Қайролдаева Анар Нұрғалиқызы

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,

Алматы облысы бойынша педагог

қызметкерлердің біліктілігін арттыру

институтының аға оқытушысы

 

 

 

  Рухани  жаңғыру- ұлт өркениетін өсіретін қозғаушы күш

 

     Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» қажетті уақытта шыққан мақала деп есептеймін. Бұл қазақ халқының рухани құндылықтарын қалыпқа түсіру , заман талабын ескере отырып тура жолға қою және дамыту.Бәсекеге қабілетті болу үшін білімді болумен қатар дұрыс тәрбие алу керек. «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы» деп әл Фараби бабамыз айтқандай біз тәрбие мен білімді қатар жүргізуіміз керек.

Ұлттық тәрбие беру –ұрпақ санасына ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өз ұлтымыздың жауһарларын  сіңіру болып табылады. Біздің дана халқымыз қай кезеңде де ұрпақ тәрбиесіне  ұлт болашағы деп қарап , үлкен көңіл бөлген. Бүгінгі таңда жас ұрпақты ұллтық игіліктермен адамзаттық құндылықтар аясында, қазақ халқының рухани –мәдени сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу басты мақсатымыз екендігін. Жаһандану үрдісіне еркін енген осы заманда тек ұллтық тәрбие алған ұрпақ ғана дені сау, білімді, ұлт-жанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетінін түсінетін уақыт әлдеқашан жетті. Рухани жаңғыру біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі. Сонымен қатар, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда  балабақшалардада  көптеген жұмыстар жүргізіліп, балалардың сапалы  білім алуына, мамандардың жаңа технологияларды білім беру жүйесінде қолданып, болашақта бағдарлы жұмыстар жүргізілетінін айта келе, ішкі руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз  бізге дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді.

Сондықтан, мына біздер, әсіресе ұстаздар қауымы  ұлттық тәрбие –ел болашағы деп қарауымыз шарт. Белгілі қоғам қайраткері, қазақ халқының бір туар азаматты  Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп айтқаны белгілі.

Олай болса, біздің ұлт болып қалыптасып, ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін де біздің халқымыздың жоғын жоқтап, мүддесін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеуміз  басты міндеттердің бірі.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген дана халқымыз. Демек, баланың қоғамға өзіндік пайдасын тигізер тұлға болып дамып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын балабақша.Тек қана отбасындағы тәрбие баланың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына аздық етеді. Сондықтан бала дамуының негізгі баспалдағы деп біз ең алдымен балабақшадағы  тәрбиені қалыптастыруымыз қажет. Осы орайда «Балабақшадағы ұлттық тәрбиені неден бастауымыз керек?» деген сұрақ туындайды. Біздің халқымызда атадан балаға мирас болып қалған мұралар сан алуан.Солардың ішінде балалардың жасына сай қажеттілігіне жауап бере бірден –бір тәрбие құралы – ұлттық

ойындар.Ойын тіршіліктің нышаны еңбекке бейімделудің белгісі , дене шынықтыру мен сергудің құралы.қазақ халқы әрдайым «ойын баласы» деп жас баланың ойнауына мүмкіндік туғызып отырған. Әрбір ойынның тәрбиелік мақсаттары болады. Қазақтың «Ақсерек-Көксерек», «Ақсүек», «Орамал тастамақ», «Арқан тартыс»  сияқты ұллтық ойындары қайрат пен жігерді , байқампаздық  пен сезімталдықты дамытса, «Тоғыз құмалақ» ойыны ойлау қабілетін арттырады. «Бірінші байлық –денсаулық» дейді халық,  ал ойын денсаулықтың кепілі.

Сондықтан ертемен  тұрып шынығу, сергу- ойынның бастама негіздері.

Ойын неғұрлым көңілді өту үшін, ойын өлеңдерін жатқа білген дұрыс:Мысалы, «Қуырмаш»  ойынындағы:

Мына жерде — қант бар,

Мына жерде – жент бар,

Мына жерде – қатық бар,

Мына жерде – қытық бар.- деп қытықтай ойнау баланы сөзсіз күлдіреді.

«Ақсерек – Көксерек» ойынындағы:» Бізге сұлу қыз керек,Сіздей сұлу қыз керек! Бізге күшті ер керек, Өзің керек  — Еркөбек!» деген өлең ойнаушыны ынталандырады.Ойын – халықтың баланы әдептілікке баулитын тәрбиелік құралы. Сондықтан Әрбір ойынның мазмұнын түсінетін , қызықтырып , әдеппен тәртіппен ойнауға үйрету қажет.Ойынға тек ойын деп қарамай

халықтың асыл қазынасы,  Бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп

қараған орынды.Баланың ойы дамып , дүниетанымы қалыптасып нағыз адам болуы үшін,ол ана тілінде сөйлеу шеберлігін үйретуге тиіс. Ана тіліміздің баға жетпес қасиетін ұлы ақын Абай Құнанбаев «Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас» деп жоғары бағалаған. Халқымызда тілі шыға бастаған бөбектің тілін дамытып, ойы мен қиялын шарықтату үшін тілашар дәстүрін қалыптастырып, оны салтқа айналдырған. Жаңылтпаш айтқызу, санамақ, жұмбақ, мақал-мәтел, тақпақ, өлең-жыр үйретіп, бала санасының дамуына зор мүмкіндіктер туғызған. Халық өмірге, тұрмысқа, табиғатқа байланысты көптеген жұмбақ шығарған.Жұмбақ дүние танумен қатар, ой дамытатын құрал ретінде пайдалы. «Жалы-темір, жолы-темір, шымыр атты зымыраттым» сияқты қазіргі техникаға сәйкес шығарған жұмбақтар әрі тіл ширатады, әрі дүние танытады. «Жақсы бала-малсақ, жаман бала- ойынсақ» деген сияқты мақал-мәтелдер еңбекке, өнер-білімді үйретуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Ата-бабаларымыз мәні зор мақал-мәтелдерді балаларына жастайынан үйретіп, шешендікке баулыған. Халық арасында табиғатқа, жануарларға, төрт түлік малға байланысты тақпақтар, тақпақтап айтатын шешендік сөздер өте көп. Ертеде тілі шыққан балаға ең әуелі төрт түлік мал туралы тақпақ үйрету дәстүр болған. «Бесік жыры», «Жұбату», «Тұсау кесу» жырларын жаттап айту арқылы балалардың бөбекке деген сүйіспеншілігі артады, адамгершілігі мен кісілік нышандары қалыптасады. Міне, сондықтан да балабақшадағы балдырғандар мектепке барғанға дейін тілашар дәстүрі бойынша жаңылтпаштарды, санамақтарды, жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді үйренулері тиіс.Тілашар дәстүрі –ана тілін үйретудің негізі. Ананың ақ сүтімен бірге дарыған ана тілін терең білу, шешен сөйлеу –ақылдылықтың белгісі. Қазақ халқының әдептілігі тарихи қалыптасқан мәдени үлгісі болып табылады. Халқымыздың салт-санасы ұрпағына берген үлгі-өнегесі, мәдени мұрасы. Халқын сүйген адам сол халықының салт-санасын қастерлеп, үйреніп, оны өнеге тұтуға тиіс. Олай болса, біз балабақша табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінге ұлттық тәрбие дәстүрлерімен сусындатып, үлкен адамды құрметтей білуге, кішіге ізет танытуға, сондай-ақ инабатты болу-парыз, иманды болу-борыш екендігін санасына сіңіруіміз керек.