DSC_1429

Алматы қаласындағы №6 кітапханада көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбаймен Астананың 20 жылдығына орай кездесу өтті. Жиынды Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Кездесуде қаламгер жас қаланың алып қалаға айналып, еліміздің көркейіп, дамуына қосқан үлесін баяндады. Сондай-ақ, бұрынғы болмысы мен бүгінгі этникалық келбетін сипаттап, қала тарихына шолу жасады. Ол өзінің көптеген ән-жырына Астананың арқау болғанын айтты. «Есіл ағады» әні мен «Тама көшкен» «Қара орамал» поэмаларының авторы кездесудің басын Елорда жайында жазылған рухты өлеңімен ашты. Жасампаздықты жалау еткен жас қаланың сәулет құрылысы көздің жауын алып, зәулім ғимараттар жарыса бой көтеріп жатқанын кеңінен тарқатты. Бұған қоса, Алатаудан Арқаға көшірілген көптеген мекемелер мен ғылыми ошақтардың бүгінде нық орныққанын, мұражай мен мұрағаттардың мұрты бұзылмағаны жайында әңгімелеп берді.

Ол «Сарыарқа төсіндегі Астана – тамаша жетістіктер мен жеңістерге толы XXI ғасыр ғажайыбы, әлемдік мегаполис, арман қала ретінде бой көтерді. Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Бұл ұлтымыздың қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз ететін жаңашылдыққа бетбұрыс кезеңі деуге болады. Ал жас қаланың мерейлі тойы қазақ жұрты үшін қашан да ұлы мереке», – деді. Осыған орай Ғалым Жайлыбай бұл мерекенің азаттығымызды ардақтап, астанамызды ұлықтайтын шуақты күн екенін ерекше атап өтті.