«Алаш арыстары және ұлттық құндылықтарға баули отырып, оқыту мен тәрбиелеу»

 

(Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл­)

 

Кульмаганбетова Р.А.

тарих пәні мұғалімі №18 ЖОББМ-КММ-сі, Екібастұз қ,

 

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. …бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.»

                                                                                                               М.Жұмабаев

Жаңа дәуір қарсаңында халқымызға өз жолдауын жолдаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп атады. Мұндағы мақсат ұлттың ұлы мұраты болатын. Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді  ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Жаһандану аясында ұлт ретінде жойылып кетуге апарып соқтыруы мүмкін рухани мәңгүрттіктен сақтанудың, қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейінің көтерілуінің басты алғышарттарының бірі – қазақ мектебінің нағыз ұлттық мектеп болып қалыптасуы.  Онсыз білім жүйесінің ұлттық моделін жасау да мүмкін емес.

Әлемдік білім кеңістігінің даму тарихы, оның әр кезеңіндегі айқындаған тенденциялары әр халықтың гүлденіп өркендеуінің, қоғамдағы прогрессивтік өзгерістердің білімге байланыстылығын, жалпы білім саласының маңыздылығын дәлелдейді. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттылық және мәдени қарымы білім саласының күйіне және оның прогрессивтік даму мүмкіндіктеріне тікелей байланысты екендігін педагогика ғылымы мен білімнің даму тарихы айқындайды.

Осы тұрғыдан алғанда егемен Қазақстанның ғылымы мен білімінің стратегиясы білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәлім-тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігумен анықталады. Мектептің әлеуметтік институт ретіндегі  негізгі міндеті жалпы білім беруді жүзеге асыруда мемлекет, қоғам және тұлға сұранысын ұштастыру, үздіксіз білім жүйесінің басқа да буындарымен сабақтастығын қамтамасыз ету екендігі көпшілікке мәлім. Осы тұрғыдан алғанда қазақ мектебі өзінің қалыптасу, даму тарихының  әр кезеңінде жүктелген міндеттерді заман талаптарына сай атқарып келді. Қазақ мектебінің тағдырын ұлт тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды. Қазақ мектебі бүгінгі күнге жеткенше қазақ халқының тағдырына жазылған қилы-қилы заманға сәйкес небір қиын күндерді бастан кешті. Жалпы қазақ мектебінің жағдайын ХХІ ғасырдың өркениет талаптарына сай ұйымдастыру үшін оның рухани бастауларын білген жөн. Қазақ тәлімінің тарихы ежелгі дүниеден бастау алса, сол дәуірдің рухани мәдени жетістіктерінің айғағы болып табылады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында астанамыз Алматыда қасиетті қара шаңырақ ретінде тек №12 қазақ орта мектебі ғана жұмыс істеп тұрды. Ал қазақтың ұлттық болмысын жоғалтпауына  тек ауыл мектебі қызмет етті десем артық айтқандық емес. Еліміз үшін «Елімайлап» талай соққыға басын тіккен, күңіреніп тұрып алған қазақтың батыр ұл-қыздары да негізінен қазақ мектебінің түлектері. Міне еліміздің Тәуелсіздігі 27 жылға қадам басып, Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы да ел көлемінде тойлануда. Етек жеңімізді жиып, еңселі ел болған шақта білім беру мектептерінде оқыту мен тәрбие беру үрдісінде жаңартылған білім бағдарламасының оқу мақсаттарын іске асыруда , рухани құндылықтар қаншалықты дәріптеліп жүр? деген ой  барша қазақ азаматын толғандырары сөзсіз. Міне осы тұста қазақ халқының бостандығы мен азаттығы жолында озық ойларымен Алаш арыстары мәңгі тарихымызда өшпес із қалдырған. «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын ұстаздікі» — деп бастап, барлық ғұмырын ұлттық тәрбие беру ісіне арнаған  Мағжан Жұмабаев «Ұлтымыздың тілі, ұлтымыздың тарихы» — деген болатын. Балаларды тәрбиелеудің мың сан мәселелеріне Мағжан іркілмей кірісті, осынау зейнетінен бейнеті көп жұмысқа білегін сыбана мыйдай араласты.  Алаш арыстарының білім беру, ұлттық сананы қалыптастыру туралы пікірлері мен идеяларын негізге ала отырып білім беру мен бала тәрбиесін бүгінгі күнгі құндылықтармен байланыстырсақ, біздің келешегіміздің кемел боларына кәміл сенемін.

Қазақ мектебін өз мәртебесіне сәйкес биікке көтеру – қажырлылық пен қатар терең парасаттылықты, болжамдау шеберлігін және соның барлығын ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеуді қажет етеді. Бұл ретте біз алдымен ұлттық мектептің табиғатын ұғынуымыз керек, өйткені екі жақты мән – мағынаға ие. Бір жағынан, ол ұлттық мінез, идеалды танытатын, халықтың мәдени-тарихи дәстүрлерінен тамыр алатын мектеп болса, екінші жағынан, бәсеке дәуірінде халықтың зәрулігінен туындаған қажеттілігі мен болашаққа ұмтылыстарын бейнелейтін, яғни дүниежүзілік өркениет артықшылықтарын меңгерген мектеп болуға тиіс екенін ескеруіміз қажет. Бүгінгі қазақ мектебі ұлттық және жалпы азаматтық екі ағын бірін-бірі толықтырып тұратын үйлесімділікті таба білуі қажет,  асыра сілтеуге жол бермеген жөн.