«Мені толғандыратын өзекті мәселе»

(эссе)

«Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Мұғалім — мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Қазағымның, елім мен жерімнің және ана тілімнің мерейін өсіретін ұстаздық ұлағатты істе адал болу — абыройлы іс.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі болу мен үшін үлкен мақтан әрі бақыт. Осы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келе жатқаныма 8 жыл. Шәкірттеріңді көргенде өз еңбегіңе деген ризашылық пен ерекше қанағат сезімді байқайсың. Одан әрі құштарлана, ынталана аса бір махаббатпен, сезіммен алға ұмтыласың. Басқаға керек болу үшін жаралудың өзінде үлкен мән мен мағына жатқанын айқын аңғарасың. Жаңа бір үміт, мақсат пен міндетті жалау етіп, тағы да соны бағындырғың келіп тұрады. Өзіңнің тірнектеп жинаған тәжірибеңді, үйрете жүріп үйренген тағылым — пәрменіңді, білім — білігіңді үлкен істермен ұштастырғың келіп кетеді. Өзіңе деген ынта — ықылас, сенім артып, жауапкершілікпен іс тапсырса асқан құлшыныспен еңбегіңді еселей түсуге ұмтыласың. Азды — көпті еңбегің бағаланып жатса, қолыңнан іс келеді деп сенетін әріптес табылып, шын ниетімен қамқорлық жасап, жұмыс істеуге жағдай жасаса, кәсіби шеберлігің мен ұстаздық қызметіңе ерекше назар аударса, кім — кімге де болсын соны серпіліс әкеледі. Адам баласының өзінің ұзақ тарихында жасаған рухани, мәдени қазынасы, қымбатқа түскен, тәжірибесі соның ішінде көргенділік деп аталатын адамгершілік тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан — ұрпаққа осы ұстаздық үрдіс арқылы беріліп, жалғасын табады.

Қазіргі оқыту үйретудің мазмұны да, сипаты да соған, орай амал — тәсілдері де күрделене түсті. Жаңа XXI ғасырға сай өзгеше қабілет — қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Осыған орай ұстаздықтың мәні жаңа сипаттарға ие болуда. Демек, ұстаздың білім мен өнердің жеке қиын саласына үйретуге өте мұқият бағыт ұстауы, білім — біліктің тармақтылығын жете үйретуді талап етуде. Осындай күрделі де қиын жауапкершілікті арқалаған мұғалім, біздер, өз пәніне қатысты үнемі білімін жетілдірумен, сабақ өткізу шеберлігін таңдаумен бірге педагогикалық — психологиялық өрісін өсіріп отыруға міндетті деп білемін. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, жаңашыл ұстаз болмысын сомдар болсам, біріншіден, мұғалім — үздіксіз ізденуші. Кез  келген тосын сұраққа жауап беріп, кез  келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Ізденіс мен үшін әрқашан теориялық білімді кеңейтіп, методикалық әдіснамамды арттырудың тиімді жолы болмақ. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай кәсіби мәдениеті жоғары, білікті маман атану. Соның бір дәлелі — мен биылғы жылы өз білімімді көтердім. Кембридж бағдарламасын меңгеріп, жеті модуль бойынша сабақ өткізу әдіс — тәсілін үйрендім.

Мені толғандырып, ойландыратын өзекті мәселе ол көптеген сыныптарда кездесетін «үлгерімі төмен оқушы» деген сөзді жиі естимін.  «үлгерімі төмен оқушы» ондай оқушылар қайдан шығады. Осы сөздің өзінен гөрі ырғағы қатты ойландырады. Себебі оны оп-оңай, зерттеп зерделемей-ақ сол баланы құлдыратып, бір жақты пікірмен тағдырын шеше салатынымыз көрініп тұрады. Қарапайым қарындаштың алты қыры бар, ал оқушыны неге бір ғана қырынан көреміз. Оның әр қырының сырын табу мұғалімге аманатқа ұстатқан кілтте. Сол кілттің иесі бола тұра мен ұстаз ретінде кінәлі оқушы немесе қоғам деген пікірден бас тартып, парызымды өтеуге міндеттімін. Егер оқушының қабілетін, талантын, дарынын, сәулесін, адамгершілігін, күштілігін таба алмасам, мен оны мүгедек етемін деген сөз. Оқушының бәрі мұндай деп таласа аласыздар. Мен бұл қасиеттің біреу болмаса, біреуі бар деп сеніммен айта аламын. Біз оқушы барлық жағынан мүлтіксіз 100 пайыз білгенде ғана нағыз тұлға болады деп сенеміз. Менің пікірімше, ондай болса әрине жақсы, дегенмен ол робот емес қой. Ең бірінші біз өзіміздің көзқарасымызды түзетейік. Ол туралы біржақты пікірде болмайық.Сенім артайық. Кінәні орта мен қоғамға және ата- ана мен балаға арта салу жеңілдігінен арылайық. Оқушыға түсіністікпен қарау дегенді, олардың ыңғайына жығылу деп емес, талаптың да түрі мен орны бар, тек соны шатастырып алмау қажет.

