Қылышбекова Нұрсәуле Ұқанбайқызы

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы

Алматы облысы бойынша педагог

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық –

педагогикалық тұрғыдан қолдау» кафедрасының аға оқытушысы

 

PISA зерттеулері аясында оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту дағдылары

Жеке тұлғаның одан әрі өз бетінше білім алуы мен дамуына қажетті негізгі құралдардың бірі оқу сауаттылығы болып табылады. Осы ұғым үш құрамдас бөліктерден тұрады. Ол адамның оқыту барысында оқығанын педагогикалық әрекеттің маңызды бағыты ретінде түсіну қабілеті. Пән мұғалімі жұмысының қолданбалы аспектісі білімгерді қойылған сұраққа толық жауап беру барысында мәтін ақпаратын пайдалануға үйретуі болып табылады. Және одан да маңызды нәрсе — оқушы белсенділігінің басты көрсеткіші ретінде ойлау қабілеті болып табылады.   PISA тесті оқу сауаттылығы бағытындағы мектеп түлегінің алған білімі мен дағдыларын шынайы өмірлік жағдайларда табысты жүзеге асыруы үшін қажетті құзыреттіліктерді мектеп білімі сапасын бағалау саласындағы халықаралық сарапшылар тұрғысынан нақты айқындаған. Оқу сауаттылығын бағалау үшін білімгерлерге мәтінде берілген ақпаратты салыстырып көру, автордың ойын білу, жауапты дайындау барысында әлем туралы өз пайымдауына сүйеніп, өз ойын қорғайтын дәлелдер келтіру ұсынылады. Мәтін, жағдаят және сұрақ-оқу сауаттылығын бағалаудың үш негізгі параметрлері болып табылады. Оқу материалдарының диапазоны түрлі форматтарда берілген-көркем әдебиет пен ғылыми-танымал мәтіндер, ресми құжаттар, қоғамдық мәні бар оқиғалар туралы ақпарат, кестелер, кескіндер, сызбалар және карталар. PISA мәтіндерінің ерекшеліктері оларды баяндаудың шынайылығы (өмірден алынған мысалдар). Бұл орайда, зерттеудің осы бағыты бойынша тест сұрақтары ретінде көркем мәтіндер де қолданылады.

PISA зерттеуiнде оқу сауаттылығы ұғымын оқушылардың жазбаша мәтіндерді ұғына оқу қабілеттілігі және оларға рефлексия,олардың мазмұнын өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдануы, бiлiмдері мен дағдыларын қоғамның белсендi өмiріне араласуы үшiн дамытуы деп түсінуге болады. Оқушылардың оқу сауаттылықтарын тексеру оқу техникасы немесе мәтiннің мазмұнын нақты түсiнуін бағалауға емес, оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған. Оқу сауаттылығын бағалау барысында үш аспекті есепке алынады:

  • оқу материалдарының форматы;
  • тапсырманың түрi;
  • мәтiннiң қолдану жағдайы немесе мақсаттары. Зерттеу барысында

мәтiнді толық түсiнгенін дәлелдейтін машықтары мен меңгере білу деңгейлері бағаланады: мәлiметтi табу, мәтiнді түсіндіріп беру, мәтiннiң мазмұнына немесе оның формасына рефлексия және олардың бағасы.Ұсынылатын мәтіндер үш түрге бөлініп қарастырылады:

  • тұтас мәтіндер ( көркем әдебиет мәтіндері);
  • тұтас емес немесе жадағай мәтіндер (хат, жарнама, диаграмма, кесте, баннердегі жазбалар, хабарлама, хабарландыру, фотосуреттер т.б.);
  • аралас мәтіндер (ғылыми еңбектер, автобиографиялар, газет-журналдардағы мақалалар т.б.)

Мәтіннен мәлімет таба білуді бағалау үшін, мәтінді қарап шығып, оның негізгі элементтерін анықтау және сұрақтан гөрі қажетті (синонимдiк) форманы бейнелеген мәліметті іздестіру үшін тапсырмалар қолданылады.Оқушылардың мәтінді түсіндіріп беру қабілетін бағалау барысында мәтінде берілген әр түрлі мәліметтерді салыстыру, автордың сипаттаған ойларынан қорытынды жасау немесе мәтiннiң мәнiн түсіну ұсынылады.Рефлексияны бағалау үшін мәтіннің мазмұны немесе формасына, оқушы тапсырманы орындау барысында мәтіндегі мәліметті басқа жерден алған білімдерімен байланыстыра білуіне, мәтінде берілген бекітулерді өмір туралы өз көзқарастарымен байланыстырып, дәлелдеулеріне көңіл бөлінеді.

