РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ — РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

 

Касенова Самал Абилжанатовна

 

«ӨРЛЕУ» «БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚФ

Алматы облысы бойынша  педагог қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институты

k.samal88@mail.ru

 

Үшінші мыңжылдыққа қадам басқан егеменді еліміздің білім беру жүйесі қоғам талабына сәйкес қайта құрылып, оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын жаңартуда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жас ұрпаққа жаңа оқу құралдары, әдістемелік құралдары жасалынып, білім беру мекемелеріне енгізілуде. Мұндағы алға қойылған басты мақсат – бүгінгі таңдағы жастардың білімі мен тәрбиесінде кездесіп жатқан кемшіліктерді жойып, тәуелсіз мемлекет құруда еліміздің әрбір азаматын, әсіресе студент жастарды өзінің қоғамдағы орнын саналы түсінетін және ел экономикасының бүгінгі сұранысына жауап беретін, жан-жақты дамыған, білімді, сауатты, рухани-адамгершілік қасиеттерге бай, өнегелі тұлға ретінде қалыптастыру.

Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Жеке тұлғаның рухани және жан-жақты дамуының қайнар көзі білім мен ғылымды қоғам талабына сай дамыта отырып, жастардың бойында имандылық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру»[1], Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Жеке адамның шығармашылық, рухани дене мүмкіндіктерін дамыту адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектілігін байыту – қазіргі білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі» [2], «Қазақстан-2030» бағдарламасында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың жетісіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау»[3]  деп нақты көрсетілген.    

      Аталған мемлекеттік бағдарламаның негізгі тәрбие бағыты – рухани-адамгершілік тәрбиесі болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының басты міндеттері ретінде: ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адам әрекетін ұйымдастыруға, тұлғасын дамытуға және кәсіби әрекетін шыңдауға бағытталған сапалы білім беру үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани әлеуетін дамыту мен дербес ерекшеліктерін анықтауға қолайлы жағдай туғызу деп көрсетілген[4].

Әлемдік өркениет үлгісінде қарқынды түрде дамыған Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық дағдарыс жағдайының тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, адамгершілік құндылықтарының құлдырауы, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің белең алуы, ақпарат желісінің ұлғаюы және т.б. келеңсіздіктер студент жастардың адамгершілік тәрбиесіне кері ықпалын тигізуде. Сондықтан да қазіргі заман сұранысына сай студенттерді рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде, тәрбиенің парадигмаларына, мақсатына, мазмұнына, формалары мен әдістеріне өзгерістер енгізу керек екендігі анықталды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін білім берудің мазмұны студенттерге тек белгілі бір білім, іскерлік, дағдылар жиынтығын меңгертіп қана қоймай, студент тұлғасын дамытып, өмірлік мәселелерді өз бетімен және тиімді шешуге, тұлғаның өзін-өзі анықтауына, өзін-өзі тәрбиелеуіне мүмкіндік беріп, тәрбие мен ғылымды біртұтас бүтіндікте тығыз байланыстыра алуы тиіс. Осыған сәйкес, жоғары оқу орнының негізгі көкейкесті мәселелерінің бірі – білім мен қатар тәрбие беру, яғни студент жастарды рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, жоғары оқу орнында рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары деңгейдегі білімгерлер тәрбиелеу болып табылады.

Тәрбие – қоғамдық тәжірибені білім, практикалық іскерлік пен дағды, шығармашылық іс-әрекет тәсілдері, әлеуметтік және рухани қарым-қатынас меңгерудегі тұлғаның түрлі іс-әрекетін ұйымдастыру және ынталандырудың мақсатты, саналы түрде жүргізілетін педагогикалық үрдіс. Сондықтан, тәрбие заңдылықтары оның сипаты мен әдістемелік негіздері тәрбиелік қызметінің өзінде ғана көрінбей, әлеуметтік тұлға сипатына ие адамның даму және қалыптасу заңдылықтарына негізделеді. Тек өз қызметінің күшімен, шығармашылық ұмтылысымен ғана адам қоғамдық тәжірибені және оның құрылымдық бірліктерін игеруі мүмкін.

Адамзат қоғамының тарихи даму тәжірибесіне көз жүгіртсек, «рухани-адамгершілік» тәрбиесінің мәні үнемі жаңа адам тәрбиелеу міндеттерін көздегені белгілі. Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу әр кезеңде де маңызды мәселе саналып, педагогиканың тарихы мен теориясында әр қырынан зерттелінген. Қай    заманда    болмасын    адамзат    баласы    рухани-адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалаған. Бүгінгі таңда да бұл мәселе біздің қоғамымызда алдыңғы қатарда. Мемлекет басшысы жаһандану үрдісінде жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, ХХІ ғасыр жаңару кезеңі, жастар қоғамды, экономиканы дамытушы, қозғаушы күш деп айтқан болатын. Тарихпен дәлелденгенгенгей, жастар – кез-келген мемлекеттің болашағы болғандықтан, жастардың тұлғалық құндылығын, рухани-адамгершілік қасиеттерін, құзыреттілігін дамытуға баса назар аудару қажет.

Рухани-адамгершілік тәрбие адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның ішкі дүниесінде қалыптасатын ішкі еркінің сезімі. Осы негіздерге сүйене отырып, рухани-адамгершілік тәрбие – тұлғаның бойында мінез-құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір-біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормалары мен ережелерін дарыту деуге болады.

Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің міндеттері: Отанға және оның мұраттарына, еңбек іс-әрекеттеріне және адамдарға қатысты жоғары адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу,  өзінің өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін-өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті, елін сүйетін ұлтжанды азамат, ақпараттық мәдениеті жоғары дамыған шығармашыл құзыретті, эстетикалық сезімі кең, жаны нәзік, сұлу, салауатты, өзін-өзі, басқаны да өрге сүйрейтін қайратты, рухы таза, ертеңгі ата-ана, тәрбиеші, өз елінің, басқа да елдердің салт-дәстүрін, өнерін құрметтейтін толерантты тұлға дайындау.

Зерттеуші ғалым Ә.Табылдиев «Ұлттық тәрбие иірімдері» атты еңбегінде жастарға адамгершілік, имандылық тәлімдерін дарытудың төмендегідей жолдарын көрсеткен:

а) адамгершілік қасиеттерді жеке тұлғаға үйретіп, оны орындауын талап ету;

ә) әдептілік негіздерін тәрбиеленушіге үйретіп, оны орындау жолдарын көрсету;

б) имандылық дәстүрін (болашаққа өмір заңдылықтарына сену, адал, әділетті, шыншыл болу, үлкен-кішімен сыйласу, кісілік жасау, т.б.) тәрбиеленушіге жан-жақты ұғындырып, оны өмір қолданысынан талап ету;

в) визуальдық, аудиовизуальдық (картина, кинофильм, радио, театр) тәрбие тәсілдерін ұйымдастыру арқылы тұлғаның адамгершілік қабілетін қалыптастыру, т.б.

Олай болса жастардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіру – жоғары мектеп педагогтарының басты міндеті. Студенттерді оқу үдерісінде тәрбиелеудің  өзіндік ерекшеліктері бар, күрделі үрдіс. Бұл үрдіс оқу уақытында екі жолмен іске асады:

  1. Өзара қарым-қатынас кезінде рухани-адамгершілік тәжірибе жинау;
  2. Әлеуметтік-ізгіліктік циклдегі пәндер мазмұны (этика, эстетика, мәдениеттану, т.б.) рухани сезіну және меңгеру арқылы.

Білім алушыларды тәрбиелеуге педагог тұлғасының рөлін бағалау қиын. Педагогтің әсер ету қасиеттері: кішіпейілділік, ұқыптылық, сөйлеу мәдениеті, талап етушілігі, жауапкершілігі, бағалауда әділ болуы, парасаттылығы,т.б. жатады. Оқу үрдісіндегі тәрбие міндетін іске асырудағы қиындықтың бірі топтағы студенттердің рухани-адамгершілік түсініктерінің әр түрлі болуында және де тәрбие күрделі үрдіс болғандықтан, бір дәріс не семинар барысында студентті адалдыққа, қайырымдылыққа, батылдыққа, шындыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Алайда, студенттің бойына  рухани-адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде толық мәнді педагогтар шешуші рөл атқарады. Осыған орай оқытушы-педагог қазіргі жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде өзгеріп жатқан өмір жағдайларына бейімделту, әлеуметтік-саяси жағдайда, өз көзқарасы мен сеніміне, иделына және ізгіліктік құндылықтарға сүйене отырып мақсат қойғызу, ұлттық санасы, отансүйгіштік қасиеттері болып, елінің экономикалық дамыған, әлемдік қоғамда өзіндік орны бар зиялы мемлекет болып қалыптасуына қатысуға талпынтып, заңды сыйлап, қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан, азамматық ерлігі, ішкі еркіндігі мен өзіндік ар-намысы бар жастарды қалыптастыруы қажет. Сонымен қатар студент жастардың тұлға аралық қатынасын дамыту, яғни өз құрбы-құрдастарымен, отбасы мүшелерімен, ұстаздарымен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның құндылығын және даралық ерекшелігін жасына, жынысына, ұлтына қарамастан саналы түрде түсіне білуі және өзіне сырт көзбен қарап, өзінің көңіл-күйін, атқарған іс-әрекетінің себебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға беруі – тәрбиедегі басты мәселе болып саналады.

Осыған байланысты бүгінгі студент жастардың бойынан мынадай қасиеттер табылуы тиіс:

  • әділеттілік, ар-ұят, адалдық, өтірік пен арамдықты қабылдамау;
  • мейірімділік, кішіпейілділік, батырлық, қайсарлық;
  • басқа адамдармен қарым-қатынас, оларды құрметтеу, сыйлау;
  • белсенді болу, өз күшіне, жетістікке сену.

Қорыта келе, біздің мемлекетіміздің болашағы, еліміздің ертеңі – қазіргі Қазақстан жастары болып табылады. Осы жастардың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде имандылық пен салауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана ұлттық рухы дамыған Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын жастарды өсіре алатындығымызды айтады. Жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне жауап беретін негізгі тұлға – оқытушылар болғандықтан, жоғары оқу орындарында рухани-адамгершілік тәрбие беру үрдісі кең көлемде жүргізілуі тиіс.

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. «Қазақстан Республикасының Конституциясы», Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 4, 217-құжат.
  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 8,10-баптары, //«Егемен Қазақстан», 11.06.1999ж.
  3. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Астана, 1998.-128 б.
  4. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты». Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2012. – 44 б.