бойына Отанға, халқына шын берілгендіктен, ата-салтына, ел тарихына деген құрмет, ерлік рухы қалыптасуы керек.
Патриоттық тәрбиенің объектісі мен қайнар көзі — Отан десек, оның мазмұны — байлықтары, тілі, дәстүрі, тарихи ескерткіштері, туған өлкедегі киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі-де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. Олай болса, патриоттық тәрбиенің қазіргі кезде алатын орны ерекше.