Биология сабағында аймақтық компоненттерді оқыту арқылы оқушыларға экологиялық тәрбие беру

Ахметкаримова Бикамал Жунусовна

«№34 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ, биология пәні мұғалімі

Семей қаласы, Шығыс Қазақстан облысы

 

Аннотация

6-8 сыныптарда биология пәні сабағында  аймақтық компоненттерді  қолдана отырып, экологиялық тәрбие беру жолдары қарастырылған. Пән мұғалімдеріне көмекші  оқу құралы ретінде  пайдалануға болады.

 

В своей работе автор рассматривает пути решения экологического воспитания на уроках биологии в 6-8 классах. Рекомендуется для использования на уроках биологии в качестве дополнительного материала.

 

In this article teacher uses regional components in 6 and 8 th form at the biology lesson. Teachers of biology may use it.

 

Мақсаты: Биология сабағында аймақтық компоненттерді оқыту арқылы  оқушыларға экологиялық тәрбие беру. Аймақтық компонентерді оқыту барысында оқушыларды табиғатты, туған жерді, айнала қоршаған ортаны қорғауға баулу. Туған жеріне, Отанына деген  сүйіспеншілігін арттыру. Жауапкершілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Аймақтық компонентер туралы  мәліметтер жинақтау кезінде  оқушылардың  өз бетінше жұмыс істей білу дағдысы қалыптасады. Оқушылардың  ізденісін арттырып, олардың шығармашылық  жұмысын дамыту. Экологиялық мәселелердің өзектілігі жөнінде түсініктері артады.

Өзектілігі: Қазіргі заманда адам баласының қоршаған ортаға тигізген зияндыәсерінен экологиялық жағдай ауырлап кетті. Сондықтан бүгінгі күнде оқушыларға экологиялық тәрбие беру  өзекті мәселелердің бірі. Адам баласының экологиялық сауаттылығын арттыру үшін мектепте оқушыларға экологиялық тәрбие беру керек.

Қазіргі кезде ғылыми-техникалық прогрестің дамуы  адамзат өмірін жақсартуда. Алайда табиғатқа,қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізіп отырғаны анық.  Әлемде экологиялық дағдарыстар, апаттар ұлғая  түсуде. Экологиялық  зардаптар Жер бетіне қауіп төндіруде. Қоршаған ортаны қорғау дүниежүзі  елдерінің алдында тұрған міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау өзекті мәселе болып отыр. Осыған орайөскелең ұрпақты тәрбиелеуде экологиялық  білім беру қазіргі кезде негізгі мәселе болып отыр.

Экологиялық тәрбие беруге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында және « Қазақстан экономикалық әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты республика халқына жолдауында ерекше эқологиялық ұстанымдарын көрсетті. Елбасының 1997 жылғы «Қазақстан — 2030 барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы»- деп аталатын Жолдауында «Экологиялық нашар ахуал бүгінде  адам өлімінің 20 процентіне себеп болып отыр, ал кейбір аймақтарда жағдай мұнан да қиын»-деп атап көрсетті [Н.Ә. Назарбаев, Жолдау 1997ж].

«Қазақстан жолының жаңа кезеңі –экономиканы нығайтудың, халықтың әл ауқатын арттырудың жаңа міндеттері. Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамассыз етудің оңтайлы теңгерімін табу – өмірлік маңызды нәрсе»-  деп Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан еді [Егемен Қазақстан, 2012 жыл, 41-42 бет].

Тағы да сол сияқты «Біз Қазақстан жариялаған Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Біз «Жасыл» технологиялардың трансфертіне бағытталған Астананың «Жасыл көпір» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз»- деп Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметік –экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткен.

Қазіргі таңда Қазақстанның  экологиялық жағдайының  ауырлығын әркім жақсы біледі.

Қоршаған ортаны қорғау туралы заң да бар. 2007 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Экологиялық кодексі» қабылданған. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында мемлекеттің экологиялық саясатының  негізгі мақсаты көрсетілген – ол қоғам мен қоршаған ортаның өзара әрекетін гармонизациялау, сондай-ақ экологиялық таза орта құру [ҚР 2030ж даму стратегиясы]. Қоршаған ортаны қорғау- бұл қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіруге, шаруашылық, болмаса басқа да әректтердің қоршаған ортаға жағымсыз ықпалдарын болдырмауға немесе олардың салдарын жоюға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралардың жүйесінің жиынтығы. Бірақ қоршаған ортаның экологиялық жағдайы күннен-күнге төмендеуде [ҚР экологиялық кодексі].

