Ақыл –ой тәрбиесі және оның ерекшеліктері.

Тәрбиенің мәні мен мақсаты,жүйесі өмір сүріп отырған қоғам саясаты мен жүйесіне байланысты туындайды.Әрбір қоғамдық –экономикалық формацияларда адамдардың материалдық және рухани өмірлерінің үздіксіз өзгеріп отыруына сай қарым-қатынастың жаңа формалары туып,тәрбие мақсаты мен мазмұнына да жаңашыл идеялар енеді.Демек,әрбір қоғамдық –экономикалық формацияның алмасуымен философиялық және діни ой-пікірлер де өзгерісте болып,тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне ықпал жасайды.Тәрбие-қоғамдық құбылыс,онсыз ешбір қоғамның алға дамуына ,өркендеуіне жол жоқ.Сондықтан да тәрбиеге жүктелетін ең басты мақсат қоғамға қажетті адамды қалыптастыру.

Тәрбие –барынша кең мағынадағы әлеументтік процесс.Адамдар,заттар,құбылыстар-бәрі де тәрбиелейді,бірақ адамдар бәрінен бұрын ,бәрінен де көбірек тәрбие береді.Олардың арасында бірінші орында ата-аналар мен педагогтар тұрады.Бала қоршаған болмыстың аса күрделі бүкіл дүниесімен шексіз қатынастар жасайды,ал бұлардың әрқайсысы үздіксіз дамып,өзге қатынастармен сабақтасып,баланың дене ,ақыл,адамгершілік жағынан өсуімен күрделене түседі.

Тәрбие-қоғамның негізгі функцияларының бірі.Тәрбие-жеке адамды  мақсатты,жүйелі қалыптастыру  болып табылады.Тәрбие процесі нәтижесінде аға ұрпақтың тәжірибесі оқушыларға беріліп,меңгеріледі.Олардың сана-сезімі қалыптасып,жағымды мінез-құлық сезімдері жетіледі.

Тәрбиенің бірнеше түрлері бар.Соның ішінде ақыл-ой тәрбиесі ерекше орын алады.Ақыл-ой тәрбиесі дегеніміз –тәрбиенің басқа салаларымен үздіксіз байланыста ойлаудың шығармашылық қабілеттерін мақсатқа сай дамыту.Ойдың жұмысы адам өмірінің шарттары мен жағдайларында болатын объективтік қарама-қайшылықтарды шешуге әрдайым бағытталып отырады.Нақты мазмұндағы іс-әрекет бағытталған заттағы қарама-қайшылықты табу және көру,оларды тәжірибеде шешудің құралдарын және мақсатын табу мен анықтау-ақыл-ойдың ең басты қабілеті.Бірақ бұл қабілет өзінен-өзі пайда болмайды.Мұғалім оқушылардың оқу іс-әрекеті бағытталған заттарды өз бетімен саналы түрде ұғынуын қажетсінуін дамытуы,ақыл-ой әрекеттерінің тұлғалық дағдыларын қалыптастыруы керек.Мәселені мағыналы ұғыну,қарама-қайшылықтарды шешу адамды басқа адаммен байланыстырады.Сондықтан ақыл-ой тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен біртұтас жүреді.

Ақыл-ой тәрбиесі тәрбиенің маңызды бір құрамдас бөлігі болып табылады.Оның адамның жан-жақты даму процесінде алатын орны ерекше.Ақыл-ой тәрбиесі баланың оқу,білім алу әрекетімен тығыз байланыста болады.Дүниені тану,білім алу қажеттілігін қанағаттандыру үстінде баланың таным және ақыл-ой қабілеттері қалыптасады.

Ақыл-ой тәрбиесі балаға білім берумен қатар,оның танымдық қабілетін (байқағыштық,зейінділік,шығармашылық қиял,т.б.)қалыптастыруға көмектеседі.Балаларға дұрыс тәрбие беру үшін ең алдымен оның мақсаты мен міндеттерін анықтап алу қажет.Ол үшін қандай тәрбие беру керек және не үшін?- деген сұраққа жауап беруге тиіспіз.

Тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне сай белгілі амал-тәсілдер қолданылады.Тәрбие екі жақты процесс.Ол тәрбиеші мен тәрбиеленушінің бірлескен іс-әрекетінен тұрады.Ақыл-ой тәрбиесін ұйымдастырудың негізгі құралы-мектептегі оқыту.Өйткені,ақыл-ой тәрбиесі көздеген мақсат-міндеттер оқыту процесінде іске асады.Ол мақсат-міндеттер мыналар:

1.Оқушыларды қазіргі заман талабына сай ғылым негіздерімен қаруландыру.

