БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗІРГІ  ЗАМАНҒЫ ЖАҢАША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР.

НҰРЫМБЕТОВА ГҮЛСАМАЛ САҒЫНҒАЛИҚЫЗЫ

М.ТӘЖИН АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕБІ

Қ.Р ПЕДАГОГТАРЫНЫҢ ІІІ ДЕҢГЕЙЛІК СЕРТИФИКАТ ИЕГЕРІ

 

«Білім беруді  жаңартуды жалғастыру қажет».

(Н.Ә.Назарбаев:Қазақстан халқына кезекті жолдауынан)

 

Қазіргі кезеңде Қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Осыған орай мұғалім қызметінің мазмұны жаңарып,жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет етеді.Ондай мүмкіншілік тек білім арқылы келеді.                                   Білім — қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі — адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру мен дамыту. Осыған сәйкес  егеменді еліміз өзінің дамуының ең басты алғы шарты — білім беру жүйесінің білім ғасырындағы міндеті мен мазмұнын айқындап берді.Білім беру сатыларының сабақтастығын камтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі, оқу мен тәрбиенің бірлігі, білім беруді басқарудың демократиялық сипаты, білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциялануы, ақпараттануы, оқушыларды кәсіптік бағдарлау, білім беруді саралау, ізгілендіру – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері.Білім жүйесін дамыту стратегиясының басты мақсаты – ұлттық білім моделін жасау.Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты — адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру.Яғни, XXI ғасырдың мұғалімі – жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар бойынша ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, ұлттық менталитеті жоғары, кәсіби білікті маман, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасатын, кез келген ситуациядан шығудың жолын таба алатын, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда белгілі бір рөл атқаратын, қайталанбайтын дара тұлға болуы тиіс. Ал мұндай мүмкіндіктің негізі —  білімде.Білім мазмұны жаңа үрдістік біліктермен, ақпаратты қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде. Атап айтқанда:

  • Есте сақтауға негізделген оқып білім алудан, бұрынғы меңгергендерді пайдалана отырып, ақыл-ойды дамытатын оқуға көшу;
  • Білімнің статистикалық үлгісінен ақыл-ой әрекетінің динамикалық құрылым жүйесіне көшу;
  • Оқушыға орташа деңгейде білім беретін бағдарламадан жекелеп, саралап оқыту бағдарламасына көшу.

Кез-келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарлығы, дүние жүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапалығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Ендеше қазіргі заманның ақпараттық технологиясын білімін игеру міндетіміз.Білім беру – аса күрделі әлеуметтік-экономикалық механизм. Оны реформалаудың мәселелері де сан қырлы. Қазіргі кездегі Республикамызда қолға алынған білім беру жүйесін реформалау ісі осы саланың экономикалық-ұйымдық, құқықтық, құрылымдық жақтарын түбегейлі өзгертуге бағытталған біртұтас кешенді шаралармен тығыз байланысты. Осыған орай,   соңғы   кезде   оқытудың  әр   түрлі   педагогикалық технологиялары жасалып, мектеп өміріне енгізіліп жатыр. Олар мыналар:    Лысенкованың алдын ала оқыту, Хазанкиннің   есептер   шығару,   Палтышевтің   физикадан есептер  шығару,   Шаталовтың  интенсивті  оқыту  (тірек сигналдарын пайдалану арқылы), Эрдниевтің ірі блоктан оқыту, мәселелік оқыту, оқытудың белсенді әдісі, т.т.Ал соңғы жылдары оқытудың модульдік технологиясы мен В.М.Монаховтың, Дьяченконың оқытудың ұжымдық тәсілі, сондай-ақ, профессор Ж.Қараевтың оқытуды дербестендіру мен дифференциалау және білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру ұстанымдарына негізделген жаңа педагогикалық компьютерлік технологиясы еліміздің көптеген мектептерінде қолданылып жүр.Мектептерде жүргізіліп жатқан қазіргі тәжірибелік-сынақ жұмыстардың  басты  міндеті  жаңаша  оқытудың педагогикалық технологиясын оқыту үрдісіне енгізу болып табылады. Мәселен, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдовтың бірлесе жасаған “Дамыта оқыту жүйесі” бір-бірімен тығыз байланысты әрі мынадай ұстанымдардан құралады:

  1. Жоғары деңгейдегі қиындықта оқыту.
  2. Теориялық білімнің жетекші рөлі.
  3. Оқу материалын жеделдете оқыту.
  4. Оқу үрдісін оқушының сезінуі.
  5. Барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.

Л.В.Занковтың оқыту жүйесінде оқушы өзін емін-еркін сезінеді, оның әлеуметтік мүмкіндігі мен дербестігінің дамуына жағдай жасалады. Осы жүйеде оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-катынастың іргетасы қаланады. Мұғалім түсіндіруші, оқытушы тұрғысында емес, оқушының оқу әрекетін ұйымдастырушы, бағыттаушы ретінде көрінеді.

Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың зерттеулері оқу әрекеті және оның субъектісін қалыптастыруға бағытталған. Оның құрылымы мынадай: оқу-танымдық мотивтер, оқу тапсырмалары, оқу амалдары, оқу операциялары.

Педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің міндеті жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, жаңа технология бойынша әдістемелік жүйенің басты бөлігі оқыту мақсаты болып қалады. Сондықтан танымдылық іс-әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Бұл әдістемелік жүйенің басқа бөліктерінің де (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) өзара байланысы қалпында өзгертілуін талап етеді. Мұны орындау үшін төмендегідей ұстанымдар жүзеге асуы тиіс.

  1. Оқушылардың өзіндік іздену іс-әркетінің әдістерін меңгеру талап етіледі. Өйткені бұл әдістердің күнделікті пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Яғни жаңа жағдайдағы «оқыту әдістемесі» деп отырғанымыз: «оқушы — мұғалім» ұстанымының өзара тығыз байланыстылығы. Демек, мұнда бірінші орында оқушы тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.
  2. Жаңаша оқытудың негізгі түрлері: оқытудың дербес және топтық түрлері болып табылады. Бұл жерде алға қойылатын басты мақсат — оқушыға деген сенім, оның өз ісіне жауап беру мүмкіндігіне сүйеніп беделі мен қадір-қасиет сезімін дамыту. Ал оқытудың фронтальды түрі көбінесе, бағыт беру, талқылау және түзету енгізуде ғана пайдаланылады.
  3. Жаңа технологияның мақсаты бойынша «оқытуды ізгілендіру» қажет. Бұл үшін оқу құралдары оқушылардың өздігінен танымдық іс-әрекетін жүргізе алатындай болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан оқушылардың өз бетімен білім алуына аса бейімделген жаңа типтегі оқулықтар керек-ақ.

Жаңа технологияның тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теория — Л.С.Выготскийдің «оқыту үрдісінде оқушының ақыл-ойының дамуы «актуалды даму» аймағынан жақын арадағы даму» аймағына ауысуы туралы теориясы. Бұл ауысу тапсырмаларды қайталап орындауға ғана арналған бірінші деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін келесі деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады. В.П.Беспалько бұл деңгейлерді төртке бөледі: бірінші деңгей — «міндетті, оқушылық», екінші — алгоритмдік, үшінші — эвристикалык, төртінші — шығармашылық.

Ендеше оқушылардың білім, білік, дағдыларын жетілдіру үшін оқытудың жаңа технологиясы негізінде дифференциалдық және дербес деңгейлік ұстанымдарының талаптарына сәйкес өткізілетін әр түрлі сабаққа арналған жаңа ұрпаттағы оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Бұлар — әңгімелесуші-оқулықтар мен оларға қосымша төрт деңгейдегі тапсырмалар берілген жұмыс дәптерлері.

Әңгімелесуші-оқулық бойынша жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеріп, анықтама мен ережелерін өзі шығарады. Қарапайым жаттығу-мысалдармен оларды бекіткеннен кейін жұмыс дәптерлеріндегі деңгейлік тапсырмаларды орындауға көшеді.

Оқытудың жаңа технологиясы жағдайында оқушылардың өздігінен жүргізетін танымдық іс-әрекеті үшін тапсырмалар күрделілігі төрт деңгей бойынша құрастырылып, ондағы барлық деңгейдегі тапсырмалар қызғылықты мазмұндалған болса оқушыларда ынталану пайда болады. Мұндай жаңа технология бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдер үзіліс кезінде де оқушылардың сабақтан бас алмайтындығын айтады. Өйткені оқушылар өзара бәсекелесе отырып жұмбақ, сөзжұмбақ, ребус, математикалық басқатырғыштар сияқты әр деңгейдегі тапсырмаларды шешуге ұмтылатыны даусыз. Бұл жерде “үлгерімі кейіндеп қалып, өз құрбыларын белгілі бір себептермен қуып жете алмайтын оқушылармен қалай істеуіміз қажет?” деген сұрақ туады. Бұл мәселенің де оңды шешуі қарастырылған. Олар мыналар:

  • барлық тапсырмаларды мезгілінде орындаған оқушылар үлгермеушілерге көмектеседі;
  • сыныптың басқа оқушылары өздігінен жұмыс істеп жатқан кезде мұғалім үлгерімі төмен оқушыларға дербес көмек көрсетуіне уақыты болады.