Өзен-көл, теңіз, ауа, су ластанып, орман-тоғайлар кесіліп, оталып жатыр. Сондықтан экологиялық жағдайында Елбасымыз өз Жолдауында осыған байланысты жұмыстар жүргізу туралы айтты.

«Келешекте ғаламдық  экологиялық мәселелердің  шешілуі жас ұрпақтың экологиялық білімі мен тәрбиесіне байланысты.  «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасында»  жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беру  негізгі мәселе екендігі айтылған.

Оқушыларға   экологиялық  білім мен тәрбие берудің  қандай жолдары бар?- деген сұрақ әр ұстаздың көкейіндегі, ойындағы  сұрақтың бірі деп ойлаймын.

Экологиялық ұғымдарды әрбір ұстаз бен тәрбиеші, отбасындағы ата-ана күнделікті өздерінің өнегелі істерімен байланыстырып отыруы абзал.Экологиялық білім мен тәрбие берудің өзекті орталығы- мектептегі кештер, сайыстар, дебаттар, ертеңгіліктер. Оқушылардың өз туған жерін, оның экологиялық мәселелерін қаншалықты білетіндіктерін бақылау мақсатында биология сабағында аймақтық компоненттер туралы мағлұматтар беру енгізілген. Қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған проблемалар туралы оқушылар білу керек.

Экологиялық білім беру көптеген шетелерде жақсы жолға қойылған. ТМД елдері, соның ішінде Ресейде 1994 жылдан бастап оқу жүйесінде жеке пән ретінде 5-11 сыныптарда енгізілген.

Біздің елімізде Білім министрлігінің ұсынысымен «Экологиялық білім бағдарламасы» және «Қазақстанның базалық мектептеріне арналған жаңа буын оқулықтарын жазу үшін оның бағдарламасы жарық көрді. Қазіргі кезде аталған бағдарламаға сәйкес жаңа буын оқулықтары шығарылуда.

Қазақстан Республикасының оқу жүйелерінде экологиялық білім беру көптеген авторлық бағдарламаларға сәйкес үш бағытта жүргізіледі. Олар:

  • Мектепте өтілетін пәндерді экологияландыру;
  • Экологияны жеке пән ретінде оқыту;
  • Аралас сабақтар негізінде экологиялық білім беру үлгісі.

Экология ғылымының мақсаты мен міндеті туралы білім алған оқушылардың көзқарасын дамыта отырып, адам баласының табиғаттағы рөліне тоқталу, табиғаттағы апаттар мен өзгерістердің бәрі де адамның теріс іәрекеттерінің нәтижесі екендігіне көз жеткізу.

Қазақстан жеріндегі Арал, Балқаш, Семей, Нарын, Азғыр полигондары материалдары негізінде мысалдар келтіре отырып, экологиялық проблемалар, оның пайда болу себептері туралы білім беру.

Оқушылардың жергілікті жердегі кішігірім өзендер мен көлдердің құрғап қалу себептерін, өнеркәсіп, зауыт, автокөліктерден шығатын зиянды заттар туралы айта келіп, олардың Қазақстан халқына ғана емес, дүниежүзіне де тән экологиялық мәселе тудыратынына көз жеткізу. Әсіресе қошаған ортаның ластануы тек адамның  әрекетінен болатынын түсінуі, соның салдарынан байқалып отырған озон қабатының жұқаруы, қышқыл жауындар, фотохимиялық у түтіндер, т.б. мәселелер адамзат үшін аса қауіпті экологиялық мәселелер екенін нақты фактілермен түсіндіру қажет.

Биология сабағында аймақтық компоненттер туралы оқушылар мәліметтер білу керек.  5-11 сыныпта әр тақырыптарға сәйкес аймақтық компоненттер туралы жоспарланған.

Бағдарламаға сүйене отырып, әр сыныпқа аймақтық компоненттер туралы білім беру  мақсатында күнтізбелік жоспар жасалынды. Мысалы: Семей өңіріндегі сынақ аймағының радиоактивті  заттармен ластану деңгейі туралы мәліметтер, ШҚО-да сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар туралы мәліметтер 6- сыныпта « Өсімдіктер мен жануарларды қорғау. « Қызыл кітап» Қорықтар мен қорықшалар»  тақырыбында  « Өсімдіктер мен жануарларды қорғау. Қазақстанның қорықтары»  туралы мәліметтер беріледі.

«Гүлдің құрылысы» тақырыбын өткенде «ШҚО-да сирек кездесетін гүлді  өсімдіктер» деген тақырыпта аймақтық компонент туралы айтылды.   Аймақтық компонентердің бірі ретінде Ертіс өзенінің жағдайын қарастыруға болады. Балық шаруашылығы туралы 7- сыныпта балықтар класын өткенде айтылды.

