Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы   

«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы, Алматы обылысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты. «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдау» кафедрасының меңгерушісі.

Филология ғылымдарының кандидаты

 

 

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытып, оларды шығармашылыққа бағыттау үшін мына мәселелерді естен шығармау ләзім.

  • Жағымды орта туғызу:
  • Қызығушылықты ояту
  • Бірлескен немесе өз бетінше зерттеушілік әрекет
  • Рефлексия, кері байланыс

Баланың зерттеу дағдысын дамыту үшін оның сыни тұрғыдан ойлауын дамыту керек. Ол күрделі ойлау үдерісі болып табылады. Сыни ойлау ақпарат алудан басталып, қаралатын мәселеге байланысты шешім қабылдауға дейін барады. Егер сабақ барысында осы үдерісті толық қамтитын болсақ, баланы кез келген мәселеге келелі ой айтуға баулитын боламыз. Әрине, пікір айту жақсы, ал дұрыс пікір айту одан да жақсы екенін бала түсіну керек. Ойын дәлелді жеткізу үшін зерттеу жұмысын жүргізіп, қорытындыға жасауға үйрнегені дұрыс. Ол үшін сабақта «Әдебиет үйірмесі» әдісі, «Үш қадамды сұқбат» әдісі, «Төрт қадамды сұқбат» әдісі, «Әлемді  шарлау» әдісі, “Ыстық орындық” әдісі, «5, 5, 1» әдісі, «Детальдарды қосу» әдісі, «Қабырғадағы рөл» сияқты  біраз әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Солардың ішінде бірнешеуіне кеңірек тоқталғанды жөн көріп отырмын.

«Уақыт тізбегі».  Мәтін талдау кезінде, әсіресе оқылымнан кейін баланың қалай оқығанын тексеру үшін тірек сызбаларды (графикалық органайзерлер) пайдаланудың маңызы зор.  Аз уақыт ішінде материалды қаншалық меңгергенін анықтай аласыз. Осы арқылы бала «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтып үйренеді. Көлемді шығармадағы сюжеттер желісін жинақтай келіп, бір ауыз сөзбен қорытынды жасайды. Үлгі ретінде 7 сыныпта берілген Мағжан ақынның «Батыр Баянын» уақыт тізбегіне қалай салуға болатынын ұсынып отырмыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Баланың шығарма мазмұнын меңгергеніне көз жеткізген соң «6  неліктен» әдісі арқылы мәтін  туралы  өз  ойын, пікірін  ортаға  салғызуға болады. Байқап отырғаныңыздай, оқушы мазмұн емес, мәтін туралы ойлануы керек. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы бойынша төмендегідей сұрақтар берсек:

  1. Баян неліктен қалмақ ауылдарын шапты деп ойлайсың?
  2. Баян неліктен қалмақ қызын өлтіріп тастамай ауылға алып келді?
  3. Қалмақ қызымен көңіл жарастырған інісін Баян неліктен қуып шықты?
  4. Өзіне еркелей қараған екі жасты неліктен атып салды?
  5. Інісі мен қалмақ қызын өлтірген Баян неліктен әрі-сәрі күйге түсті?
  6. Батыр Баян өзі өлтірген екі жасты құшақтап неліктен күңіренді?

Оқушы осы сұрақтарға жауап беру барысында ойын дәлелдеп жеткізуге тырысады. Оқушының зерттеу дағдысын дамытуда «ФИСӘ» (FILA) кестесінің де орны ерекше.

Факт бағанына шығарма немесе мәтіндегі фактілер жазылады.

Идея бағанына аталған жағдайдың тууына себеп болады-ау деген идеялар жазылады.

Сұрақ бағанына Идея бағанындағы идеяларды жүзеге асыруға көмектесетін сұрақтар жазылады.

Әрекет жоспары бағанына мәселені шешетін нақты жоспар жазылады. (Бұл баған идея мен сұрақтарға сәйкес толтырылу керек).

 

Факт Идея Сұрақ Әрекет жоспары
Абылайдың ақ туы астында Баянның қалмақ ауылдарын шабуы Жаугершілік замандағы жорық суреттері Баянның жорықтары қалай аяқталды? Қалмақ қызын тұтқындап, ауылға алып келді
Ноянның қалмақ қызын көруі Жастар арасындағы сүйіспеншілік Ноянның ары қарайғы әрекеті қандай болды? Қыздың өтінішін қабылдап елден қашып кетті
Баянның Ноян мен қалмақ қызын қуып шығуы Ерді намыс өлтіреді Баян не істеді? Қалмақ қызы мен Ноянды қуып жетіп, атып өлтірді
Інісі мен қалмақ қызын атып салуы Ел іргесінің бүтіндігі Батыр қандай күйге түсті? Есінен танып, атынан құлап түсті
Баянның ақылынын айрылғандай әрі-сәрі күйге түсуі Ашу алдынан, ақыл соңынан Екі жасты неліктен өлтірді? Ашу ырық бермеді
Көзінен жас сорғалап, екі жасты құшақтап күңіренуі Ат жауырға, азамат бауырға шыдамайды Батыр не себепті қиналды? Өкініш өзегін өртеді

 

Мұғалім осындай жұмыстар ұйымдастыруда зерттеудің алты қадамын есте ұстағаны абзал. Оқушы не істейтінін, ақпаратты қайдан алатынын, қажетті ресурстарды таңдап, жұмысты қалай ұйымдастыру керегін, құрылымын білсе, жұмысты аяқтағасын тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік берілсе, баланың зерттеу дағдысы осылайша қалыптасып дамитын болады.