Өндірістік оқыту сабақтарын жүргізудегі шебердің орны

 

Гаипназаров К.К., өндірістік оқыту шебері

Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылы

«Алматы облыстық білім басқармасы» ММ

«Кәсіптік оқудағы көпсалалы  колледжі» МКҚК

 

Кәсіптік-техникалық оқу орындарында студенттерді кәсіби мамандыққа үйрету және тәрбиелеуде өндірістік оқу шеберлері педагог болып саналады. Оқу үрдісін жетілдіру, студенттердің қазіргі кезеңдегі технологиялық процестерді меңгеруі соларға байланысты. Өндірістік оқыту шебері – студенттерді оқыту және тәрбиелеудегі басты тұлға. Оқу сабақтарында шебер оқушыларға жаңа технологияларды меңгертуде, өндірістік білік пен еңбек мәдениетін қалыптастырады. Шебер студенттерді тек белгілі мамандыққа оқытып қана қоймайды, оларды жан-жақты болуға тәрбиелейді. Өндірістік оқыту шебері немесе оқытушы өз пәнін толық білмесе, өз ісіне сүйіспеншілігі болмаса, студенттер арасында беделге және сыйластыққа ие бола алмайды. Бүгінгі таңда білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Шебер әр түрлі тиімді оқыту әдістерін меңгеріп пайдалануы, өз пәні жөніндегі шеберлігін көрсете білуі керек. Бір технологияның өзі атқарушының шеберлігіне байланысты әрқилы жузеге асырылуы мүмкін. Барлық жаңа технологияның алдына қоятын мақсаты-студенттің жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып , шығармашылықтарын қалыптастырады.

Студенттердің өндірістік оқуда қабілеттерін арттыруға әртурлі әдіс-тәсілдерді, көрнекі құралдарды пайдалану жолдарын іздестіріп, сабақ жоспарына шығармашылық түрғыдан қарау – бұл сапалы білім берудің жолдары болып табылады. Дегенмен де, әр шебердің өзінің сабақ өткізу барысында жеке-тәсілдері болады. Өндірістік оқыту сабақтарында дамыта оқыту технологиясын пайдалану – бұл баланың табандылығын, мәселені шешу құзіреттілігін, өз күшіне сенімділігін, өз бетімен жұмыс істеуге құштарлығын дамытады. Осы орайда ең алдымен сабақты бастамастан бұрын студентпен  жағымды  ахуал  туғызу, яғни, қандай да бір әдіс, ойын арқылы назар аударын қамтиды. Бұдан студенттің ынтасы мен ойлау қабілеті жетіледі. Өндірістік оқыту сабағы дегеніміз – теориядан алған білімдерін өндірістік оқуда пайдалану арқылы тәжірибе жинақтау. Егер өндірістік оқу шебері өзінің тәжірибесі мен білімін студенттермен бөлісуге тырысқанымен, студенттің қызығушылығы болмаса, оқу сапасы туралы сөз болуы мүмкін емес. Өндірістік оқу шеберінің өндірістік оқыту сабағындағы негізгі мақсаты – қызығушылығы мен ізденісін ояту арқылы және ойлау, дамыту қабілеттерін ашу, өз бетінше шешім қабылдай білуіне, орындай білу мүмкіндігін ашу. Ол үшін өндірістік оқыту шебері сабаққа алдын-ала тақырыпқа байланысты қажетті материалдар мен құрал-сайманды дайындап, жаңа технологиялық жетістікпен байланыстыру үшін іздену қажет. Өндірістік оқыту сабақтары кіріспе, негізгі және қорытынды кезеңдерден тұрады. Әр кезеңнің өз мақсаты болады. Бүл нұсқаулар студенттердің іс-қимылына бағыт беруді ұйымдастыру үшін негізгі педагогикалық іс-қимыл болып табылады. Сол сияқты нұсқаулық кезеңдер арасында сөзжұмбақ немесе техникалық диктант жаздыруға болады. Техникалық мамандықтарда өндірістік оқу сабағын өткізудің ерекшеліктерінің бірі – студентке «білуі керек», «істей алуы керек» деген ұғымды алға қоя отырып, қайталауға, өз бетінше ізденуге үйрету арқылы маман даярлауға болады. Кей жағдайда педагогикалық әзіл қолдану арқылы студентті сергіту, ертеңгі күнге сеніммен қарауды қалыптастырса, студент пен оқыту шебер арасында жақсы байланыс орнайды, оқытудың өндірістік үрдісін жандандыру, шетелдік техника жаңалықтарын сабақ үрдісіне енгізу – бұл студент ынтасын арттырады. Сондықтан өндірістік оқыту шебері жаңа технологияларды, ғылыми жетістіктерді күнделікті сабаққа саралап, таныстырып отырса ақыл-ойы дамып, ізденімпаздығы артады.