Деңгейлік тапсырмаларды енгізудегі басты мақсат – сынып оқушыларын «қабілетті» және «қабілетсіз» деп жасанды әр түрлі жіктерге бөлуді болдырмау. Осы арқылы және дербес оқыту, сонымен қатар барлық оқушыға қатысты ізгілендіру ұстанымдары сақталады. Сондай-ақ деңгейлеп оқыту барысында оқушының бірінші деңгейдегі тапсырмаларды дұрыс орындағаны есепке алынып отырады. Демек, қандай оқушы болсын, өзінің жақсы оқитындығына қарамастан «оқушылық міндетті», яғни бірінші деңгейдің жұмысын орындаумен бастайды. Нәтижеде бұл барлық оқушыларды тірек білімімен қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы талаптарына сай міндетті бірінші деңгейді толық игеруін жүзеге асырады.   Жалпы жаңа педагогикалық технологияда бағалау үрдісі арнайы «қосу» әдісімен жүзеге асырылады. Бағалау жүйесінде оқушы білімінің ең төменгі деңгейі негізге алынады және ол деңгей мемлекеттік стандарттың ең төменгі талабына сәйкес келеді. Дарындылығына, бейімділігіне, жоғары даму деңгейіне қарамастан оқушылардың барлығы бірінші деңгей тапсырмаларын дұрыс орындауы шарт. Бірінші деңгейдегі барлық дұрыс және мезгілінде орындалған тапсырмалар есепке алынып отырады

Жаңа педагогикалық мұндай технологиялар арқылы оқытуды ізгілендіру мен демократияландыруға, оқушылардың өздігінен бағыт-бағдарын анықтап, дамуына, ең бастысы, өзін-өзі тәрбиелей алатын тұлға ретінде калыптасуына жағдай жасауға болатыны күмәнсіз. Сондықтан да білім беру жүйесінің алдында тұрған басты мақсат: жаңа технологияның талаптарына сай жаңа оқулықтар буынын жазу. Бұл жаңа оқулықтар мен дидактикалық құралдардың ерекшелігі сол, олардың мазмұнын қысқа мерзімде ешқандай бейімдеусіз-ақ компьютерге кіргізуге болады екен. Себебі, бұл құралдардың құрылымы электрондық оқулық құрылымдарына ұқсас.

Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға  қажетті  объективті  әдістемелік  мүмкіндіктерін қамтиды.

Жеке тұлғаның өзін-өзі дамыту технологиясында оқу пәндері әдістемелері мен білім беру технологияларын жоспарлау жүйесі қолданылады.

Пәндердің әдістемесін қолдануды жоспарлау мынаған келіп тіреледі, яғни әр оқушының өз кезеңі барысында мұғалім оған қажетті әрбір жаңа педагогикалық технологиялар мен әдістемелерді міндетті түрде пайдалануы қажет. Бұл үшін мына төмендегі түсініктерді ескерген жөн:

  • қатар отыратын екі сыныптағы оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейлерін ескеру;
  • әдістеме мен технологияның бір бірімен сабақтастығы;
  • оқушының өз бетінше іс-әрекет жасау тәсілдерін меңгеруіне мұғалім тарапынан көмек беруді біртіндеп азайту;
  • параллель сыныптардағы сынып топтарының ерекшеліктерін ескеру;
  • мұғалімдердің ықыласы мен шеберлік деңгейінің , болуы т.б.

«Кез келген білім бағдарламасының табысты орындалуы мұғалімге байланысты. Оның кәсіби шеберлігі нысаналы бағдарламаны да, оқу жоспарын да биік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ете алады, ал мұғалімнің кәсіби дәрменсіздігі істі құлдыратады»-делінген.Осы орайда педагогикалық-психологиялық  білім бағдарламасының табысты орындалуына,оку жоспарын биік деңгейде жүзеге асыруға,нәтижеге бағытталған білім беруге кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденіс қажет екендігін айтқым келеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

  1. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы».
  2. Қазақстан Республикасы “Білім мемлекеттік бағдарламасы” .Қазақстан мұғалімі. – 2000. — №33-34
  3. Таубаева Ш.Т., Барсай Б.Т. Оқытудың қазіргі технологиялары Бастауыш мектеп. — №3, 4, -1999.
  4. Мейірманқұлова Т. Білім берудегі инновациялық технологиялар. Алматы,2000ж.
  5. Бегалиев Т.Б. Педагогика. Тараз: ТарМУ, 1999.
  6. С.А.Мұсаева,Т.Б.Бегалиев. Жас ерекшелік педагогикасы .Астана-2006.
  7. Айтмамбетова Б.Р. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері./23-лекция/ — Алматы.1991.
  8. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы,-2000.
  9. Монахов В.М. Технологические основы проектирования и конструирования учебного прцесса. Волгоград: — Перемена.-1995.
  10. Репкина Н.В. Что такое развивающее обучение? М., 1993.
  11. Педагогикалық ізденіс. – Алматы: Рауан, 1990.
  12. Выбор методов обучения в средней школе. Под ред. Ю.К.Бабанского. – М.,-1981.
  13. Махмутов М.И. Мектепте проблемалық оқытуды ұйымдастыру. Алматы : Мектеп.- 1981.