Дарынды балалармен жұмыс- бүгінгі күннің өзекті мәселесі

Орманбекова Л.Ж.,

                                               «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы 

                                              Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ

                                              Ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық)

                                              пәндерді оқыту әдістемесі мен инновациялық

                                              технологиялар кафедрасының аға оқытушысы

 

Мектеп – білім берудегі бар мүмкіншілікті қамтамасыз ететін білім ошағы. Өз ұлтын, тілін  сүйіп, қастерлейтін адам ғана, сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық көрсету сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Қазақ жастары осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән ұлттық болмысымен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.Міне осы тұрғыда мектеп мұғалімдерінің алдындағы басты назар аударатын міндеттердің бірі білімді де тәрбиелі тұлға тәрбиелеуге бар күштерін жұмылдыру.

Бүгінгі жаһандану жайлап бара жатқан қоғамның мектепке әлеуметтік сұранысы бүгіндегі білім беру үрдісінің мақсаты мен міндетін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Қоғамдағы адамдар кез-келген жағдайға дайын, өзіндік пікірі қалыптасқан, проблемалық әрекеттен жол таба білетін тұлға болуы қажет. Осы тұрғыда білім берудегі негізгі мақсат әрбір оқушыға өзіндік қабілетіне қарай бабын таба оқыта білу мен жеке-дара  көмек көрсету болып табылады. Жеке қабілеттің дамуы әр оқушының тұлғалық қалыптасуына әсер етеді.  Қазіргі білім беру үрдісі бойынша логикалық ойлау қабілетін дамыту жағын ойластыру қажет. Дәстүрлі оқу үрдісі оқушыға негізінен, дайын, өңделген, оқу материалдарын ұсынады. Оның белсенділігі мен шығармашылығының дамуына қолайлы жағдай жасала қоймайды. Ал, жаңа талаптар бойынша оқушы өзінің дербестігінің, соны ойлай білу қызметінің, шығармашылық әрекеттерінің нәтижесінде біліктілікке қол жеткізуі тиіс.

Бүгінгі білім берудегі тәжірбие оқушылардың әртүрлілігін көрсетіп отыр. Білім берушінің алдындағы басты назар аударатын негізгі міндеттердің бірі – дарынды балаарды анықтап, оларға адамгершілік қасиеттерді дарыту, шығармашылыққа үйрете отырып, терең біліммен қаруландыру. Интеллектілері шығармашылыққа жақын сараптай алатын, байланысын сезе алатын  өте жақсы дамыған оқушылар өз қатарларынан өзгешелініп тұрады. Олар өздерін қызықтыратын сұраққа үнемі жауап іздеп, білімқұмарлықтарымен және өзіндік ізденімпаздықтарымен көзге түседі. Дарынды балалар мектепке баруға құлшынады, сабаққа барған кезде осындай дарынды балалармен қиын жағдайға ата-аналар да, оқытушылар да тап болады. Осындай білімқұмар балаларды сынып іші жалықтырып жібереді. Мұғалімдер сынып ішіндегі барлық баламен жұмыс жасауы үшін тырысып бағады, себебі бір сыныпта дарынды баламен қатар, қабылдауы төмен балаларда отырады. Оқу бағдарламасын барлығына дерлік ұғындыру, барлығымен жұмыс жасау мұғалімге қойылатын басты талап. Ендеше, осындай жағдайлар дарынды баланы жалықтырып алмау үшін арнайы жұмыс жасау қажеттігін көрсетіп отыр.

Бүгінгі таңда дарынды бала сөзі жиі қолданылып жүр. Дарындылық—адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Қазіргі таңда барлық оқушы дарынды оқушы. Бұл қасиетті байқап, оның бар екеніне көзжеткізіп, бойындағы дарынын одан әрі өрбітуге, ұштауға, арман асуларын жұлдыздай жарқырап, тау бұлағындай мөлдіреп, халқының, ата-анасының мақтанышы болуға мүмкіндік жасау мұғалімге артылатын жүк.

Дарындылық – баланың алғырлығы, зерделігі, қабілетімен дамып отыратын үздіксіз процесс болғандықтан, айрықша табиғи қабілеті мен нақтыпәндерден ерекше дарындылығы бар балалардың интеллетуалдық қабілетін дамыту, шығармашылық тұлғаларды қалыптастыру.  Дарындылықты қалыптастыру мен дамытуда мұғалімнің алар орны ерекше. Осы орайда білім алушының қабілетін айқындай отырып, дарындылығын анықтау — баланың  дамуын  бағдарын талдаумен  байланысты  ұзақ  процесс. Осы тұрғыда алдымен дарындылық ұғымын анықтап алсақ. «»Дарындылық» ұғымы «сый» («дар») деген сөзден шыққан, дамудың  алғышартын білдіреді. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда теменгідей анықтама беріледі. «Дарындылық — белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі»

Дарындылық интеллектуалды дамудың мәселелері бұрыннан ойшыл ғалымдарды толғандырған. Осы тақырыпқа арналған ғылыми еңбектер жетерлік. Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталға. Адам баласы бойындағы ерекше қасиеттерді жөніндегі идеялар ертедегі грек философтардың еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтарының еңбектерінде қарастырылған. ХІХ ғасырда орыс революционер демократтары дүниені танып-білуде, оның дамуына мүмкіндік тудыратын интеллектуалдық қабілетіне көңіл бөледі. К. Д. Ушинский «ақыл-ой дегеннің өз жақсы ұйымдастырылған білім жүйесі. Оқушының оқу процесінде ақыл-ойды дамыту мен тәрбиелеудегі ең негізгі дидактикалық шарт- мұғалім мен оқушының оқу барысындағы еңбегінің дұрыс болуы мен жүйелі жинақталуында» — деп нақтылаған.

