«PISA халықаралық зерттеулері аясында оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру мәселелері»

2018 жылдың 22  мамыры күні «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» базасында Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау кафедрасының аға оқытушысы Қылышбекова Нұрсәуле Ұқанбайқызының ұйымдастыруымен «PISA халықаралық зерттеулері аясында оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру мәселелері» тақырыбында облыстық фестиваль өтті. Іс-шараға Алматы облысына қарасты Іле, Райымбек, Жамбыл, Ескелді, Қаратал, Талғар, Қарасай және Алакөл аудандары мен Қапшағай қаласындағы орта мектептер, гимназиялардың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Фестиваль жұмысын «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы АОПҚБАИ директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Ауелгазина Толқын Құдайбергенқызы ашып,  облыстық фестивальдың  мақсаты  –    қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқу сауаттылығына байланысты қатысымдық тапсырмаларды қолдану жолдарын меңгерте отырып, пән мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, педагогтардың кәсіби өсуін зерделеу, тәжірибе алмасу екендігіне тоқталып өтті.

 

 

Облыстық фестиваль  жұмысы аясында қатысушы мұғалімдер іс-шараның бағдарламасына сәйкес баяндамалар оқып, тақырып бойынша дайындаған жұмыстарының презентациясымен таныстырды, сабақ үлгілерін көрсетіп, тәжірибе алмасты.

 

Атап айтар болсақ,  мәтінмен жұмыс жүргізу мәселесіне Алматы облысы, Кербұлақ ауданының ұстаздары Б.Утегенова, Н.Ниязбаева  тоқталып, «Көркем мәтінді меңгерту арқылы оқу сауаттылығын дамыту» тақырыбында  еңбектерін көрсетіп, тәжірибе бөлісті. Халықаралық   бағдарламадағы оқу сауаттылығы  бойынша   Қарасай ауданы, М.Мәметова атындағы орта мектебінің мұғалімі  А.Даулетова, Алакөл ауданы, Безродных  атындағы орта мектебінің ұстазы К.Бекбаева және Қаратал ауданы, К.Тоқаев атындағы ОМ ұстаздары Н.Рахметова, А.Досбаева өз тәжірибелерін ортаға салды.

 

 

Облыстық фестивальды қорытындылай келе «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының ғылым жөніндегі орынбасары, с.ғ.д., доцент Т.Қ.Ауелгазина іс-шараға қатысып, белсенділік танытқан мұғалімдерге алғыс хаттар табыс етті.

 

Балпыкова Д.

Алматы облысы, Райымбек ауданы,

І. Жұмағұлов атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі