Есенбекова Алуа

Ж. Қыдыров атындағы №54 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылы

 

Жаңартылған білім-жаңалыққа жаңа қадам

 

Қазіргі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрып жатыр. Осы бағытта білім беру бағдарламасы жаңартылған үлгіде жасалып, тиімді оқыту жоспарын ұсынып отыр. Бұл тиімді оқытудың негізгі мақсаты,білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуы туралы міндет қойғаны мәлім. Осы мақсатқа қол жеткізуде білім беру жүйесін жетілдіру маңызды рөл атқарады. Осы бағытта білім беру бағдарламасы жаңартылған үлгіде жасалып, тиімді оқыту жоспарын ұсынып отыр. Өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін,ұстаздар заман талабына сай білімді ұрпақ өсіру шарт.

Мұндағы жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшелігі – ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни  ақпаратты іздеу, талдау және интеграциялау дағдысын қалыптастырып рухани жаңғырту, адами құндылықтарды дамыту. Бүгінгі күні дамыған елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының білім деңгейімен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі заман талабына сай дамып, жаңартылған бағдарламамен жаңарып жатыр. Оқушыларды жаңартылған білім беру бағдарламасының талабына сай оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу осы себептен туындап отыр.

Білім беру бағдарламасын жаңарту тұрғысынан «үйлесімділік» білім беру бағдарламасы қалай қабылданып, қалай іс жүзінде орындалатынына қатысы бар барлық компоненттер бірлесіп әрекет етіп, бір-бірін толықтырып, нығайтады дегенді білдіреді.(Oates, 2010). Үйлесімділік білім беру бағдарламасы мен бағалау модельдері әзірленетін жүйе деңгейінде ғана емес, әр сыныпта, әр сабақта қолданылады. Жаһандану заманында жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдану, білу патриоттылыққа баулу ұстаздың басты міндеті болып саналады. Нәтижеге қол жеткізу үшін білікті маман болу қажет. Жалпы мұғалім жаңартылған стандартқа сай білім беру жүйесі жан-жақты дамыған , креативті, жаңалықты қабылдауға бейім, бәсекеге қабілетті,саналы ұрпақ тәрбиелейді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Жаңартылған білімнің спиральді қағидат бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» атты еңбегін де қарастырылған. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының ерекше сипаттары: оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды; әрбір қайталап оқыған сайын оның күрделілігі арта түседі; жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.

Әр пәннің өзінің жеке сөйлеу стилі бар, оны нақты пәннің «академиялық тілі» деп атауға болады. Тілдік мақсаттар академиялық тілді үйрену үшін маңызды құрал болып табылады. Оқушылардың өздерінен қандай нәтиже күтілетінін түсінуі тілдік мақсаттардың анық құрылуына байланысты. Сондай-ақ, тілдік мақсаттар мұғалімдер мен оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, қолдауына көмектеседі. Пән мұғалімдері оқушылардың пән мазмұнын меңгеріп, академиялық тілді дамытуына қолдау көрсетеді.

Оқушы жетістігін нақты бағалау – білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Критериалды бағалау – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі, яғни белгілі бір критерийлер арқылы бағалау. Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты – мектепте оқыту сапасын көтеру. Бұл жағдайда өзін-өзі бағалауға баса назар аударылады. Критерий арқылы бағалау мұғалімдерге сапалы нәтиже алуды қамтамасыз ететін критерийлерді құруға; өз жұмысын талдау және жоспарлау үшін ақпарат алуға; оқу үрдісінің сапасын жақсартуға; әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың траекториясын құруға мүмкіндік береді. Критериалды бағалау: қалыптастырушы және жиынтық бағалау болып екіге бөлінеді. Қалыптастырушы бағалау – оқушыларға өз оқуын жақсарту туралы кері байланысты (пікірлер мен ұсыныстар) беру мақсатында үздіксіз жүргізіледі. Жиынтық бағалау – оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру деңгейін балл түрінде бағалау үшін өткізіледі. Оқу бағдарламасының әр бөлімін оқып болғаннан кейін бөлім бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі. Жиынтық бағалаудың балдары жиналып, тоқсан аяғында тоқсандық бағаға және оқу жылы аяғында жылдық бағаға ауыстырылып қойылады.

Қорыта айтқанда, жаңартылған білім бағдарламасының мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушыны өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қолдана білуге баулу.

Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнінің нағыз шебері,білім беруде аянбай еңбек еткен ұстаз ғана жұмыс істей алады.