Ұлттыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле

                                               Сарсенбаева Мағрипа Бахбадинқызы

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық

орталығы директорының оқу-тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары, «Ақжүніс» ұлттық-

этнографиялық тәрбие үйірмесінің жетекшісі

 

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма

Абай Құнанбаев

 

Қазақ халқы әсіресе қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыз баланы құрметтеу, оның алдында қалай болса солай сөйлемеу, ізетті болу – халқымыздың игі дәстүрінің бірі. Қыз баланың мектепте және мектептен тыс уақытта өзін-өзі дұрыс игере білуіне жол сілтеу, өзіндік көзқарасын дұрыс қалыптастыра білуге бағыттау – біріншіден, анасына, содан кейін педагогтарға байланысты.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп заңғар жазушымыз М.Әуезов айтқандай, еліміздің ертеңіне тірек болар жастарға, қазіргі қоғамдағы әйел-ананың рөлін айтқандай түсу бағытында мектеп қабырғасынан бастап қыз балаларға рухани тәрбие беру, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын ұғындыру, білімге және өнерге ынталандыру, адамгершілік пен ізгілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі таңдағы баршамыздың алдымыздағы үлкен міндетіміз.

Қазіргі кезде тәрбиені ата-анасынан емес, теледидар, ғаламтордан алып келе жатқан жастар буыны қалыптасып келеді, себебі ата-аналарының баласына көңіл бөлуге уақыты жетпейді.

Қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде: бір-бірімен орысша сөйлесу, өз ана тілінде сөйлеуді намыс көру, бет-ауызын бояу, ерсі күлу, ішімдік ішу, жыныстық қатынасқа ерте жауапсыз бару, т.б.

Осындай әрекеттер қыз баланың ұлттық психологиясынан ауытқып бара жатқанын дәлелдейді: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді сыйлау, кішіпейіл болу, ата-анасына көмектесу деген сияқты қасиеттер жойылып барады деуге болады. Өздерінің инабаттылығы мен жастық жарасымдылығын бағаламай, табиғаттың өзі жан дүниесін сұлу, нәзік етіп жаратқанына мән бермейді. Жаман әдеттерге, батыстың үлгісіне қыздарымыз көзсіз еліктемес үшін біздің Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданымыздың білім бөліміне қарасты Балалар мен жасөспірмдер шығармашылық орталықта қыз баланың тәрбиесіне арналған арнайы «Ақжүніс» ұлттық-этнографиялық тәрбие үйірмесі ашылды.

Бұл үйірменің мақстаы: қыздың бойында болуы тиіс қасиеттерді қалыптастыру: әдептілік, көркем мінезділік, ақылдылық, инабаттылық, нәзіктік, қарапайымдылық, сұлулық, парасаттылық, сабырлылық;

«Ақжүніс» ұлттық-этнографиялық тәрбие үйірмесінің міндеттері:

  • Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұлғасы – болашақ ұрпақтың дені сау, жаны таза болуы.
  • Ұлттық тәрбиеге, ата-баба дәстүріне ұлылардың ұлағатына көңіл бөлу, болашақананы тәрбиелеу.

Оқушы – жастардың әсемдік талғамын, адамгершілік қасиетін, іскерлік

қабілетін дамыту арқылы, парасатты өмір сүруге құштарлығын арттыру мақсатында біздің Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталықта жан-жақты тәрбие жұмысы жүргізілуде.

Ол – тәрбие сағаттары, сырласу әңгімелері, ашық әңгіме, диспуттар, «Өнер – таусылмас азық» атты қолөнер түрлерінің көрмесі, қыздарға арналған арнайы «Қыз – елдің көркі» атты стендті өткен шаралардың нәтижесі ретінде фотосуреттер, сайыс қорытындылары, «Психологтың кеңестері» атты рубрикалар. Бұл шаралар шығармашылық орталықтың үйірме мүшелерін қызықтырады.

«Қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас», «Бойжеткендер мен үлкендер арасындағы байланыс», «Әжемнің кеңесі», «Аяулы анамның алақаны…», «Сөйлесу мәдениеті», «Бүгінгі бойжеткен, ертеңгі аяулы жар, асыл ана, ақылшы әже», «Ата-баба тәрбиесі әлеміне саяхат» тағы сол сияқты арнайы бағдарламаға сәйкес сабақтар өткізіліп, қыз бала тәрбиесі назардан тыс қалмайды.

Сонымен қатар Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталық психологінің жұмысы, арнайы шақырылған медициналық қызметкерлердің түсіндірме әңгіме-лекциялары қыз баланың, әсіресе мектепішілік есепте тұрған қыздардың өзіне болашақ әйел, ана ретінде көзқарасын қалыптастырудағы тәрбиенің бір түрі. Нәтиже ретінде есепте тұрған қыз балаларды есептен алғызып тастау.

Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болуға тәрбиелеу мақсатында «Ұлдан – ұлағат, қыздар — қылық» атты тәрбие сағатын «Ақжүніс» ұлттық-этнографиялық тәрбие үйірмесі мен «Маздақ» әдеби-шығармашылық үйірмесімен бірлесіп өткізу көзделіп отыр.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталықтың қыз тәрбиесіне ықпалы зор деуге болады, себебі сабақпен ғана шектелмей, «Қыз сыны», «Бұрымды қыз», «Ал, қанекей, өнерлі қыздар» сайыстары, «Қыз баланың сөйлеу мәдениеті» атты ірі шараларды өткізу мойнымызда. Әдістемелік кеңесте қосымша білім беру педагогтары өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталық  2012 жылы ақпан айында ашылғандықтан қосымша білім беру педагогтары көпшілігі жас мамандар. Мұның өзі тәрбие жұмысына жаңа бір толқынәкелгендей десе деболады, өйткені олар өздері үйренуден де, тәрбиеленушілерді де үйретуден жалығар емес.

Тілі мен сипаты бұзылмаған, көркемділігі мен инабаттылығы бойларына жарасқан шығармашылық орталықтағы жас қосымша білім беру педагог-сіңілерімізге сай үйірме мүшелері-қыздарымыздың да саны басым деуге болады. Ол күнделікті жүргізіліп отырған тәрбие нәтижесі.

Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай, заман ағымынан қалмау – уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі – жастар. Ал біздің жастарымыздың баянды болашағына сеніміміз мол.

Қыз баланың әдептілігі сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, әр түрлі жағдайда өзін-өзі ұстай білуінен, жолдас-жораларымен және жай былайша адамдармен арақатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көрініп тұрады. Халқымыздың талабының жоғарылығынан ба, жоқ әлде, солай тәрбиелей алғандықтан ба, қазақ қыздары көбіне биязы, ілтипатты, әдепті, сүйкімді болып өскен. Халқымыз осындай қыздарына арнап өлең жазған, жас бойжетіп келе жатқан қыздарға үлгі көрсетіп отырған.

«Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын,

Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын» — деп бойындағы артық қасиетті басқаларға үлгі етеді.

Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан, әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз.

«Тәрбиеден мақсұт – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына сай қылып шығару… Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі» деп М.Жұмабаев айтқандай заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты, қазір қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қоғам талабы – заман талабы, өйткені «Әр адам – өз заманының баласы».

Қорыта келе айтарым, бүгінгі жастар тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауды талап етіп, шығармашылық орталықта, отбасында, мектепте, қоғамда ана тілі мен ұлттық сананы жастардың жүрегіне терең ұялатудың жолдарын қарастыра отырып, қосымша білім беру саласында ұлттық бағытта тәрбиелеу арқылы мәдени процестің биік шыңына шығамыз деп ойлаймын