Қай салада да ғылыми дәлдік,  мәтінмен жұмыс жүргізу кезінде кездесетін интерпретациялау мен герменевтикаға  өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Мәтіннің  ерекшеліктері мен мазмұнын сол тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып, ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық жеткізе білу талап етіледі. Дәлме-дәл немесе балама (адекватты) жеткізу тәсілін қолдануда сөйлеуші немесе түсінігін айтушы барынша түпнұсқаның коммуникативтік, мағыналық сәйкестігін сақтауды, оның стильдік ерекшеліктерін жеткізуді көздейді. Интерпретациялау көркем мәтіннің немесе тұтас мәтіннің   түпнұсқасының коммуникативтік белгілерінің тұтас жеткізілуіне, сөйлеуші үшін қаламгердің суреткерлік шеберлігін танытуға мүмкіндік беретін бірден-бір тәсіл болып саналады.   Көркем мәтін белгілі бір мазмұнды жеткізу үшін тілдік құралдарды мақсатты түрде іріктеу мен айрықша ұйымдастырудың нәтижесі болып табылады. Көркем мәтінді интерпретациялау оны түсіну мен түсіндіруге апаратын үдеріс ретінде мәтіннің мазмұнын ашуды көздейді. Соңғы жылдары көркем мәтінді  интерпретациялау мәселесі түрлі аспектіде тілші педагогтардың назарында тұр.   «Интерпретация» сөзінің мағынасы сөздікте «түсіндіру», «түсінік беру», «мағынасын ашу» дегенді білдіреді. Ағылшын және француз тілдерінде «interpret» бір мезгілде «аудару» және өзінше «түсіндіру, талқылау» дегенді білдіреді. Мәтінді интерпретациялау – сол мәтіннің ішіндегі мазмұнды ашу деген сөз. Нәтижесінде, кез келген мәтінді оқу, жалпы кез келген сөзді  қабылдау (адам оқығанын немесе естігенін түсінген жағдайда ғана) интерпретациялау болып табылады. Мәтінді интерпретациялау қандай да бір дәрежеде терең, қандай да бір дәрежеде толық болуы мүмкін. Зерттеу қызметі немесе оқу практикасы ретіндегі мәтінді интерпретациялаудың негізгі міндеті мәтіннен барынша мол ақпарат алып, автордың мәтінге жүктеген мазмұнын, сонымен қатар, автордың еркінен тыс жүктелген мазмұнның мағынасын өзі үшін ғана емес, өзгелерге де барынша ұғындыруды көздейді. Көркем мәтін шектеулі кеңістікте тілдің мүмкіндіктерінен едәуір асып түсетін ақпарат көлемін шоғырландырады. Сондықтан да көркем шығарманы интерпретациялаудың мәні көркем мәтінді тұтас бірлік ретінде, сондай-ақ оның әрбір деталі бүкіл шығарманы көрсететін немесе бүкіл шығарма кішкене бір детальда көрініс табатын қандай да бір жүйе ретінде түсіну мен түсіндіруден тұрады. Интерпретация шығарманың тілдік бірліктері семантикасында көрініс тапқан концептуалдық мазмұнының мағынасына үңілуге жол ашады.

Герменевтика (гр. hermeneia – ұғындыру, баяндау, түсіндіру) — бұл мәтінді түсіндіру теориясы және қазіргі батыс әдебиеттануында кең өрістеуді алған мағынаны түсіну туралы ғылымы. Жаңа әдебиет теориясының құрылуы герменевтика қағидасында негізделеді. Алдымен мәтін ұсынылады. Оқу сауаттылығын анықтау мақсатында ұсынылған мәтін бойынша түрлі тапсырмалар орындалады. Интерпретациялау (түсінгенін айту) өнері герменевтикалық шеңбердің концепциясымен байланысты.

Оқу сауаттылығының компоненттері төмендегідей талданады:

PISA  бағдарламасының оқу  сауаттылығы  компоненттері 3 түрге бөлінеді:

1.Жағдаят

  1. Мәтін

3.Аспект

  Мәтін, жағдаят және сұрақ – оқу сауаттылығын бағалаудың 3 негізгі өлшемі. Оқуға арналған материалдар әртүрлі форматта көрсетілген, атап айтқанда, көркем әдебиет және ғылыми танымал мәтіндер, ресми құжаттар, қоғамдық маңызды жағдайлар туралы мәлімет, кестелер, графиктер, диаграммалар мен карталар форматында ұсынылады.

1-құрамдауыш — Жағдаят:

Жағдаяттың санаттары: жеке пайдаланым үшін оқу, көпшілік пайдаланым үшін оқу (қоғамдық), білу үшін оқу және оқыту үшін оқу.

