«Естайдай ақын бабам туған елім,

  маған да алтын бесік болған жерім!»

Кульмаганбетова Р.А.

тарих пәні мұғалімі №18 ЖОББМ-КММ-сі, Екібастұз қ,

Бабамның салып кеткен ізіменен.

                                                    Әуелете салған асқақ жырыменен,

                                                Қазаққа мәңгі мұра баба жолы.

                                             Ақ туын көтерейін әнімменен!

 Осы бір өлең шумақтары ақын бабамның топырағынан нәр алып өскен менің Естай бабама арнауым еді.

Талдықамыс, Қаражар туған жерім,

Тарихтан ойып орын алған елім.

Ақын бабам кіндік қаны тамған жерім.

Әуелете асқақ әнін салған елім.

Әр тасы тарихымнан сыр шертеді,

Әр талы бесік болып тербетеді.

Көліне аққу, қазы келіп қонған ,

Ғажайып шерткендейсің бір ертегі.

Әулиелі бабалар қонған мекен,

Бұл күні әр тұрғынға жұмақ екен,

Шідерті ауылы киіз үйінен көрініс

Маған да алтын бесік болған мекен.

Егемендігіміз ел басына қайта бұйырған шақтан бастап, еңсемізді көтеретін елеулі істер көптеп жасалуда. Ертіс-Баянның өңірі тарихи есімдері алтын әріптермен апталған аяулы тұлғаларын әспеттеп, ұлықтауда. Бұл елдіктің белгісі, Тәуелсіздігіміздің жемісі. Киелі Ақкөл Жайылманың төрінде, Әулиекөлдің жағасында теңдессіз дарын иесі Естай бабамыздың 150 жылдығына арнайы өткізілген дүбірлі той, алқалы жиын соның дәлелі болды. Жүйрігі ән мен жырдың желдей ескен, Естайдың ауылы осы кіндік кескен – деген Қаражар ауылы дүбірлі тойға келген қонақтарын құшақ жая қарсы алды. Қатпарлы тарихты Қаражар даласы осы жерді мекендеген ежелгі қауым мәдениетін құшағына алып жатқан әулиелі мекен.

Жақышжан апа, Зекен апа, Шәмшия апа

(Естай ата шөбересі (ортасында)

 

«Жай қоңыр» атты концерттік бағдарлама той шымылдығын ашқаннан, соңына дейін жалғасын тапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын өткен Республикалық «Аймақтар аламаны» атты жобада он төрт облыстың өнері  сынға түскен додада Кереку аймағы қара үзіп, шашасына шаң жұқтырмаған «Аламан» атанған болатын.  Жеңімпаз топтың құрамында болған дәстүрлі әнші, республикалық байқаулардың жүлдегері Аманкелді Қожанов

«Керекуге жеңісті еншілеткен Естай әндері» деп баға бере отырып:

— Дәстүрлі ән деген — киелі дүние. Тамырында қазақтың қаны тулаған адамның оған деген рухани сұранысы күндердің күнінде басымдық алады. Эстрада жанрының өзіндік ерекшелігі, алар орны бар. Бірақ халық құлақ құрышын қандыратын, арқаны қоздыратын, рухты оятатын киелі дәстүрді бәрібір де іздеп тұрады. Аруақты болмаса Естайдың әні осы күнгі биігіне дейін жетер ме еді, жетпес пе еді- деген болатын. Осылайша, біздің өңірімізге таңылған «орыстанып кеткен» деген стереотип ұғымды жоққа шығарып, дәстүрлі әннің үзілмегенін, әлі де жалғасын табатынын паш еттік. Кереку топырағының бергенінен берері мол екенін, рухани қуаты таусылмағандығын  дәлелдедік – деген.  Осындай облысымыздағы рухани мәдениетіміздің дамуына басшылық жасап жүрген Аманкелді Қасенұлы,  өңіріміздегі дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы ұлтжанды азаматтардың бірі және бірегейі. Осындай ағаларымыздың өнерін жалғастырған, бір топ жерлес әншілердің өнері Естай бабамыздың бұл тойында да жоғары дәрежеде бағаланды. Естай бабамыздың әндері Әулиекөлдің жағасында әуелете шырқалған кезде жүректен шыққан әндер, жүрекке жетті. Әрине әнді еліміздің әр облысынан арнайы тойға келген Қазақстан Республикасының дәстүрлі ән орындаушы әнші, термешілері орындаған кезде Шіркін,  Естайдың әндері-ай деген көрермен кемде – кем еді. Дүбірлі той дискуссия алаңында жалғасын тапты. Алғашқы сөз Павлодар облысының әкімі Бақауов Болат Жұмабекұлына берілген соң, кештің арнайы қонақтары Естай бабамыздың өмірі жайлы құнды деректер келтіре отырып, тәрбиелік мәні аса зор баяндамалармен жалғасын тапты. Кеш қонағы Ғалым Жайлыбай ағамыздың мына бір арнауы көптің көңілінен шықты:

Ақынға махаббатсыз бостай жалған,

Ақкөлдің аспанына кешкі Ай қонған.

Ән қалған,

Арттағыға аңыз қалған:

Дегенде Қорлан – Естай, Естай-Қорлан.

 

Сезімнің шабыт байлап қанатына,

Қыз, жігіт шырқай салса, таң атыра.

Ертістің арғы беті – Арқанаты –

Ақынын іздейді ме ар-тұра?

 

Шабыттың ұшпасы анық құсының қолдан,

Ертістің ерке сылқым, тұсы күй қорған.

Дүбірлі тойдағы сахналық көріністі тамашалау сәтінен көрініс

 

Естайдай есті әуенге салар ма едім,

Алдымнан шыға келсе Құсни-Қорлан.

 

Тамылжыр таңғы түстің үзігіндей,

Ізгінің басып кеткен ізі күндей.

Өнердің шын асылын тот баспайды –

Қорланның қолындағы жүзігіндей.

 

Тағы да бір тойыңды дайында, Аға!

Ән салсаң қосылайын қайырмаңа.

Естайдың есіл әнін есті бүгін –

Ағайын, Ақкөл менен Жайылмада.

 

Таланттың көңілі – бұлт,

Жаны жаңбыр,

Жуын да сол нөсерге сағына біл!

Жағалап қара  Ертісті Естай ақын –

Басса ғой «Жай қоңырға» тағы да бір – деп ақын бабамызға деген сағынышын өлең шумақтарымен жеткізе білді. Кейінгі ұрпаққа мәңгі өшпес із қалдырған Естай бабамыз жайлы құнды деректердің тәрбиелік мәні мен Қазақстандағы  мәдени жаңғыруда Естай әндерінің тарихи маңызы аса зор.