Менің бүгінгі толғандырған өзекті мәселемді әріптестеріммен ақылдаса отырып «LESSON STUDY» зерттеу жұмысын 5 «в» сыныбындағы  А  деңгейлі оқушылардың барлық мүмкіндігін қарастыра отырып, С, В деңгейіндегі оқушылармен салыстырмалы күйге түсірмей, жеке өзі тұлға ретінде қалыптасу жолдарын қарастырдым. Мені «Осы оқушылардың оқуға қызығушылығын қалай арттырамын? осы мақсатыма жету үшін қандай әдіс – тәсілдерді, стратегияларды қолдансам болады?» деген сұрақтар мазалады.

Зерттеу жұмысын бастамас бұрын мен өзімнің А деңгейлі оқушымды бақылауды бастадым. 7 модульді ықпалдастыра отырып сабаққа арналған қысқа мерзімді жоспар құруда жас ерекшеліктеріне сай, жаңа әдіс-тәсілдер қолдануда осы оқушыма арналған жұмыстардың кестесін құрдым.Сөйтіп оқушылардың оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында, топтық жұмысты қолданып көрейін деп ұйғардым. Осы топтық жұмыстың қаншалықты тиімді болғанын бақылау мақсатында А деңгейлі   3  оқушыны таңдап алдым.

Зерттеуге үш оқушыны алып, алдыма қойған мақсатым бойынша қарастырдым: А – деңгейіндегі оқушы Джуматаев Батыр, Ерқара Досымжан, Қазтаева Ақбота.

1-оқушы ; тәртібі үлгілі, басқа оқушыларға қарағанда ойы зерек, тапқыр, шешім    қабылдауы жай, сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсе қоймайды.

2-оқушы: сабақ үлгерімі жағынан қанағаттанарлық, бірақ өзгелерден ерекшеленетін дара қасиеті жоқ. Өзін көпшілік ортада көрсете бергісі келмейді, жауапкершілігі бар, өз –өзіне сенімсіз.

3-оқушы; Өте ширақ, бірақ сабақта ойын еркін жеткізе алмайды. Тәртіпсіздігімен сабақта басқа оқушылардың көңілін өзіне аударады. Берілген тапсырмаларды орындауға тырысады, бірақ тиянақты орындамайды.

Зерттеуге алған себебім басқа оқушыларға қарағанда оқушының танымдық қабілетін анықтау. Сенімсіздігін жойып, оқушының өз –өзіне деген сенімін және айтылым дағдысын қалыптастыру еді. Оқушының қызығушылығын ояту, өзін ортада еркін ұстап, өз ойын еркін жеткізуге үйрету, өз – өзіне деген сенімділігін қалыптастыру.

Осы зертелетін үш оқушының сабаққа деген белсенділігін, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасын, өзара бағалау мен өзін-өзі бағалай алуын, оқушының сөйлеу мәдениетін, сабақта берілген ақпараттарды білу, түсіну, қолдану деңгейлерін анықтадым. Зерттеу кезінде мынадай кедергілерді анықтадым.

  1. Тапсырманы орындау барысында уақыттың жетпеуі.
  2. Тапсырманы түсінбей, жүйелікке келе алмаулары.
  3. Бағалау кезінде өздеріне жоғары баға берулері.
  4. Грамматикалық қателерге жол берулері.
  5. Рөлдік ойындар жүргізуде ұялшақтық танытулары.
  6. Өзіне сенімі жоқтығы

Сонымен қатар оқушы пікірін білу мақсатында сабақ соңында оқушылардан кері байланыс алып отырдым. Оқушылар бірлесе отырып, жұмыс жасағандықтан ешқандай қиындық болмағанын, топта еркіндік орнағанын, сабақ барысында орындаған тапсырмалардың қайсысы қиын не жеңіл екендігін топпен бірлесе отырып жасағандықтан байқамадым, барлық орындалған тапсырмалар ұнады, Сөйлемнен күрделі сөздерді табуда достарымның көмегімен оңай түсіндім»-деп жазыпты.

Бұл оқушылармен  жұмыстанбас бұрын сауалнама жүргіздім. Алған сауалнамада А деңгейлі оқушыларымның бойында сенімсіздік бар екендігі байқалды.

