«Қыздарымызды рухани — адамгершілікке тәрбиелеу»

IMG-20181111-WA0038 Еркинова Тамарахан Ермековна

Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №126 мамандандырылған лицей

Директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары

     «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында». Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс»,-деп         Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында айтылған сөзінен  бүгінгі білім ордасына қойылатын үлкен міндетті аңғарамыз. Білім беру тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз үрдісі екендігі заңды.

Ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әль Фараби   «…Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…»- деген екен.  Жаһандану уақытынан бері қазақ ұлтына рухани тәрбие беру маңызды бағыт. Рухани адамгершілік-білім беру жас ұрпақтың бойына руханият пен бірге сыйластық, төзімділік, татулық, бақыт, құндылықтарын дарыту арқылы оқушының келешекте өз орнын таба білуіне ықпал етеді.

Тәрбие мектебі адам дамуының стадиясы ғана емес, ең алдымен ол – күрделі тарихи-мәдени феномен. Әр халықтың төл мәдениетінен сусындаған тәрбие төлтумалығы, біртұтастығы, жүйелілігі, сабақтастығының арқасында әлеуметтік қауым және рухани кеңістігіне шығудың бірден-бір тетігі болып қала бермек.

Рухани мәдениетіміз — тәрбиенің негізі. Н. Назарбаев «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деді. Әр уақыттың тәрбиеге арқау болған өзіндік идеялары мен қағидалары болған.

Абай  адамшылықтың алды – ұят деп көрсетеді. Шын мәнінде халқымыздың  «Ұят» ұғымының мән-мағынасы басқа бір де бір халыққа ұқсамайтын, өзгеше құбылыс. Адамдықтың өлшемі – ұят түсініктерімен ержеткен ұл, бойжеткен қыз үшін бұдан артық өмір сүру ережесі болмас.

Отанның отбасынан басталатынын ескерген дана халқымыз отбасы тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ұлы өссе – ұяттымен, қызы өссе – қылықтымен көрші болған. Әсіресе, қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу екенін ұғынып, оны «қырық үйден» тыя білген. Содан келіп, қазақ қызы ибалы, инабатты, иманды болған.

 

«Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның заманға сай дамуы, мемлекеттің өркендеуі – әйелге, келешек Ана болар қыздардың тәрбиесіне байланысты болады.

Сол себепті лицейімізде қазақ қызының болмысы мен келбетін қалыптастыру мақсатында бірнеше іс-шаралар жүргізілді, атап айтар болсам: «Қыз өссе, елдің көркі», «Бұрымды қыз», «Қыз тәрбиесі -ұлт тәрбиесі», «Қыз қылығымен» атты тақырыптарда бірнеше ашық тәрбие сағаттары мен байқаулар ұйымдастырып, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова анамыздың зейінді әңгімесін тыңдау арқылы лицей қыздарына халқымыздың ұлттық  тәрбиесінің маңыздылығын үйретудеміз.

         Қазіргі мектептердің негізгі міндеттерінің бірі – кез келген оқушының білімді меңгеруі ғана емес, оның рухани-адамгершілік қасиетін танып, ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы оқушылардың өздігінен дамуына жол көрсету.

        Қонақ түскен үйінің бойжеткен қызы бар екендігін үйдің сыртынан естілген шолпысының сылдырынан біліп, бір көріп қалудың ыңғайы болар ма екен деп отырған халықтың ұрпағымыз. Осы тұрғыда «Асыл тас ашық болса ұрлағысы келетіндер көбейеді, ару қыз ашық болса қорлағысы келетіндер көбейеді», т.б. деген мақалдарды негізге ала отырып тәрбие беру.

Қыздар қандай басты ережелерді жадында  ұстап, мүлтіксіз орындау керек: сыпайы сәлемдесу; жарасымды киім кию; салауатты өмір сүру; үй шаруасын меңгеруді үйрену; ата-ана, үлкендерге ізет, кішіге ілтипатты болу, өсек, өтірік айтпау; жақсы жар, балаларына әке болатын ер азаматты таңдау.

Қызды қашанда жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің, әулеттің ұйытқысы ретінде тәрбие берген. Сол дәстүрдің арқасында Елдің анасы атанған талай әйелдердің есімі бізге жетті. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис пен Зарина ерлігі, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гауһардың, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Бопайдың, 1941-1945 жж.  Әлия мен Мәншүктің ерлігіне ұласты. Кеңес Үкіметі күйрердегі желтоқсанда ерліктің туын жықпаған қыздар қаншама. Ал аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным ханымның елді ақылмен басқарғанын, дәрет алмай баласын емізбеген, данагөй әжеміз ұлы Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжемізді қалай ұмытамыз?

Ә. Нұршайықов қаламынан шыққан шығармадағы бір Меңтайдың бойындағы нағыз қазақ қызына тән инабаттылық, сыпайылық сияқты қасиеттері кімге болсын үлгі. Әрине, «Ана көрген тон пішер» дегендей, Меңтайдың мейірімді, ақылды, өнегелі қыз болуы ана тәрбиесінен екені белгілі. Меңтайдың қойын дәптеріне анасының ғибратқа толы сөздерін түртіп алғандарынан үзіндіні келтірсек, «…Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.

«Махаббат қызық мол жылдар» кітабы авторы  Ә. Нұршайықовтың өсиет сөздерінде

Ұлдарға

Қыз- болашақтың анасы. Қыз-алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметте – қызды сыйла, қарағым десе,

Қыздарға

Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қормалың сенің! Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым!

Өмірдің қызық ләззаты – адал достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да естеріңде сақтаңдар»,-деген екен.

    Сөзімді қорытындылай келе «Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алмақ. Өйткені, бала ана құрсағында болғанда анасы не нәрсені көбірек үйренсе, көбірек білсе, кейін бала да сол нәрсені тез игереді екен. Яғни, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кететінінің» дәлелі. Ендеше ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алмай, ұл-қызымыздың бойына ұлағатты сіңіріп өсіруді ұмытпайық.