911Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми кітапханада «Астана – өңірлердің қарқынды даму факторы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – Жаңа елорданың өңірлерді дамытып, гүлденуіне  қосқан үлесін айшықтау. Аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың тыныс-тіршілігін жақсартуға жасалған жағдайды жүйелеп жеткізу.

Аталмыш шараға  «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали, ҚазҰУ профессоры Гүлжаухар Көкебаева, ақын, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, этнолог, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш,  Baykadam холдингінің президенті Арман Байқадам сынды бірқатар қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері қатысты.

Алматы қалалық Мәслихатының депутаты, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов тізгінді өз қолына алып, жиынды кіріспе сөзден бастады. Сөз сөйлейтін қонақтарға тақырып ауқымының кең екенін ескертіп, саяси, экономикалық жағдай мен халықтың  әл-ауқаты, әлеуметтік тұрмысы қамтылуын талап етіп, қатысушыларға сөз кезегін ұсынды.

Алғашқы сөзді бастаған Аманхан  Әлімұлы мұндай жиындарда ақындықтың жүрмейтінін жеткізді. Өйткені жыр әлеміне бармай, шын дүниені, ақиқатты айтқысы келетінін кесіп айтты. Ол өз сөзінде «Астана біздің көз алдымызда өсті. Астана туралы әңгіме басталғанда, осы жолда барын салған журналистеріміз жайында айтқым келеді. Қазіргі жас журналистеріміз тарихқа үңілмейді. Біз әлі күнге дейін Оңтүстік Қазақстаннан барғандарды өзбек, Шығыс Қазақстаннан барғандарды орыстар ретінде қабылдаймыз. Осылайша қазақы менталитеттен әлі арыла алмай келеміз. Қайта оған қуануымыз керек. Себебі оңтүстіктің тұрғындары өздерінің жылуын, мейірімін, жақсы қасиеттерін апарды. Мысалы, Нью-Иорк, Токио қалаларында территория болмағасын ғимараттарды  вертикальды түрде салды. Оны кейбіреулер әдемілік үшін деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес. Ал біз горизонталь өсуіміз керек. Құдайға шүкір жеріміз кең. Алып жатқан кең байтақ даламызды қалаға толтыруымыз керек.

Арқада бүгінде әдебиет, мәдениет, театр біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Болашақта біздегі әкем театр сынды үлкен мәдени ошақтардың орнығатынына нық сенімдімін. Сол себепті де біз Астанаға үлкен үмітпен қараймыз. Шындығында бақытты елміз. Бүгінде Астананың кішкене кемшіліктері болса да белі бекемделіп, қабырғасы қатайды. Бұл аз ғана жылдағы көрсеткіш. Ал алдағы уақытта дәл осы қарқынмен, көптеген қамал асатынымызға сенімдімін» – деп жақсы ойларын ортаға салды.

Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали да Елорданың Астана болып көшірілген алғашқы жылдарын еске алды. «Алғаш барғанымызда ешқайсысымыз бұның асқақтаған Астана болып кететіне сенгеніміз жоқ. Алматының деңгейіне жететініне күмәнмен қарадық.  Адам тұратын жер емес сияқты көрінді. Ал бүгінде келбеті, сәулеті жайында ауыз толтырып айта беруімізге болады. Осы орайда халықтың саналы өсуі жөнінде ой қозғау керек сияқты. Біз отарлық санадан, тәуелсіз санаға қалай көтеріліп келе жатқанымызды мақтана айта аламыз. Менің демограф ретінде ойлағаным, солтүстік өлкеден қазақтар келсе де, оңтүстік өлкеден келмейді дегем. Бірақ, келушілер саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болды. Міне бізде ішкі ұлттық механизм бар. Астананы арқаға көшіру шағын жаңғыру болды», – деп сөзін аяқтады.

«Астана халқымыздың ғана емес, бүкіл халықты өзіне тартып, мидай араластырып бара жатқан құбылыс. Елорда болғаннан бері, барлық қазақ жүзге, руға бөлінбей араласып кетті. Өзімізден бөлек қырғыз ағайындарымыздың да ертеде бізде қоныстанып, астаналық болып кеткендері көп. Ұлт әбден өзінің кемеліне келген кезде басқа ұлттарды сіңіре бастайды. Мәселе сонда. Сол үшін бізге барлық ұлтты қабылдап, өзіміздікі ету керек», – дейді сөз арасында модератор К.Матыжанов.

Сондай-ақ, ақын, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазбек Иса да Астана жайындағы алғашқы сөзін естеліктерден бастады. «Қазақ халқы, біздер шынымен де бақыттымыз. Еліміз, жеріміз, туымыз, мемлекетіміз бар. Бізге ұйғырлар, тағы да басқа ұлттар қызығып қарайды. Өйткені олардың өз мемлекеті жоқ. Қазақ болып туғанымызға қуануымыз керек. Тәуелсіздіктің бізге берген бағасы шексіз», –деп мемлекетеміздің мәртебесі биік екенін баса айтты.

Ал, «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш Астананы көшіру құтты қадам болғанын алға тартты. Ол «Тәуелсіздіктен кейін қазақ ұлтының саяси шешімдер шығаратын ұлт екенін көрсететін бірнеше қадамдар болды. Соның ең негізгісі осы – Астананы көшіру идеясы еді. Бүгінде нәтижесі, жетістігі бар. Бұл – тәуелсіз қазақстанның ғана Астанасы емес, бүкіл әлем қазақтарының астанасы. Бүгінгі біздің балаларымыз астананы, бәйтеректі көруді армандайды. Яғни арман қалаға айналды. Алдағы уақытта білім, ғылымның ордасына айналмақ. Яғни болашақтың қаласы. Астананың ерекшелігі – барлық қазақты біріктіруші, өзге ұлтты сіңіруші. Сарыарқамыз қазаққа толып, егеменді елімізде еркелеп жүре бергенге не жетсін!», – деп сөзін түйіндеді. Осылайша екі сағатқа созылған ғылыми-тәжірибелік конференция барынша шынайы өтті. Басында айтылғандай алып шаһардың арғысы мен бергісі толықтай қамтылды. Жиында бастан-аяқ модераторлық еткен Кенжехан Матыжанұлы «Ұлт болу үшін ұлттық рухымызды, ұлттық санамызды көтеруіміз керек. Біздің рухани жаңғыруымыздың басы осы – Астананы көшіруден басталған», – деп жиынды аяқтады.