Талдықорған қаласы

Ш.Уәлиханов атындағы №  10 орта мектеп-гимназияның

                                                               қазақ тілі мен әдебиеті пәні  мұғалімі

Жирикова Назгуль Байгулжановна

 

Қазақ әдебиеті сабақтарында сыни тұрғысынан ойлау

әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады.Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» дегені белгілі. Қазіргі заман мұғалімі жаңалыққа құштар болып, шығармашылықпен жұмыс істесе, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген болса ғана білімі мен білігі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде балалардың коммуникативтік қабілетін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Коммуникативті қабілетті дамыту жеке тұлға құзыреттілігін арттыруды қажет етеді. Құзыреттілік жалпы қабілеттілікте байқалатын, оқу үрдісінде және әлеуметтендіруде пайда болатын,өз бетімен табысты іс-әрекетке қатысуымен білім және іс-тәжірибесіне негізделген тұлғаның интеграциялық қасиетін қарастырса, онда коммуникативтік құзіреттілік өз ана тілін және басқа тілді білуді қарастырады.
 Коммуникативтік құзыреттілік жеке тұлғаның рухани өсуін қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі.Сондықтан мұғалім алдына мақсат қоя білетін, анық та дұрыс сөйлей білетін, өз ойын жарыққа еркін шығара алатын, түсіне білетін, қызығушылықпен тыңдай алатын адамды өмір жолына аттандыра білуі керек.    Коммуникативтік құзыреттілікті дамыту үшін жүргізілетін жұмыс түрлері оқушылардың қатысым және жазылым қарым – қатынасын қалыптастыруға, сөйлеу тілін дұрыс меңгеруге, жеке тұлғаның құзыреттілік қатысымдылығын жүзеге асыруға ерекше ықпал ететінін көруге болады.  Осылайша мұғалімнің оқудағы құзыреттілікке бағыт – бағдар беруі оқушылардың ой-қорытынды жасауына, өз ойын айта білуіне, оны күнделікті өмірде пайдалана білуіне көмегін тигізеді.

Оқыту барысында өз сабақтарымда оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту мақсатымен  сын тұрғысынан ойлау технологияның  әдіс-тәсілдерін қолданамын.  Сын тұрғысынан ойлау — бұл кез-келген мазмұнды сынау емес, оны зерттеу, бақылау, талдау, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы өзінің ойлау негіздерін сыни тұрғыда дамыту. Оқушының белсенділігі артып, жан-жақты талдауға, ойын ашық айтуға, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауға үйренеді.

Сын тұрғысынан ойлау сабақтарының  алғашқы бөлігі міндетті түрде қызығушылықты оятуға арналады, екінші «мағынаны тану» кезеңінде жауаптар іздеу, мәселені зерттеу, талдау жұмысы жүреді, үшінші «ой толғаныс» кезеңінде ойлау  үрдісінің ең жоғарғы сатысында мәселе талқылады. Әр кезеңінде сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілдерінің ең тиімдісі  қарастырылады. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының ең басты өлшемі-оның тиімділігі, нәтижелігі, жаңашылдығы. Мақсаты:білім алуға ұмтылатын шәкіртке жол көрсету, оқуға қызығушылығын ояту, сабақта оқушыны ізденіске бағыттау, оның шығармашылық тұлғасын қалыптастыру.Тиімділігі: оқушыларды өз ойын еркін жеткізуге дайындау, сабақты өткізу барысында әдіс-тәсілдердің барлығы үш кезең арқылы жүзеге асуы, мұғалімнің сапалы сабақ өткізуіне мүмкіндік туғызу, ғылыми-теориялық тұжырымдамаларының тереңдігімен ерекшеленеді. Нәтижесі:оқушының қызығушылығын арттырады, іскерлік дағдысы, ойлау белсенділігі, тапқырлығы, өзіне деген сенімі қалыптасады, терең білім алуға жағдай жасап қана қоймай, коммуникативтік қатынасын қалыптастырады, оқушыны ізденіске жетелейді.

Қызығушылықты ояту кезеңі- үйрену үрдісі. Оқушының бұрынғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Сондықтан да сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Бұнда ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркендіргіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге  «Жұпта талқылау»,  «Топтау», Түртіп алу», «Болжау», «Әлемді шарлау» әдістер жинақталған.
Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты — үйренушінің белсенділігін , ынта-жігерін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады. Жұбымен,тобымен талқылайды.
Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады. Және де жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады. Қызығушылықты ояту кезеңіндегі әдіс-тәсілдер: «Болжау кестесі», «Тірек сөздер», «Венн диаграммасы»,  «Топтастыру», «Миға шабуыл», «Адасқан әріптер», «Ой қозғау».

Ойлану мен үйренуге бағытталған екінші кезеңі- «Мағынаны тану». Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетінше жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауға көмектесетін әдіс-тәсілдер бар. Үйренушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға , яғни байланыс құруға дағдыландырады.

