Тәттi қарбыздың  дәмi және  сол  бiр ауыл.

(Әңгіме)

Алыста қалған, әрдайым есiме ала жүретiн бала кезiмнiң қимас шақтарын екі  қызыма әңгiмелеп берсем болды, олардың әңгімеге деген аңсарлары ауып, тыңдап болған соң, тағы да әңгіме сұрай жөнеледі. Әсiресе,маған соншалықты  ұмытылмастай болып жүретіні — менiң нағашы атам мен нағашы апамның бейнесi еді.Нағашы атам —  Дулатов Тастай,  аса еңбекқор,адал жан,жақсы қасиеттерi мол болатын.Сол қасиеттерiнiң iшiндегi  маған аса  бiр ұнайтыны, атамның  жаңа  нәрсенің  бәріне құмарлығы, алдымен,анамның,сонан кейін менің де бойыма берілгендігіне ешқандай шүбәм жоқ.Менің еркелігімнің бәрін көтеретін қайран нағашы атам, мен кейде атамнан  ат болуын өтінсем де , мені арқасына мінгізіп алушы еді.

Менің   тым асырып жіберетін, еркелігіме де ешқандай реніш көрсетпей , айтқанымның бәрін де орындай беруші еді.  Оңтүстiктiң аптап ыстығынан басқа ,ертеден бау-бақша өсiруге аса қолайлы екендiгi белгiлi ғой.Мен өзiм негізі,есiмдi бiлгеннен бастап,көбiнесе атам мен апамның қолында –«Ықылас-Темір» ауылында балалық бал күндер өткеніне  тіпті де  өкінбеймін. Оның себебi менiң нағашыларымның екi ғана қыздары болған,үлкенi менiң анам Қалбибі де,ал кiшiсi анамның сiңлiсi-Қанзада әкпем болатын. Ал, анам Тастаева Қалбибi болса өз анасы мен әкесінің жеке өздерімен -өздері  қалғандарына ерекше жаны  ашып,менi нағашыларыма ауық-ауық жiберетiп тұратын болған.Мен есімді еміс-еміс  білгеннен уақыттан бастап ,сол ауылда –нағашыларымның қолында көбірек болатын едім.Мінезі тіктеу көрінетін нағашы атам  екеуміз керемет тіл табысатын едік. Атамның кескін- келбетін  былай елестетемін: маңлайы жазық емес, шот маңлайлау болып келген , тәрізі татар ұлтына келетін секілді еді. Сосын ,бір қарағанда көз жанары суықтау әрі өткірлеу болатын. Бет пішіні сопақтау келген атамды реңді кісі болған деп жалған айту да дұрыс емес еді. Тек қана бар болғаны, өр мінезділігі мен адалдығы , жалған сөйлеу дегенді білмейтін турашылдығы атамның бейнесін Бауыржан Момышұлына келтіретіндей ме  қалай өзі. Егер Батыр Бауыржан қан майданның нағыз хас  батыры болса , менің нағашы атам бейбіт өмірдің, тыл мен тың игерудің  нағыз хас  батыры болатын. Атам Шымкент шаһарына барып, түрлі тәттілер мен  базарлықтар  алып, базарлап қайтушы еді. Атамның  базарлап,  келгенін естіген сол ауылдың майда балалары да,  қоржын тамның  есігінің алдына топырлап-топталып келіп тұратын. Мен оларды жолатқым келмей, атамның базардан әкелген  тәттілерін үлестіргенін  қаламадым ба,  әйтеуір,  «сендер мені  «шуылдақ» деп мазақтағансыңдар,  кет, кет»  деп, оларға  айбат  шеккендей, онша  жолата қоймайтынмын. Бір қызығы атам ебін тауып,бәрібір  сол балаларға    тәттіні молынан үлестіруші  еді.  Ауылда тұратындықтан  ауыл балаларына  сыртқа барып келген атамның базарлығы  бір ерекше тәтті көрінсе керек. Ауылдың ағайын адамдарына атамның пейілі  өте кең болушы еді.Атам ешкімді,  мейлі ол ағайын немесе жай бір адам болсын жатырқау дегенді білмейтін.

Әсіресе,  кейде ұлты өзге ұлт өкілдерінен де достары көп  болатын. Менің атам оларды «тамыр» деуші еді. Атамның ауылдас ағайындары-атам мен    апамның қолынан дәм татқанды  жақсы  көретін. Қыстың күні де үйімізден адам үзілмейтін  еді. Сол   бір  тамыз  айының   ішінде  менің атамды соңғы көруім екен ғой. Кім білсін, егер мені ата-анам мектептегі сабағыма бола, алып кетпегенде бәлкім,  бәрі де басқаша болатын ба еді.

Ауылда  бір арық бар еді. Атам қара есегінің артына мені мінгізіп алатын,  қазір ойласам  өзі еккен  бақшаны суғару үшін ,су жығып келетін болсақ  керек.  Арықпен ағып келетін,  ерте пісетін алмалар болушы еді,  сол алмалар маған қатты ұнайтын.  Менің есімнен тағы бір қызық оқиға кетпейді. Бір күні атам мен апам екеуі қатты жанжалдасып қалды. Керзі етігін  шеше бастаған атам,  сол керзі етігін  апам жаққа қарай жіберіп қалғаны,  күні бүгінгідей көз алдымда. Дәу аяқ киім апама оңай тимеген екен. Сол күні қатты ренжіген апам, өзінің жақын маңда тұратын кіші қызының  үйіне  қарай тартып отырды.