Жағдаят-тапсырмаларда кездесетін өмірлік  оқиғалар.  Осыған орай  PISA бағдарламасында жағдаяттың  қамтылуы:

жеке  жағдаяттардың -30%

қоғамдық жағдаяттардың -30%

білім беру жағдаяттарының — 25%

кәсіби  жағдаяттардың -15%

Жағдаяттың  4 сипаты бар:

1.жеке категория (тұлғаның зияткерлік қызығушылығын  қанағаттандыруға арналған мәтіндер, яғни жеке адам туралы зерттеулер, жеке хаттар, биография);

  1. қоғамдық  категория (қоғамның  жалпы мәселелері мен қызметке қатысты мәтіндер, ресми құжаттар, іс- шаралар туралы  ақпараттар, қоғамдық хабарлар);
  2. білімділік, оқыту категориясы ( ережеге сай, арнайы оқытуға арналған оқулықтағы мәтіндер, ақпаратты жинақтау, білу үшін оқу);
  3. кәсіби категория (жұмысқа, мамандыққа қатысты мәтіндер, белгілі бір мекемеге байланысты ережелер айтылады).

2-құрамдауыш- Мәтін:

Мәтіннің (формасы) нысаны 4 — ке бөлінеді.

  1. Тұтас мәтін ( көркем әдебиет мәтіндері, репортаж, өлең, пьеса, мақала, жұлдыз жорамал, техникалық мәтін, заң, ғылыми негіздемелер, нұсқау)
  2. Жадағай (тұтас емес) мәтін (графика, кесте, сурет, диаграмма, жарнама, сканворд, хабарландыру, карта, анкета, құттықтау, комментарий)
  3. Аралас мәтін (тұтас және тұтас емес мәтіндердің сипатын біріктіреді, авторлық   веб – парақтар).
  4. Құрамдас мәтін (бір тақырып, бірақ әр автордың пікірі, ойы. Мысалы, аққу тақырыбына жазылған әрбір ақынның  туындысы немесе әр газеттегі бірдей тақырыпқа жазылған материал және бірнеше тақырыпты қамтитын үзік –үзік мәтіндер).

Мәтіннің (типі) түрі 6 бөліктен тұрады.

  1. Сипаттау («не?» деген сұраққа жауап береді, ақпаратты көрсетеді, техникалық нұсқау)
  2. Баяндау ( мазмұндау) (қандай? қашан? деген сұраққа жауап береді, роман, әңгіме, пьеса, өмірбаян, комикс, оқиға жайындағы газет есебі)
  3. Түсіндіру( мазмұндама) (жады үлгісін көрсететін диаграмма, онлайн- энциклопедия жазбасы)
  4. Дәлелдеу (аргументациялау)  (редакторға хат, даулы тақырыпты шешу)
  5. Нұсқау (инстуркция) (қолданудың бағытын  көрсетеді, мысалы, рецепт, басқа да нұсқаулар).
  6. Келісім (бір мақсатқа жетуге бағытталған мәтіндер, хаттар, электрондық хаттар, хабарламалар).

3-құрамдауыш- Аспект:

Үшінші компонент – аспект. Аспектінің  өзі бес тармақтан  тұрады:

  1. Ақпаратты іздеу (мәтіннен тірек сөздерді табу, кодты таңбалау)
  2. Кеңінен түсіну (мәтінге жоспар құру, тақырыпшаларға бөлу, ат қою, аннотация, тезис).
  3. Интерпретациялауды дамыту. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін ерекше әдіс-тәсілдер арқылы логикалық ойлау дәрежесін дамыту, ықтимал жауап беруге құлшындыру.
  4. Мәтін мазмұнын көрсету және бағалау. Мұнда мәтін типтерінің қайсысына жататынын анықтау. Оқиғалы мәтін болса, композициялық  құрылымына талдау жасалады.
  5. Мәтін формасын (нысанын) көрсету керек. Шығарманың жанрына тоқталу,автордың ойы мен идеясын, тақырыбын ашу, әдебиет теориясына  талдау  жұмысы жүргізіледі.

Сұрақ және оның түрлері төмендегідей жіктеліп, сипатталады:

Бүгінгі шәкіртке сұрақ мазмұнын түсініп, түйсіну жеткіліксіз. Ол күрделі сұрақтарға толық жауап беріп қана қоймай,  қорытынды  жасап, оны  дәлелдеу және бағалау тәрізді  тапсырмалар  орындай алуы тиіс. Бұндай құзыреттілік мәтінмен жұмыс  істегенде дамиды.Білім берудің нәтижесі болып құзыреттіліктің қалыптасуы саналады, сондықтан түсіну, қолдану мен пайымдау, дәлелдеу, бағалау сипатындағы тапсырмалардың айырмашылығын ажырата алу қажет. Пайымдауға құрылған тапсырмалар идеялар ұсыну, конструкциялау, аргументтер келтіру, негіздемелі тұжырымдар айту т.б. ой операцияларының   белсенділігін  талап  етеді.

