Мені толғандыратын өзекті мәселе

 

«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес,

ол үнемі жаңаны табатын өнер»

Ж. Аймауытов

 

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы ғасырдан ғасырға жеткен. Қазіргі таңда білімнің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыреттілігі  жоғары, жаңаша ойлайтын шығармашылықты мамандар даярлау және жасампаз іс әрекетті қалыптастыру. Олай болса, тарих көшінде өзіндік орны бар айрықша зиялы қауым өкілдерінің ұрпақ  тәрбиесі туралы мәселелер ауқымындағы ой пікірлерін зерделеу, сипаттау, таразылау, жинақтау, оларды қоғамдық іс – тәжірибе шеңберіне енгізу. Келешек ұрпақты тектілікке, инабаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуде і қазіргі уақыттың міндеті, талабы деп  қарауымыз керек .

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі демократиялық бағыттағы қазақ зиялылары, беделді көшбасшылары қазақ ғылымы мен мәдениеті, оқу тәрбие ісі  тарихына сіңірген орасан зор еңбектерінде   тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шыңдығы дәлелдеп отыр.

Сол кездегі Қазақстанның ізілік педагогикасының,  классиктерінің    жарық  жұлдызы –  Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын ағартушылыққа, яғни ізгілік педагогикасына көп еңбектенген көрнекті тұлға. Ол өзінің педагогтік, жазушылық тарихи қызметі мен  зор талантын, жан-жақты терең білімін және қайраты мен жігерін жас ұрпаққа арнады. Қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер  ашып,  қазақ балаларын озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған.

Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, жетістіктерге қол жеткізді. Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. Ыбырайдың ізгілік педагогикасының демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Баста пісіп жетілген ойлар , жүрекпен  терең сезінілуі қажет, содан соң дұрыс  шешімдерді  қолдар жүзеге асыруы тиіс деп білген  ұлы ізгі педагог Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады.

«Өнер алды – қызыл тіл» деп мақалдап өткен қазақ ақындары, жазушылары осы күнге дейін қазақ поэзиясында биік орын алады. Солардың бірі, қазақ тілтану ғылымының атасы —  Ахмет Байтұрсынұлы. Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Қарусыз-ақ сөзбен адам өлтіретін Ахмет қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген халықтың рухани жетекшісі. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.  «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды.

Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалып жатқан қазіргі заманда білім беру саласында улкен өзгерістер болып жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» делінген. Онда «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» делінген. Барлық дамыған елдерде сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсынудың маңыздылығы айтылған. Орта «Білім жүйесіндегі жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізіп, оқыту нәтижесінде оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі тиіс» делінген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет.

Бүгінгі таңда балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай табиғи сұраныстарға орай, оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде.

Олай болса, оқытушы педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс-тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс. Оқушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді. Әрбір сабақты өту барысында шынайы өмірмен ұштастыру оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын және келешекте өз мамандықтарын дұрыс таңдауына әсер етеді. Ұстаз әрқашан сабақты қызықты етіп, түрлендіріп өткізіп отыруы тиіс. Сонда оқушылардың пәнге қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Сондай оқушының өз ізденісін тудыру соңғы кездері қатты қолға алынды, үлкен өзгерістерге ие болды. Ұстаздың қоғам өмірінде алатын орны мен олар атқарып отырған міндеттердің айрықша маңыздылығын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, ең санампаз бөлігі болып табылады… Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» – деп атап көрсетті. Ендеше білім беруде мұғалім білігі мен білімі мол мамандыққа дәл мұғалімге қойылғандай жоғары талаптар қойылмайды.

Еліміздің мәртебесінің биік болуы қоғам мүшелерінің, келешек ел қожасы – жас ұрпақтың белсенділігі мен іскерлігіне тікелей байланысты болмақ. Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйрету, бағыт-бағдар беруші – мұғалімдер. Оқушылардың жаңа тұрмысқа, жаңа оқуға, жаңа қатынастарға бейімделуі тиіс. Осы үрдіспен бәсекеге сай дамыған елдердің қатарына ену ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктейтінін ұмытпауымыз керек.

 

Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің

                                      арнайы пән оқытушысы, физика магистрі

                                      Оспанова Жадыра Есимхановна