Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы,ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытқан,қазақ мектебінің іргетасын қалаған,ұлтын шын сүйген шын ұлтшыл азамат-Ахмет Байтұрсынұлы.

 

Тұтас буынның төлбасы,кешегі Абай,Ыбырай,Шоқан салған ағартушылық,демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ,әдебиет зерттеуші,түркітанушы,дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов.

Кеңес империясы дәуірінде Ахмет Байтұрсынов есімін атаудың өзі қылмыс саналса ,еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр.Тау сілеміндей мол мұраға  оқырмандардың  қолдары тие бастады.Баспаларда ақынның ,ғалым зерттеушінің еңбектерін,көптомдық шығармаларын басып шығара бастады.Қазақстан өкіметінің арнаулы қаулысы бойынша республикамыздың әр жерлерінде мектептерге,жоғарғы оқу орындарына ,Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынов есімі берілді.Сөйтіп, тарихи әділет пен шындық салтанат құрды.Өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігін,тар заманда еркіндік үшін жан аямай күрескен ұлы азамат- Ахмет Байтұрсынов ұлт күрескерлерінің сапына келіп қосылды

Қазіргі қолда бар материалдарға сүйенсек,қаламгер –оқу-ағарту,оқулықтар жасау,әліппе,емле,грамматика,мәдениет,әдебиет,эстетика мәселелерін тереңнен қозғап,өз кезіндегі қоғамға  ұйытқы болар пікірлер айтып,тұжырымдар жасаған.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалған.Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады.1912 жылы қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі  «Оқу құралы».Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп,1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылған. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады.Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің  тазалығы үшін көп еңбек етті.Ол ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын,қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып жеңілдетуі,қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға,синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға,қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтуға орасан көп күш жұмсаған азамат.Ол қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. «Тіл -құрал» -қазақ тілінің тұңғыш оқулығы болып саналады.Ол үш бөлімнен тұрады.Оның фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы,морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы,синтаксис бөліміне арналған 1916 жылдан бастап жарық көрген.Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды.Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі,дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды.

Ахмет Байтұрсынов тұңғыш төл грамматиканы,терминдерді қалыптастырды.Мысалы: сөз таптарын,сөйлем мүшелерін,құрмалас сөйлем,қаратпа сөз,тағы басқа жүздеген ұлттық терминдерді түзіп жазды және мұғалімдерге арнап «Баяншы» атты  әдістемелік кітап, практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар»  атты еңбегін жазды.Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы.Тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген  «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ.Ал ғалымның тілші,әдебиетші ретінде жазған еңбектері,мақалалары –тұтас том боларлық мол дүние.Ғалым әдебиеттің барлық жанрларына ,көркемдік құралдарына қатысты Еуропа,орыс әдебиеттануындағы ұғым,термин,категорияларға түгелдей қазақша балама табады.Кітаптарда,оқулықтарда,баспасөздерде,радио-теледидарда қазіргі кезде қолданылатын тіл тазалығы,сөз дұрыстығы,тіл көрнектілігі,тіл дәлдігі,оныңтараулары,мегзеу,теңеу,ауыстыру,бейнелеу,алмастыру,кейіптеу,әсірелеу,шендестіру,дамыту,үдету,бүкпелеу,түйдектеу,кекесіндеу сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп,осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген ұлы ағартушы-Ахмет Байтұрсынов.Осы айтылған категориялар,термин сөздер ғалымның атақты еңбегі «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды.

Қорыта келе, Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы ғұлама ғалым,ойшыл, ұлы ұстаз,ұлтын сүйген ұлтжанды,қазақ халқы  үшін жанын аямай,халықтың арын іздеп,бір басын бәйгеге тіккен үлкен азамат деп,ұрпағы оның қалдырған зор еңбегіне  бас иеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

«Жамбыл атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталықпен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

    Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы,ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытқан,қазақ мектебінің іргетасын қалаған,ұлтын шын сүйген шын ұлтшыл азамат-Ахмет Байтұрсынұлы.

Орындаған: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Джакаева Айткул Жуматаевна