Сондықтан тұлғаның логикалық ойлау қабілеті мен бағалау біліктілігі қалыптасқан болу керек. Бұл мұғалімнен шеберлікті талап етеді. Сабақ кезеңіне сай бейнероликтерді көрсетіп, оқушыларға өздерінің ойларын ортаға салдырту да тиімді. Сонымен оқушыларды полемикаға түсіру жолдарының бірі – өткір де өзекті сұрақтар.

Оқу сауаттылығ бойынша сұрақтардың  классификациясы:

  1. Анықтаушы сұрақтар — өз бойында келтірілген пікірдің

шынайлылығын немесе жалғандығын ажыратуға бағытталады

  1. Толықтырушы сұрақтар— тақырыптарға қатысты жаңа білімді,

тұжырымдарды анықтаумен тікелей байланысты. Мұндай сұрақтардың грамматикалық белгілері кім, не, қашан, қалай, қайдан, неге, және т.б. сұрау есімдіктері болып табылады.

  1. Өткір сұрақтар— нақты бір проблемаларды талқылағанда

өзекті  сұрақтар да қойылады, яғни олар өмірлік маңызды, өзекті, принципті мазмұнда құрылады. Жалпы, сұрақ-жауап алаңы тиімдірек, өйткені оқушы көбінесе өзінің жаттап алған немесе қысқа жауаптарын айтумен шектеледі. Өз көзқарасын білдіруе, оны бүгінгі күнмен байланыстыра алуға үйрету арқылы тұлғаның өмірлік маңызды қасиеттерін қалыптастыруға болады.

Оқу сауаттылығын  қалыптастыру үшін оқушыларды белсенді оқыту әдістері арқылы оқыту өз тиімділігін дәлелдеді. Әр түрлі жағдайдағы қызықты, оқиғалы материалды  ұсына отырып, балаларға мағынасын түсіну үшін мәтінді зейін қойып оқу, мазмұны  бойынша ашық сұрақтар қою, кейіпкерлер орнына жағдаятқа  өзіңді қойып көру сынды дағдылар қалыптастыру қажет. Ақпаратты оқу барысында не түсінікті, түсініксіз, қызықты ақпарат, жаңа ақпарат, келісемін, келіспеймін  деген белгілер қойып отыруға үйрету, сөз мағынасын мәнмәтінде (контексте) ажырата білу (бейтаныс сөздердің  мағынасын болжау) мәтін құрылымын  түсіну   үшін оқу  қарастырылады.

Бүгінде қазақ тілі сабақтары халықаралық  тәжірибеге сүйене отырып, төрт дағдыға бағытталып оқытылады:тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым.

Оқылымның түрлі әдістерін қолдану арқылы оқушыларды сауатты оқуға дағдыландыра аламыз:

  • көз жүгіртіп оқу;
  • нақты ақпаратты табу үшін оқу;
  • жалпы идеяны түсіну  үшін оқу;
  • детальды түрде оқу;
  • суретке қарап болжай білу;
  • мәтін түрлерін ажырату үшін оқу(хабарлау, мақала, жарнама, сипаттау, т.б.);
  • интенсивті оқылым (үлкен, көлемді мәтін);
  • назарын шоғырландырып оқу (кейін мазмұнын сыныптасына айтып беретін болған жағдайда);
  • мазмұны бойынша талқылау.

Ал,  кез келген  ауызша немесе  жазбаша ақпаратты түсінуін қамтамасыз ету  мақсатында  сөздерді синониммен алмастыру, сөйлемді немесе  бөлімді өз сөзімен қайта жазу  (перифраз), сұрақтарға өз сөзімен жауап беру, белгілі бір  дәйексөзге  өз  көзқарасын білдіру, яғни тарқатып жазу  сынды тапсырмалар орындату өз жемісін береді. Ең бастысы – осы тапсырмаларды орындау үшін   оқушылар  берілген мәтінді зерттеп оқып, мазмұнын жан-жақты талдап үйренеді. Қазіргі жасөспірімдер ақпараттың көптігінен  кітап оқығысы келмейді, зейін  қойып оқымайды, осы мәселені шешуде  мәтінді  кодтап  оқу  өте тиімді әдіс. Бұл жағдайда  шәкірттер берілген  мәтінді әр түрлі белгі қойып оқиды және өзіне қызықты ақпаратты ! белгісімен, негізгі идеяны беретін сөйлемнің  астын сызып қояды. Осы тектес әдістерді үнемі пайдаланған жағдайда  оқу сауаттылығын қалыптастыруға әбден болады.