Отан неден басталады?

 

2018 жылдың 30 наурызы күні «Өрлеу» «БАҰО» АҚ іс-шаралар жоспарына сай 2018-2022 жылдарға арналған республикалық «Туған жер. Туған ел. Туған глобал» жобасы негізінде «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында» «Кіші Отанның мәдени және рухани дамуы» атты республикалық онлайн семинар-практикум өтті.

Іс-шараға «Өрлеу» «БАҰО» АҚ 10 филиалынан профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері, облыстық, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен әдіскерлері, жалпы орта мектеп басшылары мен педагогтары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары қатысты.

Семинар-практикумның мақсаты: «Туған жер» бағдарламасы негізінде аймақтардағы қасиетті жерлер мен сол жерден шыққан біртуар танымал адамдарды насихаттау арқылы мәдени-рухани құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру жолдары туралы жұмыс тәжірибелерімен бөлісу, пікір алмасу, талқылау.

Республикалық онлайн семинар-практикум жұмысы келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

  1. «Туған жер» бағдарламасы – рухани жаңғыру өзегі.
  2. Танымал дара тұлғалар – ел мақтанышы.
  3. Мұражай және тарихи-өлкетану жұмыстары – жас ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие берудің қайнар көзі.
  4. Кіші Отанның мәдени және рухани құндылықтары – тұлғаның шығармашылығын дамыту негізі (авторлық бағдарламалар, каталогтар, альбомдар, ұстаздар мен оқушылар шығармашылығы).

Пленарлық отырысты «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кенесбаев ашып, мұғалімдердің алдында қазіргі заманға сай бейімделіп, өздерін дамыта алатын тұлғаны тәрбиелеу сынды маңызды міндет тұрғандығын атап өтті. Серік Мұқтарұлы өз сөзінде өскелең ұрпақтың азаматтық-патриоттық тәрбиесіне ерекше мән беру, өз Отанына және Кіші Отанға деген құрметін қалыптастыру, сонымен қатар туған жерінің тарихын, мәдениетін, жетістіктерін және құндылықтарын танып-білуіне жағдай жасау қажет екендігін айтты.

Сондай-ақ, семинар-практикумның пленарлық мәжілісінде «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Толқын Ауелгазина – «Туған жер бағдарламасы — рухани жаңғыру өзегі»; ЖШС «Шығармашылық шеберлікке баулу» орталығының тренері, психолог Айсұлу Қасымбек – «Туған жер» бағдарламасы – елжандылық пен тұлғалық тұғыры»; ҚР МОМ аға ғылыми қызметкері Гүлбахрам Құлназарова – «Музей жәдігерлерінің бала тәрбиелеудегі орны»; «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО ПҚ БАИ директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары  Елдос Сафуллин – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы ауыл сайтының маңызы»; Ақсу ауданы, Еңбек ауылы, «Қарасу» негізгі орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Мұқтар Сағадиев – «Ұлағатты есімдерді дәріптейік» және т.б. тақырыбында баяндама жасады.

Жиынға қатысушылар жас ұрпақ бойында Отанымыздың тарихы мен мәдени мұрасына деген құрмет сезімін оятатын патриоттық бағыттағы іс-шараларды  көптеп ұйымдастыру керектігін алға тартты, сондай-ақ, білім беру мен ғылыми зерттеулер арасындағы байланыстарды нығайтуға тың қадамдар жасады.

 

Республикалық онлайн семинар-практикумның қорытындысы бойынша материалдар жинағы «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» сайтында (http://www.orleu-almobl.kz/) қазақ, орыс тілдерінде электронды түрде жарық көреді.