Дарынды балаларды қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н.С.Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берді.

Бірінші категория – ой — өріс қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар.

Екінші категория – жеке бір іс-әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.

Үшінші категория – дарындылық күш – қажырымен ерекшеленетін оқушылар.

Дарынды оқушыны анықтау мектеп жұмысында бастауыш сыныптан бастау алады. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен жұмысы негізінде іске асады. Олардың ата-аналарымен әңгімелесуі, бақылауы, әрқайсысының сөйлеуінің, есте сақтауының, логикалық ойлауының психологиялық ерекшелігін анықтауда маңызды жұмыстар атқарылады. Баланың болашағына зор септігін тигізетін, келешегіне жолдауберіп, түрткі болатын бірден-бір жол ол ата-ана мен ұстаз. Ата-ана баласын дүниені тануға, білім алуға тәрбиелесе, ал, мұғалім сол баланың бойындағы рухани байлықты, ерекшеліктерін байқап, анықтап бағыт-бағдар береді. Дарынды оқушылардың өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Кейбіреуі дарындылықтан қашады, еңбектеніп, оны жетілдіруге күш салмайды, ешнәрсеге қызығушылық танытпайды. Өздерін дарынсыз деп есептейтіндерде жетерлік. Алған бетінен қайтпай еңбектеніп, шығармашылыққа ерінбей ізденіп, нәтиже шығаруға талпынып тұратын дарынды балалармен жұмыс жасау бір ғанибет. Міне, дарынды баламен жұмыс жасауда ата-ана мен ұстаздың бірлігі арқылы жасаған жұмысының мәні зор.Олар балаларды рухани рухани азықтандырып, өз-өзіне деген сенімін оятып, оны нақты бір шығармашылық салаға дер кезінде бағыттау бағыттау керек.  Айтылған зерттеулер негізінде баланың өзіндік ерекшілігі анықталып, мұғалімдер олардың бойындағы қабілетті шыңдау жұмыстарымен айналысады.

«Қабілетті дарын  иесі арнайы білімге мұқтаж болуы табиғи нәрсе. Оларға дұрыс тәрбие берудің алғышарттары – дарын иелерін таңдай білу қоғамның аз ғана бөлігін құрайтын дарын иелерін таңдаумен бірге, оларды ерекше жетілдіру мен жөн көрсету, олардың құқығы және мұқтаждығын қорғаудың басты мақсаты болып табылады.

Дарынды баламен жұмыс жасауда білім ордасының мақсаты — оқушыларға өз қабілеттерін, өзіндік  қызығушылығы мен қоғам  мүддесіне  сәйкес толық іске асыра  алатындай жағдай жасау, олардың қабілеттерін,ерекшеліктерін  ашып, дамыту. Ол үшін:

  1. Оқушылардың ғылыми қоғамының   құрылуы оқушылардың ғылыми – зерттеу жұмыстарына қызығушылығын  арттыру үшін жағдай жасау;
  2.  Ғылыми – зерттеу проблемаларын шешу барысында  қоғам   мүшелерін өз бетімен жұмыс жасауға  дағдыландыру;

3.Ғылым, техника, өнер саласындағы жетістіктерін танымал ету;

  1. Шығармашылық қабілеттерін таныту және дамыту;
  2. Ғылыми ізденудің әдістерін үйрету;
  3. Шығармашылық сипаттағы жеке тұлғаларды тәрбиелеу     жұмыстарын жүргізу;
  4. Ғылыми білімнің әр адам үшін және жалпы қоғам үшін маңыздылығын ұғындыру.

Дарындылық ұғымының бүгінгі білім беру үрдісіндегі мәні мен маңызы өте зор. Білім мен ғылымның даму сипатында елімізге өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлғаларды даярлауда интеллектуалды дамыған шығармашыл білім алушылардың ролі айқын. Қазіргі таңда еліміздегі болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру саласындағы міндеттерді орындауды жаңаша сипатта қарастыра отырып, қол жеткен жетістіктерге  сын көзбен сараптау және оны бағалауда озат технологиялар арқылы оқушылардың дарындылығын дамытуды басты назар етіп алды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Ж. Аймауытов Комплексті оқыту жолдары. – Қызылорда, 1929 – 110 б.
  2. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш//Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – 1 т. – 188-226 бб.
  3. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы
  4. Елеупаева Қазіргі мектептерде оқушылардың шығармашылық дарындылығын дамытудың педагогикалық шарттары.