Бақылау ,  бағалау  —  жеке  тұлға   қалыптастырудың  кепілі

Оқушы  білімін  нормалық  критерийлер  бойынша  бағалау-  күрделі  және  көкейкесті  мәселе.  Оқу  іс-әрекетін  күнделікті  бақылап,  бағалауды  және  мұның   барысында   байқалған  кемшіліктерді  түзету  әр  мұғалімнің  тікелей  міндетті  қызметі.  АҚШ  профессоры  Йетте  Гудман   өз  еңбегінде  «Бағаның  рөлін-  білімнің  дамуы  үрдісінен  бөліп  қараудың   еш  мәні  жоқ» —  деп  көрсеткен.

Баланың  лайықты  бағалау,  ісін  мақұлдау (сөзбен  мақтау,  алғыс  жариялау)  жағымды  әсер  етіп,  қанағаттану  сезімін  туғызады,  бұдан  оқушы  да  жақсы  жағынан  көрінуге  тырысады.  Бірақ,   кейде  мадақтау  мен  ұялту  да  орынды  әдептілікке  бағынуды  қажет  етеді.  Мақтауды  жиі  көп  қолданбай,  кемшілігін  қайта-қайта  баса  беру  де  нәтиже  бермейді.

Қазіргі  мектеп  тәжірибесінде   журналдағы  баға  қоры  жиі  сөз  болып,  тексеріс,  бақылауға  алынуда.  Осындай  сын-талаптан  құтылу  ниетімен  бағалауға  жауапсыз  қарап,  журнал  толтыратын  мұғалімдердің  сынып   оқушыларына  әлеуметтік  залалы  көп.  Бұл  шәкіртті  принципсіздікке,  өтірікке  үйретеді.  Ортақ  талап  пен  жауапкершілікті  әлсіретіп,  әдісқой «қу»  балалалардың  баға  алу  ойынына  айналады.  Мұндай  жағдайда  оқушы  адалдығы  деген  сезімге  ақау  түседі.  Кейде  баға  эмоция  жетегінде  бір ғана  жауапқа  қойылатыны  бар.  Бұл  баланың  қабілетін  толық  көрсете  алмайды.  Егер  қойылған  баға  оқушының  білім  дәрежесін  көрсететіндей  болса,  сол  бағадан  кейін  оның  нені  меңгермегі  анықталса,  қай  тақырыппен  қалай  жұмыс  істеу  керек  екенін  білуге  болады.  Кейде, «әттең,  қайта  сұраса» деген  талпынысты  байқауға  болады.   Осындай  талапкерден  сұрағанда  дұрыс  жауап  бере  алмаса  да , мұғалім  кешіріммен  қарағаны  жөн.  Бірақ  жұмысын  ескерусіз  қалдырмауы  керек.  Сонда  оқушы  көңіл-күйінде  баға  жөнінде  наразылық  болмайды.

Ал,  тәрбиедегі  бағалаудың   рөлін  психологиялық  жағынан  таңдар  болсақ ,

а)  Барлық  қатысушылардың  алдына  мақтау- көпшілік  адамдардың  жағымды  қатынасын  тудырады.  Жеке  жерде  ұялту  керек.  Бәрінің  көзінше  мысқылдау  балаға  қатты , жағымсыз  әсер  етеді.

ә)  Жалпылай  мақтау  (мысалы «жақсы  сынып», «жақсы  оқушы»)  талап  қоюдың   деңгейін  төмендетеді,  екінші  ретте  қателеспейтіндей  әсер  етеді.

Баланы  әрдайым  жалған  бағалауға,  жеңіл  бағалаудың  психологиясына  қалыптастыратын  мұғалімнің  өзі.  Бала  кез –келген  жеңіл  әдетке  тез  дағдыланып  алады,  егер  талап  нақты  қойылса,  бала  тарапынан  да  үлкен  жауапкершілік  пен  обьективті  бағаға  дағдылану  дұрыс  жолға  қойылады.  Әр  мұғалім  өзінің  бағасының  нақтылығына  үнемі  жауап  беруі  керек,  баға  нақты  болса,  кез-келген  жерде  өз  жемісін  береді.

Кейде  сабақта  оқушы  өткен  тақырыпты  есіне  түсіре  алмай,  сұрақты  іліп  әкете   алмаса,  бірден  «екілік»  қоюға  болмайды.  Ал  алдыңғы  оқушы  білмегенін  келесі  оқушының  жұмысынан  не  жауабынан  кейін  есіне  түсіріп  алатын  кезі  болады.  Кейінгі  көп  қайталауларда  ол  оны  әбден  бекіте  түсуі  мүмкін.  Күнделікті  сабақта  баланы  мүмкіндігінше  көп  бағалау  керек.  Тіпті  бір  сабақтың  үстінде  екі  бағаны  қоятын  кез болады  дедік.