Оқушыларға Ертіс өзенінің экологиялық жағдайы, ондағы тіршілік ететін балықтар туралы мәліметтер жинауға тапсырмалар берілді. Бұл тақырыптың негізінде  «ШҚО-ның балық шаруашылығы» деген тақырып  қарастырылды.   Осы мағлұматтарды жинақтау барысында оқушылардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысы қалыптасады және экологиялық білімі артады.

Қарағайлы орман біздің жеріміздің құнды байлығының бірі.  Қарғайлы орман мәселесі жөнінде 6- сыныпта « Ашық тұқымды өсімдіктер» тақырыбында мәліметтер беріледі.  Тақырыбы: «ШҚО-ның ашық тұқымды өсімдіктері»

Аймақтық компоненттер туралы оқушылардың білімін тереңдету, одан әрі дамыту  мақсатында  7- сынып оқушыларының  «Семей қаласының ауа, суының ластануы» тақырыбында жазған ғылыми  жұмыстарына  ғылыми жетекші болдым.  Мақсатым: Ғылыми жұмысты орындау барысында  оқушылардың экологиялық білімін тереңдету, аймақтық компонентер туралы түсінігін арттыру.  Экологиялық тәрбие беру.

Тақырыбы: Семей қаласының ауа, суының ластануы.

Мақсаты: Семей қаласының экологиялық жағдайы туралы мағлұматтар жиинап, анықтау.

Міндеттері: 1. Судың ластану деңгейін анықтау. Аймақтық компоненттер туралы оқушылардың білімдерін тереңдету.

  1. Семей қаласындағы ауаны, суды ластаушы кәсіпорындардың жұмысын анықтай, сараптай келіп, өз бетінше сараптама жүргізе білу қабілеттерін дамыту.
  2. Аймақтық компоненттерді пайдалануда оқушылардың экология туралы көзқарастарындамыту. Экологиялық сауаттылығын арттыру.

Осы ғылыми жұмысты орындау барысында оқушылардың аймақтық компоненттер туралы түсініктері артты. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын қалыптастырдым. Ғылыми жұмысты орындауда оқушылардың аймақтық компоненттер туралы мәліметтерді жинақтауы олардың ізденісін арттырды. Оқушылардың шығармашылық жұмысы артты.

Туған жерге, туған өлкеге, Отанына деген сүйіспеншіліктері артты. Әр оқушының бойына жанашырлық, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерді сіңіруге  тырыстым.

 

Ғаламшар –адамзаттың ортақ үйі мен мекені. Болашақ ұрпақтар үшін биосфераны қорғау бүгінгі адам баласының адамгершілік қасиеті, ақыл-ой мен парасатына негізделеді. Экологиялық мәселелердің қоршаған ортаға және адам денсаулығына тигізетін әсерін жетік түсіндіру арқылы оқушыларды табиғатты қорғауға баулу. Еліміздің аң мен құс, балық, орман байлығын қорғау мәселелеріне тоқталып, экологиялық сауаттылығын ашу. Нәтижесінде оқушыларға үлкен ой салып, табиғат қорларын қалай сақтауға болатыны туралы жауапкершілік сезімін ояту. Табиғаттың кез-келген қорларының, байлығының адам үшін қажеттігін түсіндіру арқылы ұқыптылыққа тәрбиелеу. Аймақтық компоненттер және аймақтың экологиялық жағдайы туралы білім беріп, оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Семей қаласы экологиясы мысалында өзі тұратын жерінің экологиялық проблемасы туралы ізденіс қабілеті мен білімін дамыту.Туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Болашақ ұрпақтың бойына жас күнінен бастап табиғатты қорғау туралы түсінік қалыптастыру үшін табиғатқа деген немқұрайлылықты дер кезінде байқап, күресу қажет. Әр  адам  қоршаған табиғатты сақтауға  өз үлесін қосуы тиіс. Жастардың ой-өрісін, экологиялық мәселелерге қатысты көзқарастарын қалыптастыруда, ғылыми-техникалық прогрестің дамуын түсіндіруде, экологиялық сауаттылығын арттыруда, экологиялық білім беру мақсатында мектептерде әр пән бойынша   аймақтық компонентерді оқыту керек.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі.

Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2012жыл. Астанақаласы\ Егемен Қазақстан, 2012жыл № 41-42.

Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2030 барлық Қазақстандықтардың өсіп өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 1997 жыл.