Жаңартылған бағдарлама-білім берудің жаңа мазмұны

Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру      бағдарламасы — заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама. Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы.

Шындығында мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек.. Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы  мұғалімнің  қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты .  Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра  алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) үйретеді. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі.

Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,-деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы. Ал оның негізі бастауыш сыныптарда қаланбақ. Сондықтан да бастауыш сыныпта әр сабаққа әр түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын арттыру ең басты мәселе.

Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Кез- келген пәнде қолжетімді ресурстарды сабақта қолданып, зерттеу жұмыстарын жасау оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеруіне  тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар зерттеуге негізделген оқу дегеніміз не? деген сұраққа мен бастауыш сыныпта өтетін математика пәнінен   бірнеше зерттеу жұмыстарын ұсынбақпын.  Сабақ үстінде оқушылар ермексазбен таяқшаларды пайдаланып көзімен көріп, қолымен ұстап ұшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш жасайды. Өмірде қолданып жүрген заттарды оқушылар сабақ үстінде қолданады. Атап айтсам: ризинка, моншақ, кір қысқыш, киім ілгіш, балмұздақ таяқшалары…  т,б Ризинкадан фигуралар есте жақсы сақталып қалу үшін топпен геометриялық фигуралар жасайды. Осындай жаттығулар оқушының сыни тұрғыдан ойлауын, қиялын дамытады. «Алтылықты тастама» ойыны арқылы оқушылар 1-20 дейінгі сандарды қосып, азайтып , өрнек құрып үйренеді. Балмұздақ таяқшаларындағы есептерді шығару    арқылы сандар құрамын еске жақсы сақтап алады.

Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін  ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

 

 

 

 

 

 

Павлодар қаласы №17 ЖОББСОБМ

бастауыш сынып мұғалімі: Жазкей Сайрагул