Әділ  қойылған  баға  оқушы  мен  мұғалім  арасында  адамгершілік  қарым-қатынас    орнықтырады.   Баға  қою  арқылы  бала  жанына  үрей    туғызудан  гөрі,  тез  толғанып,  қайта  талаптануға  ұмтылдыру  керек.  Қойылған  екілік  оқушының  талабына  ынтасына,  кері  әсер  етуі  мүмкін.  Оқушы  ынтасын  арттырып,  өз  күшіне  сене  алатын,  жағдайға  жеткізсек,  онда  ол  байсалды   адамның шығармашылық ісіне айналадыМектептегі жасөспірімнің білімін өсіретін кезең сабақтағы шығармашылық ізденіс сәті.Бұл сәт оқушы көңілін тасытып ,өзінің мүмкіндігіне көзін жеткізіп,қуанышқа бөлейді.Оқушы үшін ауыр соққы –екілік. Одан арылудың жолын-оқушының өздігінен табуы екіталай.Сонда беретін  көмек ,одан шығаратын жол,бағаға кең пейілділік  те емес ,еңбектенудің жолын көрсетуде.Өз  еңбегінің нәтижелі болуын оқушы өзі  іздейтіндей  болуы  керек.

Оқушының  мақсатқа  жете  алмай  қалатын  кезеңі  үй  тапсырмасын    орындауда  кезігеді.  Мүмкін  онда  бір  ұғым  оқушыға    жетпей  қалуы  мүмкін.  Мұндай  жағдай  ойламаған  жерден  кездесіп  қала  береді. Осындай  кемшіліктердің  қайсында  болса  да,  мұғалім  қатты  кетіп,  оқушыны  кінәлі санаса,  шәкірт    ешбір  уәж  айта  алмайды,  түсінік  те  бере  алмайды.

Мұғалім  жеке  ерекшелікті  ескермей,   жұмысты  зерттемей  бағаны  төмендете  берсе,  оқушы  іштей  жәбірленеді,  өзіне-өзінің  сенімі  азаяды.  Қолымнан  келмейді  деп  торығып,  түңіліп,  тұйыққа  тіреледі.

Оқушының  жағдайын  танып,  ұсыныс ,  кеңес  бере  алатын  адам – ұстаз.  Үлгерімі  төмендеп  кеткен  оқушыға  кезінде  өзара  жолдастық  көмек  ұйымдастырудың  да  тиімділігі  мол.

Бағалудың  ең  берік,  сенімді  жолы  бақылау  жұмысы,  мұнда  әркімнің  өз  ерекшелігі,  білім  қоры  айқын  байқалады.  Егер  мұғалім  білімі  жан-жақты  терең ,   талапшыл  және  оқушымен  әділ  қатынаста  болса,  оған  шәкіртінің  құрметі  артады.  Бағалау  кезінде  жақсы  оқитын  да,  нашар  оқитын  да  оқушылар  уайымдап,  қобалжып  тұратыны  белгілі.  Бұл  арнайы  психологиялық  зерттеу  қорытындысында  дәлелденген.  Сондықтан  да  мұғалімдердің  бағаны  талдап  қоюы  қажет. Не  үшін «бес»  қойды,  неге  «төрт»  болып  қалды,  ал  не  үшін  «қанағаттанарлық»  бағасы  қойылды?  Себептерін  анықтап,  жетістіктерге  жетелейтін  жолдарын  ашып  көрсетіп,  қателерді  жойып,  енді  «жақсы»  баға   алуға  мұғалімнің  бағыттауы  қажет.  Ондай  талаптар  орындалмаса ,  оқушылар  тарапынан  наразылық  туындайтыны  сөзсіз.  Мұғалім  үшін  бағалау-  күрделі  және  жауапкершілікті  талап  ететін  үрдіс.  Бұл  әрекетті  абыроймен  орындау  үшін  педагогикалық  әдептілік  пен  іштей  сезімталдық  керек.  Әсіресе,  оқушылардың  жан-дүниесін  түсіну,  оны  адамгершілікке  баулу,  табысты  әрекетке  бағыттау,  бағалаудың  мәнін  ашады.