Біз атам екеуміз ғана қалдық. Кешке қарай үлкен самауырды қойған атама  ауылдас бір апайдың жаны ашып,     өте жұмсақ боп піскен таба нанды

және  бір кесе сары май әкеп берді.  Атам екеуміз таба нанмен , сары маймен шай ішіп алдық.

Осының бәрін мен не үшін жазып отырмын?

Айтқым келгені  сол  әдемі ұйыған айрандай тіршіліктің сәнін кіргізетін де менің нағашы атам сияқты адамгершілігі мол жандар екен ғой, қарап отырсам.  Ол жаққа жазда менен өзге бауырларым да  қонақ болып,  қыдырып келгендi ерекше ұнатушы едi. Қоржын тамның бар болғаны ортаңғы дәлiзiн есептемегенде екi бөлмесi бiзге кең сарайдай көрiнетiн. Бiз есiк алдына таласа–тармаса кешке қарай алаша-төсенiштердi шығарып, жастық-көрпелердi  тасып,  онан сыртта ұйықтайтынбыз.Бар қызықтың көкесi таңертеңгi салқында басталатын, басымызды жастықтан көтермей жатып-ақ, сап-сары боп пiскен әңгелектiң  иiсi мұрынды жара жөнелетiн, атам ерте тұра сала, өзi еккен бау-бақшасынан сап-салқын, иiсi де тәттi, тiл үйiретiн қауынды, немесе бiрнеше әңгелектi басымызға әкелiп қоятын едi, мұнан кейiн ұйқыны да қимай, әрi атамның жасаған «сюрпризiн» тағы да қимай әрi-сәрi күй кешетiнбiз.  Осының бәрi де мен үшiн соншалықты үлкен әсерлер қалдырғаны тағы да  шындық.Шынымды айтсам, мен ол кезде бар болғаны бес немесе алты жаста болсам да,  сол уақыттардан берi отыз  жылдан астам уақыт өтсе де,  мен өзiм де есейiп, үш баланың анасы болсам да, аузымнан әлi күнге дейiн бiр дәм кетпейдi.  Ол сол әңгiме етiп отырған атамның еккен тәттi қарбызының дәмi болатын. Ондай тәттi , шырын дәмi бар қарбызды мен қайтып, кездестiргенiм жоқ. Атамның бойында жақсы қасиеттерi мол болатын, соның ең бастысы туған жерге,туған топыраққа деген адал махаббаты мен өзiнiң бар күш-жiгерiн елiне бере бiлгендiгi еді.

Атамның Ұлы Отан соғысына бара алмағаны белгiлi,оның есесiне жанын аямай барынша адал еңбек етiптi ,әрi И.В.Сталиннiң өзiнiң қолы қойылған, «Мақтау қағазын» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Тылдағы ерен еңбегi үшiн», «Тың игергендiгi еңбектегi ерлiгi үшiн»  медалдарымен марапатталады. Уақыт бiр орнында тұрмайтыны белгiлi,өзiм ерекше жақсы көретiн нағашы атам  маңдай терiн сiңiрген еңбегiнiң зейнетiн ұзақ көрген жоқ . Қайран атама байланысты   есімнен кетпестей бір оқиға  болды.Негізі атам бір күні біздің ауылға келген екен. Менің ойымша жиендерін сағынса керек. Жиен дегенде ең сүйікті жиені әрине мен, себебі мен нағашыларымның ауылында көп боламын ғой!

Атам кетерде аз уақытқа  үлкен әпкем Розаны атының алдына , ал інім Сәкенді атының артына отырғызып,   алып кетіп бара жатты.

Ал мен  болсам  бара алмай қалғаныма , қатты ыза болғаным сондай, майлы топыраққа  аунап-тұрып, бақырып  жылағанмын. Анам мені  қойдыра алмаған  еді ,жуық арада.  1971-жылдың тамыз айында,мен мектепке 1-сыныпқа баруым қажет болған  едi. Атам мен апамның өздерi ғана қалады да,сол ауылға жақын орналасқан ауылда тұратын кiшi қызына қонаққа келген атамды күйеу баласы «ерекше» сыйламақ болыпты,яғни қасындағы жолдасымен екеуiн де iшкiлiкке тойдырып жiбередi,жақын жерге атпен барған атам және атамның досы екеуiнiң аттарымен жарысқылары келедi . Ары қарайғы оқиғаның өрбуiне келсек, атамның астындағы аты үркiп , нағашы атам аттан аударылып түскен екен.Кешке қарай үстiнде егесi жоқ атының өзi келiп тұрғанын көрген нағашы апамның iшi бiр сұмдықты сезедi. Көп ұзамай-ақ қайран нағашы атамның қайтыс болғаны туралы хабар алдық. Апамның  айтуына  қарағанда атам қайтыс боларының  алдында  ең сүйікті  жиені   менің  атымды  атап ,  көп іздеген  екен . Менің  топыраққа аунап, тұрып, жылағаным , атамның  ең соңғы   сәтке  дейін  ойында  болған   екен. Бұл хабар ол кезде әсiресе анама өте үлкен соққы болғаны белгiлi.

Қайран   атам  қайтыс болып кеткен соң,  нағашы апам жалғыз өзi ғана қаладыМенi анам Сайрам ауданынан Бөген ауданына алып келдi.

(сол баяғы «Ықылас-Темір» ауылына ).