Алғашында алған нәтиже оқушымен жұмыстанудың қажеттілігін көрсетті. Жаңа әдіс – тәсілдерді, критерий бойынша бағалауды қолдана отырып, тағы да сауалнама алдым. Сауалнамадағы жауаптар бойынша өзгерістер байқалды. Соңғы сабақтан соң алынған сауалнама нәтижесі төмендегідей болды.Сауалнама нәтижесінде жаңа технологиямен өтілген сабақтың бұл оқушыларға ұнағанын, қалыптастырушы бағалар арқылы әділ бағаланғанын, өзін еркін сезінгенін білдірді. Жүргізілген жазбаларды қайта қарап шығып, бұрынғы болған сабақтарымдағы бұл оқушылардың іс-әрекеті мен кейінгі әрекетінің айырмашылығын байқадым. Егер мен қазір сіздерге ұзақ та , түсініксіз баяндамамды оқып берсем, сіздер ештеңе түсінбейсіздер және түсінуге тырыспайсыздар. Ал егер мен осы баяндаманы оқымай-ақ, басқа бір тәсілмен ,мысалы ойын ойнап немесе дебат  жүргізіп ,тағы басқаша өткізуге тырыссам онда сіздерге айтайын дегенім түсінікті де оңай болып шығар еді. Дәл осылайша оқушыларға түсініксіз сабақты өткізудің орнына мен бұл тапсырманы өз қолдарына берсем немесе ұғынықты жолдарын қарастырсам бұл сабақ нәтижелі болар еді. Себеп : егер кітаптың орнына  әдемі, құпиялы сандық немесе торт тұратын болса, оқушы ерінгендіктен оған қол жеткізуге тырыспай отырар ма еді. Сондықтан сабақта осылай қызықты құпиялы, тартымды, тәтті болуға тиіс. Сондықтан мен  әдіс- тәсілдерімді  өзгертуіме тиісті болдым.Мен өзіме сұрақ қойдым: өзімдегі тәжірбиемді қателеспей қолдана  алам ба? нәтижеге қол жеткізу үшін не істеуім керек? «Ең тыныш» деген оқушының өзін сөйлетуім үшін неден бастаймын?

Үй жұмысын «ПОПС формуласы» әдісімен сұрағанымда үлгерімі төмен А деңгейлі оқушы шамасы келгенше жауап берді.Мен А деңгейлі оқушымның сабаққа деген ынтасының артқанын көріп, қуанып қалдым. Келесі жұптық жұмысты ойын түрінде бердім. Себебі оқушы ойын кезінде ынталанып, пәнге деген қызығушылығы арта түседі. Бұл тапсырмада оқушылар «Өздерінің сүйікті ісін жарнамалау » тақырыбында оқушылар жарнама жасап рөлдік кейіпке енді. Бұл ойын арқылы қандай нәтижеге қол жеткіздім:  А деңгейлі  оқушы ойынға қатысып, өз бағын сынап көруге бел байлағанымен, басында тартыншақтап қатысуға қарсылығын білдірді. Бірақ қызыға қарап, былай деп жауап берсей деп, өз ойын айтып отырып, өзінің де қатысын сезбей қалды.Бұрынғыдай үндемей отыра бермей, ашылып достарынан көмек сұрап, қарым -қатынасқа түскендігін,сабаққа белсенділігі артқанын байқадым.

Қорыта келгенде  менің өзекті мәселем А деңгейлі оқушым. Ең бірінші оқушымның сабаққа «үлгерімі төмен оқушы» деген ойдан арылу екенін айту қажет болды. Сондықтан мен өзімнің өзекті мәселем ретінде оны зерттей отырып, оқушымды сырттай бақылау арқылы ең бірінші оның сыныптастарымен қарым-қатынасы назар аудардым. Оның топтық жұмыстарда өзінің білгенін тежеп, ортаға сала алмайтыны байқалды. Сол себептен оған жұмыс қызықсыз бола бастады. Мен оған жауапкершілікті артуды ойладым. Келесі топтық жұмыста Оның топ басшысы болуын қарастырдым. Мұны өзім арқылы емес, жұмыс бағытымен болатындай етіп ойластырдым. Өйткені бұл оқушым мұғалім ықпалына әлі де сүйенетіндіктен, мұны талап ретінде қабылдауы әбден мүмкін еді. Нәтижесінде аздап болса өзгеріс байқалды. Өзіне артылған жауапкершілік оған бас ауыртпау әдетінен арылды. Сондықтан «үлгерімі төмен оқушы» оқушылармен осындай зерттеу сабағын ұйымдастырып жүргізетін болсақ, үлгерімі төмен оқушының саны азаяды деген ойдамын. Алдағы уақытта да мен осы оқушының үнін назардан тыс қалдырмауды өзіме жауапкершілікке артамын.

 

Б. Атыханұлы атындағы №36 гимназия

«Мені толғандыратын өзекті мәселе»

(эссе)

 

Қатысушы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байбулова Мира Мекебаевна