Бұл  үрдісте  бала  бағалаудың  әсерімен  де  өз  өмірін  байыту, өзінің  өсіп  және  барған  сайын  түрлене  түскен  танымдық  және  рухани   талаптарын  қанағаттандыру сезімін  басынан  кешіреді.  Оқу  барысында   бала  жоғары  сыныпқа  өткен  сайын  бағалауды  қоғамдық  пікірдің  қалыптасуына  қаншалықты  әсері  бар  екенін  түсіне  бастайды.  Егер  «екіге» оқитын  баланы  сипаттап  көрсек,  оның  бойынан  жалқаулық,  жауапсыздық  байқалады.  Сынып  ұжымында  «екіге  оқитын»  оқушының  жағдайы  мәз  емес.  Оған  тән  сипаттар:  «Ол- біздің  сыныптың  ұяты», «Ол-қиын  бала»  аталады.   Бұл  дұрыс  емес.  Шығармашылықпен  жұмыс  істеп  жүрген  мұғалімдер  жоғарыдағы  талаптарды  қолдана  бермейді.  Өйткені,  баланы  бағалау  үрдісінде   қанша  «уайым» , іштей  қобалжу,  болатыны  белгілі.  Өз-өзіне  сенбеуі,  қорқуы,  басқа  адамдарға  сенімсіздікпен  қарауы  жеке  тұлғаның  бойына  осы  қасиеттердің  қалыптасуына  себеп  болып  келеді.  Ал  бұл  үрдіс  баланы  өсіп,  дамып  қалыптасуына  әсер  етеді.  Оқушының  күнделікті  «екі» алуына  байланысты  нәтиже  бірдей:  ол  үйренуге  және  енді  оқуға  аса  зейін  қоймайды.  Өйткені,  осындай  жағдай  жүйелі  түрде   қайталанып  тұрса,  оған  да  адам  үйренеді  де,  келе-келе  аса  назар  аудармайды.

Мұғалім  оқушының  жауабын  тыңдап  болған  соң  оған: «Бүгін  сенің  жауабың  өткендегіге  қарағанда  әлдеқайда  жақсы  және  тыңғылықты,  мадақтауға  тұрарлық. Жарайсың!»- дейді.

Оқыту  технологиясын  пайдалану-  оқушының  ынтасын  басатын,  обьективті  емес,  жіберген  қателіктері  үшін  жазалауға  бағытталған  бағалау  тәсілін  өзгертуді талап  етеді.  Таным  процесі  үстінде  кез-келген  тұлғаның  белсенділік  көрсетуге,  әлдебір  себептермен  қате  жіберіп  алған  жағдайда  оны  түзетуге  құқығы  бар  болуы  тиісті.  Қазіргі   бағалауға  оқушы  өз  инициативасын,  тек  өз  мүмкіндігін  максимум  көрсеткішке, яғни, «төрт» пен «беске» бағалағанда  ғана  көрсетуге  мәжбүр.

Дәстүрлі  бағалаудың   кемшілігін  үйлестіру  үшін  кейбір  мұғалімдер  оқушының  білімін  бағалуға -3, +3, -4, +4,  т .б  нормадан  тыс  бағалау  қоюға  мәжбүр. Бағалауды  «жазалау»  емес,  өз  бетімен  жұмыс  істеуге  жетелейтін,  дамыта  оқытуды  жүзеге  асыруға  мүмкіндік  беретін  тәсіл  ретінде  қарау  керек.

Тіпті  бағалуды  сабақта  негізгі  нәрсе  деп  қарамау  да  орны  алып  келеді,  біршама  мұғалімдер  сабақты  жақсы  бергенімен ,  бағалауға  келгенде  «алма  үлестіргендей»  немқұрайлы  қарайды,  ал  бала  үшін  әр  бағаның  сатысы   одан  өсу  немесе  төмендеудің  критерилері  жауапты  болуы  шарт  емес  пе?  Баланың  өз  деңгейінің  көрсеткішін  бағалайтын,  алға  талпындыратын,  ұмтылыс  психологиясын  біз  мектепте  дайындаймыз.  Бала   әр  еңбегінің  жемісінің  тәттілігін  татып,  еңбекқорлыққа,  шыншылдыққа,  өмір  жолында  өсу  сатысына  шығудың  жолдарын  меңгеруде,  өзіндік  анализ  жасауда,  өз-өзін  бағалауды,  өмірді  бағалауды  үйренуі  керек.

Б.Қ.Ноқанова

№126  мамандандырылған  лицейдің   оқу-ісі жөніндегі  орынбасары.