Баяғы үйреншiктi қоржын тамда тұра бердiк . Кешке  қарай бізге  көңілсіз  болмау үшін, анам  апам екеумізге төбесінде пластинка ойнайтын,  дәу радио сатып ,әперді . Көршіміз Айсұлу әпкенің  үйіне барып, ол  үйдегі қалалық  бала Асаннан  маған  сурет  салып,үйретуін  өтінуші едім. Асан  аппақ, әдемі бала болатын. Кейде өзі мені мазақтап , келемеждейтін . Ал, егер мен оған  қарсы жауап айта бастасам, қатты ренжіп, көңіліне  ауыр алып қалатын. Ол балаға  риза болатыным, оған еліктеймін деп  жүріп, сурет салуға құмартып ,кеттім.

Анам менi сол ауылдағы И.П.Павлов атындағы бастауыш мектепке орналастырып кеттi. Нағашы атамның орны қатты бiлiнгенiмен нағашы апам екеумiз ғана тұрып жаттық.  Мен мектепте ешкiмнiң көмегiне сүйенбей-ақ оқуыма тура келдi,себебi апам хат танымайтын едi. 1-2 сыныптан бастап-ақ,алғашында «4 пен 5» , ал 3-сыныпта кiлең «5» , ал кейiн 10-сыныпты «Алтын медальмен» бiтiрген мен үшiн , сол ауылдағы тәрбиенiң орны ерекше үлкен болған едi.Бiзде алғашқы кезде теледидар болмады,сондықтан нағашы апам екеумiз кешке қарай «Барбаросса» жоспарын құрып алушы едiк, яғни теледидар көру үшiн,ағайындардың үйiне кезек-кезек бара беретiнбiз.Ол кiсiлердiң кейбiрi әлi де сол «Ықылас-Темiр» бөлiмшесiнде сол күйiнде тұрып жатыр екен.Апама ең ұнайтыны Қойбағар көкенiң үйi болатын, көкенiң мiнезi жуас едi, жатырқамай қарсы ала беретiн.Бала-шағасы көп болғандықтан ол кiсi қантты үнемдегендi жақсы көретiн едi,ал апам болса ,сыйлыққа қара масаты шапанының екi қалтасына толтырып, қант салып барушы едi.

Қонаққа барған ақымыздай сол қантын дастарханға төге салатын.Әсiресе қыстың түнiнде үйге қайтуға  жүрексiнетiн  едiк,себебi Қойбағар көкенiң үйiнде армансыз қорқынышқа толы әңгiмелер айтылушы едi.Анам жиi-жиi келiп –кетiп тұратын. Кейде Шымкент шаһарынан үлкен әпкем Роза келiп-кетiп тұратын едi.  Әпкемнің  Жаңа жылмен құттықтаған  құттықтауларына  апам екеуміз шын жүректен қуанушы едік. Менiң төменгi сыныптарымның барлығы бiрдей нағашы апамның ауылында өткен жоқ. Оның себебi 3-сыныптан кейiн-ақ  мен бастауыш мектептi бiтiрiп қойдым,ары қарай оқуды жалғастыру үшiн «Бөріжарға» барып-келiп оқығым келмедi ме, әлде ол жағын менен ешкiм сұрамады ма кiм бiлсiн,4- 5 сыныптарды және 6-сыныптың 1-тоқсанын мен қайтадан өз ата-анамның қолында өткiздiм.

Ата-анам мен бауырларымның  жанында , әрине маған мүлде жаман  да болған жоқ едi.Бiрақ анам байғұс томсырайған қалпында тамақ iшпей отыра беретiн болды. Ренiшiнiң себебiн сұрағандарға, бiр сөзбен айтқанда анасының жалғыз отырғанына налитыны түсiнiктi едi. 7-қараша мейрамына қарай « Ықылас-Темiр» ауылы қайдасың деп анам екеумiз тартып отырдық. Нағашы апам қатты қуанды, мен екі жарым жылдан кейін келсем де  сыныптастарым менi мүлде  ұмытпаған екен.Бастауыш сыныптарда қатарынан 3 жыл бойы оқытқан Ермекбай ағай: « Ой, сен баяғы  өзiмiздiң қызымыз емессiң бе» дедi, қуанышын жасыра алмай. Мен өзiме бұрыннан үйреншiктi болып кеткен сыныптастарыммен және нағашылыарыммен қайта қауышқаныма қатты толқыдым. Ол кезде  орыстың атақты ғалымы И.П.Павлов атындағы бастауыш мектеп қайтадан құрылып, 8-жылдық мектепке айналыпты. Мектепке бұрыннан таныс Ермекбай ағай мен Гүлзада  апайдан басқа, көптеген пән мұғалiмдерi келiптi. Мен 6-сыныпта  өзiмнiң  сыныптастарымнан гөрi  сабаққа зерделi болып шықтым да, «онша үлгере      алмайтын балаларға көмек берейiк» деген ұсыныс айттым.Менiң       сыныптастарымның iшiнде  жарысып оқитын, менімен  үш қыз болдық.

