Жақаев Мұхамеджан Жамбыл облысы, Шу қаласы, «Жібек жолы» мектеп-лицейінің жоғары санатты физика-информатика мұғалімі.

Тиімді оқыту 

Оқытудың кешенді міндеттерін және мұғалімнің әртүрлі жағдайларда жұмыс істейтіндігін ескерсек, тиімділік деген сөздің мағыналық анықтамасы нақты емес, екіұшты болып шығады. Мұғалім қызметінің сапасы – күрделі феномен, оның мазмұны мен өлшем құралдары жайында бірыңғай пікір жоқ. Мұғалім жұмысының тиімділігін анықтау өлшемі жөнінде түрлі пікірлер бой көтереді: ол мұғалімнің жетістіктері (біліктілігі т.б.), оқыту үдерісі (оқыту әдістері т.б.), оқыту нәтижесі (оқушының білім алуына ықпал ету т.б.) немесе жоғарыда аталған барлық факторлардың жиынтығы болуы мүмкін.

Оқытудың қандай жолы қолданылса да, қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден, оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі, екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қарастырылуы. Мұғалімнің қызметін бағалау барысында бағалаушы белгілі бір факторлар жиынтығын пайдалана отырып, қасиетті өзінше түсіндіріп беретіндігін ұғыну қажет.

Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сын тұрғысынан қарай отырып, сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады.

Оқытудың бұл түрінде оқушылар өте маңызды рөл атқарады: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс-әрекеттеріне ынталы болғаны абзал.

Табысты оқыту мен құзырлы мұғалім

Тиімді тәсілдерді қолданып табысты оқуды жүзеге асарған, оқушының жан дүниесін жақсы түсіне білетін мұғалімдер құзырлы мұғалімдер болып табылады. Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырып мәнін өз бетінше меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды. Сондықтан мұғалімде Шульман «үш көмекші» (Shulman, 2007) деп атаған қасиеттер болған жағдайда ғана оқыту табысты болып саналады (1-кесте).

1-кесте. Шульман ілімі

Мұғалімнің көмекшілері

(Shulman, 2007)

Құзырлы мұғалімге тән белгілер
Бас Кәсіби түсінік
Оқыту мен оқу, сондай-ақ жеке тұлға ретінде оқушылар туралы тұғырлы теориялық базаға негізделген, жеткілікті білімнің болуын талап етеді. Сондай-ақ тәжірибені түсіну, дамыту/жетілдіру үшін дәлелдер/зерттеулер нәтижелерін қалай қолдану керектігін білуді көздейді.
Қол Оқытудың тәжірибелік дағдылары
Бұл ілім көрсету, таныстыру, түзету және оқытуды бағалау сияқты әртүрлі тәсілдер арқылы идеяларды түсіндіре білудің техникалық, тәжірибелік дағдылары мен тәсілдерін  білуді талап етеді. Сонымен қатар ынталандыру, көтермелеу,

шектеу, сабақтар кезеңдерін жоспарлау және оқушыларды бағалау әдістемелерін меңгеру қажет. Жоғарыда аталған дағдылар болған жағдайда, мұғалім сабақ үстінде оқушылардың оқуға ынтасы артып, жоғары және тиісті деңгейлерге қол жеткізуге ұмтылатындай қолайлы орта қалыптастырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етері анық.

Жүрек Кәсіби-адамгершілік тұтастық
Мұғалімдер ұстаз мамандығының этикалық және моральдық құндылықтарын ұстанады. Демек, олар шыншыл, батыл, төзімді, оқушыларға аяушылық, мейірім және құрмет көрсете білетін әділ адамдар. Мұғалімдер – өз мамандығын сүйетін, оқуға қатысты тұжырымды пікірлері мен ұстанымдары қалыптасқан жандар, олардың бұл бағыттағы ойлары бір жерден шығап жатады.

 Сапалы оқыту білім алуға мүмкіндік беретін нақты жағдайларды жасаумен қатар, сол жағдайлардың өзімен тығыз байланыста болады. Құзырлы мұғалім оқушыларға, ортаға және ресурстарға лайықтап нақты кезеңде қолданылуы тиімді оқыту элементтерін «реттеп» отырады. Шындығында, оқытудың сапалы және табысты болуы белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған жағдайларға бейімделе алуына да тығыз байланысты.

Сапалы оқыту – мұғалім бейнесімен танылатын сан алуан элементтер арасындағы байланыс болып табылады, ол өзі белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайлар жасалынған кезде жүзеге асырылады. Сапалы оқыту оқушылардың, қоршаған орта жағдайы және оқыту, білім алу мүмкіндіктерінің бірлігі ретінде қарастырылады.

Сапалы және табысты оқыту жайында қорытынды қалыптастыру

 Оқытудың сапасын екі тәсіл арқылы анықтауға болады.

Біріншісі, бағалау оқу қызметінің нәтижесіне байланысты болмай, мұғалім іс-әрекетінің тәжірибе талаптарына сәйкестігін, яғни – мұғалім жұмысының тиімділігін, оқушылармен өзара байланысының сипаты мен жиілігін анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл жағдайда баға мұғалім жұмыс істейтін оқушыларға байланысты қарастырылады, оқыту үдерісіне тәуелді болмайды.

Оқыту сапасын бағалаудағы екінші тәсіл жай ғана кәсіби міндеттерді жауапкершілікпен орындағаннан гөрі, көбірек күшжігерді талап ететін сапалы әрі табысты оқытуға ерекше көңіл бөледі. Табысты оқыту білім беру үдерісіне тәуелді болғандықтан, оқытудың шын мәнінде жүзеге асырылуы мен құзіреттілік, шеберліктің деңгейі қаншалықты екенін де саралай білу қажет. Сонымен қатар оқушылардың жайкүйі мен әлеуметтік ортасының сипатын, мүмкіндіктерінің дәрежесі мен қолжетімділік деңгейіндеңгейін білу қажет. Осыған байланысты сынып туралы мәнмәтіндік мәлімет қажет болады.