2.Білім беру негізінде оқушыларда ғылыми-материалистік көзқарасты қалыптастыру.

3.Балалардың таным қабілеттерін дамыту.

4.Оқушыларды ғылымның кейбір қарапайым әдістерімен таныстырып,әдіс-амалдарын меңгеруге үйрету.

5.Балалардың білімге қызығуын арттырып,олардың бойында өздігінен білім алуға қажетсінуді қалыптастыру.Бұл міндеттерді жанұя мен мектеп тығыз байланыста болғанда ғана ойдағыдай орындап шығуғу болады.Сонда ғана балаларға берілетін ақыл-ой тәрбиесі нәтиже береді.

Ақыл-ой тәрбиесін дұрыс ұйымдастырудың негізгі мынадай ерекшеліктері бар:

1.Әрбір мұғалім-тәрбиеші.Өйткені оқушылар мен мұғалімдер ұжымдарының арасында рухани бірлік болғандықтан,оқыту тек білім беру емес,сонымен қатар түрлі қатынас жасау процесі де.Мұғалім мен оқушыны ортақ моральдық,қоғамдақ-саяси мүдделер біріктіреді.

2.Әрбір мұғалім жеке оқушыға дара әсер ете білуі керек.Ол өз білімімен,рухани байлығымен оқушыны әр нәрсеге қызықтыруға,талпындыруға міндетті.

3.Ақыл-ой тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру ұжым мен жеке бастың жан-жақты интеллект өміріне негізделген оқыту процесіне байланысты.

4.Барлық адамдардың білім алуға,ақыл-ой еңбегімен  шұғылдануына қабілеті жетеді.Сабақта білімнің тек қарапайым негіздерін беріп қоймай,баланың тілек-талаптарына қарай білімді кең көлемде жаңартып отырған жөн.

5.Оқушыларды дербес білім алуға тәрбиелеу міндет.

Сонымен қатар ақылдың,ойлаудың таным сатысы ретіндегі айрықша ерекшеліктерінің бірі-оның сөзге қатысы.Ойлау әрқашанда бір мәселені шешуге бағытталады.Соны шеше отырып,адам бір нәрсені білгісі,түсінгісі келеді.Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған ізденгіштік сипат береді.Бұл-ақыл-ой процесінің ең елеулі белгісі болып саналады.

Баланың ақыл-ой қабілетін дамытудағы зор маңыздысы,негізгісі- жұмбақ болып табылады.Жұмбақ баланы ойландырады.Сол арқылыбаланың ойлау жүйесін дамытамыз.

Қорыта келе,ақыл-ой тәрбиесі баланың өз ақыл-ой әрекетінің нәтижесі болып табылады дегім келеді.Оқу балалар әрекетінің аса маңызды түрі ретінде оқушылардың ақыл-ой дамуын не тездетеді,не баяулатады.Бұл сол дамудың қалай ұйымдастырылғанына байланысты болады.Оқу процесінде оқушының ақыл-ойын дамыту проблемасына көптеген ғалымдар көңіл бөлуде.Әйтсе де оқушы ақыл-ойының даму ережесін сипаттайтын белгілер айқындалды дей алмаймыз.Мәселен,кейде оқушылардың оқыған,үлкендерден естіген мәліметтерінің молдығына қарап,олардың ақыл-ой дамуына баға береміз.Ал кейде бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілінде кездесетін ғылыми терминдердің көптігіне қарап,олардың ақыл-ойының даму дәрежесі басқа балаларға қарағанда әлдеқайда жоғары деп түсінеміз.Ал шындығында оқушылардың түсінбеуі де мүмкін.Ақыл-ой қызметінің айрықша ерекшелігі-бұл процесс жеке адамдардың эмоциялық-еріктік жақтарының қосылатыны.Ақыл-ой және арнаулы ой қызметінің желісі кейбір қиын мәселе шешуге мәжбүр етуі мүмкін.Әрбір бала оның шешімін қажырлы және табанды түрде іздестіре алады.

 

 

Кулиева Әлия Ұзанқұлқызы.

«Алгорифм» физика-математикалық лицейі.

Алматы қаласы 2018ж.