Ал ұл балалардан маған Ермаханбет қатты ұнаушы едi. Ол кезде алғашқы махаббат туралы бiр қызық кiтап қолыма түстi. Ол Iлияс Есенберлиннiң «Ғашықтар» атты романы болатын.  Алғашқы  рет  махаббат туралы  романды қызығып,  бас алмай оқығаным есiмде. Ол  кiтапты  қайдан алып оқығанымды айтып кетейiн. Нағашы апам екеумiздi тағы бiр  ағайынымыз қонаққа шақырды.  Сол  қонаққа  барған  үйiмiзде  мен  әлгi айтқан кiтапты қолыма  алдым.  Мен  бас  көтермей оқи бастадым. Мен өзім үшін  аса  бір ғажайып әлемді  ашқандай  болдым.  Мен  өзімді   бұрынғыдан да  басқаша сезіне бастадым. Мен, міне  сол  ауылда  осындай  қызықтарды  бастан  кешіруіме  тура  келді.  Жалпы  әрбір  адам  өз  өмірінде  түрлі  қызықтарды  бастан  кешіреді ғой.  Өмірге келеді, балалық шақты бастан кешіреді,  сосын жоғары оқу орнына түсіп, оны бітірген соң, тағы да әр түрлі  белестерден өтеді. Менің  ойымша адамның  дұрыс,  өкінбестей  өмір сүруі үшін  қоршаған  ортасынан  алатын әсері  ұшан -теңіздей  деп  ойлаймын. Уақыт  тоқтамай   өзендей  ағып, нағашы атам да, нағашы  апам да, анам мен әкем де  бұл  фәниден  бақилық   боп  кеткендері  қашан. Түнде  түс  көріппін : түсімде , анам да , әкем де  тіпті  нағашы апам да   тірі   екен  деп  ойлап,  таңертең  ұйқымнан  өте  қуанып   ояныппын. Менің   көп  жақсылығын  көрген жақындарымның алдында үлкен өтелмеген парызым болса, ол бір жағынан  сол  кісілердің   адалдығы мен еңбекқорлығы туралы айту еді. Ал, анам болса өзінің әкесі сияқты  адал  еңбек ете білді.

Екі жоғары оқу орнын бітірген анам, көп жылдар бойы мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Бірінші мамандығы кітапханашылық болса, екінші мамандығы «қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің  мұғалімі» атты    мамандықтарды бітірген анам,  өзі қызмет еткен ұжымында  ең  сүйікті  ұстаз  бола  білді.  Анамның бойында асыл қасиеттері көп болатын. Солардың  ең  бастысы өз балаларын  да  адамгершілікке тәрбиелей  білгендігі болса керек. Анам Тастаева Қалбибі –менің  бойыма   жазушылық дарын  силағанына бүгінде ешбір  шүбәм  жоқ. Мен мектепте оқып жүрген кезімнің өзінде-ақ   «Қазақстан пионері» газетіне мақала жібере бастадым.  Кейін  бірте-бірте  республикалық басқа да газеттерге шыға бастадым. Менің   қазіргі  жоғары оқу орнына қызметке  жеңіл келуіме де   мақала жаза білетіндігімнің пайдасы мол болды. Адам ешқашан да өз анасы мен  атасының парызын өтей алмас деп ойлаймын. Қайбір жылы Сайрам ауданындағы, Сары Ата деп аталатын,  бұрынғы аты «В.И.Ленин» атындағы бөлімшеге жазда қыздарымды алып бардым. Үлкен әпкем Розаның қызы Гүлшахира  мен екінші әпкем Кариманың баласы Жандос  менің  тез көне салатынымды біліп, «көлге барып, шомылып, қайтайық, әпше» деп қоймады. Әпкелерімнің балаларын қасыма ертіп,  ауылдың төменгі жағында ағып жатқан,  көлге жақындадық. Мен өзім еріксізден-еріксіз дереу қолыма қағаз-қаламсабымды ала сала, мына жыр жолдарын жаза бастадым. Жүрегімде бір мұң бар. Бір емес-ау  көп мұң бар, бақытты балалық  шақ силаған  құрметті  нағашы  атам мен нағашы апама,  мені жарық дүниеге әкелген әкем мен анама,  қазірге дейін  көмектесіп отырған қымбатты  бауырларыма алғысым шексіз еді. Олардың   менің бойыма   сіңірткен   адалдық,    асыл қасиеттеріне  ризашылығым  шексіз. Мен    ол   қасиеттерді   бүгінгі  ұрпақтың  бойына  сіңіргім  келеді.  Өз балаларымның бойынан да сол қасиеттерді көргім келеді.

Балалық  шағым өткен  «Ықылас-Темір»  ауылында   менің  ең басты бақытты кездерім өткен  еді.  Бақытты кездерімнің  куәсі болған ауылды мен еш уақытта есімнен шығармаймын деп ойлаймын.

Алима  Джумабаева,

Қаратау қаласы,

Жамбыл  облысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Көңіл пернелері.

(новелла)

 

Адамда  жақсы қасиет болмаса , оған бақ та, бақыт  та қонбайды.

                                                         Жүсiп Баласағұни.

 

 

Биылғы  жылы менің  жүрегімде бір түрлі  қызықты  ойлар пайда болған еді. Мен бір қызық жұмыс бастамақпын, ол жұмысымды көп ойлана отырып бастамақпын.  Мен ол жұмыста  өзімнің қатарластарымның  түрлі мінез-құлықтары туралы жазбақпын.

Биыл да , біраз жылдардан бері  де     маған әсер еткен,  көңіліме жаққан  сол бір асыл жанның  таңғы шықтай  мөлдірлігіне   аса   таң қалумен болдым.

Аяулы жан,  өзін  алғаш  рет  кездестіруім ,естен кетпестей болды.  Мен  бір жиында жоғары  оқу орнының  кең залында  баяндама жасауым қажет болатын.

Кең   аудиторияға   кірейін деп тұрғанда   маған  қарап қойып, былай деді:

«- Келіңіз, келіңіз! » деп, ерекше  жылы жүзділікпен  қарсы алып жатыр  еді. Ал,   мен болсам  бір түрлі сіздің мені басқа жақтан келді-ау деп ойланып қалғаныңызды түсіне қойдым.Мен бұл әңгімені жазған қалай болар екен деп, көп ойланып жүрдім. Енді ғана қолыма қалам алып, осы әңгімені жазудың сәті түсті. Еліміздегі Тәуелсіздігімізге байланысты болған өзгерістердің бірі –жеке меншік оқу орындарының ашылуы еді. Мен  телесериалдан да қызықты жайттардың көпшілігін  осы оқу орнында жүріп, бастан кешірген  едім. Бастан кешкен оқиғаларымды сіздерге әңгіме етіп айтпақпын.