«Мағынаны тану» кезеңінің әдіс-тәсілдері: «Пікірталас», «Аквариум» , «İNSERT», «RAFT», «Джиксо», «Кубизм», «Геометриялық фигуралар», «Бір айналым сұхбат», «Түртіп алу», «Жұпта талқылау», «Бағытталған оқу», «Т кестесі», «Талдау картасы».

«Ой толғаныс» үшінші кезеңінде күнделікті оқыту үдерісінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Одан гөрі үйге тапсырма беру, оны түсіндіру, баға қою сияқты шараларға уақыт жіберіп аламыз. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап , оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде  білім алу жолына қарап, өзгерістер енгізеді, яғни нағыз білім шыңына көтеріледі, үлкен әлемге енеді. Сол білім арқылы өзінің өзгергенін сезінеді,  даналыққа бастау алады.

Толғануды тиімді етуге лайықталған «Бес жолды өлең», «Венн диаграммсы», «Еркін жазу», «Екі түрлі түсініктеме күнделігі», «Ойлану стратегиясы» т.б. әдіс-тәсілдер әр сабақтың ерекшелігіне қарай лайықты қолданылады. Олар оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын, ой түйістіруін қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.
«Ой толғаныс» кезеңінің әдіс-тәсілдері: «Эссе», «Топтастыру», « Пирамида», «Құндылық сызығы», «Т кестесі», « Бес жолды өлең (бестармақ)», «Түйін сөз», «Семантикалық карта», «Концептуалды кесте», « Бір айналым сұхбат».

  Қазақ әдебиеті сабақтарында келесі әдіс-тәсілдерді жиі қолданамын: «Ой  қозғау», «Эстафета», «Ара ұясы», «Оңай, қиын сұрақтар», «Топтастыру», «Ойлан, жұптас, пікірлес», «Ыстық орынды», «Адасқан әріптер», «Кубизм», «Бестармақ», «Миға шабуыл», «Тұлғаны танып біл», «Венн диаграммасы», «Мазмұнды сызба», «Үшбу хат», «Жарнама», «Интервью», «Ойлаудың алты қалпағы». Тапсырмалар оқушылардың  жас ерекшеліктеріне  сәйкес құрылуы тиіс. Оқушылар өз бетінше ізденуді, жұпта, топта жұмыс істеуді, сыни тұрғыдан ойлануды, тұжырым жасауды, сұрақ қоюды, қорытынды жасауды үйренеді.  Өз жұмысын сыни тұрғыдан бағалауды, өзара бағалауды үйренеді. Сөйлеу, ойлау дағдыларын жетілдіреді, диалогке түседі. Оқушылар еркін сөйлеп, ойларын ашық айтуға, білімді өз бетімен меңгеруге дағдыланады.

Нәтижесінде бәсекеге жан-жақты қабілетті, сыни тұрғыдан ойлай алу қабілеттері жоғары, қабілеттері шыңдалған жеке тұлға қалыптасады. Оқушының пәнді терең түсіну қабілетінің дамуына, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуге мүмкіндік береді.

Бұл әдіс-тәсілдер жеке тұлғаның ойлау қабілетін дамытуға, коммуникативтік қабілеттерін шыңдауға, қолайлы шешім қабылдай алуға негіз болады.

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт:

  1. Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек;
  2. Оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;
  3. Әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;
  4. Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;
  5. Кейбір оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының
    дәлелді, дәйекті болуын талап ету;
  6. Сын тұрғысынан ойлауды бағалау.

Сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілдер оқушыға келесі мүмкіндіктер береді:

  • -мұғалімге тәуелділіктен арылып, өзінің білім беру қызметін өздері басқаруға;
  • -білім мәдениеттілігі мен маңыздылығын түсініп, қажетті іс-әрекетті белсене және өз бетінше орындауға;
  • -жеке ерекшелігі мен қабілетіне сай тапсырмаларды өзі таңдап, іздеп тауып, белсене орындауға;
  • -білім мен мәдени құндылықтарды игеру ісін топтасып және ұжымдасып мұғалім көмегінсіз атқаруы;
  • -құр мәлімет алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге;
  • -рухани және әлеуметтік жағынан өздерін- өздері дамытып тәрбиелеуге;
  • -еркін жұмыс істеуге;
  • -оқу үдерісіне белсене қатысуы.

Сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілдерін сабақ үстінде қолдану барысында  төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады:

1.Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау;

2.Сенімділікке тәрбиелеу;

3.Қиялын дамыту, « менің ойымша» деген жауапқа алуға жағдай жасау;

  1. Әртүрлі жауапты соңына дейін тыңдау;
  2. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау;
  3. Баланың рухани өсуіне әр сабақта жағдай жасау;

7.Жеке тұлға ретінде « мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.

Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді , өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі  сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Оқушы шығармашылығын дамыту ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Бұл қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік.