Оқытушыларыма   қарыздармын

 

 

                           «Ұстаздық еткен жалықпас,  үйретуден  балаға»

                                                                          

                                                                                   Абай Құнанбайұлы

 

 

 

 

      Кейде өзіңнің   атқарып жүрген қызметіңе  марқайып , көңілің көтеріліп  мақтаныш  сезімі пайда бола кетеді екен?

Әсіресе, жақында Елбасы «Мәдени мұра » бағдарламасы бойынша дөңгелек үстел өткізген кезде, тарихшыларды  бөліп айтқан кезде  өз мамандығыма деген ерекше бір қуаныш сезімі пайда болды.

Сол кезде өзіңе білім берген,  оқу-білімге және ғылымға қызығушылыңды оятқан

ұстаздарыңды  ризашылықпен есіңе алады екенсің, олардың  еңбегі  шын  мәнінде өлшеусіз үлкен екендігіне  ешкім де дау айта алмас.

Мен  өзім де  жиырма жылдан  астам, алғашқыда  орта мектеп, кейігі 6-7 жылдан бері  жоғары  немесе орта арнаулы оқу орындарында жұмыс істеп жүрсем де , қанша уақыт өтсе де өзіме білім берген оқытушыларыма  ерекше үлкен алғыс сезімімді білдіргім келеді.

«Адамзаттың Айтматовы »  атанған  Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» деген әңгімесі болғаны белгілі. Адам баласы ұстазсыз не істей алар еді деп ойлаймын.

Мен өзіме  алғашқы ұстаз болған апайымды айтар болсам,  сол  1971 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысының, Сайрам ауданында  болатын, сол жылы мен 1-сыныпқа бардым.Бұл уақытта біз ауылда жүретінбіз.Ауыл деген –алтын бесік қой, шіркін. Менің алғашқы мектепке барған кезімде алдымнан шыққан  Орынтай Сайрамбаева  апайым  болатын.

Ол апайым қазір де  үлкен білім ордасында  басшылық қызметте екен.

Қазір көптеген әріптестерім маған «сенің  жазуың әдемі» деп жатады. Ал менің ойымша, ол сол 1-сыныптарда оқытқан апайларымның арқасы болса керек.

Апай кейде табиғатқа серуенге алып шығатын.

Себебі, біздің ауылдың  тоғайы бар еді.

Сол тоғайдағы  тап-таза  ауа,  көкпембек  тоғай , айдын көл , кішкентай кезіміздегі әлі тап-таза санамызға сондай игі әсер қалдырғаны сондай , сол әдемі бір балалық шақтың суреттері сол күйінде көз алдымда қалғаны да сондай шындық.

Бәрі-бәрі де әдемі әсер қалдырғаны сондай,  мен  сол апайыма әлі де қарыздармын, әлі де  разымын.

Қазір былай ойлаймын, шын мәнінде  нағыз ұстаз шәкірттерінің жүрегінен орын алып,  еш уақытта  оқытқан шәкіртінің есінен шықпас деп ойлаймын.

1971жылы , көп ұзамай-ақ анамның аулына ауысуыма тура келді,  мен нағашы апамның қасына ары қарай оқуымды жалғастыруым қажет болды.    Нағашы атамыз қайтыс болған соң,  анам мені  нағашы апамның  аулына апарып, сол жақта бастауыш сыныптарымдағы сабақтарымды жалғастырып кеттім.

Ықылас –Темір ауылында мені оқытқан  керемет ұстаздарым  болды.  Олардың ішінде Ермекбай ағай (фамилиясын  ұмыттым ), Гүлзада мен Шолпан апайларымыз ғана болды. Ермекбай ағайымның  орны ерекше болған  еді, себебі  Ұлы Отан соғысына қатысқан , сәл-пәл  қаталдау , дегенмен керемет білімді ұстаз бола  білді. Мен осы ағайымды  өте үлкен құрметпен және біртүрлі үлкен сағынышпен еске алғым келеді.

1971-1973 жылдары  халықтың жағдайы керемет түзеліп кетпегенмен , біраз ілгерілеу болып жатқан  кез болатын. Біздің оқитын мектебіміз   бар болғаны үш жылдық мектеп болатын.  Мен бұл мектепте  адамгершілік пен адалдық,

сұлулық  дегеннің не екендігін  түсіне бастадым десем де болатындай.

Себебі, Ермекбай ағайдан басқа да бір апайым болды, ол кісі керемет шашы ұзын

сондай әдемілігі мен  тартымдылығы бар еді. Мен сонан кейін кейде әсіресе қызығатыным, бізді оқушыларды өзіне тарта білетін  керемет мінезі бар еді.

Мен ,  есімде  нағашы апам екеуміз ғана тұратындықтан, Шолпан апай біздің үйде тұратын еді.

Жатсынбай және ақша  алмай-ақ тұрғыза беретін кез еді ол кез.

Мен сол кезді бір түрлі солай есіме алған сайын жүрегіме біртүрлі бір сезімдер –сағыныш сезімі толып кетеді.

Менің сосын,  ауылымда оқуыма тура келді.  Мұғалімдерім, орыс тілі мен орыс әдебиетінен сабақ берген  Ниязқұлова Қыздаркүл апай, күйеуі  Имантай ағай болатын. Мәкенов Аймахан ағай,  математика , алгебра мен геометриядан берген Ахмедов Асан ағай, ол кісінің баланың жанын түсіне білетін ерекше қасиеттерге  ие болғаны ешбір шүбә келтірмейді.   Сайрамбаева Орынтай апай, бұл апайым әлі де үлкен   орта мектепте  сабақ береді , өте талғампаз, киім киісі мен сөйлеген сөзін үлкен талғам білініп тұрушы еді.  Тастаева Қалбибі- қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген,біздің анамыздың  бала секілді ақ жүректігін,талантын,турашылдығын, жаңашылдығын  елдің бәрі білетін,    физика саласын медицинамен ұштастырған Аширов Қуаныш ағай, тарих пен география сабағынан берген    Жұмағұл  Жүсіпов  ағай, менің сыныптасым Бекболдың папасы , өз баласы болса да шындықты айта білетін керемет ұстаздарым,  ол кісілерді толғанбай еске алу мүмкін емес.    Мен осы ауыл мектебінде оқысам да осы аты аталған оқытушыларымнан  терең білім алғаныма  , естен кетпестей тәрбие алғаныма бүгінде көзім анық жетеді.

Мен мектепте  оқыған кезде СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы   Л.И.Брежневтің  «Тың » кітапшалары шығып жататын еді.  Міне, сол уақыттардан бері де көп уақыт өткеніне қарамастан,кейде  қазір өзім де ұстаздық қызмет атқарып жатқан кезде бір түрлі өзімде керемет ризашылық сезімдері пайда болып жатады.

Мен  өзімді керемет бақытты  сезіну үшін не істесем  болар екен?

Мен біраз уақыттан  бері  жоғары оқу орындарында  оқытушылық  қызмет атқарып жүрмін. С.М. Киров  атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің  тарих факультетінде  қазақ бөлімінде  оқыған едім. Әрине, «білім ап  саяңда, өткердік  сан жылды»  дегендей, өзім оқыған  1981-1986 жылдарда  тарих факультетінде  оқытқан  аса қадірлі  оқытушыларыма  айтар  алғысымды  жеткізуге тілім   жетер   емес.Мен үшін сол жылдары басқарған ректор, академик  Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков мырзаның  титтей де болса  өз өмірім үшін  үлкен  шапағаты тиген еді.

Әр пәннен дәріс  оқыған  немесе  мен өзім  оқыған кезде,  сол  жерде қызмет еткен  оқытушылардың  ролі өте үлкен болған еді.

Мен  бұл күндері 40-тан асқан  ұстаз болғаныма қарамастан, ол кісілердің  алдында     өзімді      17-18 жастағы  білімгер ретінде  сезінеді екенмін.  Оны өткен 2007 жылы  өткен  оқытушылар білімін жетілдіру курсында анық байқадым.  Себебі, сол жолы өзімнің  бір кездегі оқытушым Мәмбет Құлжабайұлы Қойгельді   дәріс оқыған еді, тура сол   бұрынғы студенттік шақтағыдай уыздай жас уақытымыз қайта оралғандай сезіндім.

Менің әсіресе есіме ерекше алғым келетіні тарих факультетінің  оқытушылары  — Чупеков ағайым , ол кісінің «Азия және Африка  елдерінің  тарихын», Алдабекова Нұржамал апайым,  Бурханов Камал Низамұлы ағайым,  аса танымал   ғалым-тарихшы  Мамбет Құлжабайұлы Қойгельды  ағайым,  сосын Шалекенов Уахит Хамзаұлы, бұл ағай менің деканым еді.  Уахит Хамзаұлы  өзі этнография деген сабақтан беретіндіктен, мен сол кісімен қатар қызмет еткен ағайым Сейітқали Мадуанов  ағайыма деген   ризашылығым өте үлкен , мен ол кісінің «Қазақ тарихы»  журналындағы  мақалаларын іздеп  жүріп  оқитын едім,  өз  ізденістеріммен  бір үндестік  тапқандай боламын. Жақында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы  Шымкент қаласындағы  Халықтар Достығы университетінде  ағайымның

фотосын көргенде сондай ерекше қуандым, әрине ағайым Түркістан  қаласында тұратындықтан,осы аталған университеттің  Түркістан қаласындағы филиалында қызмет ететін болуы тиіс.

Оқытушыларыңнан  алған  ұстанымдарың өмірде  өзіңді жолдан тайдырмай, алға қарай жетелеуге күш-қуат, энергия беретін  беретін болса, әрине мұнан артық не болуы мүмкін. Оқытушыларымды  шын жүрегіммен жақсы көремін.

 

Алима Джумабаева

«Қаратау технология,білім және бизнес»

колледжінің тарих пәні оқытушысы