Мен бұл оқу орнына қалай келдім: «Мен өзім негізгі мамандығым тарихшы болған соң,ұзақ жылдар бойы  Жамбыл облысының әр түрлі аудандарындағы орта мектептерде  тарих пәнінің оқытушысы қызметін атқардым. Менің қызметтік жолым оңай болған жоқ. Түрлі қиындықтардан өтуіме тура келді. Танымайтын жерде , ата-анамнан  және бауырларымнан алыс бір шетте жүріп, көп қиындықтарды бастан кешіруіме тура келді.»

Ең алғаш қызмет атқарған ортам  Жамбыл облысының , Байзақ ауданындағы , « Кеңес» колхозы еді. Мені  бұл  жақтағы  қызметім  өте қатты қызықтырды.  Жалпы, бұл  ауылда  мен  Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің  тарих факультетін бітірген соң, арнайы жолдамамен келіп , қызықты да қиындығы мол оқытушылық қызметті бастап кеттім. Алғашқы қызмет жылынан бастап-ақ түсінгенім, жататын жерім болмағандықтан және ол турасында ешкім ойламағандықтан ,қиындықтың бәрі де осыдан басталды.Жалпы ,ең  алғашқы  1986-1987 жылдары сол қызмет еткен  ортада   4 рет пәтер ауыстыруыма тура келді. Әр пәтер ауыстырған сайын  ол ауылдағы  кісілерден  қатты ұялушы едім.Еңбек жолын жаңадан бастар –бастамастан-ақ , небір  адуынды , көкбеттеу әйелдерді де , жайдары жылы жүзді апайларды да  көруіме тура келді.(Жалпы, мен  шамалы  тақырыптан ауытқып кетсем керек). Менің ең басты айтайын дегенім ,ол қазіргі кезде қызмет етіп келе жатқан ортам еді. Бірақ, өткен тарихсыз ештеңе де болмайтыны белгілі емес пе .

Менің  бұл Жамбыл облысы  жағына  келуімнің де өзіндік қызықтары  және айта кететін бір басты жайт бар еді. Ол менің  жоғары оқу орнын бітіруге аз қалып , сонан ректор өзі бас болып, біздерге қызметке  кететін жағымызға жолдама беріп отырған уақытысында болған еді. Мен досым Қозыкеева Бағымгүлмен ақылдастым. Ол айтты: « -Сен Шымкент облысына бармасаң , жолдаманы бізге Жамбылға ал»деп. Көп ойланып жатпастан, ол  кездегi аталуы бойынша  Жамбыл қаласына келуге оңай келістім.

Артынша мұны естіген анам былай деді:  « — Неге өзіміздің Шымкентке келмейсің ,менің болса да денсаулығым жоқ екенін білесің ғой»-деді , өзі де ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызмет атқаратын анашым Тастаева Қалбибі.

Арнайы Шымкент облысынан келіп тұрып, осылай өтінген анамның көңілін қимадым. Бір-екі күннен кейін  ректор , академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековке қайтадан кіруіме тура келді. Мен «анамның денсаулығына байланысты , Жамбыл облысына емес , Шымкентке барғым келетінін »айттым. Бұл кісімен  бес жылғы  оқу барысында бетпе-бет сөйлесудің  реті түскеніне  қатты қуандым. Әрине ректорды үлкен  жиындарда көретініміз болмаса,  жақын отырып лебізін тыңдаудың реті келе бермейтіні түсінікті жағдай ғой.  Менің Шымкент облысына  анамның денсаулығына байланысты барғым келетінін естіген ректор,  сөзімді тыңдап алды да, Шымкент туралы сөзімді онша қостамай, бір  сөзбен  айтқанда былай деді: «Жамбылға бара берсейші» деп, менің  мұнан былайғы тағдырымды жалма-жан шешіп берді.

Айналайын , ағатай ! Жатқан жеріңіз жаннатта болсын!Сіздің  сәулелі ғұмырыңыз біздердің жадымызда жарқырап тұр ғой.Қаншалықты қуаныштар болғанын  айта берсек әңгіме де таусылмас.

Қолыма дипломымды алған соң, Жамбыл облыстық  оқу бөлімінде  Жамбыл қаласында  қазақша оқытатын мектепке тарих пәнін оқытатын оқытушы қажет болмағандықтан , ауданға жіберілетін болдым. Сосын, мен өзімнің досым Бағымгүл айтқан Байзақ ауданына сұрандым.  Мені облыстық оқу бөліміндегілер Талас ауданына жібермек болған  еді. Мен ат- тонымды ала қаштым.(Қызық болғанда мен қайтадан сол Талас ауданында 1995 жылдан бері қызмет етіп келемін. )Мен өзіме кереметтей  әсер еткен жан досым Қозыкеева Бағымгүлдің көп жақсылығын көрген едім. Ол досым Тараз қаласында тұрады.  Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтында  кафедра меңгерушілігі қызметін атқарып отыр.Осы жан досымның нағыз адал достығына тәнті болдым. Шымкентке жолым түсіп бара қалғандай болсам, міндетті түрде  Тараз қаласы арқылы өтемін де , сосын  досыма соғып отырамын. Досым менен ештеңесін аямайды. Кейде маған бір жолы қымбат бағалы  тері қолғабын , бірде  күмістен жасалған әдемі сақинаны сырғасымен  қосып бере салғаны  жақсы  есімде  қалыпты.