Өндірістік оқыту шеберінің  ең бірінші кезектегі міндеті – студентті  оқуға үйретеді. Басты құзыреттіліктерді қалыптастыру үшін олардың өз бетінше ойлау және  өнімді дербес қызметінің машығын дамытатын түрлі педагогикалық технологияларды қолданамыз: мәселелік оқыту, жоба технологиясы, топтық және интерактивті технологиялары.

Студенттердің дербестілігін қалыптастыру жөнінде айта отырып, өзара тығыз байланысты екі міндет жөнінде  айту қажет. Біріншісі, білім алушылардың танымдық қызметіндегі дербестілігін дамыту, оларды өз бетімен білімді игеруге үйрету, өз дүниетанымын дамыту; екіншісі, оларды бар білімдерін оқу және практика қызметінде өз бетінше қолдана білуге үйрету. Өз бетінше жұмыс жасауға студенттерді ұйымдастыру және оқыту міндеттерімен және мақсаттарымен, оның мазмұнымен, әдістерімен, ұйымдастырушылық нысандарымен байланысты. Нәтижелерге қол жеткізу үшін студенттердің өзіндік жұмысы мынаны қамтиды:

  • білім алушылар меңгеретін жаңа білімнің, шеберлігінің және дағдыларының нақты кешені;
  • оқу мерзімін есепке ала отырып қол жетімді қағидаттарға негізделетін және  оқу мерзімін есепке ала отырып жақындау;
  • жоспарлауды ұйымдастыру және өзін-өзі бақылауды қоса алғанда нақты құрылымның болуы;
  • білім алушылардың танымдық қызметін белсендендіруші  нақты мақсаттың болуы.

Дербестіліктің жоғары деңгейі көрсетілген оқу әдебиетіне өз бетінше  қарастыру арқылы, қосымша мәліметтерді қоса отырып,  шебер ұсынған материалды студент  қайта құрастыру кезінде көрінеді. Оқу үдерісінің дұрыс ұйымдастырылуы білім алушының өз бетінше білім алуының басты факторы.

Өндірістік оқыту сабақтарында өздігінен жұмыс жасауды ұйымдастыру үшін мына факторлар болу қажет : оң мотивацияны құру, білім алушылардың өздігінен жұмыс жасауын ұйымдастыру кезінде алгоритмдерді қолдану, тапсырмаларды іріктеу кезінде жеке көзқарасы, жұмыстың әртүрлі кезеңінде кеңес беру, ақпараттық технологияларды қолдану.

Өзіндік жұмыстың мәні мынада: шебердің тікелей қатысуынсыз студенттің өзі орындайды, бірақ шебердің тапсырмасымен, басқаруымен және бақылауымен жүргізіледі.

Осылайша өндірістік оқыту сабақтарында жауапкершілік сезімін дамыта отырып, студенттерге өмірлік маңызды құзіреттіліктерді, мамандыққа деген сүйіспеншілікті дарыту қажет.