Байзақ  ауданындағы  қызметім  де өте жемісті болған еді. Себебі ,мен онда тоғыз  жылдай тұрып ,орта мектептерде еңбек еттім.1995 жылы  бір себептермен ,яғни үйге байланысты дауды шеше алмаған соң , Қаратау қаласына отбасымызбен көшіп келуімізге тура келді.

Қаратау қаласы менің  өмірімдегі жаңа бір жарқын  белес болды,шынын айтқанда.

Алғашкы көшіп келген жылдарымда   1995-1996 оқу жылдарында

(Қаратау қаласына ауысқан жылдары ) А. Байтұрсынұлы атындағы  мектеп –гимназияда қызмет еттім. Бұл мектеп –гимназиядан мен өз өміріме мынадай мықты әсерлер алдым.Яғни, қазыналы Қаратау қаласының зиялы да құрметті азаматтарымен таныса бастадым. Сол жылы мені бірден қызметке қабылдаған Асқар Алшынбекұлы  Қуанышевтің адамгершілігіне тәнті болдым.Ол кісіні қазір де кейде үлкен маңызды  жиналыстарда , кейде  тойларда көріп қаламын.1999-2000 оқу жылында  мектепте өте үлкен жарыс болды. Дарындылық тақырыбынан —  мен сол жарыста  көзге түстім.

Сосын ,айтпақшы қазақтың тұңғыш профессоры  Құдайберген Жұбановтың  100 жылдығына байланысты  осы Қаратау қаласындағы  М.Х. Дулати атындағы Мемлекеттік Университетте  үлкен конференция өтетін болды. Мектеп-гимназиядан басқа бір оқытушыны жібермек болып еді, менің бағыма қарай ол барудан бас тартты.  Мен директор Қалданнан мені жіберуін қадалып тұрып сұрадым. Ол кісі мені онша жібергісі келмегендей көрінді. Ақыры,  конференцияға қатыстым-ау. Жалпы, конференцияда мен  өзімді бір түрлі  арқаланып ұстағандаймын. Мені факультет деканы Дүйсенқұл Мырзахметұлы Сахиев ағатай ерекше мақтады.  Менің сол баяндамам елдің есінде ерекше қалды –мау. Көпке дейін өз атыма жылы-жылы лебіздер естіп , күтпеген жерден қуанып та жүргенім бар-ды.Мектеп-гимназиядан өзіме ерекше ұнаған бір оқушымды айтып кеткім келіп отыр.   Ол менің сүйікті оқушым  Тәттібеков Бауыржан     еді . Оларды   білудің арқасында  мен  мұндағы  Тараз Мемлекеттік  Университетіне  қызметке орналаспақ болдым.Мен  осылайша  өзімді  көтермек  болдым. Бірақ  бірден  орналасу мүмкін болмады.  Себебі  менің  алдымды  бір әйел орап кетті. Мен ол кісінің  прокурордың  әйелі екендігін кейінірек білдім.  Сосын ұзыннан ұзақ бес жыл бойы менің  орналасу мүмкіндігін күтуіме тура келді. Тек қана 2001 жылы ғана менің  көптен күткен арманым орындалды. Өзім армандаған  жоғары оқу орнының   аға оқытушылығы қызметіне  қол жеткіздім. Менің  өмірімдегі  ең қуанышты сәттерім  басталды десем де болғандай.  Мені  жоғары оқу орнындағы қызмет  өзіне  соншалықты  баурап  әкеткені  сондай  мен  өзімді  шын бақытқа қол жеткізгендей өте қатты толқыдым.   Күндер осылай өте берді. Алғашқы жылдары   орта  мектептерде  қызмет  етіп ,  үйренген  мен  үшін   жоғары  оқу  орнына  үйрене  қоюым  қиын  болды. Себебі бұл кезде барлық жерлерде  бірдей  компьютерде  жұмыс істей білу талап етіле бастады. Менің  қызметке  кіріскен  ортада   жан-жағыма  қарап   отырып, мынадай  ой  түюіме  тура  келді. Неғұрлым  қызмет  орыны   қымбат, әрі  жоғары дәрежелі  болған сайын  ол жерге  келуің қиын болады да , кетуің сондай  оңай да болады екен. Мен  үйреншікті болып үлгерген  М.Х.Дулати  атындағы  Тараз  Мемлекттік Университетінің  Инженерлік-Техникалық Мамандықтар факультетінен кетіп, қазіргі  ең бастапқыда  Агротехникалық Университет деп аталған  жеке меншік  оқу  орнына  жұмысқа  орналасуыма тура келді.

Менің   әңгіме  етіп айтқым келетіні  де   осы    соңғы  қызмет етіп   жатқан   жоғары   оқу  орным    туралы  еді. Мен  студенттерге  Отанға  деген сүйіспеншілік  пен  халқына адал қызмет  ету  туралы  жалықпастан  айтып келемін . Менің   дәрістерге  ерекше  мән  беретінім  сондай  дәріс оқу  барысында   қай оқиғаны  әңгімелеп берсем де  , сол  оқиғаның  мәнін  білімгерлерге  жеткізуге  тырысамын . Мен  осылайша  өзімнің   бар  білетінімді  үлкен тебіреніспен жеткізетіндіктен , оларда   маған  ерекше  бір  құрметпен  қарайтындықтарын  жүрегім  сезеді.  Міне , осы аптадағы   кезекті  бір институтішілік  отырыста     ұжымның алдында  менің  беделімді  көтеріп  тастағандай болды. Жиналыста  сөз  арасында мен  біздің  кітапханада  кітаптың жетіспейтіндігін  айттым. Менің  сөздерім  жалынды  шықты. « Орыс-қазақ сөздігі керек , себебі  Қоқаевтың  туыстары  орысша  білмейміз дейді» дегеніме   елдің  бәрі ду күлді.  Осыдан  кейін-ақ сөз алған ректор мені « сабақты  студенттердің  ойынан шығатындай етіп өткізеді » деп ,мақтап кетті сөз  арасында . « Бірақ  силловустерін  көрсетпейді» деді ол кісі маған .

Мен  осы кісі туралы ерекше  тоқталып айтқым келетін сияқты.

Себебі  мені  осы  кісінің  ерекше қасиеттері  қатты қызықтырады.  Бұл қасиеттерді  бәлкім мен өз ойымнан шығарып алған  шығармын .

Бұл   жеке меншік оқу орнына оқытушылыққа келместен бұрын  менде мынадай  қиындықтар болған еді , яғни мемлекеттік  оқу орнындағы қызметімнен алатын жалақым мүлде азайып кетті.Сол кезде-ақ бұл ағайым маған былай деді: «Сіз  0,25 жалақымен  бала-шағаңызды қалай асырамақсыз»  деді. « Жүріңіз кеттік,АГТИ-ге деп менi де өзi кетiп бара жатқан жағына iлестiре кеткендей болды.» Сонан мен көп ойланып жатпастан, жеке меншік оқу орнына ауысып кеттім. Өзіме  жаны  ашитын  ағатайымды  жиі-жиі көретін  болдым  . Менің   сол баяғысынша   жолдасым  жоқ  болатын , себебі  ол мені  тастап  кеткен  болатын.  Мен  әлім  келгенінше  балаларыма  қарап, кейде  мақалалар  жазып  танымал  бола  бастадым.Мені  жеке меншік оқу орнына  жұмысқа  шақырған  ағатайдың  да  жолы бола бастады. Мұнда  ауысып келген кезде  проректор болған  ол, бір жылдан  соң   көтерілді.

Қандай жиын  өткізсе де  сондай « күліп  кіретін  ол ,бақытына тура тартқан адамдай едi . » Әрбір қимыл -қозғалысының бәріде сондай тартымды, сүйкімді көрінді маған.

Бірге  қызмет істейтін болған  соң, оны жиі көретін  және әр түрлі жағдайларда  жанды жылытатындай және  естен кетпейтіндей  түрлі  жағдайлар да менде болып жатты.

Данышпан сөзi сәуле шашқан  алау от  және де ол ашық-жарқын аймен  тең!

Аса  есте қаларлықтай  сәттердiң  iшiндегi ең бiр есте қалғаны мен үшiн мыналар болған едi.Жақында  , мен мұсылмандар Меккесi атанған Түркiстан  қаласына Яссауитану  сайысына  барып, қатысып қайттым.

Сол жолы мен  «туыстарыма барамын» деп сұрандым да өзiм болсам,

Түркiстанға өтiп кеттiм. Сосын сол жолсапарымнан қайтып келген соң , арада  апта өтiп кеткен кезде, мен  өз шынымды айттым.Менiң ағайым маған шынымды айтып кетпегенiм үшiн қатты өкпеледi.

«Шыныңызды айтып кеткенде, мен сiзге жол сапарлық ақша бергiзетiн едiм ғой» дедi де бетiме қарады. Менiң  дереу өз қателiгiмдi мойындауыма тура келдi. Күлiп жiбердiм.Сосын сол жарыстан алған дипломымды көрсетуiме тура келдi. Ағайым менiң дипломыма шын қуанатынын және  тiлектестiгiн  Ол кiсiде қандай сиқыр бар екенiн қайдам, әйтеуiр мен кiшкене ғана тiлдессем болды, арманына жеткендей қуанып шығатын себебiм,неден екендiгiн түсiнбедiм. Жалпы, «жақсыдан шарапат , жаманнан кесепат» деген сөз өте тура айтылған деген ойға келдiм. Жарық нұр сияқты , айналасына тек қана жақсылық жасай бiлетiн , өте кең жүректi замандасымның бойындағы қасиеттерiнiң өте аз мөлшердегi жалпы сипаттамасы, мiне осындай едi.

Мен ойладым,  сірә  кейбір адамдар өте жақсы болады екен-ау деп.  Ол адамдарға қарап отырып,  былай ойладым.

 

 

Екі  заман,  немесе   екі түрлі  өмір .

( Әңгіме .)

 

Балаларға әңгіме жазу көптен бері ойымда жүргелі  біраз уақыт  болған еді.

 

Бұл жолы бұрынғыдай емес, әбден ойландым. Солайша өзіме таныс болған,  бастан өткен түрлі  жағдайларды жазғым келіп отыр.Өз балаларыма қарап-ақ  мынадай ойға келдім. Балаларға обал-ақ . Оларға бір әдеби кітап алмақ болып, Тараздың  бір кітап жаймаларын қарап көріп едім,  көзіме қазақ тілінде жазылған бірде-бір әдеби кітап түспеді.

Орыс тіліндегі А. С. Пушкиннің  «Салтан патша туралы» ертегісін, орыс-ағылшын  сөздігін сатып алдым.  Қызым  Меруерт  болса  өзі әбден оқи-оқи жауыр болған ертегіге онша қызыға да қойған жоқ.

Менің  балаларға арнап жазғым келетіні өзімнің екі қызым туралы болмақ. Университет  бітіргеніме 20  жылдай уақыт өтсе де  мен өзімнің бір хоббиімді қоя алмай келемін.  Ол менің ара-тұра жазатын әңгімелерім.

Ол  мақала күйінде өте жиі болмаса да, аудандық газетке шығып отырғаны да кейде қуантады. Алайда, ең мені қуантқаны жақында облыстық газетке шыққан  «Әңгелектің  дәмі» деген  әңгімем  болды. Оның  бар сюжетін   өзімнің   балалық   шағымнан   алғанмын.

Көбінесе  нағашыларым :атам,апам  және  арагідік  анам  туралы жазған  мен   енді , неге өз әкем ,тағы да анам , сосын  әжем ,өзіммен бірге туған  бауырларым және мұғалімдерім  туралы неге  жазбасқа деген ойға келдім.

Менің  әкем өте бір ерекше адам болды.   Оны айтып тауыса алмаспын. Солардың ішіндегісі,   әсіресе  даладағы түрлі аңдарға өте құмар еді. Біздің үйде әркез үкі болушы еді. Ол үкінің тамағын тауып беретін де, бағатын да, қағатын да әкемнің өзі еді. Ол үкі қасиетті құс болған соң ба, біздің үйдің берекесі  ерекше артып,   кеңес кезінің өзінде-ақ   сол кішкентай ауылдағы ең бір   бай және бақуатты тұрмыс иесі болып шықтық.  Ол байлық  әрине әкемнің  тікелей еңбекқорлығынан  да  болған шығар деп ойлаймын.  Бала кезімізден көп жүгіріп, көп көмек көрсететін біздер мемлекеттің малын бағатын әкемізге жәрдем беруге тырысатын едік.  Қолымыз бос кезінде қойшы ауылда көмек көрсету ұшін көп жүретінбіз.  Жеке отар алып,  мал бағатын  әкемізге көмектесуші едік.  Әсіресе, көктемде табиғат ерекше  құлпырып кететін,   біздің  оңтүстіктің  жазы аптап  ыстық болатындықтан,  жердің бетін күйдіріп, жіберуші еді.   Әкемнің шын есімі –Ақылбек еді. Әкесінің аты –Сартай. Бірақ құжаты бойынша аты басқаша болатын, яғни  Алтынбек болатын.   Сонымен  әжеме  де  кезек келген сияқты , әжемнің есімі Күдеркүл болатын. Мен осы апамды былай көруші едім , яғни апам  менің өте пысық болатын. Көбінесе  әжемнің  де малға дегенде махаббаты бөлек еді ғой.

Ал , кішкентай болса да  Қаратау қаласында  тұратын менің қызым болса, малдың   аттарын  ауыстырып  атағанына  қалай да  таң қалмасқа  амалым да жоқ еді.

Жақында   былай болды. Қаратау қаласында серуендеп жүрген едік, Меруерт екеуміз  универмагтың алдындағы  орындықта  демалып отырған едік.  Қызым:  «Бұзау !»  деп  қалды.

Қарасам  жайылып жүрген кәдімгі үлкен  сиыр екен.     Осындай қызықтар кейде қала баласында бола береді екен ғой.

Жалпы, кішкентай қызым  өте мінезді , ашушаң . Үлкені олай емес, өте орнықты   әрі   ақылды. Оның аты Маржан . Қайран әкем  бұл қызымды алғаш көргенде : «О! Нағашы апаларына тартыпты ғой, »  деген еді қуана таң қалып,    сөйткен    қайран   әкеміз   бүгінде   жоқ.

Менің үлкен қызым  сурет салуға өте құмар-ақ.  Оны 6 жасынан бастап-ақ  сурет мектебіне берген болатынмын. Биыл 15 –ке  толды. Әлі де сурет салатын мектепке  барады. Қызымның  көптеген ойлары маған да ой салады кейде. Біз  өте нашарлау  тұрмыста  тұратынымызға қызымның ешбір көңілі толмайды.   Маржан екеуміз кейде менің жұмыс орныма,  келіп тұратынымыз бар еді.   Ол мұндағы компьютерді пайдаланып,      сурет салғанды ұнатады.

Сонымен , әжеме берген бір уәдем бойынша  әжемнің айтқандарын есіме түсіре отыра, әкемнің  анасы туралы  айтып кету де  перзенттік  парызым болар, сірә.   Әрине,  мен  әжем  менімен  үлкендерше әңгімелесе беретін еді.  Кейде  мен былай ойлаймын,   сірә  мен өмірге төзгіштікті  осы әжемнен үйрендім бе екен деп те ойлаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Естен  кетпес  кездесу .

 

9-мамыр – Жеңіс  мейрамы  жақындаған сайын , менің  есіме  оралатыны батыр ағамыз  Бауыржан Момышұлын өз көзіммен  көріп, оның   батасын  естігенім   есіме қайта-қайта орала береді.

Мамыражай мамыр айында  өзім  оқып  жүрген Шымкент  қаласындағы № 7 Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектеп

құрылғанына 60 жыл   өткенін тойлайтын болды. Бір таң қаларлығы,   бұл мектепте   атақты  батыр ағамыз Бауыржан да,  ақын  Әбділда Тәжібаев та, көрнекті  ғалым  Өмірбек  Жолдасбеков  та оқыған  екен.      Мен  бар болғаны қазіргіше айтқанда,   10-сыныпта оқитынмын. Шымкент  қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте оқитын мен

Сол мектепке  1980 жылы  құрылғанына  6жыл толғанына байланысты көптеген  қонақтар  келді.  Қонақтардың  арасында  атақты  ақын  Әбділда Тәжібаев ,  Бауыржан  Момышұлы,  академик  Өмірбек  Жолдасбеков  болған

еді.